Сақалың сүннетке сай ма?

Жұма, 11.03.2022

Әр дәуірдің өзіне сай мәселелері бар. Сол мәселелердің тақырыптарына қарап, қоғамның сана деңгейін тануға болады. Себебі, қоғамдық кеңістіктегі адамның рухани, психологиялық, «болмыстық мені» уақытқа қатысты өзін қайта жаңғыртып отырады. Сондай мәселелер қатарында бүгінгі жастар арасындағы «сақал» тақырыбы да бар. Көпшілігі сақалды мұсылманның сырт келбетін айқындайтын басты ерекшелік деп қабылданып жүр. Қоғамдағы сақалдылар мен мұрттыларға қарап-ақ, олардың қай діни сенім мен ағымдарының өкілдері екендігін аңғаратын болдық. Қазіргі қазақ жастары арасында «сәләфи, сопы, сүлейменші, нұршы, таблиғшы» және т.б. топ өкілдері бар.

Бірде, лекция барысында шәкірттердің бірі «Сақал қоюдың дініміздегі орны қандай?» деген сұрақ қойды. Сұрағының түпкі мақсатын сезіп отырмын, бұл сауал оның замандастарының да көкейінде жүргені белгілі.

Бұның артында дін, ұлт, миллат, үммет ұғымдарының бүгінгі анықтамалары мен ғылыми негіздерінің талданбауы жатыр. Бұрын ұлттық, мәдени ерекшеліктерді қалыптастырушы діни таным мен дәстүрде, әйел мен еркек қатынасы, киімдері, асы мен тіршілік парадигмалары реттелген, айқын болатын. Кейін кеңестік жүйеде діни құбылыстарды жаппай тазартамыз деп арасында дәстүрлеріміз де құрбан болып кетті. Оның үстіне, қазіргі жаһандық үдерісте позитивизм, гуманизм, модернизм, феминизмдер дін мен дәстүр арасындағы анықтамаларды да шайқалтып жіберді. Әйтсе де, діни таным мен мәдениет арасында ортақ және ажыратушы болмыстық қабаттар бар. Бірақ, егемендік алғалы бері осы факторды білмейтін жастарымыз, дін деп араб дәстүріне еніп кеткендерінен бейхабар. Дін үшін жанпидалық жасап, сақалы мен балағын көрсетіп жүрген жастарымыз арасында, ұлттық болмысқа шекесінен қарау, менсінбеу, жоққа шығару психологиясы басым. Оның үстіне жоғарыда санамалап көрсеткен «измдер» де ұлттық болмыс пен жаһанданудың сақталуы мен баяндылығына қауіп төндіруде. Кешегі кеңестік ұлтсыздандыру инерциясына тосқауыл болатын тетікті қазір қоғамдық сана тек ислам дінінен ғана тауып отыр. Расында ислам қазақ болмысын сақтаудың жалғыз кепілі.

Сондықтан, бүгінгі діни ахуалды кешенді түрде ғылыми зерттеу нысанына айналдыру шарт. Діни құндылықтар мен ұлттық құндылықтар арасындағы эпистемиологиялық қабаттарды ашып түсіндіруде кешігіп жатырмыз. Оның үстіне БАҚ беттерінде сақалдылар мен орамалдылар туралы байбалам мақалалар жазылып, байқатпай дінді саясиландырып жатыр. Мемлекеттік мекемелерде орамалдылар мен сақалдылардың жұмыс табуы былай тұрсын, фобияға айналып барады. Сонда да олар шынайы «діндарлық бейнесінен» бас тартпай отыр. Себебі, форма мен діндарлық бір деп саналып кеткен. Бұл да діни танымдық қайшылық. Міне, осындай себептер сақалдың, орамалдың, балақтың діни танымдағы орнына қайта үңілуге итермелейді.

Расында дін тақырыбы ислам шариғаты бойынша үш негізден яғни, «ақида» «муамалат» және «ахлақтан» тұрады. Осының ішінде адамның иманы мен діни танымын қарастыратын сала ақида. Ал, сақал мен балақ ол тақырыпқа кірмейді.

Діни таным басқа танымдардан ерекшелігі жағынан «мәтін, (Құран, қоғам), уақыт пен кеңістік, нубууат (пайғамбарлық тұлғалық институт), ақыл мен мистикадан» тұрады. Бұл жеке адамның да жалпы мәдениеттің де болмыстық танымының Жаратушы мен адам арасындағы қатынастың бес қабаты. Бұл қабаттарды Имам Ағзамның құқық пәлсапасынан да Матуриди діни танымынан да көруге болады. Қараңыз, Құран мәтін ретінде пайғамбарымызға жиырма үш жыл бойы түскен уахи ретінде сол қоғамдық сана, араб тыныс тіршілігімен сұхбатта болды. Оны Құрандағы аяттардың «түсу себептерінен» көруге болады. Сонда, нубууат, яғни пайғамбарлық тұлғасы сол қоғам мен Алла арасындағы үйлестіруші көпір. Ал, сол үйлестіру объектісі ақыл яғни адам. Адам ақылы қабылдайтын, тиянақ табатын шындықтар ажыратылған. Ал, адам ақылы сол мәтіндегі барлық ақиқатты қабылдай алады ма? Жоқ, онда адам ақылы жете бермейтін де сырлар бар. Мысал ретінде мәтіндегі «муташабиһ» және Құранда кездесетін сүре басындағы «үзік әріптерді» атауға болады. Бұл жерге дейінгілер, діни танымның қабаттарына қатысты түсіндірмелер.

Ал, енді адамға келейік, яғни адамның гносеологиялық (танымдық) ерекшеліктері туралы айтсақ, діни танымды қабылдауы да бес біртұтас қабаттан тұрады: Білу, тану, сену, мойынсұну және сезу. Бұлар адамның болмыстық нақтылануы мен діни танымының интеллектуалдық акциялары.

Исламда білу, тану және сену сатылары нубууаттың (пайғамбар хадисі) ұстанымдары арқылы мүмін (Иман), мойынсұну мүсілім (Ислам), сезу мухсин (Ихсан) категориялары арқылы нақтыланған.

Енді тақырыпқа ойыссақ, біз ежелден сақал сыйлаған халықпыз. «Ақ сақал» деп елге сыйлы қарияның құрметін сақалмен анықтаймыз. Қадірсіз үлкенді «сақалы күнге ағарған шал» деп жатады. Имам Ғазали да сақалды «даналық», «абырой», «табандылық» сияқты оң сипаттардың белгісі ретінде танытыпты. (Газали, І,. 144 бб). Әйтсе де, бүгінгі жастардың сақал қою еркін өздеріне қалдыра отырып, діни танымдағы сақал мәселесінің төркіні қайдан, қалай қалыптасты деген сауалдарға қысқаша тоқталып көрейік.

Адамзат тарихын ақтарып қарасаңыз сақалға дін, ұлттық, салт-дәстүр шеңберінде мән-мағына берілген екен. Мысалы, Тауратта сақал қоюға тыйым салынған (Левионистер, 19/27). Яхудилерде сақалды ұстарамен алуға тыйым салынған да, қысқарту мен жанынан күзеуге рұқсат етілген. Батыс христиан әлемі мен буддистер де сақалды қырып тастау дәстүр болса, Шығыс христиандары мен үнділерде сақалды сол қалпы қоя беру дәстүр болыпты.

Ал, Құранда «Таһа» сүресінің (20/94) тоқсан төртінші аятында сақал туралы мәлімет бар. Бірақ, бұл аятта сақал ешқандай діни норма, үкім не бұйрық мағынасында емес: Хз. Харун аузынан «Ей, анамның баласы, менің басымнан ұстап, сақалымды жұлма». Бұл жерде оның сақалы мен шашының ұзын екендігін көреміз. Сақал қою ораза, намаз, қажылық, зекет сияқты діни танымның бес парызына кірмейді. Себебі, ол адамның Алламен байланысындағы ар, иман, ақыл мен жүрек әрекеттеріне де жатпайды.

Ал, енді, «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сақал қойған ба?» және «Сақал туралы не айтқан?» дегенге келсек, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сақал мен шаш қойғандығы туралы барлық хадис кітаптарында кездеседі. Тирмизидің Амр Ибн Шуайбтан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) сақалын енінен, жанынан төрт саусақ бойында қысқартып тұрғандығы баяндалады. «Шамаил ал расулаллаһ» деген кітаптарда, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сақалының көлемі, ұзындығы, түсі, қанша бөлігі ағарғандығы, сақал күтімі туралы жан-жақты баяндалады.

Яғни, хадистерде сақал қою адамның жаратылысына сай әрекет деп табылған. Сондықтан да, хадистерде бұйрық не ұсыныс мәнінде хабарлар бар (Бухари. Либас). Енді сол бұйрықтарға келсек, «мушриктер мен мажусилерге қарсы өз келбетін сақтау» мағынасында (Бухари, Либас, 63); тағы осы сипатта «христиандар мен яхудилерден бөлектеніп, ажырап тұру мақсатында сақал мен мұртты бою керектігі» (Муслим, Либас, 80) бірақ қара түске бояуға тыйым салыныпты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сақалын ретсіз өсіріп, шашын жайып жібергендерге ескертіп, реттеуге шақырған екен.

Бұл мәселеге фикх ғұламалары да бей-жай қарамаған. Сүннетке сай болу ұстанымы бойынша, кейбір ғұламалар сақал қою мұсылмандықтың белгісі, діни бұйрық деп тауып, сақалды қысқартуды харам деген екен. Ханафи фиқһ ғұламаларынан Ибн Абидин, Жазири сақал алу харам емес, «таһриман макруһ» деп тауыпты. (Ибн Абидин, ІІ,. 418 бб; Жазири ІІ,. 45/46 бб). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сақал жөніндегі бұйрықтарын, кезінде сахабалардың оны қолдануы тұрғысынан бағалаған Имам Ғазали, Ибн Хажар ал Хайсами, Шамсаддин әл Рамли, Хатиб ал Ширбини және т.б. ғұламалар мұны бұйрық емес, ұсыныс деп танып, сақал алуды харам емес, мәкруһ, яғни ханафилердің терминологиясында «танзихан мәкруһ» деп пәлсапаласқан.(Жазири,. ІІ,. 44)

Кейінгі ғасырлардағы ғұламалар, сақал қоюды алғаш ислам келген кездегі арабтардың кеңінен жайылған дәстүрі, әдет ғұрпы ретінде түсіндірген. Пайғамбар сүннетімен жүру ұстанымына сай, сақал қойсаңыз, ол сүннет, мұстахаб саналады, бірақ, негізінен сақал қоюдың діни, шариғи мәселе болмағандығын айтады. (М. Әбу Заһра, 35 бб; Махмұт Шалтут, 227-229 бб.)

Бұл ғұламалардың негіздемелерін сараптап қарасаңыз, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сақал, мұрт, шаш турасында айтқан сөздері мен амалдарынан, өз дәуірінің әдет ғұрпы шеңберінде, тазалық пен жинақылыққа шақыратын мағына шығады екен. Бұған қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шашына, сақал мұртына иіс май жағып, бояп, реттеп жүруінде оның «мұсылман еместерден ерекшелену» бар. Сондықтан, пайғамбар айтқан бұйрықтардың мәнін барлық фақихтар уәжіп мағынасында қабылдамаған. Яғни, сақал қырудың ашықтан ашық харам бола алмайтындығын айтқан. Бұл туралы жоғарыда Ибн Абидиннің, Газалидің пікірлерінен келтірдік. Имам Шафии мазхабында да сақал қыру макруһ.(Маалим ал Сунан, І, 31)

Кезінде мұсылмандар үшін сақал эстетикалық мағынасымен қатар, олардың болмыстық ерекшелігін, мұсылмандық кескінін көрсететін, әйелдерден өзгешелігін білдіретін табиғи келбет екен. Сондықтан, сақал діни танымдық емес, ол әлеуметтегі адамның жеке мәселесі.

Өткен ғасырдағы қазақ даласынан шыққан дана, ғұлама, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсары атамыз «Біз надан боп өсірдік иектегі сақалды. Өнер – жігіт көркі деп ескермедік мақалды. Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткен достарым, Сіздерге бердім батамды» деген. Біз де бұл батаға құлақ аса алмадық. 

Жалпы, дін деп формаға кетуіміздің ең басты себебі, діннің мәнін дұрыс тани алмауымызда жатыр. Пайғамбар сүннеті деген тіркестің мәні мен ақиқатына бойлай алмадық. Мысалы, бір мұсылман «мен пайғамбар сияқты сақал қоямын, тістерімді мисуакпен жуамын, бұл маған ең басты үлгі» десе, солай жасай берсін. Бірақ, бұл амалдары негізгі діннің мәніне зиян тигізбесе болды. Ал, екінші бір мұсылман, «сақал деген ол мәдениетке, әдет ғұрыпқа қатысты, мисуақ та сол замандағы тазалық үшін керек еді. Бүгін заман басқа, тазалық шарттар да өзгерді» десе, ол да пайғамбар сүннетінен бас тартқан болып саналмайды.

Жалпы, сақал қою, ас ішу, жүріс тұрыс, киінудегі амалдар пайғамбардың да адам екендігінің көрінісі. Бұлар құлшылық пен дінге байланысты сүннеттер емес, бұлар «суннат ал заудид».

Қысқасы, сақалдың дінде орны жоқ, ол табиғи келбет болғандықтан да еркектің жеке мәселесі. Сақал діннің сыртындағы мәселе. Егер сақал діни танымға кірер болса, онда намаз, зекет, қажылық, дәрет сияқты сақал да парыз болар еді.

Егер, сақал діни парыз болса, еркектерде де ешбір сақалсыз көселері бар. Олар сақалы жоқтықтан күнәһар болған болар еді... Әйелдердің ішінде де сақалы барлар бар. Олар да табиғатынан күнәһар болған болар еді. Ислам діні ең соңғы кемел дін ретінде бұл мәселені ақыл мен нақылдың біртұтас тұғырында шешкен.

Ал, енді, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «мұрттарыңды қысқартып, сақалдарыңды ұзат» сөзі діни парыз немесе бұйрық емес, керісінше ретсіз, жүйесіз сақалын сапситып, мұртын ауызындағы асымен шайнап жүргендерге ескерту. Абай атамыз да «Қалың елім қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан бірі май боп, енді екі ұртың» деген.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, қазақ халқы үшін сақал қою соншалықты таңсық дүние емес. Себебі, бізге дейін өмір сүрген кез-келген тарихи тұлғаларға қарасаңыз, барлығының дерлік сақалы болған. Және барлығына сондай жарасымды. Ал, бүгінгі қоғамда сақалға қарсылық болып жатса, ол ретсіз қойылған, Ы.Алтынсариннің сөзімен айтқанда «надандықпен өсірген» сақалдарға деген наразылық болса керек.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,

Философия және теология

ғылымдарының докторы 

Оқылды 680 рет
JoomShaper