Бүгінгі мұсылманның бейнесі

Бейсенбі, 10.03.2022

«Жақсы адам қоғамға пайдасы тиген пенде»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласында мүфтият жанындағы Ақпараттық-насихат тобының мүшелеріне арналған республикалық конференция өткізді. Конференция тақырыбы – «Ислам және зайырлы қоғам». Басқосуға арқау болған тақырып барлық салада қызмет ететін азаматтар үшін маңызды деп есептейміз.

Кез-келген зайырлы мемлекетте дін жоққа шығарылмайды. Мемлекетті мекен еткен азаматтардың сенім бостандығына нұқсан келтірілмейді. Әр адамның таңдауына сəйкес, діни ұстанымдары заңмен қорғалады. Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстар діни сенімі бойынша бөлінуіне жол берілмейді.

Дінді ұстану – қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адам қоғамның дамуына, халық арасында ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сынды құндылықтарды насхаттауда белсенділік танытуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Еліміздегі бүгінгі мұсылман жамағаты қоғамшыл, көпшіл, мемлекетшіл бола алуы қажет. Көпшіл адамның қоғамға игілігі тиеді. Өйткені, біз, дін қайраткерлері уағыз-насихаттарымызда жамағатқа зайырлы қоғамның құндылықтарына құрметпен қарап, оны қадірлеу қажеттігін айтамыз. 

Жасырып-жабары жоқ, дінге ден қойған кейбір азаматтар мемлекеттік қызмет, қоғамдық, ұжымдық жұмысқа араласа бермейді. Өзін бейнебір ортағасырда өмір сүріп жатқандай сезініп, қоғамдағы жалпыға ортақ құндылықтарды ескере бермейді. Біз осыған назар аударуымыз қажет деп санаймыз.

Иә, біз – зайырлы елміз. Ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі.

 Бүгінгі дін қызметкері қандай болу керек?

Қазақ қоғамында айтылған пәтуалы сөздер діни үкімдерді жүзеге асырушылар – дуалы ауыз абыз, би-шешендер мен дін қайраткерлері болғаны белгілі.

Құдайға шүкір, бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып, қоғамда имамдардың, дін ғалымдардың рөлі мен ықпалы артып келеді. Қазақ даласында дәстүрлі Исламды уағыздаған кешегі Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміздің бүгінгі жалғасы – бүгінгі имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп санаймыз.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған Діни басқарманың құрамында қазір 600-ден астамжоғары білімді, 1000-ға жуық орта білімді азаматтар қызмет етуде. Имамдардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс.

Діни басқарма дін қызметкерлерінен уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруды талап етеді. Жуырда 2 жылға созылған 3 мыңнан астам имамдарды сараптамалық аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. Сынақтан сүрінген дін қызметкерлері қайта даярлау курсынан өтетін болды.

2015 жылы елордамыз Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру.

«ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды.  Жуырда «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.

  Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз

Ұлтпен бірге оның діні де дамып, бірге қалыптасады. Демек, діннен бастау алған адамгершілік құндылықтар сол қоғамда дағдыға немесе дәстүрге айналады. Керісінше, дін келместен бұрын салтпен сабақтасқан әдет-ғұрыптарды шариғат қуаттай түседі яки құпталған қағида ретінде қабылданады. Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлтпен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар.

Өткен жылы Діни басқарма Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізді. Бұл – Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш тарихи шара десек, артық айтқанымыз емес. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда Қарар қабылдап, Үндеу жарияладық. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды.

Иә, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің мақсатымыз – өткен күннен сабақ алып, бүгінгі жағдайымызбен сабақтастырып, Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Игі идеяның дамуына үлес қосатын қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз. Астанада өткен тұңғыш имамдар форумында қабылдаған «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжатымыз да осынау мақсатты бағдар еткен. Жуырда Елордада басқосқан ҚМДБ-ның жұмысын жетілдіру бойынша Сарапшылар Кеңесінің мүшелері де Орталық Азия исламдық дәстүрлі мектебін қайта қалыптастыру қажеттігін талқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатыны айтылды. Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеттік.     

  Бір мәзһаб бірлікке бастайды

Ортақ тарихымыздан белгілі жайт: ӘбуХанифа мәзһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды. Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши секілді т.б. ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті.

Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия жұртын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Қазақ мұсылмандығы туралы сөз еткенде, Түркістан, Сайрам, Самарқан, Бұқара, сонымен қатар алғашқы қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен мысал етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырды.

Аталған ортағасырлық ғалымдардың шежірелік тізбегі мен олардың еңбектерін қазақ даласынан шыққан ағартушы-ғалымдарымыз, ойшылдарымыз – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен ұштастырып, сабақтастырып, халқымызға жеткізуде ғалымдарымыз, дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Қазақ мұсылмандығының қалыптасқан рөлін арттыру мәселесі басты назарымызда. Бұл идеяны жүзеге асыруға біздің қабілетіміз де қауқарымыз да жетеді. Кеңес отырысында ортақ діни таным, діни сана, діни тәжірибе, діни жол қалыптастыруға қатысты ойлар да ортаға салынды.

Ислам әлемінің белді ғалымдары діни-ғылыми салада Орта Азия ғұламаларының еңбектерін пайдаланып, ислами қайнаркөздің бірі ретінде басшылыққа алып отырған. Тарихты жасау оңай емес, ал сол тарихты жазып, ұрпаққа қалдыру – маңызы бөлек мәселе. Осы ретте бабадан қалған мирасты, ғылыми-діни еңбектерді аударып, қайта басып шығу қажеттілігі туындайды. Осынау игі жобаларды жүзеге асырып жатқан Діни басқарма жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Қаржы мәселесі шешілмеген жоба тұралап қалатыны белгілі емес пе?

Кейде кейбір ел ағаларының аузынан: «Халықты бір мәзһабты ұстануға үндеу – қалған мәзһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қаламыз. Әбу Ханифа мәзһабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған жолы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңымызда да төл мәзһабымызға мәртебе берілді.

Әбу Ханифа мәзһабы дала халқының болмысына, табиғатына жақын болды. Имам Ағзам – мәзһаб негізін қалаған ғұламалардың ұстазы болған. Либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мәзһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында.

Біз дін мен дәстүрін ардақтаған, салтын сақтаған тарихы терең жоралы жұртпыз. Қазақ халқы әлем елдері арасында діні мен дәстүріне берік ел ретінде іргесін қалады. Діни басқарманың 2014-2015 жылдар аралығында қолға алған «Дін мен дәстүр» жылы аясында көптеген ізгі істер жүзеге асты.

 Мүфтият енді өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туып отыр. Жаратушы Иеміз осынау ізгі ойлар мен игі істерімізге жар болғай!

Алла Тағала егемендігімізді баянды етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ, наиб мүфти,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы 

Оқылды 340 рет
JoomShaper