Терроризммен күрес – Исламмен күресу емес

Сейсенбі, 24.11.2021

 «Әр жалғыз» үшін күрес. Жайбарақаттық жарамайды

Терроризм мен экстремизмнің түпкі мәнін іздесең - шошындыру мен шектен шығу. Бұл тақырыпты ашу үшін бірі бірінен өткен небір мысалдарды айтуға болады. Бірақ маған осы материалды жазуға ой салған мына бір фото қатты әсер қалдырды. 2010 жылы Англияның «Гардиан» газетінің журналистері дайындаған материал. Бұл не деп ойлайсыздар? Бұл – Бағдад. Бағдад қаласының картасы. Осы картада ағылшын журналистері 2003 жылдан бері болған жарылыстар, зорлықпен кісі өлтіру және мергендер атып өлтірген жағдайлар болған орындарды бояп шыққан. 

Нәтижесі көз алдарыңызда – қып-қызыл. Қызыл қан. Ал бұл кезінде Мәдина әс Сәләм, яғни, Бейбітшілік шаһары деп аталған Шығыстың шоқтығы биік, әлем өркениетіне Ұрым мен Ыстанболдан кем үлес қоспаған ілім ордасы, ізгі халифтердің астанасы болған арман қала еді.

Картаға тағы бір қараңыздаршы – мұнда қауіпсіз орын жоқ. Қауіпсіз нүкте, не бұрыш жоқ. Бәрі қауіпті. Найзағай бір жерге екінші рет ұрмайды дейді ғой. Бірақ теракт найзағай емес – бір орында бірнеше рет жарылыстар болған. Біздің тілек қандай екені түсінікті шығар. Мұндай қарауға қорқатын картаны әлдебір елдің журналистері біздің Отанымызды, елімізді мысал қып қолданғанын қаламаймыз.

Қалау бір бөлек, қарекетіміз қандай болмақ керек? Меніңше, белгілі саясаттанушы, ұлт жанашыры Ерлан Қарин мырза айтпақшы, еліміздегі ұлттық партияның міндетін атқарып отырған журналистеріміз идеялар соғысына араласуы қажет. Ол қалай дейсіз ғой. Қазіргі баспасөзде және әлеуметтік желілерде адамның санасы үшін нағыз тартыс жүріп жатыр. Саясаткерлер - электоратты, брендтер - клиенттерді, әншілер – фанаттарды, дүмшелер – ермелерді іздейді. Сондықтан, әрбір қазақ, әрбір «жалғыз» үшін күрес боп жатқанда, жайбарақат қарап отыруға болмайды. Баяғы бейтарап журналист, ақпарат жеткізіп қана қоюшы жайлы түсінік ескірді. Сапырылысып жатқан жаһандану кезеңінде мүлгіп отыратын беймаралдық кімге керек?

Дін тақырыбына маманданған журналистер керек

Сол терроризм. Сол азғындық. Олар сізге нейтрал емес. Мысалы, мынадай жағдайды алып қарайықшы, бір көгілдір серігімен үйден шықпай, Алла Тағаланың қаһарына ұшыраған әуесімен айналысса – ол нейтрал. Егер ол көшеге шығып, мақтаныш шеруін ұйымдастырамын десе – енді ол нейтрал емес. Себебі, сенің жолыңды бөгейді, балаңның көзіне түседі, санасын былғайды. Сол сияқты, бір лаңкес өзін адам аяғы жетпейтін айдалада жарып жіберсе – нейтрал. Бірақ сенің көшеңде, сенің көлігіңнің қасында жарылуды көздесе - ол енді нейтрал емес. Қазіргі журналистің міндеті – естіген мәліметін оқырманмен бөлісе беру ғана емес, болған оқиғаның образын дәл тауып беру.

Демек, ақпарат берудің қақтығысында (конфликт интерпретаций) сананы манипуляциялаудан аман сақтап қалу үшін образдарды ажырата білу керек. Ал бұл үшін, әрине, білім керек. Бізде әлі күнге дін саласында қазып жазатын білікті журналист, не сөзіне жұрт тоқтайтын бәтуалы блогер тапшы боп тұр. Осыдан-ақ бір ұсыныс сұранып шығады – біздің журналистердің теология, Ислам тарихы, сектология, конфликтология, ноуледж чекинг (жаңа білім тексеру), фактчекинг (ақпараттың рас-жалғандығын тексеру) бойынша арнайы курстар арқылы білімдерін жетілдіру жағын қолға алу керек. Қазір тәуелсіз журналистерге арнап «Сорос» қоры өткізіп жатқан «iMedia Project» деген жоба бар. Осы жоба бойынша, журналистер жыл бойына 5 апта, яғни, 200 аудиториялық сағат оқиды, одан тыс үй жұмыстарын істейді, шетелдік мамандар дәріс береді, соңында сертификатын алады. Бізге де осы тақылеттес форматтағы, дін тақырыбына қалам тербейтін журналистердің білімін жетілдіретін жоба қажет.      

ДАИШ туралы болсын, жалпы терроризм туралы болсын, әр басылымның журналисі әртүрлі ізденеді – біреуі ресейлік сайттан қарай салады, бірі түрік басылымына сілтейді, енді бірі ирандық ақпарат көзін қарайды, басқасы ағылшын прессасын шолады дегендей. Бір тақырып, бірақ төрт түрлі материал шығады. Төрт түрлі дегенің - төрт империяның көзқарасы. Шыңдық - осы төртеуінің басын қосқандағы дүниенің ортасынан шығуы мүмкін. Тағы да журналистердің кәсібилігі деген сұрақ туады. Әлемдік терроризм мен экстремизм, оның біздің елдегі көріністері, заңдылықтары туралы біздің ғалымдар жақсы зерттеулер жасап, кітаптар жазып жатыр. Бірақ олар ғылыми тілден көпшілік айналымына, публицистикаға, жалпақ тілге конверттелмей жатыр. Бұл да біздің ақпараттық кеңістіктегі бір «әттеген-ай» деуге болады.

Қоғамның барометрі нені аңғартты? 

Ақпарат саласына жауапты органдар терроризм мен экстремизм бойынша қоғамдық пікірді бақылауды, тек бақылап қоймай, керек болса, реттеуді күшейтсе деген тілегіміз бар. Мұны онсыз да бәрі түсінеді емес пе десеңіз, қоғамға қараңыздаршы – біраз адам ойында және жазуында проблеманы өзінікі және өзгенікі деп бөледі. Және бұл пікір жылдан жылға көбейіп келеді. Мысалы, Газа секторында палестиналықтар теракт ұйымдастырса, «ә, Израилдің өзіне сол керек», болмаса, Францияда теракт болса, «сауап, карикатура сызды – енді таяғын жесін» дегендей психология. Мұның қаншалықты қауіпті екендігін Парижде, 13 қарашада болған терактілер сериясынан кейін біздің қазақстандық «Фэйсбук» алаңынан байқадық.

Әлеуметтік желідегі ағайын беттеріндегі фотоларын ауыстыру арқылы көз алдымызда бір емес, оншақты лагерьге бөлініп кетті. Бірінші топ – «біз Париж үшін қайғырамыз» деп Францияның жалауын тағынды. Оған қарсы топ «Түркияда жүзден аса адам терактіден қайтыс болғанда, ешкім суретін ауыстырып, аза тұтпаған еді. Неге Францияға болыса қалдың?» деп қызыл жалау жабынды. Келесі топ Сирия мен Палестинаның туына суретін ауыстырды. Төртінші топ «әлем құрысын, өзім патриотпын» деп Қазақстанның туын салып жатса, тағы біраз адам Ресейдің Мысырда жарылған ұшағын аза тұтып, Ресейдің туын салды.

Жәй суреттерін ауыстырып қана қойған жоқ, бір-бірін тілдеп, айыптап, шын өмірде ту ұстаса, қолынан алып, жыртардай ашулы жағдайда болды. Демек, әлеуметтік желіні қоғамның барометрі деп алсақ, біраз адамның ойында «территориясында теракт болғаны үшін әр ел өзі кінәлі» деп терроризмді қалыпты жағдай санап тұр. Елемесе, өте қауіпті вирус. Келесі бір тұс болса, ол – конспирология. Былайша айтқанда, қайбір елде терроризмнің не экстремизмнің оқиғасы тіркелсе, оны француздың, америкалықтың, орыстың арнайы қызметтері, яки, өздері ұйымдастырды деген жалған ой салу біраз азаматтарымыздың санасын улап жүр. Мұндай ақпараттық инелер адамдарда аяныш сезімін болдырмас үшін әдейі егіледі. «Әне, өздері кінәлі... өздері ұйымдастырды, сауап болды» деп салқынқандылыққа салады.

Демек, біраз азаматтарымыздың ойында «теракт - қалыпты жағдай», екінші бір тобында «теракт болса, оған өздері кінәлі» деген вирустар жүрсе, біз осыған жол беріп қойдық деген сөз. Әлемнің әр түкпіріндегі терроризм бойынша қазақ осылай бөлініп жатса, Құдай бетін аулақ қылсын, Қазақстанда осындай жағдай бола қалса, біз қалай бөлініп кетеді екенбіз? Сондықтан, мемлекеттік органдар мұндай синдромдардың өріс алып кетпеуіне жіті көңіл бөлсе дейміз.

 Терроризммен күрес – Исламмен күресу емес

Сондай-ақ, мынаған назар аударыңызшы, әлемдік баспасөз қандай қиын жағдай болсын, қанша адамның өмірін жалмаған теракт болсын, іле-шала жақсы, игі мұсылмандар туралы фактілерді тауып береді. Париждегі 13 лаңкестік оқиғаны алыңыз. Ондаған мың адам толып тұрған стадионды террористер жарып жіберер ме еді, сириялық қарауыл Заур лаңкесті билеті болса да, стадионға кіргізбеді. Әлгі Заурдан қашамын деп жүріп, стадионның сыртында жарылды. Тағы бір жарылып өлген лаңкестің бұрынғы әйелі сұхбат беріп, ол ешқандай да мұсылман болған жоқ, түрмеде отырған, анашаны көп шегетін, ата-анасын тыңдамайтын деп ашығын айтты.

Осындай жағдайларды басқа да оқиғалардан соң жиі оқимыз, жиі байқаймыз. Айталық, терактіде еврей жарақат алса, оған араб-дәрігер операция жасады, болмаса, бір жарылыс кезінде кішкентай еврей қызын араб баласы өз денесімен жауып қалды деген оқиғаларды білеміз. Мұның біздің есте қалуы тағы да сол медианың күшінен.

Бір қарағанда, мұның бәрі бізге өз-өзінен боп жатқандай көрінеді. Негізі, бұл ашулы жақ барлық зұлымдыққа мұсылмандарды кінәлі деп көрмес үшін, қарымта агрессия болмас үшін жасалынатын мемлекеттік үгіт-насихаттың бір бөлігі. Бұл кейде түсініксіз болуы мүмкін, бірақ бізде де осындай ақпараттық саясаттың жүйесі жасалынуы керек. Мысалы, еліміздің батыс аймақтарында дін атын жамылған түрлі келеңсіз жағдайлардан кейін қарапайым халықтың арасында баласын Құдай қосқан көршісі имам болса да, ауыл мешітіне жіберуге қорқатын фобия пайда болды. Қызы орамал тағамын десе, қорқып, туысы намаз оқыса, халық жауы сияқты көретін болды. Бұл жерде ағайынның ешқандай да кінәсі жоқ. Біз әлгіндей агрессияны дұрыс бағытта бәсеңдету, оның шын құндылықтарға тиісуге ұласып кетпеуін бақылау керек едік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та кезінде терроризммен күресеміз деп Исламмен күресіп кетпеу керектігін қадап тапсырған болатын.

Улы оққа қарсы айла қылдық па?

Былтыр ДАИШ-тың құрамында Сирияда жүрген қазақ балаларының видеосы жарияланғанда, бәріміздің жүрегіміз қан жылады. Сонда бір қаршадай бала «Мұнда не істеп жүрсіңдер?» дегенде, «Біз қазір тәжуид жаттап, сира оқып жатырмыз» деп ары қарай «кәпірлерді» өлтіру туралы жоспарын айтады емес пе? Балға у тамызған секілді арам ойлылар дініміз Исламның тәжуид (Құранды қатесіз дұрыс оқу), сира (пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өмірі) секілді асыл негіздерін айту арқылы басқаларды ынтықтыруды көздегені анық. Бірақ біз өзімізге қарай атылған улы жебелерге қарсы айла қолдандық па? Зұлымдықтың бейнесінен тәжуид пен сираны құтқара алдық па? Оны көрген, не ұзынқұлақтан естіген талай ата-ана «Құран жаттау, пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалар өмірін білу адамды малша бауыздайтын террористердің ісі екен» деп баласын медреседен тосқан щығар? Мешітке жұма намазын оқуға жібермеген болса ше? Кім біледі?

Кім біледі дегеннен шығады, жалпы терроризм мен экстремизм мәселесінде әлеуметтанушылардың еңбегін әлі дұрыс пайдаланбай келе жатырмыз. Әлемдік ПЕВ ұйымының Париждегі терактіден кейін 11 мұсылман елінде жүргізген әлеуметтік сауалнамасының қорытындысымен танысқан едім. Сонда мұсылман қауымның бәрі дерлік ДАИШ-ты қолдамайтынын дәлелдеп шыққан. Құдай сақтасын, бірақ төтенше жағдай бола қалса, қоғамдық пікірді қаншалықты бақылай аламыз?

Сұраныста – отбасы құндылығы

Жақында Алматыда Медиақұрылтай деген журналистердің үлкен конференциясы өтті. Сонда «Галлап Медиа Азия» рейтінгтік компаниясы қазіргі аудиторияның қай БАҚ-қа қанша уақыт жұмсайтынын есептеп шығарыпты. Сонда Қазақстандықтардың 3 пайызы уақытын газет оқуға жұмсаса, 17 пайызы радио тыңдауға, 25 пайызы интернет қарауға, ал 55 пайызы теледидар көруге жұмсайды екен. Журналистиканың ақпарат беру, қызықтандыру және ағартушылық деген үш тармағы болса, сол ағартушылық бағытында «Асыл арна» телеарнасы біраз жобаны мақсат етіп отыр. Көрерменге өзінің бойында онсыз да бар, бірақ ұзақ уақытқа созылған отаршылылдық езгіден кейін қалғып кеткен кейбір қасиеттерін ояту мақсатында ата-бабамыздың жолы, оның Исламмен қабысқан дәстүрлері, ділімен сабақтастық негіздері, отбасы құндылықтары, білім-ғылым көкжиегін кеңейту, жаңашылдыққа құмарлықтың дәндерін егуіміз қажет.

«Асыл арнаның» әлеуметтік желілердегі ақпарат сұранысын зерттеген едік. Сонда оқырмандарымыздың 19 пайызы рухани контентке қызықса, 34 пайызы діни тақырып іздейтінін айтқан, басым көпшілігі (44 пайыз) отбасылық мазмұндағы дүниелерді іздеп, сол бағыттағы мақалалар мен бейнематериалдар болса, көрер едік деген көңілін білдіріпті.

Ескерсеңіз, Елбасымыздың өзі қарттарға қолғабыс жасау, ата-ана қадіріне жету, балаларды жетім етпеу, сол арқылы толық отбасы құру және қалыптасыру жайын көп айтып келеді. Бұл сөздердің мәнісін расымен түсінсек, терроризм мен экстремизм идеясына отбасы құндылықтары арқылы тойтарыс бере аламыз деген ойдамын. Анасының уызына жарып, әкесінің алақанының жылуын сезініп, атасына алаңсыз еркелеп, әжесінен ертегі естіп бой түзеген жаннан ешқашан қоршаған ортаға зиянкес адам шықпайды.

Мемлекетіміз терроризм мен экстремизммен күресте және оның алдын алуда зор күш жұмсап келеді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы да ұлтты бір діңгектің айналасына ұйыстыру жолында Орта Азиялық діни мектепке баса маңыз беріп отыр. Сондықтан, біздерге, БАҚ саласы қызметкеріне өзіміз жақсы білетін істі одан әрі жақсы атқара түсуден артық амал жоқ. Оның үстіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат алу туралы жаңа заңға қол қойып, журналист қауымның жұмысын тағы бір жеңілдетіп берді.

Атқарылған іс аз емес. Енді жаңа деңгейде, жаңа сапада жалғастыру қажет.

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«abai.kz» порталы

Оқылды 1072 рет
JoomShaper
Top