Анашым – қуанышым

Жексенбі, 06.03.2022

Қоңырау соғылды. Мектептің шыға беріс есігіне қарай ағылған оқушылар нөпірі басылсын деп, шеткерірек барып тұрдым. Қайта-қайта берілген қоңырау үні мен оқушылардың шулаған дауысы құлақ тұндырады. Әне, Айасылда сабағынан шығыпты. Мен:

 – Айасыл, деп қасыма шақырдым. Мектептен үйге бірге қайттық.

Айасыл менімен қатарлас сегізінші «Б» сыныбында оқиды. Екеуміз де би, домбыра үйірмесіне қатысамыз, әрі жақын құрбым, көршілеспіз. Өзі сондай биязы, әдемі қыз, шашы қандай ұзын. Бірақ, күлімдеген ботадай көзін, ақ жарқын жүзін мұң басқан. Айасыл отбасында ең кенжесі, одан үлкен аға-әпкелері бар, тұрмыста құрған.

Оның отбасына қайғы бұлты төнгелі бір жылдай уақыт болды. Жан дегенде жалғыз да, аяулы анасы өмірден өтті. Күтпеген ауыр қайғыдан байғұс Айасыл жаны күйзелгені сонша еңсесі бір көтерілмеді.

Анасы аса бір науқастанып жатқанда жоқ, әрі жас көрінетін. Үйдегі үлкендерден, жүрек талмасынан кеткенін естігенмін.

Үйге келіп тамақтанып, түстен кейін Айасыл екеуміз үйірмеге бірге шықтық. Би үйірмесіндегі жетекшіміз жаттығуды бастамас бұрын үнемі:

– Қанекей, қыздар әуелі жымиямыз, ал, бастаймыз... – дейтін. Ал, Айасылдың мұңды жанары жымимақ түгілі жасқа толып тұрады. Күнделікті үйірмедегі жаттығудан кейін ылғи бірге қайтамыз. Міне бүгінде жаттығуды тәмәмдап қайтып келеміз. Мен ананы-мынаны, сыныптағы қызықты жайларды айтып, құрбымның көңілін сәл де болса көтерейін деп аузым жабылмай келеді.

Үнсіз келе жатқан Айасыл:

– Кәусар, жүрші төменгі жақтағы өзен бойымен жүрейік, – деді. Кеш кіріп келе жатса да, көңілін қимай, мейлі деп ең шеткі көшеге қарай бұрылдық.

Тағы үнсіз келеміз. Міне айтқан өзенге де келіп жеттік. Айасыл:

– Үйге барғым келмейді, осы маңда көзден таса жерде отыра тұрайықшы, – деді даусы дірілдеп.

Баяу, сылдырап аққан судың жағасына келіп отырдық. Айналамыз қызыл-сары түске боялған, биік ағаштардан түскен жапырақтар толастамайды. Айасыл алдына үзіліп түскен қайың жапырағын қолына алып:

– Менің де анам өмірден үзіліп басқа әлемге кетіп қалды.

 Анашым-ай, қалай сағынып жүргенімді білесің бе? Тіпті жанымды қоярға жер таппаймын, қатты дауыстап жылағым келеді. Үйге сабақтан кейін кіріп барғанымда есік ашып қолымнан сөмкемді алатыны көзіме елестейді де тұрады. Не болмаса, бір жерге кетіп, қазір қайта келетіндей. Ең өкініштісі, бұл өмірден ешқашан таба алмаймын. Кей кезде көңіл күйім болмаса не ауырып қалсам анам тез сезе қояды. Ал, қазір ше, кімге керекпін? – деп еңкілдеп жылап жіберді. Менің де көңілім босап, көзімнен жас парлап барады. Оны қатты құшақтай алдым. Солқылдап жылағаны сонша, иығым су болып кетті, қандай жұбату айтарымды да білмеймін.

Сәлден кейін бір күрсініп, Айасыл:

– Кәусар жылжиық, күн қараңғы болып қалды, жолда көшенің иттері жаман, – деді. Екеуміз де тез үйге қарай аяңдадық.

Күнде қысқарып, кеш тез түсетін болып жүр. Ауа райы да суып айналаның бәрі сүреңсіз. Күннің көзі бір ашылмайды, жауын жауса себелеп ұзағынан жауады. Күз мезгілі біртүрлі адамның көңілін құлазытады екен. Айасыл еріксіз аққан көз жасын қайта-қайта сүртіп келеді. Бір кезде:

– Кәусар, сен ешқашан анаңды ренжітпе, айтқанын екі етпей орында, кейін мен сияқты өкінетін боласың. Мен енді істеген әрекеттерім, жіберген қателіктерім үшін анамнан қалай кешірім сұраймын?

Бейуақытта түнге қарай құрбыларыңмен көшеге шығуыңды қой, денеңді ашып жүрме, сабағыңды оқы, ыдысты шайып қоя салшы десе, анамның тілін алдым ба? Анашым ренжісе де ішінен тынып, сыр білдірмеді-ау. Анам оқыған осы бір аяттар есімнен кетпестей болды, тыңдашы:

«Раббың Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға жақсылық жасауларыңды бұйырды. Олардың біреуі немесе екеуі де қолыңда қартайса, оларға «туһ» деме. Оларға зекіме және жылы сөйле. Екеуіне мейіріммен кішірейе құшағыңды жайып: «Раббым! Мені кішкентайдан бағып, тәрбиелеп өсіргендері сияқты оларға мейірім ет», де»(Исра: 23-24).

Анам көзі тірісінде ақыл айтса құлақ аспаушы ем, қазір есіме алып кішкене болсада көп мағынаны білдіретін мына хадиске кезінде мән де бермеген екенмін. Мен жоғары сыныпта оқысамда ылғи «қошақаным» деп еркелетуші еді. Анамды оның күлімдеген мейірімді көздерін сағындым.

Біз үйге жетем дегенше күн ұясына кіріп қараңғы түсті. Мен Айасылды құшақтап:

– Қойшы, жылай бермей, көзің қып-қызыл боп кетті, не болсада ішіңе бүге бермей айтарыңды маған айт. Тек қатты күйзеле бермеші, өтінемін сенен. Сау бол, – деп кетіп қалдым.

 Есікті ашқан анам қызарған, жасқа толы көзімді көріп шошып кетті. Мен болған жайдың бәрін айтып бердім.

Анам:

– Мұндай қайғының бетін әрі қылсын, – деді маңдайымнан сүйіп. Анамның мойнына асыла кеттім де:

– Анашым, жаным, қалай сені жақсы көрем білесің бе? Сен ешқашан қартаймашы, ешуақытта ауырмашы, ренжітіп, көңіліңе қаяу түсірген кездерім болса кешірші.  Алла сізге ұзақ өмір берсін, – деп жылап жібердім.

– Өй, мұның не ботам-ау, – деп анам жұмсақ, жылы алақанымен көзімнің жасын сүртіп, тамырлары бадырая көрініп, аздап әжімделген қолдарымен басымнан сипап кеудесіне басты.

Кәусар, манағы Айасыл айтқан пайғамбарымыздың хадисін ешқашан ұмытпаймын, өмір бойы ата-анамды, әсіресе анамды аялап өтемін, анашым-қуанышым, – деді іштей.

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ, дінтанушы.

Оқылды 339 рет
JoomShaper