Қырық жамау қазақ қыздары-ай

Дүйсенбі, 15.02.2022
Қырық жамау қазақ қыздары-ай

Түркі тілдес халықтардың барлығы, соның ішінде қазақта өзін «мұсылманмын» деп санайды. Қашаннан бері мұсылмансың дегенге, әрине «әл-мисақтан» мұсылманмын деп жауап берері сөзсіз.

Негізінен мұсылман сөзі, қазақ даласына 7-8 ғасырда Ислам дінінің келуімен тілімізге араб тілінен енсе керек. Себебі Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде муслим сөзімен келетін тіркестер көптеп кездеседі. «Мұсылман» атауы муслимун сөзінен алынған, түбірі «әсләма, июслиму» яғни  – бұйрықтарға, талаптарға бойұсыну деген үлкен мағынаны өз ішіне алады.

Сонымен мұсылман – Алланың бір Жаратушы екендігіне сеніп, бұйрықтарына бойұсынып және Ислам діні өмір сүру заңы екенін мойындап, талаптарына сай болуға тиіс.

Иә, біз, бүгінгінің мұсылманы Алла аяттарында келтіріп өткен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде сөз еткен «мұсылман» атына лайықпыз ба? Тілмен «мұсылманмын» дегенімізбен, осы жауапты да ауыр жүкті қиянатсыз алып жүрміз бе?

Мұсылманның бас қосатын құлшылық қылатын  ордасы мешіт екенін бәріміз білеміз. Осы қасиетті орданың өзінде мұсылманға тән қатаң сақтау керек мәдениет пен әдептен жұрдай болып барамыз. Мешітте, не көшеде ұшырасып қалса қазақтың кейбір мұсылман иманды деген қыздарының өзі, «әссаләму алейкум» демек былай тұрсын  бірін-бірі қағытып өте шығады.

Қош, енді мешітке беталайық, әйелдер,  намаз залында жамағатпен оқылатын намаздың өзін бөлек-бөлек оқиды. Әсіресе қара  киінген қазақ қыздары өзге әйелдерді және  дінге енді бет бұрған қария апалардың оқыған намазына кедергі жасап, қарқылдап күліп келемеждеп отырады. Кей кездері мешітте осы топ қыздары шаңыраққа қарауды ұмытып тіпті қатты дауыс көтеріп, ханафилік әйелдермен жан-жалдасып қалған күндері болған. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші, осы қара киімді иманды әйелдеріміздің Ханафи әйелдерге ерегісіп, мешітке кішкене баласын  ала келіп түбекке отырғызған оқиғасыда орын алған еді.

Міне қазақтың иманды , өзгелерге дінді үйретеді, Исламның көркеюіне үлес қосады, әйел қауымын имандылыққа шақырады деген кей мұсылман апа-сіңлілеріміздің бет-алысы осы. Абай, Шәкәрім, Ыбырай бабаларымыздың артынан ерген ұрпағын дүниеге әкеледі деген қазақ әйелі қырық жамау.  Бірі – уахаби, сәләфи, бірі – Нұршы, Гүленші, бірі – Ханбали, Шафий, бірі – Суфий, Тәкбірші, бірі – Иеговист, Кришнайт.

Алланың үйінде, бір Қыблаға бет бұрып тұрып қырық пышақ болған, көзқарасы мен көздегені де басқа апа-сіңлілеріміздің дүниеге келтірген ұл-қыздарыда қырық жамау болмасына кім кепіл? Ата-анасының сиқы осы болса балаларда сан иірімге бөлініп, бір-біріне қол көтермесіне кім кепіл?

«Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбееді» демекші қазағымның болашағы не болмақ.

Қазақтың ынтымағына көз тігіп тұнығын шайқалтқысы келгендердің әрекеті бұл. Онсызда азын-аулақ санымыз бар, етек-жеңімізді жинап, бірлігімізге бекем болмасақ, қазақ қай тұстан мүлт кетер екен деп торуылдап сыртта бөрілер жүр. Дінді желеулетіп бала - ата-анадан, бауыр бауырдан, ағайын-туыстан, дос-достан, безетіндей, отбасы шаңырағы шайқалатындай  қазаққа не кун туды. Мұсылмандарды осындай  жік-жікке бөлу, және түрлі айла-шарғыларды пайдаланып, Ислам дінін жамылып мұсылмандардың арасына алауыздық орнату мақсатында  құрылған  дін дұшпандарының әрекеті екенін түсініп, ақыл тоқтататын кезіміз жетті.

Діннің рүкүндерін, аят-хадистерді алға тартып жаға жыртысып бөлінуден, көше жолдарын сыпыратын ұзын қара киім киіп бет перде тағып жарысудан сауап жинап Жаннатқа бармаймыз апа-сіңлілер. Керісінше Жаратушының наласына қалмайық. Себебі біз Дінтанушы арнайы маманы болмасақ та бейне бір пайғамбардай Ислам дінінің атынан қорықпай еркін сөлейміз.

 Алла тағала Құранда көрсеткен сүйіспеншілік, мейірімділік, кішіпейілділік, бейбітшілік сияқты көркем мінез бен парасаттылық өн бойынан табылған пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінез-құлқы – Құран болатын.

Алланың ақиқат жолын көрсетіп, имандылыққа шақырып әрі  діннің тарқалуы үшін, ең әуелі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен ұлық мінез әр мұсылманның амалында, ахлағында көрініс табуы маңызды. Адамзаттың ұстазы пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Діннің жартысы – көркем мінез», – демей ме?

Дана Әли пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін жеткізіп, айтады: «Олар жәннаттың қалаған қақпасынан кіре алатын үш нәрсе бар: көркем мінез, ашық және жасырын тақуалық, дұрыс болсаңда тартыспай кетіп қалу» 

Алла тағала «Қасас» сүресінің 77 аятында: «Ей, муминдер! Егер Аллаға (дініне) жәрдем етсеңдер Ол сендерге жәрдем етіп қадамдарыңды бекітеді» – десе, «Мұхаммед» сүресінің 7 аятында: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық ет (істе) сондай-ақ жер бетінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді», – деген.

Қазақ көк туының астындағы  әрбір қазақ, Алла дінінің шеңберінде адамгершілік пен парасаттылық ахлағы аясында ғұмыр кешше ешкім қазақ елінің іргесін сөгіп, ынтымағын бұза алмас.

 Гүлнар Жаладинқызы,

дінтанушы

Оқылды 852 рет
JoomShaper