Ең сұлу қалыңдық

Дүйсенбі, 21.03.2022

Бойжеткен сіңлім, міне туып өскен үйіңнен, ойнап-күліп жайраңдап жүрген ұяңнан ұшасың. Саған бейтаныс, өзің білмеген отбасына қонасың.

«Жақсы қыз – жағадағы құндыз» демей ме?! Барған жеріңнің жақсылығын асырып, жамандығын жасырған құтты келіні бол!

«Құдаң жаман болса арманың ішіңде кетеді,

Қызың жаман болса ата тегіңнің түбіне жетеді» – дейді қазақ, ата-анаңа сөз келтірме.

Сүйген жарыңның қадірін біліп адал бола біл!

«Әйелдің жақсысы – көзің түскенде қуантып, бұйырғаныңа мойынсынғаны. Үйде жоқ кезіңде сенің ар-намысың мен малыңды аман сақтағаны» – деген хадисті ұмытпа (Әбу Дауд риуаяты). Тағы айтарым, үйлену тойына: «Тек қымбат қалыңдық көйлек киемін», – деп, күйеу жігітті әлекке салмағайсың. Және неке жүзігі қалыңдыққа арналғаны алтыннан, күйеу жігіттікі күмістен болуы тиіс. Өйткені осы мәселеде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі келген: «Расында жібек пен алтын менің үмметімнің ерлері үшін харам, әйелдері үшін халал» деген. (Термези)

– Тыңдашы жаным, «Қыз ұзату» тойына Өзіміздің ұлттық үлгідегі қазақша көйлек кигенің дұрыс сияқты. Өзің қалай ойлайсың? Сенің таңдауың не?

– Ерке сіңлім-ау, мына той көйлектің бірнешеуін киіп көрдің ғой, тым талғампаз екенсің...

– Міне, осы көйлек керемет, бірақ Батыс үлгісінде болған соң барынша ашық тігілген. Исламда әйел затының әурет жерлерін ашып жүруіне тиым салынғанын білесің, оның үстіне тойда дүйім жұрттың алдына жартылай жалаңаш шыққаның ұятты іс, әрі ата-енең мен қайын жұртыңа құрметсіздік танытқаның. Құрандағы мына аятты тыңдашы:

«Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін, киім және сәнді бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері» (Ағраф: 26).

– Жарайды, жаным көңіл-күйің түспесін. Қазір біз Батыс үлгісіндегі көйлектен мұсылман қалыңдықтың көйлегін жасаймыз. Міне әурет жеріңде жабық, күйеу жігітте, ата-енең де разы. Ең бастысы әрбір ісіңе Алла разы.

– Тойың тойға ұлассын жаным! Бақытты бол!

– Қалай жайнап құлпырып кеттің! Тойдың ханшайымы менің сіңлім – «Ең сұлу қалыңдық!» 

Келін – көрші, бала – елші, өмір – көш

 Адамдар мына өмірге қонақ емес пе? Бес күн жалғанда бірін-бірі сыйламаса, онсызда қысқа ғұмыр өтіп кетпес пе?

. . . Ұлыңызға тағдырын тапсырып келген келін-балаң емес пе...?

Әрбір отбасының босағасын аттаған келін – біреудің қара көз қарындасы, енді бірінің – аялаған жалғыз қызы, мәпелеп өсірген еркесі.

Өмірдің заңы сол – белгілі бір уақыт шамасында ғана өз отбасымен болып, бұйрығы келсе өзге отбасынан дәм-тұз бұйырары хақ. Бір жанұяның бағып-қағып өсірген қызы тәуекел етіп ерінен өзгелерін жақсы білмейтін отбасына келін атанып кете барады.

Келін – сүйген жарының махаббатына бөленіп, өзінің де еріне сүйіспеншілігінің басымдылығынан жолындағы қиыншылықтарды елемей тұрмысқа шығады.

Күйеу жігіт – жанұясына үйренісе алмай жүрген келінге үнемі демеу болып, жабырқаған сәтте жанынан табылуы қажет. Себебі келін түсірген отбасында бес жан болса, әрине бесеуінің мінезі бес түрлі келеді. Келін: осы отбасы мүшелерінің көңілінен шықсам, ата-енемнің жағдайын жасасам, деп зыр жүгіріп бәйек болады.

Жасыратыны жоқ келінді күңдей көріп, тек жұмысқа жегіп қоятын отбасыда жоқ емес. Әрбірден соң баласын келінінен қызғанған ененің айыптау мен ұрысының салдарынан жас жұбайлар айырылысып кетеді.

Кейде керісінше, келінін аялап, алақанына салып отырған басы алтындай ата-енесін, қайын жұртын бағаламай бақты басына тебетін ақылсыз келіндерде кездеседі. Үйіне барсаң, тапжылмай үнемі интернет пен теледидар алдында отырғаны, ұялы телефон бар тапқаны. Келіннің орнына қайын әпке-сіңлілері, тіпті енесі кір жуып, ыдыс шайып жүргені. Үй шаруасы, бала тәрбиесі, ерінің ас-суы адыра қалған. Ал қызметкер кей келіндер үйіне қас қарая оралады,  отбасы алдындағы өз міндетін мүлде жиып қойған.

Құтты ибалы келінге – тым қатал ата-ене, қыңыр келінге – жұмсақ, игі ата-ененің тап келуі – бұл да Алланың сынағы болар.

«Әдептілік ар-ұят – адамшылықтың белгісі, тұрпайы мінез тағы жат, надандықтың белгісі», – дейді дана Абай.

Дегенмен, кеше түскен жас келінді бауырына басып, келін емес қызым деп жақсы көрсе, сырт көзге білдірместен қателігін түзеп кешіріммен қараса – ененің даналығы.

Келіннің әрбір іс-әрекетін сынап, қабақ шытып сөге бермей – ақыл айтып, өзіне икемдеп тәрбиелесе және отбасының татулығын сақтап отырса – ененің көрегенділігі. «Өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та жоқ».

...Асау ат қиқар болады. Біреудің перзенті жаңа ортаға көндіккенше асау. Асауды үйреткенше сипар болар.

Өмір – көш болғанда, еншісін алып кететін келін – көрші, балаңыз араларыңдағы елші емес пе...

 Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ 

Оқылды 716 рет
  • Гулнар Жалодикызы сыздын жазган макалаларыныз ылги да кыздарга арналады, керемет, быздын казак кыздары осындай макалаларды окып, ары токып алса. Каламынызга канат бытсын! Шыгармашылыгыныз шындала берсын!
JoomShaper
Top