Хал тілінен хабарымыз бар ма?

Жұма, 06.11.2021

Еліміздегі дін саласындағы көптеген күрделі мәселелердің бірі – азаматтардың діни ұстанымдары мен түсініктерінің әртүрлі бағытта және деңгейде қалыптасуы. Бұның себебі, ел аумағында таралып отырған діни көзқарастар мен ағымдардың әртүрлі болуы.  Жалпылама мәліметтер бойынша әлемде 200-ге жуық діни бағыттар бар. Олар мазмұнына, діни дәстүрлері мен ұстанымдарының түрлеріне, діни институттарының күрделілігі және күнделікті өмірді реттеу деңгейіне байланысты ажыратылады. Сондықтан, дінге және діни көзқарастарға сенетін адамдар арасында сенім дәрежесіне қарай әртүрлі деңгейлерге бөлінеді.

Бұл өз кезегінде заңды құбылыс сияқты көрінгенімен, кейде елдік мүдде мен дәстүрлі құндылықтарға қайшы келетіндіктен, ел ішінде қайшылықтың туындауына алып келеді. Сондықтан, елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген, дәстүрлі діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар жарыққа шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде.

Бастапқыда сенім бостандығын ала салып көзімізге көрінген діндарлардың барлығына періштедей сеніп, солардан қалмай дінді үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп, жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді. Кейіннен «жылтырағанның барлығы алтын емес» екендігіне көзіміз жете бастағандай. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Қазір ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінімізге күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарасақ, қазір үмітімізден күдігіміз басым болып тұрады. Бұған себеп те жоқ емес. Соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, қоғамда реформа жасағысы келетін топтар шыға бастады. Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі көзқарастарға қайшы пікірлер мен әсіре діншіл адамдар мен топтар қоғамда қайшы пікірлердің туындауына түрткі болып отыр.

Сонда шынайы бауырмашылдық пен сүйіспеншілікті уағыздайтын, пайғамбар «үмметім» деп мақтанатын, біреудің ала жібін аттамайтын, «Ең жақсы мұсылман – басқаларға ауызымен және қолымен зиян келтірмейтін» (хадис) қарапайым мұсылмандар қайда?! «Имандылыққа бет бұрған азаматтарымыз діндарлықты қалай түсінуі керек?» деген сұраққа барынша мән беру керек.

Соңғы кездері халқымыздың ішіне іріткі салып жүрген діншілдер мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана діндар санайтын, дін үйретушілерден сақтану қажет!

Адамдардың дінге деген арақатынасы, жаратылыстан тыс әлемге сену деңгейі діндарлық немесе діншілдікұғымымен сипатталады. Дін обьективті сипатқа ие болса, діншілдік субьектінің ерекшелігі болып табылады. Ол индивид, тұлға, топ, ұжым, ұлт, адамзат  ретінде қарастырылатын субьектіге тән.

Діндарлық және діншілдік – ең алдымен адамдардың тобы немесе жеке адамның әлемге деген діни көзқарасысының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының белгісі. Ол құбылыстарды, оқиғаларды, қарым-қатынастарды сенім тұрғысынан қабылдау және бағалауда көрінеді. Қазіргі кездегі адамдарды діншілдігіне байланысты екі типке бөліп қарастыруға болады: діншіл немесе діншіл емес адамдар. 

Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қанша болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдардың қосқан үлесі де өте зор. К.Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренесансқа, ренесанс өз кезегінде исламға қарыздар. Бұл қарыздарлық мұсылмандардың дінді ұстану мәдениеті мен жалпы адамзаттық құндылықтарды кезінде көрсете білуінің жемісі еді. «Қазір неге осы дүниені жаңғырту жоқ немесе сәтсіз» деген заңды сұрақ туындайтын болса, мына мәселеге назар аударуымыз керек. Қазіргі ислам саласында қызмет атқарып жүрген тұлғалардың өмірдегі өздерінің ұстанымдары өте маңызды. Дінді тек тілмен жеткізу – жеткіліксіз. Оған өзіміз өнеге бола білуіміз қажет. Дінде мұны «хал тілі» дейді. Яғни, адам өзі ұстанатын құндылығын өмірімен көрсте білуі. Халқымыздың бай рухани тарихында осындай қасиетке ие көптеген ғұламаларымыз бар. Мысал ретінде бірнешеуін келтіретін болсақ, олардың өзін жетілдіруге ерекше көңіл бөлгендігін көреміз. Бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда, Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл отандық ғалымдарымыздың діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Олардың туындыларының негізгі өзегінде байсалды діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр. Бұл дегеніміз, біздің халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында діндарлық жоғарыда аталған құндылықтармен анықталады деген сөз. Бұл қазіргі қазақта бұрын шынайы ислам болмаған, олар исламды дұрыс түсінбеген деген сияқты жаңсақ пікірлерді түбейгейлі жоққа шығарады. Мәселен, Сәдуақас Ғылманидың өлеңдерінің ерекшелігі тікелей осы сүрелер мен хадистермен астасуында. Өлеңдерінің өзі «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі», «Әйуһәл-уәләдтың біраз аудармасы», «Пайғамбардан көшірілген мына бір хадис» деп аталуында жоғарыда айтылған ойлардың жатқандығы шындық. Мысалы:

«Ғанкабут» сүресінің бір аяты,

Сөйлеген көп мысалмен хикаяты.

Аңдаушы ғалым ғана деп білдірген,

Ұсынған болған жанға дираяты.

«Ғасыр» сүре есіңде өте сақта,

Қашанда адамшылық жолын ақта.

Бұл өсиет, ақылым, інім саған,

Күйдірме мүһмен жанды құр нахаққа.

Сондай-ақ, тікелей діни мәтіндер болмаса да діннің мазмұнына сай тәрбиелік бағытта жазылған өлеңдеріне діндарлықтың сыртта емес, жан дүниенің кемелдігінде болатындығы баса айтылады. Мәселен, Шәкәрім шығармаларында:

Сыртыңды сыланасың сән беріп,

Ішіңнің түзетпейсің хатасын.

Айла мен алдағанды жөн көріп,

Адамды аң орына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде,

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде,

Амалсыз қара тастай қатасың.

Немесе Қожа Ахмет Ясауидің:

Қожа Ахмед, нәпсі – мешкей, түк тоймайды,

Жер-көкті түгел жұтсын, жұқ болмайды.

Топырақ құшса ғана бітті, ол – қайғы,

Бейнәпсі қор қызымен жасар, достар,

деген өлеңдерінде адамның ішкі кемелдігінің маңыздылығы баса көрсетіледі деуге болады.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы Құрандағы аяттар мен пайғамбар хадистерінің мазмұнымен астасып жатыр. Мысалы, жоғарыдағы «нәпсі» жайында айтылған ойлар «Жүсіп» сүресінің 53-аятының мағынасы деуге болады. Бұл аят мәтініңде: «Мен нәпсімді ақтамаймын, өйткені, нәпсі әрдайым жаманшылықты бұйырады...» делінеді немесе Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Сенің ең зарарлы дұшпаның – нәпсің» дейді. Егер осы мәселені жаңғыртып, дәстүрлі діндарлық ұстанымын дәріптеп, төл діни түсінігімізге оралсақ, қазіргі дін саласында болып жатқан көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктер өз шешімін табары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, алдымен діндарлықтың негізгі ұстыны дәстүрлі діни көзқарастарға негізделуі тиіс. Сондықтан діни ұстанымдар мен діндарлық мәселесінде осы сабақтастық сақталған жағдайда діни көзқарастарға негізделген қайшылықтар мен діншілдік турасында түсінбеушіліктер болмасы хақ. Екіншіден, діндар адам тек білімімен, тілімен ғана діндар болуы жеткіліксіз, адамдарға өзінің өмірімен үлгі екендігін, мұның тілмен түсіндіруден де әсерлі әрі нәтижелі екендігін ұмытпаған дұрыс.

Тышхан Кеңшілік,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ

Дінтану кафедрасының доценті,

философия ғылымының кандидаты

 

Оқылды 566 рет
JoomShaper
Top