Алланың сынақтарының мәні неде?

Сенбі, 27.09.2021

Алла Тағала Өз Кітабында мүміндердің бұл дүниеде сан түрлі сынақтармен бетпе-бет келетінін айтып, оларға ескертеді:

Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед F.C сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз», -  деді. (2, 155-156)

Пайғамбар (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады». (Бұхари).

Тағы бір хадисте: «Егер Алла Тағала құлына жақсылық қаласа, оған сынақ береді» делінген. (Бұхари).

Мұсылман адам әр түрлі қиындықты басынан кешіруі мүмкін. Мәселен, ауру-сырқат, табыс көзінің болмауы, балаларының тілін алмауы. Шынтуайтына келгенде, адамның басына түсуі мүмкін деген қиындықтың саны жоқ. Пайғамбардың(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де» деп айтпақ болғаны да осы.

Сол қиындықтың бәрі, егер мүмін адам оларға сабырлықпен төтеп берсе, - Алла Тағаланың кешірімі мен сауабына бөленудің амалы.

Біздің әрбіріміз Алланың сынағынан өтеміз. Ол әрқайсымызға әр түрлі сынақ береді. Біз өмірде қандай да бір қиындыққа тап болсақ, «Алла Тағала бізді жазалап жатыр» немесе «Ол бізге наразы» деп ойламауымыз қажет. Сондай-ақ, өзгелердің  табысқа жетіп, рахатқа толы ғұмыр кешіп жүргендерін көріп, Алла Тағала оларға разы деген ойдан аулақ болғанымыз жөн. Кейде мүлде керісінше болуы мүмкін.

Пайғамбарымыз(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:  «Алла Тағала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады». (әт-Тирмизи, Ибн Маджа)

Алла Тағала өмірде орын алатын жайттардың бәрі - жақсылық та, жамандық та бізге жіберілген сынақ екендігін білдіреді. Алла басымызға бір жағдай жібергенде, біз өзімізді қалай ұстаймыз? Қолымыздағы байлыққа шүкіршілік етіп, қиындыққа сабырлық танытамыз ба, әлде тәкаппар, қыңыр боламыз ба?

Алла Тағала былай дейді:

«
Әркім өлімді татады. Сендерді сынап; жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар».(«әл-Әнбия» сүресі, 35).

Алла Тағала былай дейді:

«Негізінде малдарыңды және балаларыңды сын деп біліңдер. 
Алланың қасында зор сыйлық бар». (сура «әл-Әнфал» сүресі, 28)

Көптеген адамдар ешқандай жамандық жасамаса да, не үшін бастары бәледен арылмай қойғанын түсіне алмай дал болады.

Алла Тағала былай дейді:

«
Ал енді адамзат, қашан Раббы оны сынай сыйлап, игілікке бөлесе: «Раббым мені сыйлады» дейді.
Қашан оны сынап, несібесін тарайтса: «Раббым мені қорлады» дейді. («әл-Фәжр» сүресі, 15-16)

Базбіреулер жақсы мұсылман отбасында дүниеге келсе де, кейін исламнан теріс айналып кетіп жатады. Ал, мұсылман емес елде, Құдайға сенбейтін отбасында туып-өскен кейбір адамдар болса, уақыт өтуімен мұсылмандардың ең жақсысына айналады.

Біз байлықпен және кедейлікпен сыналамыз. Егер біз бай болсақ, байлығымызды жинаймыз ба, әлде оны қайырымдылыққа жұмсаймыз ба? Біз оны заңды мақсатта жұмсаймыз ба, әлде  бос сауық-сайранға ысырап қыламыз ба? Кәспорындарымызда Аллаға үміт етеміз бе, әлде байлығымыздан айрылып қаламыз деген ашкөздік пен қорқыныштан оны сақтап қалып, ұлғайту мақсатында заңсыз амалдарға(өсімқорлық, банктік пайыздар) жүгінеміз бе?

Ал, егер кедей болсақ, сабырлық танытып, нәпақамызды табудың заңды амалдарын іздейміз бе, әлде қажеттілігімізді қанағаттандыру үшін заңсыз әдістерге барамыз ба? Алла Тағаланың басқа біреуге өзімізден артық дүние-мүлік бергеніне бойұсынамыз ба, әлде соған бола бойымызды қызғаныш кернеп, жеккөрінішімізді арттырамыз ба?

Біз денсаулықпен және ауру-сырқатпен сыналамыз. Көзі жақсы көретін адам соны қалай пайдаланғанына қатысты сыналады. Ол көзін игі мақсатта пайдалана ма, әлде тыйым салынған нәрселерге қарай ма? Оның көзі Тозаққа баруына себепкер болуы ғажап емес. Соқыр да өзінің бақытсыздығына сабырмен шыдай ма, шыдамай ма - сонымен сыналады. Оның сабыры Жәннаттан орын алуына себепкер болуы мүмкін.

Алла Тағала былай дейді: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы».(«әл-Мүлк» сүресі, 2).

Оған қоса, біз басқа адамдарға деген қарым-қатынасымызбен де сыналуымыз мүмкін. Біз тіпті кішкентай баланың да азап шегіп, емі жоқ дертке шалдығуы мүмкін екенін өмірлік тәжірибемізден білеміз. Кейбір адамдар дың ақыл-есі кем болып туылатыны сондай, ислам ілімін түсінетін жағдайда болмайды. Сондықтан, одан жасаған амалдары жайында сұралмайды. Ондай адамның өзі сынаққа түспегенімен, оның сол жағдайы қасында тұрып жатқан адамдарға сынақ болуы әбден мүмкін. Олар оған қалай қарайды? Оған қамқорлық танытып, сыйлап, өз құқықтарын пайдалануына мұрсат бере ме?

Біз Алла Тағаланың бізге немесе Өзінің басқа да жаратылыстарына жіберген сынақтарының даналығын көп түсіне бермейміз. Алайда, біз Алла Тағала бәрін Өзінің даналығымен жасайтынын біліп, басымызға түскен сынаққа сабырмен шыдап бағуға тиіспіз.

Біз Алла Тағаланың Құрандағы мына сөздерін естен шығармауымыз керек: «Ол, істегендерінен сұралмайды да, олар сұралады». (Әл-Әнбия,  23).

Тауаккүлдің (Аллаға тәуекел ету) сіздің қиындыққа төтеп беруіңізге қалай көмектесетінін дұрыстап түсінгіңіз келсе, мына жағайды көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Бейтаныс біреу сізді көлігіне мінгізіп, белгісіз бір бағытта алып бара жатыр деп елестетіңіз. Сонда қандай сезімде боласыз? Не болып жатқанын түсінбей, дегбіріңіз қашады. Бірақ, ол адамды анаңыз жібергенін біліп, кәміл сенсеңіз, не болады? Үрейіңіз бен мазасыздығыңыз су сепкендей басылады. Анаңызға деген сеніміңіз қаншалықты жоғары болса, көңіліңіз де соншалықты тыныш болады. Неге? Өйткені, қайда бара жатқаныңызды білмесеңіз де, анаңыздың сізге тек қана жақсылық тілейтінін және сізге зарар келтіретін ештеңе істемейтінін білесіз. Біз басымыздан өтіп жатқан жайттарды түсінбеген жағдайда да, жүрегімізге тыныштық орнататын сенім осы.

 

Оқылды 922 рет
JoomShaper
Top