Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ: Мақсат – халыққа пайдалы мағлұмат беру

Бейсенбі, 17.03.2022

Отандық ақпарат кеңістігіне өзіндік өрнегі бар жаңа сайт қосылды. Ұлттық және танымдық бағыттағы Asylsoz.kz интернет порталы оқырмандар назарына отбасы құндылықтары, бабадан қалған асыл сөз мұралары, ғибратты әңгімелер мен сан алуан қызықты деректер ұсынады. Заман келбеті технология жетістігімен айшықталған бүгінгі қоғамда қалам жарыстырар ақпарат құралдары аз емес. Осы орайда тұсауы таяуда кесілген сайттың өзге серіктестіктерінен ерекшеліктері, мақсат-міндеттері мен жоспарлары қандай деген секілді сауалдарды «Асыл сөз media» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, Asylsoz.kz интернет порталының редакторы, филология ғылымының кандидаты Асылбек Әуезханұлына жолдаған болатынбыз.

– «Асыл сөз медиа» шығармашылық бірлестігі қай уақыттан бері жұмыс жасап келеді? Бұл бірлестіктің атқарар жұмысының ауқымы қандай?

– Шығармашылық бірлестігіміздің ашылғанына сәуір айында тұп-тура 1 жыл болады. Осы аз уақыт ішінде ауыз толтырып айтатындай көп іс тындырып тастадық деп айта алмаймыз. Жасап қойғанымыздан алда атқаратын істеріміз, әлбетте, молырақ. Дегенмен, осы бір жылда республикаға танымал бірнеше сайттардың іргетасын қаладық. Көптеген танымдық мақалалар жазып халыққа жолдадық. Бірқатар  аудио және бейне өнімдер жасап шығардық. Оның ішінде Талас Омарбеков, Нұрсан Әлімбай, Бекжан Тұрыс, Болат Бопайұлы, Ардақ Назаров секілді танымал тұлғалармен қазақ халқының төлтума мінез-құлқы мен қасиеттері туралы өзекжарды сұхбаттар әзірленді.  Бәрі де ұлттық және имани құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған. Қазақта «арық сөйлеп, семіз шық» деген жақсы сөз бар ғой.  Алдағы уақытта жасаған жұмыстарымызбен жаңа ашылған порталымыздан танысып отырар. Пайдаға жарап жатса алар, болмаса «өз сөзіміз өзіміздікі».

Біздің бірлестік бабалардан бүгінге жеткен аталы да баталы сөздерді барынша кеңінен насихаттаумен айналысады. Сол үшін шығармашылық бірлестігімізді «Асыл сөз media» деп атап, ресми порталымызды да осы атаумен қалдырдық. Тіл мен әдебиет негіздерін жасап, оларға қатысты теориялардың іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынұлы атамыз жалпы сөз өнерін осылай атаған ғой. Ал біз енді бұл сөздерді жаңа аудио және бейне форматтарда да насихаттайтын болғандықтан, media  деген сөзді қосып отырмыз.

– Жақында бірлестіктің Аsylsoz.kz деп аталатын ресми сайты өз жұмысын бастады. Осы сайттың алдағы уақытта атқара жұмысы туралы айтып өтсеңіз...

– Өзіңізге мәлім, қазір ақпарат заманы. Ғаламтор әр үйде, тіпті әр қалтада жүреді. Адам болуға да, ада болуға да осы ақпараттардың әсері мол.  Ғаламтор сауап табуға да, күнәға батуға да себеп бола алады. Тәрбиенің де, мұсылмандық мектебінің де бір дереккөзі осы ғаламтор. Міне, сондай тасыған ақпараттардың  арасында біздің халықтың да асыл сөздері жүрсін деген ниетпен осы порталды аштық. 

Басты мақсат өзімізді көрсету емес, халыққа пайдалы мағлұмат беру.  Құдайға шүкір, әдебиетіміз өте бай. Адамға ой салатын, пікірін қозғайтын  қаншама жақсы сөздер бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді білеміз. Құт-берекенің келу де жақсы сөзге байланысты деген сөз ғой. Сол себепті, сайтымызда әрісі қасиетті Құран Кәрім мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері, берісі адамзат тарихында өткен салмақты сөз иелерінің ой-пікірлері беріліп отырмақ. Сондай-ақ «Ғибратнама», «Отбасы», «Қызықты деректер» деген айдарларда да оқырмандарымыз мол рухани азық алады деген үміттеміз.

– Қазір қазақ тілді сайттардың қатары күн санап көбейіп келеді. Сол көптің арасынан көзге көрінбей қаламыз ба деген қорқыныш жоқ па? Сіздің сайт өзгелерден несімен ерекшеленеді?

Әрине, сайттар көп. Көп болғаны да дұрыс. Алайда сол сайттар тәрбиелік мақсатқа көбірек мән берсе екен дейміз. Көрінбей қаламыз деген қорқыныш жоқ. Себебі, мақсат көзге көріну емес, елге жақсы дүние жасап беру. Арғы жағын Алла Тағаланың өзі жеткізеді. «Базарға қарап тұрсам, әркім барар» деген өлеңінде Абай атамыз өте жақсы талдау жасап берген ғой. Ғаламтор деген де үлкен хан базар. Әркім одан өзіне қажеттісін алады. Ешкімді зорлап сайтыңа кіргізе алмайсың. Көңіліне жаққан адам кіреді. Өзгелерден ерекшелігіміз – жариялаған материалдарымыздың халыққа түсініктілігінде шығар. Новигациясында да көп ерекшеліктер бар. Оның бәрін тәптіштеп айту мақсат емес деп ойлаймын.

Бұрын осы салада жинаған азды-көпті тәжірибеміз бар. Қазіргі таңда еліміздегі мұсылман жұртшылығына белгілі болып тұрған бірнеше сайттардың басы-қасында болдық. Ол сайттар қазір де жемісті жұмыс жасап жатыр. Алла істеріне береке берсін деген ізгі тілектеміз.

– Қазақ қай уақытта да сөз таныған, сөзге тоқтаған халық. Заманында бір ауыз сөзбен бір елдің тағдыры шешілген. Ал, бүгінгі қазақ осы асыл қасиетінен айырылып бара жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз? 

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақтың бар байлығы сөзінде жатыр десек қателесе қоймаспыз.  Біздің халық үшін өзге өнердің бәрі бір төбе болса, сөз өнері өз алдына бір төбе. Өйткені, сайын даланы еркін жайлаған азат ойлы халықтың бүкіл рухани құндылығы осы сөзімен біте қайнасып жатады. Дініміз, иманымыз да, мінез-құлық, қасиеттеріміз де, отбасы, бала тәрбиесі дейсіз бе, бәрі де дана бабаларымыздың тілінде сақталған.

Ана тіліміздегі бір де бір даналық сөз бекер айтыла салмаған.

Қазақ жұртының түсінігінде өнер алды – қызыл тіл. Қазақ елі ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен. Сондықтан, аталы сөзді аттамай, бір ауыз сөзге тоқтаған адамды ел сыйлап, құрметтеген, төбесіне көтерген.

Иман да, әділет те, барлық жақсылық атаулы да асыл сөздер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады.

Қазақтың байтақ даласында елін адал басқарған небір әділ хандар, білегі жуан небір мықты ерлер, қара қылды қырыққа бөлген шешен билер өткені даусыз. Солардың бәрінен бізге жеткен ең қастерлі мұра асыл сөздер болса керек.

Ата-бабаларымыздан бүгінге жеткен даналық сөздердің астарына үңілсек, таң қалып таңдай қағамыз. «Шіркін-ай, неткен қасиетті кісілер еді!» деп тамсанамыз.

Дегенмен, бүгінде осынау қастерлі мұраның қадіріне жете алып жүрміз бе деген сауал мазалап, алаңдататыны рас.

Қарап отырсаңыз, біздің қазақта түрме, абақты деген ұғым болмаған. Сонда кісі мен кісінің, ру мен рудың арасындағы даулы жағадайлар қалай шешіледі, тентектер қалай тыйылады деген сауал туады. Оның бәрі осы қызық тілдің көмегімен реттеліп, жөнге келтіріліп отырған. Бір ғана мысал келтірсек, төбе би Төле бабамыз ел тонаумен айналысып жүрген қарақшылар қолға түскенде, оларға қандай ұлағатты сөздер айтады. Сол сөздерді естіген қарақшылар  тәубеге келіп, мүлдем жаңа өмір бастайды. Міне, дұрыстап жымдап, қисынын келтіріп айтқан сөздің құдіреті! Бұл сөздің толық мәтінін сайтымызға жарияладық. Көпшілік сол жерден танысса болады: http://asylsoz.kz/kk/tole-bidin-urylarga-osieti-173/

Міне, осының бәрін саралай келгенде, бүгінгі қоғамға не жетпейді, бұрынғы өткен жақсылардан қалған асыл сөздерді біліп, оны өмірде қолдану жетпейді.

«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген сөзге сүйеніп, жолға шығып отырмыз. Ләйім, осы порталдың оқырманы көп, ғұмыры ұзақ болса деп тілейміз.

Оқыңыздар, бөлісіңіздер, қастерлі сөз өнеріміздің насихатына атсалысыңыздар! 

Сұхбаттасқан,

Олжас СӘНДІБЕК

Оқылды 627 рет
JoomShaper
Top