Айбек ҚАЛИЕВ: Ислами тәрбие ұлт болмысымен үндес

Сәрсенбі, 10.02.2022
Айбек ҚАЛИЕВ: Ислами тәрбие ұлт болмысымен үндес

– Айбек Киікұлы, мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барып  парызыңызды өтеп, құрметті қажы атандыңыз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қажылық парызының жауапкершілігі зор әрі марапатының шексіз екенін өз хадистерінде ескерткен. Адамды анадан жаңа туғандай пәк, таза кейіпке бөлендіретін қажылық нендей құлшылық? Оның маңыздылығы мен мәні неде? Өз әсеріңізбен бөліссеңіз...

– Алла нәсіп етіп, Мекке мен Мәдинада үш рет болдым. Екі мәрте ұмра, бір мәрте үлкен қажылық өтедім. Аллаға сансыз шүкір, тіпті, бір жылда екі рет барудың сәті түсті. Ал, алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қағбаға қарап отырып өткен өміріме көз жіберсем, осы уақытқа дейін түк бітірмеген екенмін, болмашы нәрсеге бола бір-біріміздің көңілімізді қалдырып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін жанталасады екенбіз. Негізі бір байқағаным, қажылыққа барып келген адамның мінезінде сәл де болса өзгеріс болады. Жан-жағына, айналасына, дүниеге басқаша көзбен қарай бастайды. Ал, парыз бен жауапкершілікке келсек, қазақ халқы қажылық өтеп келген кісілерді құрмет тұтады, оны үлгі, өнеге тұтады. Сондықтан мұның жауапкершілігі де ауыр. Осы тұста айта кетерлік келеңсіз жайттар да бар. Кейбір кісілер қажы деген атты атақ-дәреже көреді. Қарапайым жұртқа қажылыққа барғанын міндет тұтатын кісілер де баршылық. Қазір қалталы кісілердің әке-шешесін қажылыққа жіберуі сәнге айнала бастағандай. Қажылықта, тіпті, намаз оқуды білмейтін кісілерді де көрдік, туристік саяхатқа келгендей қонақ үй мен дүкендердің арасын жол қылған кісілерді көргенде қажылықты армандап қолы жетпей жүрген талай тақуаларды ойлап қынжыласың, ал қажылықта әрбір минутын құр жібермей бар уақытын құлшылыққа арнап жүрген қандастарыңды көргенде қуанасың. Сондықтан да қажылық компаниялары қажылық сапар алдында курстар өткізіп тұрса деген тілек бар.

– Жаңа дәуірге қадам басқан қазақ қоғамы да Исламмен біте қайнасып, күн өткен сайын көркейіп келеді. Келешекте мемлекетіміздің іргетасы мықты болып, әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылуына Ислам дінінің қосатын үлесі қандай болмақ?

– АҚШ пен батыстың ислам мемлекеттеріне шүйлігуінің астарында мұнай ғана жатқан жоқ. Әйтпесе, мұнай Ресейде де, Қазақстанда да бар. Оның түпкі мәні ислам діні қанат жайған елдің өзі де өркендеп, АҚШ сияқты қуатты елге бағына қоймайтындығында болып отыр. Тарихтағы атышулы крест жорықтары да Андалусиядағы ислам мәдениеті мен ғылымының, экономикасының өркендеп, дамуын көреалмаушылықтан туындаған. Ал ислам – екі дүниеде бақытты болудың жалғыз жолы.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Иман келтіргендер өзара сүйіспеншіліктерінде, қайырымдылықтарында және аяушылықтарында бейне бір дене тәрізді. Егер оның бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері де мазасыздық танытып, қызуы көтеріліп бір-бірін шақырысады» - деп айтқан. Демек, жеке адам мен отбасы салихалы болса қоғамның да салихалы болары даусыз. Ендеше жастар тәрбиесінде қазақ темірқазық ретінде нені ұстанған жөн?

– Қазіргі таңда жұма намазына жиналған халықтың көптігін, мешітке сыймай қалып жатқанын көріп жаның жұбанады. Әрине, жетпіс жыл бойы дінінен ажырап қалған халықты жиырма жылда иманды болып кетпедің деп кінәлауға болмайды, «Мұсылман болу әсте-әсте» деген сөз соны меңзесе керек. Алайда, мен ұлтымның болашағына сенемін. Өйткені, бізде оған алғышарттар жақсы қалыптасып келеді. Тек бізге батыс әлемі қалыптастырған исламды экстремизммен, терроризммен байланыстырып қарайтын түсініктен арылу қажет. Себебі, қазір баласы намаз оқыса үрке қарайтын ата-аналар қазақтың арасынан да табылады. Ол түсінікті де, өйткені, елімізде теріс пиғылдағы діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар жиі кездеседі. Жас буынның бойына ұлттық рухты сіңіруде исламның рөлі өте зор. Қазақтың мақал-мәтелдері құранмен, хадиспен үндесіп жатуы тегін нәрсе емес. Сондықтан да имани тәрбие – қазақ халқының  ұлттық тәрбиесімен негіздес деп есептеймін.

– Соңғы жылдары біздің қоғамда жантүршіктірер оқиғалар аз болған жоқ. Үйдің жоғарғы қабатынан баласын лақтырған ана, өз-өзіне қол жұмсаған жастар, баласын тірідей тастап кетіп жатқан көкек аналар... Жалпы қоғамда азғындық жолына түскендердің жиілеп, рухани құлдыраудың белең алуына ең негізгі себеп не деп айтар едіңіз?

– Оның себебі көп, соның ең бастысы телеарналардағы азғындықты насихаттайтын көрсетілімдердің көптігі, ақпарат ағымына тосқауылдың жоқтығы, ғаламтор жүйесінің қадағаланбайтыны сияқты мәселелер. Мәселен, Алматыдағы алпысқа жуық көгілдірлер клубын жаптыруға не кедергі? Түнгі клубтар неге қадағалауға алынбайды? Үлкен-үлкен сауда орындарында қыздарымыздың жарнама үшін жалаңаштануына неге жол береміз? Қазақстанда тарайтын өзге елдердің теларналарында жарнамаланатын әйелдердің гигиеналық құралдары мен импотенцияға қарсы дәрі-дәрмектердің жарнамасын тоқтатудың орнына қазақ тіліне аударып тұрып насихаттаймыз. Неге? Қазір ата-анаңмен, балаңмен бірге отырып теледидар көре алмайсың. Айта берсе, себебі көп. Ал бұдан құтылудың жолы – иманға келу.

– Бір сұхбатыңызда «үлкен - буын жағымпаз, орта буын - жасық, кіші - буын жалтақ болып көрінеді» деген екенсіз?  Не себепті бұлай дедіңіз?

– Оған ешқандай дәлелдің қажеті жоқ, бүгінгі қоғамға көз салсаңыз, өз маңайыңыздан да тауып аласыз.

– Айбек мырза, ұстаздықпен айналысып келе жатқаныңызға да жиырма жылға таяп қалыпты. Демек, сіздің қолыңыздан да бір буын өсіп-жетілгенін білеміз.   Жастардың бойына имандылықпен қатар патриоттық негізде тәрбие беруде арнайы методикаңыз бар ма?

– Мен университетте Ербол Тілешев, Дихан Қамзабекұлы, Ілияс Құрманғалиев сияқты ұстаздардан тәлім алдым. Ол – бұл кісілердің қылшылдап тұрған кезі еді. Тәуелсіздікке енді қол жеткізген шақ болатын, ол кісілерден ұлтжандылық қасиет сіңді. Академик Рымғали Нұрғалидың тәрбиесін көрдім, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара, Мырзатай Серғалиев сияқты кісілермен, Аманжол Әлтай, Жанат Әскербекқызы, Балғынбек, Дәулеткерей, Жібек, Серікзат сияқты аға-әпке, құрдастарыммен бірге қызмет істедім. Мен ешқандай методика ойлап тапқан жоқпын, сол кісілерден алған тәрбиемді шәкірттеріме беруге тырысып жүрмін.

– Әр ер азаматтың елге, оның ішінде  туған топыраққа еңбек етуі  – перзенттік парызының бірі. Туған өлкеңізге нендей еңбегіңіз сіңіп жатыр?

– 2009 жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының Педагогика және филология  факультетінің деканымын. Енді мен туған жерге келіп мынандай нәрсе тындырып тастадым деуім артықтау болар, оның бағасын ел береді. Қолымыздан келгенше, шамамыздың жеткенінше еңбек етіп жатырмыз.

Сұхбаттасқан Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА

 

 

 

 

 

Оқылды 1104 рет
JoomShaper