Матуридидің басты шәкірттері және Матуриди мектебінің негізгі жалғастырушылары

Дүйсенбі, 15.12.2021

Имам Матуриди ұстанымдарын артынан шәкірттері жалғастырған болатын. Солардың өмірі мен шығармашылығына жеке-жеке тоқтала кетсек...

Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953).

Хаким ас-Самарқанди – көпшілікке осылай танылған. Ғалымның толық аты Латиф Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед ибн Исмайл әл-Қади әл-Ханафи. Имам Матуридиден фиқһ, кәлам саласы бойынша дәріс алған. Балхтың алдыңғы қатарлы ғалымдарынан дәріс алып, білімін жетілдірген. Самарқандта ұзақ мерзім қазылық қызметін атқарған.

Еңбектері: Хаким ас-Самарқанди кәлам, фиқһ және Құран тәуилі тақырыптарында еңбектер қалдырған. Олардың кейбірі «Сауадул-Ағзам», «Ақидату-л-имам Шарху Фиқһи-л акбар» және «әл-Әсила уә-л әжуиба» деп аталады.

«Сауадул-Ағзам» – Матуриди кәлам мектебінің алғашқы дәуір еңбектерінің маңыздыларының қатарынан. Бұл еңбек өзге кітаптарға қарағанда тақырыптарды кеңінен қарастырған. Онда асхабус сунна уәл жамағаттың ұстануы керек болған ақидаға қатысты алпыс екі тақырыпты тізбектеп көрсеткен.      

 

Әбул Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956).

Рустуғфани жайлы толық мағлұмат жоқ. Деректердің кейбірінде оның аты − Рустуфағни деп те кездеседі. Алғашқы білімін Рустуғфанда алған. Кейіннен білім алуды Самарқандта жалғастырған.

Әбул Муин ән-Нәсафи кей еңбектерінде Рустуғфаниді Матуридидің досы десе, басқа бір еңбектерінде шәкірті деп жазады. Бұл да болса, Рустуғфани Матуридидің шәкірті әрі ең жақын досы екендігін білдіреді. Сондай-ақ, Рустуғфани Матуридимен фиқһ тақырыптарында пікірталас жасай алатындай деңгейдегі білімді ғалым болған.

Қысқа уақыт аралығында Рустуғфани Самарқанд пен Маураннаһрда есімін ел білетін «Ханафи» және «Матуриди» ғалымы ретінде танылды.

Еңбектері: Нәсафи Рустуғфанидің кәлам ғылымына қатысты «Иршаду-л Мухтади» және «аз-Зауайд уә-л Фауайд» атты еңбектерімен қатар, басқа да кітаптарының бар екендігін айтса, Лакнауи «Китаб фи-л Хилаф», Фуат Сезгин «әл-Әсила уә-л Әжуиба» атты еңбектерінің болғандығын алға тартады. Аталмыш еңбектерде бірқатар танымал ғұламалардың есімдерімен қатар, араб тілі және әдебиеті, Ислам діні негіздері жайлы тақырыптар да қамтылған.  

 

Әбу-л Ләйс әл-Бұхари ас-Самарқанди (373/983).

Әбу-л Ләйс Наср ибн Мұхаммед ас-Самарқанди, фиқһ және кәлам ғылымын меңгерген. Білімді Самарқанд, Балх, Бұхара және Бағдатқа барып алған. Алғашқы сабақты әкесінен алса, фиқһ және кәлам сабақтарын Әбу Ахмед әл-Ядиден үйренген. Әсіресе, фиқһ саласындағы негізгі ұстазы «кішкентай Әбу Ханифа» деген атпен танымал Балхтық Әбу Жағар әл-Хиндууани (362/973) болған. Ханафи фиқһамен қатар тәпсір, хадис салаларын да меңгерген. 

Ханафи мәзһабының дамуына ерекше еңбек сіңірген. Әбу-л Ләйс ас-Самарқанди алғашқы ханафи фиқһ жүйесін дамытқан. Сондай-ақ, фиқһқа қатысты мәзһабтар арасында туындаған түрлі пікірлерді жинақтап зерттегендіктен, осы саланың негізін қалаушы ретінде танылған. Және де Ханафи мәзһабының фақиһ ғалымдары мен олардың көзқарастары туралы жазылған алғашқы үлгі еңбек осы Әбу-л Ләйс әл-Бұхари ас-Самарқандиге тән. III-IV ғасырларда өмір сүрген маңызды кейбір ханафи фақиһтарының көзқарастары Әбу-л Ләйс ас-Самарқандидің осы еңбегі арқылы кейінгі ұрпаққа жеткен.

Уақыт өте келе, имам Матуриди секілді тура жол көсемі, Һидаят көшбасшысы деген лақап атқа ие болған.

Әбу-л Ләйс Самарқанди уағыз-насихат және ғылымхал секілді еңбектерінің арқасында Ислам әлемінде ең танымал ғалымдардың бірі болған. Еңбектері Индонезия, Андалусияға дейін таралған. Сондай-ақ, бірнеше тілге аударылған. 

Еңбектері: «Хизанату-л фиқһ» – алғашқы ханафи мұхтасарының бірі. «Нәуазил» (әл-Фәтауа) еңбегі кей деректерде «ән-Нәуазил минәл Фәтауа», «Фәтауа-н Нәуазил» және «Мұхтарату-н Нәуазил» деп те кездеседі.

«Муқаддима фис-салат» – «Муқаддимату Абу Лайс  ал-Муқаддима фил Фиқһ» деп те аталады. Мұнда намаз құлшылығымен қатар, кейбір ақида тақырыптарына да тоқталған. Көптеген ғұламалар тарапынан еңбекке түсіндірме (шарх) жасалған. Олардың арасынан Хасан ат-Тулунидің «Шарху Муқаддимати Абу-л Лайс фи-л фиқһ» және Муслихуддин ибн Мұстафа ибн Айдогмуштың «ат-Таузиһ әла Муқаддиматис-Салат ли Аби-л Лайс ас-Самарқанди» атты еңбектерін атап кетуге болады.

«Бәйану Ақидати-л Усул» – әһли сүннеттің сенім негіздері түрінде жинақталған рисаласы Индонезияда, Малайзияда және Оңтүстік Африкада кеңінен таралған. 

«Тәнбиһу-л Ғафилин». Бұл – Пайғамбарымыз (с.а.с) және сахаба ғалымдардың риуаяттарынан жинақталған уағыз-насихаттан тұратын құнды еңбек. Сондай-ақ, мұнда ақида, фиқһ (құлшылық), ахлақ, Құран және рамазан айының ерекшелігі секілді тақырыптар баяндалады. Ең көп оқылған еңбектердің қатарында. Тіпті, Испан диалектісіне де аударылған. Кітап тұрақты түрде 1311-жылы Каирде, «Бустану-л арифин» (уағыз-насихат кітабы) деген атпен бірнеше рет, 1869-жылы Калькуттада, 1303, 1306, 1309, 1319-жылдары Каирде, 1304-жылы Бомбейде, 1403/1983-жылы Бейрутта, 1405/1985-жылы Дамаскіде басылды.

 

Әбу Мұхаммед Абду-л Кәрим ибн Мұса ибн Иса әл-Паздауи (390/1000)

Әбу-л Йуср әл-Паздауидің атасы. Матуридиден фиқһ және кәлам сабақтарын алған. Әсіресе, фиқһ саласында маманданды. Абдулқадир әл-Қураши Паздауидің 390-жылы Рамазан айында дүние салғандығын айтады. Жакардизеде жерленген.

 

Әбу Ахмед әл-Йади (IV/X ғасырдың басы)

Ахмед ибн Әбу Наср Ахмед ибн әл-Аббас – Матуридидің ұстазы болған Әбу Насыр әл-Йадидің ұлы. Өз әкесі және Самарқанда орналасқан «Дару-л Жүзжания» атты білім орталығында имам Матуридиден фиқһ, кәлам және мәзһабтар тақырыбында дәріс алған.

*       *        *

Деректерде жоғарыда атап кеткен бес ғалым Матуридидің шәкірттері ретінде белгілі. Бұлар да өз кезегінде, дәрежелеріне қарай, Матуриди мектебінің негізін салушы ғалымдар. Алайда, деректерде Матуриди мектебінің өкілдері кәлам саласына кештеу мән бергендігі туралы айтылады.

Матуридилік туралы толыққанды зерттеу жұмыстары Садру-л Ислам Әли әл-Паздауи (493/1099) мен Әбу-л Муин ән-Нәсафи (508/1114) еңбектерінен бастау алған болатын.

 

Садру-л Ислам Әбу-л Юср Мұхаммед әл-Паздауи (1027-1099)

Әбу Йақуб Юсуф ибн Мұхаммед ән-Найсабури және Шейх имам Әбу-л Хаттабтан дәріс алған. Маураннаһрдегі ханафи ғалымдарының бірі. Ол – «Садру-л Ислам» атымен машһүр. Еңбектері жеңіл оқылатындықтан, оған «Әбу-л Йуср» деген ат берілген. 493/1099-жылы Бұхарада дүние салған. Артында Нажмуддин Мұхаммед ән-Нәсафи, Абдулкарим ибн Мұхаммед ас-Санаи, Мұхаммед ибн Тахир ас-Самарқанди, Абдуррахман ибн Мұхаммед ән-Найсабури, Абдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Хулеми, Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн Ахмед, Мұхаммед ибн Әби Бәкір ас-Сабуни секілді шәкірттер қалдырды.  

Еңбектері: «Усули-д Дин» (Ислам Ақидасы) – классикалық кәлам кітаптарындағы тақырыптарды қамти отырып, 96 мәселені қарастырған және ислам мәзһабтарына қысқаша шолу жасаған. Сондай-ақ, «Шарху Жамии-с Сағир», «Уақиат» және «әл-Мабсут» атты шығармалары бар.

 

Әбу-л Муин Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсафи (508/1114)

1047-жылы (хижра, 438) Мауараннаһр аймағындағы Насаф (негізгі атауы – Нахшаб, кейіннен Қарши деп аталды) қаласында зиялы отбасында дүниеге келіп, 1115-жылы (хижра, 508) Бұхарада қайтыс болған. Толық аты – Әбу-л Муин Мәймун ибн Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Мутамид ән-Нәсафи. Ғылыми зерттеулерде оның атасы Әбу-л Мути Макхул ибн Фадл ән-Нәсафидің Ханафи мәзһабының алдыңғы қатарлы ғалымы болғандығы айтылады.

Әбул Муин ән-Нәсафидің ілімді қайдан және кімнен алғандығы жайлы мағлұматтар жоқ деуге болады. Алайда, оған туып-өскен ортасындағы ғылыми ортаның әсері болғандығы анық. Сол кездері Насаф қаласы Маураннаһр аймағындағы ғылым-білімнің бірден-бір орталығы еді. Алайда, бұл күндері қаланың орны қалмағанымен, біз бұл қаланы сол жерден шыққан ғұламалар арқылы білеміз.

Әбу-л Муин ән-Нәсафи Ислам құқығы мен Ислам дінінің сенімге қатысты мәселелерін қарастыратын ғылым салаларын жіті зерттеп, Маураннаһр өлкесіндегі кәлам мен Ислам құқығы саласында Матуриди мектебі ғалымдарының имамы болып саналған. Ол сол дәуірдегі Нәжмуддин Омар ән-Нәсафи, Алауиддин ас-Самарқанди, Ахмед әл-Паздауи, Исмаил ибн Ади ат-Талақани, Ахмед ибн Фарах ас-Суғди және Әбул Хасан әл-Балхи сынды бірнеше танымал ғұламаларға дәріс берген. Матуриди мәзһабының күшеюіне, Самарқанд ислам құқығы әдістемесінің дамуына Нәсафидің қосқан үлесі мол.

Шәкірттерінің бірі Алауиддин ас-Самарқандидің ол туралы жазғандары Нәсафидің сүннеттің таралуына Әбу Ханифа мәзһабының нығаюына үлес қосқандығын аңғартады.

Француз шығыстанушысы Луи Массиньон Нәсафидің атасы Каррамия (Каррамия ағымының негізін Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Каррам әл-Сижистани қалаған. Мұхаммед ибн Каррам Алла тағалаға заттық бейне бергендіктен, Мужассима ағымынан саналды. Сондай-ақ Исламның сенімдік және ғибадат негіздерін өз көзқарастарына сай жорамалдады) мектебінің өкілі Яхия ибн Муаз ар-Разиден дәріс алған. Сондықтан, ол Нәсафиді Каррамия мектебінің кәламшысы деген пікір білдірген. Алайда, бұл – үстірт айтылған қате көзқарас. Керісінше, Нәсафи Каррамия мектебін сынап, тіпті, оған қарсы еңбектер жазғандығы белгілі.

Матуриди мектебінің ғұламалары «Табсирату-л Әдилла фи Усулу-д Дин» (Дін негіздері дәлелдерінің түсініктемесі) еңбегін маңызды қайнар ретінде қарастыруы − оның сүннит кәламшысы екендігінің бірден-бір дәлелі.

Нәжмуддин Омардың қалыптасуына ұстазының ықпалы болғанын, оның «Ақайд» атты еңбегінен байқаймыз. Оның бұл еңбегі Әбу-л Муин ән-Нәсафидің «Табсирату-л Әдилланың» мазмұны іспетті.

Әбу-л Муин ән-Нәсафи тафсир, хадис, Ислам құқығы және кәлам салаларында құнды еңбектер жазып қалдырған. Оның «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегі Матуриди мәзһабындағы ең ауқымды әрі мәселелерді терең қамтиды. Кітаптың мазмұнында таным теориясы, әлемнің жаратылысы, Алланың бар екендігінің дәлелдері мен сипаттары қамтылған. Бұл еңбек 1977-жылы Мысырда – Мұхаммед әл-Әнуар Хамид Иса Абдуззахир, 1993-жылы Дамаскте – Клод Салам (Claude Salame) және Түркияда – Анкара университеті теология факультетінің докторы, профессор Хұсейн Атай тарапынан зерттеліп, кітап болып жарыққа шықты.

Белгілі дінтанушы Фатхулла Хулейф Әбу-л Муин ән-Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегін Матуридидің «Китабу-т Таухид» атты кітабынан кейінгі маңызды әдебиет екендігін айтады. Осы кітапты арнайы қарастырған Мұхаммед ибн Тауит ат-Танжи Стамбул кітапханасындағы алты нұсқаға арқа сүйеп, бұл еңбектен Матуриди мектебінің басты ерекшеліктерін байқауға болатындығын жазған болатын.

Атақты түрік саяхатшысы Челеби (ө.1067/1657) де Нәсафидің бұл еңбегінде қарсы пікір ұстанғандарға әһли сүннет сенімі шеңберінде ықшамды әрі нақты дәлелдермен жауап қатқандығын мақтанышпен айтады. Нәсафидің замандасы әрі Матуриди мектебінің өкілі, бұхаралық Нуреддин ас-Сабуни Әшғари кәламының өкілі Фахр ад-дин ар-Разимен болған пікірталаста: «Мен Нәсафидің «Табсиратул Әдилла» атты еңбегін оқыдым. Дәл осы тәрізді терең әрі жан-жақты зерттелген еңбекті көрмедім» дейді. 

Нәсафи еңбегінде тақырыптардың жүйелілігі мен түсіндірілуі жағынан Матуридиден ерекшеленген. Әр тақырыпты Матуриди сенімі аясында жоспарлы әрі жүйелі бастап, бірнеше жерде Матуридиге сілтеме жасап отырған, тіпті, кейбір жерлерде Матуридидің пікірлерін толық берген. Демек, біз бұл жерден Әбу-л Муин ән-Нәсафидің Матуриди сеніміне берік болғандығын көреміз.

Қазіргі таңда Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегінің бірнеше қолжазба нұсқалары түрлі кітапханаларда сақталған. Стамбул кітапханасының өзінде бірнеше нұсқасы бар. Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегінен басқа, «Баһру-л кәлам фи ақайди әһлил-ислам» (Мұсылмандар ақидасындағы сөздер теңізі) атты мұхтасар кәлам тақырыптарына арналған кітабы бар. Бұл еңбектің аты кейбір кітаптарда «Ақаид» және «Мубахасату Әһли-с Суннати уа-л Жамаа» (Әһли сүннет және жамағатының ізденістері) деп те аталады.

«Баһрул кәлам» атты еңбегі 59 бөлімнен тұрады. Кейбір деректерде оның 64 бөлім екендігі де айтылады. Еңбектің кіріспесінде таухид, сенім және дін терминдерінің анықтамасы беріліп, екінші бөлімінде Алла жайында таным (мағрифатуллах), сенім, ерік және т.б. осыларға қатысты мәселелер туралы мәзһабтардың түрлі көзқарастары қамтылған. Еңбектің бір нұсқасы Ташкент кітап қорларының бірінде сақтаулы. Онда Иман шарттары, мұғжиза, керемет және Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) миғражы, періште секілді тақырыптарға тоқталған. Сондай-ақ, «Жәбрия», «Харижия», «Жәһмия» және «Муржия» секілді ағымдардың пікірлеріне жауап берген. Соңғы бөлімде қабір азабы, есеп, таразы, қылкөпір, жұмақ пен тозақ сынды тақырыптар қарастырылған. Бұл еңбекке Хасан ибн Әли әл-Мақдиси мен Ахмед ибн Махмуд әл-Бұхари түсіндірме жазып, ол түсіндірмесі 1911-жылы Каир мен Түркияда басылып шыққан.

Келесі бір еңбек – Таухид негізін қамтыған «ат-Тамхид ли Қауаиди-т Таухид» (Таухид қағидаларына кіріспе) шығармасы. Бұл – ақыл арқылы және аят-хадис жолымен Матуриди мәзһабының негізгі сенім негіздерін дәлелдеген шығарма. Онда «Танымға ие болу жолдары қандай?», «Аллаға деген сенімге қалай ие болу керек?», «Пайғамбарлық не үшін қажет?», «Тағдырға деген сенімнің мағынасы не?» деген секілді сұрақтарға Матуриди сенімі аясында жауап берілген. Демек, бұл еңбекті тек кәламшыларға ғана емес, күллі оқырмандарға арналған деуге әбден болады. Қолжазба «Табсирату-л Әдилла» еңбегінің мазмұны іспетті. Кітап 33 тараудан тұрады. Қазіргі таңда «ат-Тамхид ли Қауаиди-т Таухид» атты еңбегінің бірнеше қолжазба нұсқалары түрлі кітапханаларда сақталған. Мәселен, Стамбул қаласының кітапханасында бірнеше нұсқасы бар. Бұл еңбекке Сыр бойынан (Сығанақ шаһарынан) шыққан жерлесіміз, ғұлама Хұсейн ибн Әли ас-Сығнақи «әт-Тастид фи шархи-т Тамхид» деген атпен түсіндірме жазған.

Әбу Бәкір әл-Бақиллани (403/1013) мен Әбу Мұхаммед әл-Ғазалидің (505/1111) Әшғари Кәлам мектебінде орны қандай болса, Әбу-л Муин ән-Нәсафидің де Матуриди мектебінде орны сондай болған.

Нәсафидің артына қалдырған ғылыми мұралары мазмұны жағынан да, құндылығы жағынан да, бүгінгі қазақ қоғамына қажетілігі жағынан да өте маңызды. Әр мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп-зерделеп, әбден пісіріп жазатын көнекөз ғалымдардың қатарына имам Нәсафиді де жатқызуға болады.

 

Әбу Мұхаммед Нуред-дин Ахмед ибн Махмуд ибн Әбу Бәкір ас-Сабуни әл-Бұхари (580/1184)

Матуриди мектебінің алдыңғы қатарлы өкілі, бұхаралық. Туылған жылы туралы толық мағлұмат жоқ. Табақат кітаптарында «имам, Нуред-дин, Нуред-дин әл-имам, шейх әл-имам» деген аттармен кездеседі. Фахруддин ар-Рази Бұхарада оған Нур ас-Сабуни делінгендігін айтады. Десе де, ғалымға неліктен Сабуни (сабын шығарушы немесе сабын сатушы) деген есімнің таңылғаны белгісіз. Сондай-ақ, Бұхарада туып, сонда қайтыс болғандықтан, ғалымның аты-жөнінде Бұхари атауының болуы да заңды.

Қажылық сапарынан басқа жерлерге барғандығы туралы деректер кездеспейді. Тек, Фахруддин ар-Рази өзінің «Муназарат» атты еңбегінде Сабунидің қажылық сапарында Хорасан мен Ирактағы мешіттердің бірінде насихат айтқандығын жазады. Сондай-ақ, Бұхара және Маураннаһрда танымал Әбу Ханифа мен Матуриди ғалымы екендігі, бақуатты отбасында дүниеге келгендігі де айтылады.

Кей дерек көздерінде Сабунидің қазақтың Кердері қаласы және тайпасынан (руынан) шыққан ғұламалардың бірі жерлесіміз Әбд әл-Ғафур (Әбд әл-Ғаффар) ибн Лұқман ибн Мұхаммед әл-Ханафи әл-Кердериден (ө.562/1167) фиқһ дәрісін алғандығы жайлы мәліметтер ұшырасады. Кердери халық арасында «Шамс әл-Айимма» («Имамдардың шамшырағы») деген лауазыммен танымал.  

Еңбектері: Сабуни алғашқы шығармасын Кәлам саласына арнап, «әл-Кифая фи-л һидая» атты еңбек жазды. Бірақ, бұл еңбегі көлемі жағынан өте ауқымды болғандықтан, кейіннен оны ықшамдап, «әл-Бидая фи усули-д дин» атты екінші кітабын жарыққа шығарды. Келесі еңбегі − «әл-Мунтақа мин исмати-л әнбия». Бұл кітап Сабуниге тән емес дегендер болса да, автор «әл-Кифая» атты еңбектің нубууат бөлімінде осы еңбек туралы жазады. Сондай-ақ, Әбу Хафс Нәжм ад-дин Омар Нәсафи (-537/1142) («Ақидату-н Насафи»), Алауид-дин Әбу Бәкір ас-Самарқанди (540/1145) («Шарху Тәуилату әһли-с Сунна»), Бурхан ад-дин ән-Нәсафи (687/1289), Әбул Бәракат Хафизуд-дин Нәсафи (-710/1310) («әл-Умда әл иътимад»), Молла Алийул Қари (1014/1605), «Шарху Фиқһил Акбар» сынды тәпсір, әдебиет және тарих саласын жетік меңгерген ғалымдардың да Матуриди мектебіне сіңірген еңбегі зор. 

 

Қалмахан ЕРЖАН, т.ғ.д. PhD, доцент

Оқылды 1693 рет
JoomShaper
Top