Мешіт күмбезіне немесе Арышқа көтерілетін сауап

Сәрсенбі, 10.02.2022
Мешіт күмбезіне немесе Арышқа көтерілетін сауап

Көне уақытта үлкен ислам ғұламасы Суфиян Сәуриге бір әйел келеді. Қолындағы зәйтүн майын мешітке бергісі келетінін айтады. Ол уақыттарда мешіт елдің әкелетін майларымен жарықтандырылатын еді.

Суфиян Сәури әлгі әйелден: – Сауап жолына арнап әкелген бұл зәйтүн майыңыздан пайда болатын жарық мешіттің күмбезіне дейін түскенін қалайсыз ба, әлде тым жоғары Арышқа дейін биіктегенін қалайсыз ба? – деп сұрайды.

Әйел: – Әрине, Арышқа дейін биіктегенін қалаймын, – деп жауап береді.

Сонда ғалым өз сөзінің мәнісін:

– Ел күнде май әкелетіндіктен, дәл қазір мешітке бұл аса қажет емес. Алайда мен ана бір көшенің бойында тұратын екі жетім баланы танимын. Қазір олардың үйінде жейтін ештеңе жоқ. Бұндай жағдайда әкелген майыңызды мешітке берсеңіз, жарығы күмбезге дейін түседі. Ал жаңағы жетімдерге апарып берсеңіз, оның жарығы Арышқа дейін биіктейді, – деп түсіндіреді. 

Қ.САБЫРЖАНҰЛЫ

Оқылды 1827 рет
JoomShaper