Өмірбаяны
Әбдірәсілқызы Айнұр, 04.07.2021 жылы туылған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.
Арнау сөзі
Армысыздар, қадірлі замандастар!
Сіздер мен біздерді замана талабы дүниеге әкелген "E-Islam" порталы тоғыстырып отыр. Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Араб тілін ислам дінін үйрену үшін рухани ізденісіме бастар жол ретінде таңдағанмын. Сырт көріністе зайырлы қоғамның заңды перзенті болғаныммен, «иман адамның жүрегінде» деген ұстанымға берік байланғанмын. Ғылыми зерттеулерімнің негізгі бағыттары – құрантану, Қазақстандағы ислам тарихы, діни қозғалыстардың тарихы мен қызметі, шығыс және түркі халықтары әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни поэзия. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы ретінде дін және дәстүр тақырыбы менің жаныма жақын. Қазақтың «иман таразысы» деген ұғымының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрады. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы. Мен сіздермен осы бағытта ой бөліскім келеді. Сонымен қатар әйел-ана ретінде замандас құрбыларымның сырын тыңдап, сұхбатын бөлісіп, сауалдарына жауап беруге әзірмін.