Бас прокурор: Ақтөбеде бірегей тәжірибе жинадық

Сенбі, 29.10.2021

Астана. 29 қазан. E-ISLAM – Ақтөбе облыстық әкімдігінде жұма күні өткен жиында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша жасалған бір айлық жұмысты қорытындылаған Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов «аймақта радикалды көзқарасты ұстанатын екі мыңнан астам адам бар» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Жұмыс тобының бір бағыты діни салаға арналды. Ақтөбеде 150-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам адам қатысқан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 61 имамды аттестациядан өткізген кезде олардың әрбір алтыншысы сынақта сүрінген. Кейін 20 имамның біліктілігі арттырылып, 6 мешітке имам тағайындалды. Енді әрбір діни қауым мүшесі қайырымдылыққа берілген ақшаның қайда жұмсалатынын біліп отырады. Бұл – елімізде алғаш енгізілген тәжірибе болды.

«Жұмыс тобының сапары барысында біз радикалдың типтік, әлеуметтік, психологиялық портретін жасадық. Бұл бейненің артында кәнігі бандит немесе маргинал тұрғанын анық білеміз. Олардың көбі ислам дінінің не екенін де білмейді, Құран оқымаған немесе мүлде оқығысы келмейді. Жұмыс істеуге құлықсыз, отбасылық құндылықтар туралы бейхабар, мемлекеттік институттарды жоққа шығарады, биліктің көмегінен бас тартады. Жұмыс тобы барлығы 700-ден астам жеке кездесу өткізіп, олардың кейбірі дәстүрлі дінге бет бұрды»,  дейді ҚР Бас прокуроры.

Айта кейік, Ақтөбеде теракт кезіндегі іс-қимыл жолдары үйретілді. Барлығы 23 мың тұрғынды қамтыған 199 іс-шара ұйымдастырылды. Оқушылар мен мектеп мұғалімдері де қамтылып, қауіпсіздікті сақтау үшін 30 сабақ өткізілді.

«Біздің жұмысымызға баға беру әлі ерте. Бірақ, біз жекелеген бағыттарда жаңа бағдарды айқындадық. Біріншіден, Ақтөбеде бірегей тәжірибе жинадық. Әр жұмысымызға талдау жасап, азаматтардың проблемаларын нақты шешудің моделін жасаймыз. Екіншіден, қолданыстағы заңдар мен заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерде көптеген кемшілік бар. Сондықтан, экстремизм, терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаға түзету енгізу ұсынысын жасаймыз»,  дейді Ж.Асанов.

Оның айтуынша, бұл жұмыс Ақтөбенің мемлекеттік басқару тарихында орталық мемлекеттік органдар, қаржылық даму институттары, жергілікті билік, мемлекеттік емес ұйымдар жұмысының жаңа форматын қолданған ең алғашқы және оң нәтиже берген пилоттық жоба ретінде мәңгілікке қалады.

Оқылды 663 рет
JoomShaper
Top