Қазақстан және Ислам конференциясы ұйымы

Бейсенбі, 22.08.2021
Қазақстан және Ислам конференциясы ұйымы

 

 

 

Біздің мемлекетіміздің сыртқы сая­сатындағы келесі елеулі оқиға еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық етуімен қатар осы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына да (ИКҰ) төрағалық етуімен ерекшеле­неді.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалайық» деген тақырыптағы  кезекті Жолдауы көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстан Президентінің Жолдауында қоғам дамуының негізгі бағыттары қорытындыланып, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда  негізгі құндылықтар – еркіндік, бірлік, тұрақтылық және өркендеу қалыптасты деп ерекше атап өтілді.

Нағима БАЙТЕНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор.

Қазақстан және Ислам конференциясы ұйымыБағдат  БЕЙСЕНОВ, философия ғылымының кандидаты, доцент.

Қазақстан Президентінің қазіргі Жолдауының негізгі ерекшелігі оның әлеуметтік бағыттылығы: біздің қоғамы­мыздың болашақ дамуы жеделдетілген экономикалық жаң­ғыртудың жалғасы бо­лып табылатын – Үдемелі инновациялық ин­дустрияландыру бағдарламасы­н іске асырумен бірге әлеуметтік модернизация, яғни білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларымен қатар жұмыспен қамтудың жаңа стра­те­гиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық­ты жаңғырту, халықты сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабыл­дау­ тапсырылды.

Тәуелсіздік алғанына биыл жиырма  жыл толатын Қазақстан осы қысқа мерзім ішінде ішкі және сыртқы саясатында әлемнің дамыған елдері қызығарлық көптеген табыстарға қол жеткізді.  Қазақстан Президентінің Жолдауында ерекше атап өткендей, «сыртқы саясатта біз бүкіл әлемдегі инвесторларға, бизнес-қауымдастықтарға міндет­те­ме­ле­ріміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігімізді мәлімдеймін. Біздің саясатымыз барлық әріп­тес­теріміздің үміттері мен күткендеріне сәй­кесетін болады».

2010 жылы Қазақстан ТМД мем­лекеттері, мұсылман дүниесі, түркі тіл­дес мемлекеттері және Азия құрлығы ара­сынан бірінші болып Еуропадағы Қа­уіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның төрағалығына сайланып, мәртебелі әрі жауапты төрағалық қызметті абыроймен атқарды. Әлемнің белгілі саясаткерлері мен қоғам, мемлекет қайраткерлері қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға  төрағалық қызметі міндетін ойдағыдай атқарды деп оң баға берді. Президент өзінің Жолдауында тағы да «Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шең­берінде бастаған жанжалдарды реттеу жөніндегі жұмысын жалғастырады» деп ерекше басып айтты.

Қазақстан және Ислам конференциясы ұйымыЕлбасымыз Н.Ә. Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірі­суіне орай үндеуінде ұйымға мүше елдер басшылығының жоғары деңгейдегі кез­десуді шақыру туралы бастама көтер­ген еді. 2010 жылы тамыздың 3-інде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сырт­қы істер министрлерінің кеңесі 57 елдің басшылығы бас қосатын аса ірі халық­аралық ұйымның саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Қазақстан ЕҚЫҰ аясында төрағалық әрі Саммит шақырушы ел мәртебесіне қатар қол жеткізген тұңғыш мемлекет ретінде әлемдік саясат тарихында көрініп отыр. Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі Қазақ елінің мәртебесін биіктетіп, Қазақстан халқының патриоттық сезімін арттырады. Қазақстан өңірлік және әлемдік деңгейлердегі интеграция мен ынтымақтастықтың ұйытқысы әрі дамытушысы (ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ) болып табылады. Президент Жолдауында атап өтілгендей «мұның барлығы Қазақстанның өңір­лік және жаһандық тұрақ­ты­лық­ты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады».

Біздің мемлекетіміздің сыртқы сая­сатындағы келесі елеулі оқиға еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық етуімен қатар осы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына да (ИКҰ) төрағалық етуімен ерекшеле­неді. Қазіргі кезде кең ауқымдылығы және маңыздылығы  жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан  кейінгі екінші орын­ды иемденетін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы құрылған болатын. Алғашқы кезде бұл ұйым Бүкіләлемдік ислам конференциясы (1926 ж.) деген атпен құрылып, кейін Ислам конфе­ренциясы форумы және Әлемдік ислам конференциясы деген атауларды да ие­ленген.

Ислам Конференциясы Ұйымы бүгінде 1,5 миллиард тұрғылықты хал­қы бар 57 мемлекетті қамтиды және де жер бетіндегі барлық құрлықтарды, ең алдымен Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтиды. Бүгін әлемде жер бетіндегі барлық халықтардың бестен бір бөлегі исламды ұстанады және де ерекше атап өту қажет басқа дін өкілдеріне қарағанда исламда жыл сайынғы адам өсімі жоғары: мұсылмандар арасындағы жыл сайынғы адам өсімі 25 млн.адамды құрайды. Бұл дегеніміз мұсылман халықтарының жыл сайын  2,1% өсіп отырғандығын білдіреді, яғни жер бетіндегі жалпы халық өсімінің  0,4 пайызын құрайды деген сөз.

1969 жылдан бері қарай Ислам Кон­ференциясы Ұйымы өзіне мүше елдердің саяси проб­ле­маларымен қатар олар­дың әлеу­мет­тік-экономикалық, ғылыми-тех­­ни­калық және мәдени салала­рына қа­­тыс­ты түйінді мәселелерді шешумен үнемі айналысып келеді. Ислам Конфе­ренциясы Ұйымы діни емес, халық­аралық саяси ұйым ретінде әртүрлі халық­аралық және мемлекетаралық саяси-әлеуметтік, рухани және мәдени мәсе­ле­лерді ше­шуге бағытталған. Ұйымның ұстанған не­гізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өз­ара қа­рым-қатынастарын тереңдете тү­сіп, олардың ортақ табиғи және адами бай­лықтарының сол елдердің өз мүдде­леріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына оң ықпал жасау және олардың әл-ауқат­та­рының артуын қамта­масыз ету.

Ұйымның бас хатшылығы Сауд Арабиясының Жидда қаласында орна­ласқан. Ұйымның жарғысы бойынша Бас хатшыны бес жыл­дық мерзімге Ұйымға мүше елдер­дің бірінен Сыртқы істер министр­ле­рінің кеңесі сайлайды. Қазіргі Бас хатшы Экмеледдин Ихсаноглу мырза бұл лауазымға 2005 жылдың бірін­ші қаңтарында бекітілген болатын. 2008 жылы өткен Ұйым­ның он бірінші саммиті Э. Их­са­но­глу­дың бұл мандатын тағы бір ке­зеңге ұзартты. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Президент Н.Ә.Назар­баевпен кездесіп, біздің елде “Ор­талық Азиядағы ислам өркениеті” деген тақырыптың аясында өткен халықаралық конференцияға қа­тыс­ты. Э. Ихсаноглу Қа­зақстан мен Ислам Конферен­ция­сы Ұйымының арасындағы қарым-қатынастың кеңейе түсуіне үнемі ат­салысып келеді. Ол Қазақ­стан­ның 2011 жылы аталмыш Ұйымға төрағалық етуіне байланысты көте­рілген ұсынысты да бірден қол­дады.

Зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде Қа­зақ­стан бүгін ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табы­лады. Халқының саны жағынан әлемде 62-орында тұрған Қа­зақстан мұсылман әлемінде 23-орынды иеленсе, жер көлемі жағы­нан олардың арасында бірінші орын­да.

Қазақ тарихының мұ­сылман әлемімен ғасырлар бойы са­бақтас және халқы­мыздың руха­ни мә­дениетінің ислам өркениеті­мен ежел­ден тамырлас екені ешбір дау туғыз­байтын шындық. 1995 жыл­дан бері ИКҰ-ға мүше мем­лекет ретінде Қа­зақ­стан әруақытта да бұл Ұйым­ның ат­қарып келе жатқан іс-шара­ларына белсене араласып, оның әлем қауым­дастығы алдын­да­ғы беделінің өсуі мен ислам әлемі­нің абы­ройлы форумы ретінде бұ­дан бы­лай да нығая беруі­не атса­лысып ке­леді. Олай болғанда, 2011 жылы осы бе­делді ұйымға бас­шылықтың Қазақ­станға өтуінің жер жүзіндегі мұсыл­ман қауымдастығы тарапы­нан біздің елге деген үлкен сенімі мен қолдауы деп қабылдаған жөн.

2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететін Қазақ елі Ислам әлемінің халықаралық қа­уымдастық елдері және дүниежүзілік ұйымдарымен серіктестік пен ынты­мақтастықты тереңдетіп, ұйымға мүше  елдердің сауда-экономикалық жә­не әлеу­меттік-гуманитарлық салада өзара іс-қимыл деңгейін жақсартуға қол жеткізу, ИКҰ мүше елдерінің мәдени гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы аясында ИКҰ халықтары мәдениетінің жетістіктері және спорт ойындары жарыстарын, сондай-ақ дін және мәдениет қайраткерлерінің форумын ұйымдастыру, білім алуға еркін қолжетімділік, біріккен ғылыми жобаларды жасау, экономика­лық салада мүше елдермен кадрлар алмасу, барлығы үшін тауарлардың, қызмет көрсетудің, қаржы, банк және сақтан­дыру, валюталық реттеу нормаларын үйлес­тіру, әлемдік экономикалық дағда­рысқа қарсы іс-шараларды атқару, ел­аралық тауар айналымдарын бірізденді­ру мен ұлғайту, кедейшілікпен күрес, энергетикалық ресурстары мен шикізат көздерін тиімді пайдалану, бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар және инновациялық жобаларды жасау, жоғары технологиялар мен ғылым жетістіктерін ортақтасып пайдалануға мүмкіндік жасау, саяси салада – жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту мен дамыту, ИКҰ мүше елдердің ЕҚЫҰ, Еуропалық қауымдастық, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы, Африкалық бірлестік ұйымы сынды басқа да беделді аймақтық халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу ісін тереңдетуді көздейді.

Ұйым жауапкершілігіндегі аймақта туындауы мүмкін жаңа қауіп- қатерлердің алдын алатын шараларды іздестіру шиеленісті жағдайларда үнқатысу мен бітімге келу жолдарын іздестіру, дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу жолын­да мүше елдердің күш-қайратын тиімді жұмсау, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды реттеудің оңтайлы әдістері мен салиқалы шешімдерін табу.

Ауғанстан, Қырғызстан және аймақ­тағы басқа да әлжуаз елдерге гума­нитарлық көмек көрсету және олармен сауда, экономикалық, гумани­тарлық ынытмақтастықты дамыту жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру бұдан былайғы кезде де біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болатындығын Президентіміз өзінің Жолдауында тағы да басып айтты.

ИКҰ төрағалығы еліміздің Шығыс пен Батыс арасындағы сұқбаттастықты дамытуда алатын орны мен рөлінің маңыздылығын көрсетеді. Қазақстан ға­сырлар бойы Шығыс пен Батысты бай­ланыстырып отырған. Біз бұл дәстүр­ді жай ғана сақтап қалған жоқпыз, оны жаңа бір деңгейге көтере алдық. Оның жарқын бір айғағы болып мемлекетімізде біздің Президентіміздің тікелей басқа­руымен жасалып жатқан іс-шаралар. Қазақстанның бір мезгілде өте беделді екі халықаралық ұйымда, белгілі бір мағынада Шығыс пен Батысты білдіретін ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалық етуі шын мәнінде өркениеттер сұқбатын, әлемдік діндер сұқбатын дамытудағы тарихи миссиясын орындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде бұл орындалатын және өте жауапты іс-шара болып табылады, себе­бі, аталған екі халықаралық ұйымның алдында бір мақсат – қауіпсіздік және ынтымақтастық, әлеуметтік экологиялық мәселелерді шешу, жеке адам құқығын қорғау және әртүрлі ксенофобия мен исламофобия көріністерімен күресу, мұ­сылман халықтарының мұсылман емес елдерде бейімделу мәселелерін шешу.

Астанада алғаш рет 11 жыл үзілістен кейін жоғарғы деңгейде өткен ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы негізінде «Қа­уіпсіздік қауымдастығына бетбұрыс» Астаналық декларация қабылданған бо­латын. Аталған Декларация тағы да өзінің ЕҚЫҰ мен БҰҰның Жарғысының негізінде жатқан Хельсинки қорытынды актісінің нормалары мен принциптерін толық ұстанатынын тағы да дәлелдеді.  Мүше мемлекеттердің қарым-қатынасын реттестіруде Астаналық декла­рация кезінде Хельсинки қортынды актісін­де қарастырылған 10 қағидатқа  негіз­деледі: тәуелсіздікке негізделген теңдік, суверенитетке тән құқықтарды сыйлау, күш көрсетпеу, шекараның бұзылмас­тығы, мемлекеттердің территориялық тұ­тастығы,  дау-жанжал мәселелерін бей­біт жолмен шешу, ішкі іске араласпау, адам құқығын және еркіндігін, ой және ар-ождан еркіндігімен қоса діни сенім мен еркіндігін мойындау, халықтар теңдігі және өз тағдырын айқындаудағы құқылығы, мемлекет арасындағы бай­ланыс, халықаралық құқық бойынша алынған міндеттемелерді ұқыпты орындау.

Сонымен қатар, ерекше назар аударатын мәселе, Астаналық саммит ЕҚЫҰ дамуының жаңа векторын: еуразиялық бағытын негіздеді. ЕҚЫҰ саммиті өткенен кейінгі баспасөз  мәс­лихатында берілген Қазақстан Пре­зи­дентінің мәлімдемесі бойынша, еу­ро­­палық және азиялық қауіпсіздік мә­селе­лерін бір-біріне байланыссыз шешу бүгінгі күнде мүмкін емес. Елбасының пікірінше, бұл форум тарихқа енеді, себебі осы  Астаналық саммитте Еуропа мен Азияны бөліп, онсыз да құлайын деп тұрған бекіністі алып тастаудың тарихи үрдісі іске асты. Президенттің пікірі бойынша 1990 жылы жаңа Еуропа үшін қабылданған Париж хартиясына байланысты күрделі және қарама-қайшы кезеңге шек қойылды. Астаналық саммит Хельсинки мен Парижден кейінгі үшін­ші жаңа бір кезеңнің басталуына негіз болды. Президенттің айтуы бойынша Хельсинки рухы жаңа тарихи жағдайда Астана рухымен байытылды. Елбасы пікірі бойынша қайтадан жаңғырған өз­ара түсіністік және келісім рухы қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне төтеп беруге, біздің халықтарымыз үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Астаналық саммиттің келесі бір ерекшелігі ЕҚЫҰ қызметінің жаңа бағыты еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселелерін шешу арқылы Еуропа мен Азияның ара­сындағы интеграциялық процестердің нығаюына  негіз болады. Әрине, ешбір күмәнсіз, ЕҚЫҰ-да Қазақстанның төр­ағалық етуінің нәтижесі ұйымның дамуына негіз болған жаңа еуразиялық бағытты енгізе алуында, сол арқылы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа кеңістігі жасалды. Осы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа кеңістігінде екі ең беделді халықаралық ұйымдарда Қазақстанның тікелей қатысуымен ЕҚЫҰ мен ИКҰ бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік жасалып отыр.

Қазақстан төрағалық қызметінің мақсаты – әлемдік және өңірлік деңгейде ИКҰ беделі мен әлеуетін арттыру, халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтау мен дамытуда Ұйымның әлеуетті тетігін жақсарту мен нығайтуға жұмылдыру. Ұйым қызметін жаңа жағдайға сай жаңғырту дегеніміз – адам өмірін ардақтау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, діни төзімділік пен адамзатқа ортақ құндылықтарды ұлықтау, экономикалық дағдарыстарды болдырмаудың жолдарын шешу, бейбітшілік пен тұрақтылық, қауіпсіздікке қол жеткізу.

Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық қызметінің басымдықтары мен көкжиек­теріне бүгін әлем жұртшылығы үшін маңызды мәселелер кіріп отыр. Атап айтсақ, лаңкестік, сепаратизм, ксенофо­бия, исламофобия, есірткі саудасы, адам мен қару саудасы дүниежүзілік қауымдастық үшін ауқымды мәселелер болып отыр. 

ИКҰ-на қазақ елінің төрағалығы осы өңірдегі демократиялық жаңғыруларға, гуманитарлық және экономикалық ынты­мақ­тастыққа, өзара түсіністік пен әрекеттес­тікке жаңаша тың серпін беруі керек. Қа­зақстанның жаһандық және өңірлік ынты­мақтастық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету­дегі үлесі халықаралық қауымдастық тара­пынан мойындалуы Елбасымыздың сали­қалы да көреген көшбасшылығының жемісі.

 

 

 

Оқылды 2509 рет
JoomShaper
Top