Құрбан айт – Алла жолына ғибадат, адамдарға қайырымдылық

Дүйсенбі, 12.09.2021

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі.

Бір сөзбен айтқанда, құрбан шалу секілді ізгі амалы арқылы мұсылман адам Раббысына жақындай түседі. Жалпы, дін мамандарының айтуына сүйенсек, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай ұлық мерекенің Қазақстан үшін орны да ерекше.

Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесінің бірі саналады. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң, Зуль-хиджа айының 10-шы күні басталып 4 күнге созылатын мейрам.

Жалпы, ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге жер жаһандағы адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн.

Қасиетті Құран Кәрім және ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты. Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Жаратушыға қарай жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Аллаһ Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», – деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты әрі сауапты іс екенін шегелеп айтқан.

Құрбан Айттың негізгі салты құрбан шалу және Айт намазы. Мейрамның бұл салты барлық мұсылман халықтарында бірдей жасалады.

Бұдан бөлек Ид аль-адха мұсылмандардың Меккеге қажылық жасауымен тікелей байланысты. Мейрамға бір күн қалған кезде Сауд Арабиясында Меккеде қажылық парызын өтеушілер Алладан рақымшылық тілеу үшін Арафат тауының маңайына жиналды. Жұрт күн батқанша Құдайға құлшылық етіп, одан кейін Мұздалифаға келіп Аллаға жалбарынып дұғада болады. Құрбан айттың бірінші күнінде олар айт намазының орнына Қағбаға тауаф жасайды (жеті рет айналып) және шайтанға тас атады.

Бұл күннің ерекшелігі шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат – құрбандық шалынады. Яғни, Айт күндері құрбан шалу – ғибадат іс. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаға арнап сою. Сондықтан да, құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн.

Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады.

Құрбан Айт мейрамы қалай пайда болды?

Бұл мейрамның пайда болуы, библия салтында Авраам деген атпен белгілі, Ибрахим Пайғамбардың өмірі мен әрекетіме байланысты. Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Ибрахим бір ғана құдайға сенуші, яғни ханиф болған. Ол өзінің халқына тілдік сенімдердің тұрақты емес тігін түсіндіруге тырысқан, яғни күн, жұлдыздар, ай да күнде өзгереді, сондықтан да оларға құдай ретінде сыйынбау керек деп түсіндірген.

Құран бойынша, Құрбан Айт өзінің бастауын Алланың Ибрахимге жіберген сынағынан кейін пайда болған. Пайғамбар 86 жасына дейін бала сүймеген көрінеді, тек 86 жасқа келгенде ғана бірінші ұлі Исмаил дүниеге келеді. Бір күні Ибрахим түсінде Алланы көреді, ол оған жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды өтінеді.

Алланың өтінішіне қарсы келе алмаған Пайғамбар қазіргі Мекке қаласы тұрған жерге, яғни Мина өзенінің жағасына келеді. Осында барлық дайындықтарды жасайды. Әкесі сияқты Аллаға берілген Исмаил әкесіне қарсы келмейді. Пайғамбар енді салтты жасай бергенде Алла оны тоқтатып, сен менің сынағымнан өттің, маған шын берілгендігіңді дәлелдедің дейді. Сөйтіп құрбандыққа шалуға қой береді. Содан бастап Құрбан Айтта құрбандыққа қой шалу дәстүрі басталыпты.

Сөйтіп құрбандыққа шалуға қошқар береді. Содан бастап Құрбан Айтта құрбандыққа қой шалу дәстүрі басталған.

Мұсылмандар ең ұлық мейрам Құрбан Айтты (Ид аль-адха) хиджраның екінші жылы (мұсылмандардың жыл санауы) яғни, 624 жылдан бастап атап өтетін болған.

Ислам заңдылықтарына сәйкес құрбандыққа қой немесе ешкі (бір жастан үлкен), сиыр (екі жастан үлкен) және бес жасар түйеден үлкен малдар шалынады. Құрбандыққа соқыр, ақсақ, ауру-сырқау, мүйізі қырқылған, құйрығы мен құлағы кесілген малдарды шалуға болмайды.

Құрбан шалмастан бұрын мұсылман пышағын өткірлеп, қайрауы керек (оны құрбандыққа шалынатын малдың көзінше қайрауға болмайды), сонымен қатар құрбан шалынатын малды өз отарынан басқа жерде бауыздау керек.

Салтты жасамас бұрын мұсылман өзінің не үшін құрбан шалып жатқандығы туралы сөзін айтады. Содан кейін такбир жасалады. Бауыздамас бұрын міндетті түрде «Бисмилляхи, Аллаху акбар» деген сөз айтылады.

Құрбан шалу кезінде қойдың аяқтарын байлайды. Оның басы Меккеге қаратылады. Содан кейін малдың мойнындағы күре тамырын кесіп, қанын шығарып, бауыздайды.

Құрбандықты бауыздағаннан кейін етін үлкен бөліп, бір бөлігін иесі өзі алады, бір бөлігін жағдайы нашар адамдарға таратады, үшінші бөлігін садаққа ретінде таратып жібереді.

Әрине, шариғат құрбандық шалатын жанның денсаулығы мен жағдайына қарайды. Міскіндерге, жолаушылар мен сотталғандарға құрбандық шалу міндет емес. Бұл күндері мал соя алмайтын мұсылмандар өздерінің ізгі ниеттері арқылы сауапқа ие болады. Шын ниетімен Аллаға қолын жайған адамға Раббымыз құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді екен. Жағдайсыз жандар бұл күндері ақ жүрегімен ниет етіп, жуынып-шайынып тазаланса, оларға мол сауап болмақ.

Тағы бір есте болатыны – құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемеу керек.

Құрбан Айт – қайырымдылық мерекесі

Тәуелсіздігімізбен бірге елімізге оралған ұлық мерекенің тарихына да тоқталып өтсек. Әлбетте, қазақ даласында ислам діні кіргеннен бастап Ораза айт пен Құрбан айт бірге жарасып келгені белгілі. Алайда түрлі кезеңдегі солақай саясаттың салдарынан, әсіресе Кеңес одағының құрамында болғандықтан асыл дінімізге бұрау салынып, оның аясындағы мереке атаулы да халықтан аластатылғаны белгілі.

Тарихшылардың зерттеген деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың басында, нақтылап айтқанда 1926 жылға дейін халық арасында Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Елдік мерекесінің осындай ретпен тойлануына негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі болған екен. Бұл шешімнің қабылданатын отырысына мемлекет қайраткері Cейітқали Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы пен Әлихан Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен. Кейіннен, Кеңес одағының күшімен 1926 жылдан бастап мұсылмандар мерекесіне тыйым салынған болатын.

Тәуелсіздіктің арқасында біз осы ұлық мерекемен де қауыштық. Қауышып қана қоймай, Құрбан айттың қоғамдағы орнына ерекше мән берілді, оның ресми мәртебесі жаңғырып, тарихи әділеттілік қайта орнықты. Халықтың талап-тілегі ескеріле келе, Елбасы Н. Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды.

Құрбан айт күні көмекке мұқтаж жандардың көңілдеріне қуаныш ұялату айт мейрамының басты құндылығын арттыра түсері анық.

Қазіргі кезде де бұл салттар өз жалғасы табуда.

Бүгінгі күні Құрбан айт Қазақстандағы мұсылман қауымымен бірге елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этностар бірлесіп тойланатын бүкілхалықтық мерекеге айналды. Бұл мереке осылайша тұрғындарымыздың жүрегіне мейірімділік пен қайырымдылық ұялтады және еліміздің бірлігін күшейтіп, бауырластықты арттыра түседі.

Құрбан айт басқа да халықтық діни мерекелер секілді еліміздегі барша мұсылман қауымының рухани өміріндегі, моральдық-адамгершілік қағидаларын нығайтуда, сондай-ақ қоғамның ауызбіршілігін бекітудегі маңызды оқиғаға айналды.

Құрбан айт осындай қастерлі айт мерекесінде шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!

Құрбан айт мейрамы жақсылық әкеліп, әрбір шаңырақ шаттық, бақыт пен берекеге толы болсын, Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын – деп тілейміз!

Балғабек Мырзаев,

теология ғылымдарының докторы

Оқылды 206 рет
JoomShaper
Top