Бәйдібек ата кесенесі

Дүйсенбі, 05.05.2022
Бәйдібек ата кесенесі

Бәйдібек кесенесі, Қасиетті бес ана - тарихи ескерткіштер кешенінің құрамдас бөлігі.

Бәйдібек  кесенесі,  Қасиетті  бес  ана  -  тарихи  ескерткіштер  кешенінің  құрамдас  бөлігі.  Оңтүстік  Қазақстан  облысы  Бәйдібек  ауданы  Бәйдібек  ата  ауылының  аймағында  орналасқан.

Бәйдібек  Қарашаұлының  Қарахан  дәуірі  үлгісіндегі  Балабөген  өзеннің  биік  жағасында  ежелден  сақталған  көне  мазар  күмбезі  болған.  Ескі  мазар  күмбез  замана  толқынымен  қаншама  рет  бұзылып,  қайта  тұрғызылып  келді.

«Бәйдібек-Сыланды»  қайырымдық  қорының  (президенті  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  жазушы  Е.Тұрысов)  ұйымдастыруымен  1996-1998  жылдар  аралығында  Бәйдібек  ата  мен  қасиетті  бес  ана  -  Марау  (Сары  бәйбіше),  Зеріп,  Жұпар,  Қарашаш,  Сыландының  мазар  кесенелерінің  орнына  шығыс  сәулет  өнерінің  үлгісінде  орнатылған.  Бас  сәулетшісі  -  Ғабит  Сұлтанғалиұлы  Садырбаев.

Бәйдібек  кесенесі  құрылысына  Орта  Азия  мен  Оңтүстік  Қазақстанда  өндірілетін  таңдаулы  құрылыс  материалдары  -  Ташкент  зауыттарының  арнаулы  сары  кірпіші,  Нұратаның  ақшыл  мәрмәрі,  Тараз  бен  Қаратаудың  қызыл  граниттері,  Қошқарата  қатпарлы  тау  жыныстарының  тақтатастары  пайдаланылған.  Бәйдібек  ата  кесенесін  салуға  Самарқанд,  Ташкент,  Сайрам,  Шымкент  шеберлері  қатысқан.

Бәйдібек  кесенесінің  күмбезбен  көмкерілген  ғибадат  бөлмесіне  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев  ұлы  баба  рухына  арнап,  салмағы  6  тонна  бесік  мүсінді  ақ  мәрмәр  құлпытас  қойған.

Бәйдібек  баба  1356-1419  жылдары  Шығыс  Қаратау  өлкесінде  өмір  сүріп,  осы  ауданның  қазіргі  Бәйдібек  ата  елді  мекені  жерінде  дүниеден  өткен.  Сүйегі  Балабөген  өзенінің  жағасында  жерленген.  Бәйдібек  Қарашаұлының  өмірі,  заманы,  өскен  ортасы  жайлы  тарихи  деректемелер  негізгі  Қазақ  елінің  шежіресі,  ел  ішінде  сақталған  аңыз-әңгіме  және  әйгілі  Шығыс  зерттеушісі  ғалым-этнограф  Николай  Аристов,  Шоқан  Уәлиханов  жазбалары  арқылы  баяндалады.  Өз  заманында  көшпелі  елдің  басын  біріктіріп,  елді,  жерді  сыртқы  жау  шапқыншылығынан  қорғауды  ұйымдастырушы  және  бастаушы,  ақылшы,  қолбасшы  ретінде  көрінетін  аса  ірі  тарихи  тұлға  болған.

Бәйдібек  бүгіндері  қиыр  шеті  Алтай,  Шәуешек,  көршілес  Қытай  халық  республикасының  Шыңжаң  өлкесімен  бірге  республикамыздың  Алматы,  Жамбыл  облыстары,  Оңтүстік  Қазақстан  облысының  Түлкібас,  Төлеби,  Сайрам,  Бәйдібек,  Ордабасы  аудандарын  мекендеген  ежелгі  Албан,  Суан,  Дулат,  Сарыүйсін,  Шапырашты,  Ысты,  Ошақты  ру  тайпаларының  түпкі  аталары.

Дерек  көзі:Қазақстан  ұлттық  энциклопедиясы,  2  том

 

 

 

 

Оқылды 1846 рет
JoomShaper
Top