Зекет - мұсылман қауымға парыз

Сәрсенбі, 21.08.2021
Зекет - мұсылман қауымға парыз Зекеттің мұсылман қауымға парыз болуы Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылына сәйкес келеді. Құранда зекет парыз ғибадаты ретінде отыз жерде айтылса, оның жиырма жетісінде намазбен қатар айтылады.

Зекеттің мұсылман қауымға парыз болуы Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылына сәйкес келеді. Құранда зекет парыз ғибадаты ретінде отыз жерде айтылса, оның жиырма жетісінде намазбен қатар айтылады. Мұның өзі бір жағынан зекеттің намазбен тығыз қатынасын білдірсе, екінші жағынан оның намаздан кейінгі үлкен парыз екендігін көрсетеді. 

Атап айтсақ, «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «олар намаз оқиды, зекет береді» сияқты мағынадағы ұқсас аяттар «Ахзаб» (33/33), «Бақара» (2/3, 43, 83, 110, 177, 277), «Ниса» (4/77), «Хаж» (22/78), «Нұр» (24/57), «Мужадала» (58/13), «Музаммил» (73/20), «Тәубе» (9/5, 11, 18, 71), «Бәиинә» (97/5), «Маида» (5/12, 55), «Әнфал» (8/3), «Нәмл» (27/3), «Лоқман» (31/4), «Рағд» (13/22), «Фатр» (35/29) сүрелерінде кездеседі. Ал, «Олардың дүние-мүліктерінен зекет ал, сөйтіп оларды тазартып, кірден арылт...» («Тәубе», 9/103) деген аят арқылы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) зекетті жинау жұмысын ұйымдастыруға байланысты нақты әмір беріліп, «Тәубе» сүресінің 60-шы аятында жиналған зекеттің кімдерге үлестірілуі қажеттігі туралы толықтай нұсқаулар айтылады.

 Осы тұстан бастап, Алланың Елшісі өзінен дінді үйренуге келгендерге намазбен бірге зекетті де әмір етіп отырған. Яғни, зекет Исламның басты парыздарының қатарына кіріп, оны жоққа шығарған адам күпірлікке аяқ басады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) соншалықты ұқыптылықпен мән берген зекет ғибадатына одан кейінгі халифалары да көп көңіл бөлген. Соның арқасында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Бір күн келеді, қолында  алтыны бар кісі садақа алатын адам іздейді, бірақ ондайды таба алмайды...» деген сөзі шындыққа айналып, Омар бин Абдулазиздің халифалығы кезінде, адамзат баласы әлі күнге дейін құруға тырысып келе жатқан – бақытты қоғам орнағаны тарихтан белгілі. 

Ол кезде халифаның Құран мен сүннетке және төрт ұлы халифаның жолына негізделе жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасында, кедейлердің жағдайы жақсарып, зекет беретін адам табылмайтындай жағдайға жеткен. Бұл саясаттың түп төркінінде зекет институты тұр еді. Яхъя бин Саидтің риуаятында мынадай оқиға баяндалады: «Бір жолы Омар бин Абдулазиз мені зекет пен садақаларды жинап, тиісті кісілерге тарату үшін Африкаға жіберді. Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін кедей адам іздеп едік, таппадық. Сұраушылар да болмады. Өйткені олардың бәрінің жағдайы түзелген еді. Ақырында ол ақшаға құлдар сатып алып, азат еттік» (Ибн Абдилхакам, Әбу Мухаммад, Сирату Омар бин Абдулазиз ала ма Рауаһу Имам Малик бин Әнәм уа асһабуһу; Дамаск, 1954). Иә, Омар бин Абдулазиздің кезінде зекетке мұқтаж кедейлер қалмағаны былай тұрсын, бұрынғы кедейлердің өздері зекет беретін жағдайға жеткен.

  Қазіргі кезде шешімін таппай жатқан көптеген әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің түйіні, шынайы мұсылман қоғамында зекет институты арқылы өздігінен шешіліп отырғаны бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай. Өйткені, Жаратқанның (түбінде адамның өз пайдасы үшін) адамға жүктеген үлкен ғибадаты – зекеттің жеке тұлғаларға беретін сансыз сауабы, осы дүниедегі береке мен рухани ләззатынан,  ақыретте күтетін шексіз нығметтерден бөлек, тұтастай қоғамға берер пайдалары да өте көп.

http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=4845
Оқылды 756 рет
JoomShaper
Top