Матуриди өмірі мен мектебінің қалыптасу кезеңдері

Бейсенбі, 07.11.2021

Бүгінгі әлем мұсылмандарының 90 пайызын сунниттер құраса олардың жартысынан көбі Ханафи мәзһабын ұстанады. Ал олар имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады.

Матуриди өмірі мен мектебінің қалыптасу кезеңдері

Бүгінгі әлем мұсылмандарының 90 пайызын сунниттер құраса олардың жартысынан көбі Ханафи мәзһабын ұстанады. Ал олар имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Бұл сенім негіздері – Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған. Әсіресе, бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек таралған. Әрине, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары да бар.

Ендігі кезекте осы кемеңгер ойшыл, ғалым Әбу Мансур әл-Матуридиге тоқтала кетейік.

Матуриди – өз есімімен қоса Әһли сүннет имамы, тура жол көсемі, Самарқанд шейхтерінің басшысы деген сияқты лақап аттармен де кеңінен танылған.

Сондай-ақ, кей дерек көздерінде оның аты «Әбу Мансур әл-Матуриди», «Әбу Мансур әл-Матуриди ас-Самарқанди» және «аш-Шейх әл-Имам Әбу Мансур әл-Матуриди» деп те кездеседі.

Осы мәліметтердің барлығын жинақтай келе, ғалымның толық аты-жөнін Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди ас-Самарқанди деп түйіндеуге болады.

Матуридидің туған жылы туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, шамамен кей зерттеушілер оның Әбу Ханифа (699-767) қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң туылған десе, кейбірі 850 [1.28 б.], 853 [2.265 б.] және 862 [3] жылдары Самарқанд маңындағы Матурид қалашығында дүниеге келгендігін айтады. Матуриди деген есім оның туған жеріне байланысты берілген. Егер де оның Рей қазысы Мұхаммед ибн Муқатил ар-Разиге (862 ж. қайтыс болған) шәкірт болған жылдарды ескерсек, Матуриди шамамен 853 жылдары туған болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.

Олай болса, имам Матуриди дәстүрлі ақиданы қолдайтын мұғтазилит бағытын ұстанатындармен күрескен Аббасит халифаты әл-Мутауаккилдің (847-861) тұсында дүниеге келген. 

Ғалымның ұлты жайында да екі түрлі көзқарас бар. Бір деректер оны түркі тектес халықтарға жатқызса, екінші бір еңбектерде ол арабтардан шыққан деп Мәдиналық атақты Әбу Әйюб Халид ибн Зәйд ибн Кулайб әл-Ансари әулетіне жатқызылады.

Деректерде Матуридидің отбасына қатысты негізінен тек әкесі мен атасы жайлы ғана айтылады. Әкесі – Мұхаммед, атасы – Махмуд. Бір жағынан ол көпшілікке Әбу Мансур (Мансурдың әкесі) деп танылған. Бұл бізге оның Мансур есімді ұлы болғандығын білдіреді. Алайда Матуридидің ешқандай ұлы болмаған. Өйткені, Матуридидің өзі бұл лақап есімнің Мансур деген ұлы болсын деген ниеттен туғанын айтады [4.29 б.].

Сондай-ақ, кей зерттеулерде Матуридидің бір қызы және осы қызының баласы (Матуридидің немересі) болған деген мәліметтерді де кездестіреміз. [5.22 б.]. Абдулқадир әл-Қураши: «Қазы Әбул Хасан Әли ибн Хасан әл-Матуриди, Шейху-л Ислам Әбу Мансур әл-Матуридидің немересі. Нағашы атасынан фиқһ ілімін оқыған. Ол 511/1117 жылы қайтыс болып, Чакардизада жерленген» (Орта ғасырдағы Самарқандтағы Шахристан аймағына қарай аққан канал атауы) [6.96-99 б.] деп Матуридидің бір немересі болғандығын айтады.

Имам Матуриди 944 жылы Самарқандта дүние салып, «Чакардиз» (Жакардиза) атты ғалымдарға арналған зиратында жерленді. Алайда 1940-1950 жылдар аралығында зират жермен-жексен етілген. Кейіннен зират толықтай қайта қалпына келтіріліп, көпшілікке ашылды.

Жакардиза XII ғасырда тек ғұламалар ғана жерленген мазар ретінде танылған [7.140 б.].

Кәламшы және тәпсірші ретінде танылған Матуридидің ғылыми танымының қалыптасуы мен Матуридилік мектебінің пайда болуын дұрыс түсіне білу үшін, оның өмір сүрген дәуірінің, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси жағдайынан хабардар болу керек. Сонымен қатар, сол кезеңдегі ағымдар мен олардың пайда болуына әсер еткен факторларды да жан-жақты қарастырған жөн. Адам баласы алғашқы білім баспалдағын отбасынан және қоғамнан үйренері сөзсіз. Әлбетте, бұл білім кісінің келешегіне өз әсерін тигізбей қоймайды. 

Матуриди еңбектерінің дені кәлам, фиқһ методологиясы және тәпсір саласына арналған. Ақида саласындағы ұстаздарының тізбесі Әбу Ханифаға барып тіреледі. Ол Әбу Ханифаның ақидаға байланысты еңбектерін оқып, өз көзқарасын Әбу Ханифаның пайымдауларының шеңберінде, «кәлам» әдісі арқылы жүзеге асырған. Сол себепті Матуриди Әбу Ханифаның ізбасары ретінде саналып, мәзһабы ханафи болып саналған.

Әбу Ханифа мен Матуриди еңбектерін салыстыра зерттеген мысырлық исламтанушы Әбу Зәһра Әбу Ханифа көзқарастары Матуриди тұжырымдарының қайнар көзі екенін, мұны Матуридидің өзі де мойындағанын дәлел ретінде келтіреді. Ханафи мәзһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари де «Ишаратул-мәрам» атты еңбегінде Матуридидің Әбу Ханифаның еңбектерін нақты қолданып, оларды жете зерттегенін айтады. Бұдан Матуридидің имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын тереңдете зерттегендігін аңғарамыз.

Шынтуайтында, Матуриди Әбу Ханифаның көзқарастарын оқып үйреніп, оның мәзһабына (мектебіне) бағына отырып аят хадистерді қолданумен қатар, ақыл ойға да басты үлкен мән берген. Самарқанда әрі сол аймақтағы ағымдар мен бағыттарға қарсы пікірталастарында кәлам әдісін қолдану арқылы үлкен жетістіктерге жеткен [8.95 б.].

Матуридидің туып өскен Самарқанд аймағы Бұхара, Термез сияқты маңызды мәдени қалаларды қамтыған Мауараннаһр аймағы.

Самарқанд қаласының атауы алғаш рет Ескендір Зұлқарнайынның шығысқа жасаған жорығы туралы деректерде айтылады. Ескендір бұл қаланы бірнеше рет жаулап алған екен. Бұл аймаққа мұсылмандар иелік еткенше бірнеше өзге халықтың қол астында болған.

711 жылы Мауараннаһрды Құтайба ибн Муслим басып алады. Басқару жүйесі Әмауи халифаты Мәмуннің Саман ұлдарына яғни Әсад ибн Саманға берілгенше, (819ж.) орталықтандырылған халифалық арқылы басқарылды.

Мұғтасым дәуірінде (833-842жж.) Мауараннаһр тұрғындары толықтай мұсылман болып, шапқыншылыққа қарсы тұрды. Сол кезде олар Ханафи мәзһабын ұстанатын.

Саманидтер әулеті дәл осы кезеңде жаңа мемлекет құрып, Мауараннаһр аймағына иелік етті. Мәселен: 819 жылы Нұх ибн Әсад − Самарқандқа, Ахмед ибн Әсад − Ферғанаға, Йахия ибн Әсад − Шашқа, Илияс ибн Әсад − Хератқа әкім болды.

Орталық Бұхара қаласы болғанымен, Самарқанд халқының саны көп болатын. Ірі қалаларға жағдай жасалып, олар ғылым орталықтарына айналдырылды. Мәзһабаралық пікірталастар кеңінен етек алып, қызу тартыстар жүргізілгендіктен, ел билеушілер оқымыстылар мен діндар ғұламаларды дін мен ғылымды жандандыруына жағдай жасады. Сөйтіп, Саманидтер әулеті Ислам дініне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, кемелденуіне елеулі үлес қосты. Елде тәпсір, құқық, хадис, тасаууф, кәлам, тіл мен әдебиет секілді түрлі ғылым салаларындағы білімдарлар бой көрсете бастады. Тіпті, елдегі мұсылман емес адамдарға да ерекше кеңпейілдік танытылды. 

Әсіресе, Абдулла ибн Тахирдің (829-844ж) «Ғылыммен айналысатын адамға жағдай жасалу керек. Ғылым – жалқаудың емес, ізденушінің жанынан табылады» [7.271 б.] деген сөзінен сол дәуірде ғылымға өте көп мән берілгендігін көруге болады.

Мауараннаһрдың Хорасаннан басқа аймақтарында сенім мәселесі бойынша мұғтазилиттердің көзқарастары кеңінен тараған еді. Бұған Матуридидің мұғтазилиттерге бағытталған шығармасы – «Бәйану уәһмил муғтазиләт» сынды туындылары дәлел бола алады. Сондай-ақ, танымал хадисші ғұламалардың шығуына да, бәлкім, осы мұғтазиланың көзқарастары бірден-бір себеп болуы керек. Өйткені, хадис әдебиетінде бірнеше маңызды қайнаркөздерді жинақтаған ғалымдар осы аймақтан шыққан. Олар ислам әлемін шарлап Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерін бір жерге жинаған.

Мауарауннаһр аймағынан шыққан Кутуби Ситта яғни ең сенімді деп табылған 6 хадис жинағы имамдары секілді бірқатар танымал хадис ғұламаларын кездестіруге болады. Атап айтқанда, Исхақ ибн Рухия (238/872), Йахия әз-Зухли, Ибраһим ибн Йсхақ әл-Әнмати (303/916), әл-Хасан ибн Суфиан (300/916), Абд ибн Хумайд (249/863) т.б. 

Матуридидің жұлдызы Саманидтер дәуірінде оңынан туған еді. Себебі, Саманидтер 874-999 жылдар арасында Иранды толығымен қол астына алғаннан кейін, ғылым мен әдебиетке белсенді түрде қамқорлық көрсетті. Сарайларға көптеген ғалымдарды жинады. Қала кітапханаларымен қатар, әрбір мешіт жанында арнайы кітапханалар жұмыс істеді.

Саманидтер мемлекеті (999) қолынан билік кеткенге дейін өз ғалымдарын ұдайы қорғап, қолдап отырды. Имам әл-Матуриди сондай ғылымға құрметі мол ортада ғылым-білімнен әбден қаныға сусындап, жемісті еңбек етті.

Өмірін білім жолына сарп еткен Матуриди түрлі діни мәліметтерді игере отырып, өз дәуірінің беделді ғалымдарының бірі болды. Бір өкініштісі, ғалымның құнды еңбектерінің басым бөлігі күнімізге дейін жетпеген.

Сондай-ақ, әл-Матуриди мәзһабы Мауараннаһр сияқты жабықтау аймақта, Басра мен Бағдат сияқты ғылым орталықтарынан алшақта белең алғандықтан, Әшғарилік сияқты кең танымал бола алмады. Әрі әйгілі Бақиллани (-403/1013), әл-Жуәйни (-478/1085), әл-Ғазали (-505/1111), Шахристани (-548/1153) сынды ғалымдардың әшғари мектебінен шыққаны да бұған белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді.

Мауараннаһр кәлам ілімінен гөрі, фиқһ және усулу-фиқһ саласындағы пікірталастардың көбірек орын алған аймағы болатын. Кәлам ілімі көбінесе, Мауараннаһр аймағындағы түркілердің арасында кең тарады.

«Китабу-т-Таухид», «Тәуилату әһли сунна» атты бірегей шығармалардың авторы әрі әһли сүннет бойынша, екі ғұламаның бірі болғанына қарамастан, мәзһабтар тарихы жөнінде кітаптар жазған ғалымдардың еңбектерінде Матуридидің есімінің аталмауы − түрлі жорамалдардың тууына сеп болды. Мәселен, бұл тұрғысында Мұхаммед ат-Танжи (1918-1974): «Имам Әшғариді нағыз ислам ғұламасы етіп көрсетпек болғандар − Матуриди беделін әдейі төмендеткен»[9.1б.] деген пікір айтады.

Негізі бұның себебі, сол кездегі тарихи және географиялық жағдайлармен тікелей байланысты. Өйткені, әл-Матуриди ислам әлемінің орталығында емес, Самарқанда өмір сүрген. Еңбектерін де сонда жазған. Батыс аймағындағыларды, әсіресе, бағдаттықтарды аса қызықтырмағандықтан, әл-Матуриди алғашында тек қана Мауараннаһрде танымал болған[10.1-2б.]. Сондай-ақ, ұстазы Әбу Ханифа сол кезеңнің ең беделді тұлғасы ретінде саналды. Оған қоса, әл-Матуридидің ұстазын ұлықтауы оның көлеңкесінде қалып қоюына жағдай туғызды. 

Ал Салжұқ мемлекетінің уәзірі Низамул-Мулк (1092 ж.) Нишапур мен Бағдат медреселерінде Әшғари ақидасына орын берген еді [11.43б.]. Осылайша, Салжұқтар дәуірінде Фарста, Мәмлуктер дәуірінде Мысырда, Әйюбилер дәуірінде Шам аймақтарында бұл ақида кеңінен тарау мүмкіндігіне ие болды.

Бұған қоса, Мауараннаһр аймағында моңғол шапқыншылығы кезінде көптеген дерек көздерінің жоғалып кетуі де, Матуридиліктің кеңінен жайылуына кедергі болған. Себебі, бұл кезде көптеген кітапханалар, қолжазбалар мен қалалар отқа оранған еді.

Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің әлсіреп, соның нәтижесінде бірқатар Ислам мемлекетінің пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді. Маураннаһрда Саманидтер мемлекетінің құрылғаны тәрізді, бастапқыда Иран, Хорасан, Систан және Кирманды құрамына алған Саффариттер мемлекеті пайда болған.

Имам Матуридидің ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақытына тап келгенін айттық. Бұл кезде Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун (813-833) дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді пәлсафасы араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың өзара мәзһабқа бөлінгендері аздай, сырттан келгендер сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санасына көптеген күмәнді мәселелерді ұялатып, дел-сал күйге түсіріп қойды. Осындай сәтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нәтижесінде, иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «теология» әдісі пайда болды. Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауараннаһр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанып, сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады[12].

Имам Матуридидің пікірлері көбіне каррамийлер, шийіттер және мұғтазилаларға қарсы болған. Әсіресе, мұғтазила бағытымен келіспейтін пікірлері көп болды. Өзімен замандас мұғтазила бағытының басшысы жазған кітаптың мазмұнындағы қателіктерге жауап жазуы имам Матуридің өз ұстанымын солардың ыңғайына қарай дәлелдегенін көрсетеді. Имамның түрлі ағымдар мен мәзһабтардың өкілдерімен Самарқанд пен одан тысқары жатқан мемлекеттердегі айтыстары мен пікір додалары көбіне-көп сәттілікпен аяқталып отырды.

Имам Матуриди Ислам шариғатын дұрыс түсіндіру үшін ақыл-ойға сүйену керектігін алға тартты. Мұның екінші де жағы бар. Егер кімде-кім аят пен хадистерге сүйенуді теріске шығарып, адамның ақылы жете алмайтын дүниелерді, Аллаһ тағаланың бүкіл иләһи хикметтерін өзінің шектеулі ақылымен қамтуды қаласа, өз ақылына қиянат жасап, көтере алмас шоқпарды беліне байлағандық болады. Ал имам Матуридидің ұстанымы ақылға сүйенгенде де шариғат шеңберінен шығып кетпеу болған.

Ол Аллаһ тағаланың құлдарын ойлануға, өмірге үңіліп одан ғибрат алуға шақыратынан алға тартып аят пен хадиспен қатар ақылды да дәлел ретінде қабылдады.

Алайда, әһли сүннет пен мұғтазилиттердің ақылды қолдану әдісінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұғтазилиттер сенімге байланысты аяттар мен хадистерді қате түсініп, тәшбихке ұрынған және ақылды мүлдем жоққа шығарған ағымдарға қарсы шыққандықтан, ақылға шектен тыс сүйенетінді шығарды. Тіпті, негізгі төреші етіп ақылды алды деуге болады. Оларға классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиындық тудырды. Осы себепті, «Әһли сүннет» сенімін қорғау мақсатында жаңа әдіс тауып, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беруге қажеттілік туды. Матуриди мен Әшғари мектептері осы негізде қалыптасты. Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да, қажетті қағида ретінде пайдаланғанмен, ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық бермеуге тырысқан.

Осы ғалымның қалыптастырған Матуридилік жүйесі мен әдісін ұстанған және осы жолда еңбек етіп танымал болған көптеген ғалымдар болған. Олардың кейбірі Мұхаммедәл-Паздауи, Әбу-лМуин ән-Нәсафи, Нурад-дин ас-Сабуни, Молла Әли әл-Қари сынды тәпсір, әдебиет және тарих саласын жетік меңгерген ғалымдардың да Матуриди мектебіне сіңірген еңбегі зор.

Бұдан басқа бертін келе яғни, XIX-XX ғасырларда ғұмыр кешкен Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б. сияқты қазақтың қай ғұламасын алсаңыз да ақидада Матуриди сенімін, амалда ханафи мәзһабын ұстанғандығы, яғни қазақ даласына 13 ғасыр бұрын келіп орныққан дәстүрлі Ислам жолынан ауытқымағанына тарихи деректер айқын дәлел.

Қорыта келе айналасына білім нұрын шашқан заңғар ғалым Әбу Мансур әл-Матуриди жайлы әрі оның қазіргі таңда қоғамға қажетті еңбектері жан-жақты зерттеуді әлі де болса қажет ететін тың тақырып болып саналады. 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Muhammad Mustafizurrahman. An introduction to al-Maturidi's Tawilat Ahl al-Sunna, 1981

2.  Әйюб Әли Әбу Хайр Мұхаммед, Ақидатул Ислам уәл-Имам Матуриди, Бангладеш-Дакка, 1983

3.  Матуриди, Тәуилату әһли сунна (И.Авазайн, С.Авазайн) Каир. 1971

4.  Ахмет Ак. Матуриди кайнакларда Матуриди ве Матуридилик (докторлық диссертация). Анкара, 2006.

5.  Нури Туғлы, Матуриди келам эколи черчевесинде келами хадислерин диерлендирмеси (докторлық диссертация), Спарта, 2003

6.  The Journal of the Royal Asiatic Society of Great Britain and Ireland, «An Early Work from the School of Maturidi» №3/4, 1966

7.  Бартольд В.В., Туркестан в эпоху монгольского нашествия, Москва, 1963, I

8.  Исламтану және араб филологиясы мәселелері атты конференция жинағы, Алау Әділбаев, «Орта Азиядан шыққан ғұлама – Матуриди», Алматы.2008

9.  Мұхаммед ат-Танжи, Әбу Мансур әл-Матуриди, Анкара университеті илахият факультеті журналы, Анкара, 1955ж. 1 саны

10.  Ульрих Рудольф, Ал-Матуриди и суннитская теология в Самарканде (неміс тілінен аударған Л.Трутанова), Алматы, 1999

11.  Белкасым Гали, Абу Мансур Матуриди хаятуху уа араухул-ақидияти, Тунис, 1989

12.  Ершат Оңғаров, Имам әл-Матуриди – «Әһли сүннет уәл-жамағат» ғалымдарының ұлығы. Алматы. 2009

Қалмахан ЕРЖАН

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, 

PhD докторы

 

 

 

Оқылды 1170 рет
JoomShaper
Top