Мұсылмандардың амандасуы

Жұма, 19.02.2022

Бір мұсылман, екінші мұсылман бауырымен ұшырасып қалса «Ассаләму ғалейкум, уа ғалейкум ассәләм» деп екі қолдап амандасып жатады. Бұлайша амандасу қазақтың бойына қайдан дарыды? Қалай ойлайсыз?

Қазақ даласына Ислам дінінің келуімен, қазақ халқына амандасудың бұл түрі дәстүр боп қалыптасса керек. Ата-бабамыз қош көріп қабыл алып, бұлайша амандасу дәстүрі қазіргі таңдағы жаңа қазақтың, яғни біздің тілімізге де жеткен екен, неге біз бас тартпақпыз. Бұлайша амандасу мұсылманды имансыз адамнан ерекшелеп тұратыны анық. Сіздер осылай амандасудың тарихымен жіті таныссаңыздар имандарыңыз  күшейе түседі. Ислам іліміне терең үңілген сайын түпсіз тұңғиығына тоймай сүңги бересіз. Тек жалықпай, ерінбей  сабырмен, ықылас білдірсеңіз жүрегіңізде Аллаға деген үлкен махаббат оянғанын сезбей қаласыз.

Ассаләму ғаләйкум – сізге Алладан есендік, амандық пен тыныштық болсын деген мағынаны білдіреді. Уа ғалейкум ассәләм – сізге де Алладан амандық, есендік пен жақсылық тілеймін деген сөз. Негізінде бұлай амандасуды «Ибраһим» сүресінде Алла тағала  мұсылмандарға дәстүр болады деген. Ал сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде сәлемдесу мәселесіне егжей-тегжей көңіл бөлген.

Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) мәжілісте отырғанда бір кісі келіп: «Ассаләму ғаләйкум» деп сәлем береді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Он» дейді. Біраз уақыттан соң мәжіліске басқа кісі қосылып: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматулла» деген уақытта пайғамбар (с.ғ.с.): «Жиырма» дейді. Кейін тағы бір кісі келіп: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп сәлем береді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Отыз» дейді. Сонда мәжілісте отырған сахабалар бұл айтылған сандардың сырын сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бірінші сәлем берген адамға он сауап, екінші адамға жиырма сауап, үшінші адамға отыз сауап» деп айтқан екен. (Бұһари)

Демек, сәлем бергеніміз үшін сауап бар. Берген сәлеміміз неғұрлым дұрыс және толық болса оның сауабы да соғұрлым көп болмақ. Сәлем сөзі тіпті, жәннатта да айтылады екен.

Сіз жұтқан ауа мен есепсіз ризық-несібенің Иесі болған Алла Құранда былай дейді:

«Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер. Раббыларыңның рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын астынан өзендер ағатын жаннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары - «сәлем» болады» (Ибраһим: 23).

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір адам келіп:

– Я, Расул Алла (с.ғ.с.)! Исламдағы ең жақсы амал қандай? – деп сұрағанда.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Мұқтажды тамақтандыруың және танысаңда, танымасаңда кездескенмен сәлемдесуің – деп жауап берген (Имам Бұһари, Имам Мүслим).

Ал, келесі хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Толық иман келтірмейінше жаннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер» (Әбу Һурайрадан Имам Мүслим келтірген).

 Егер жаннатқа кіргіміз келсе пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан осы өсиеттеріне амал қылайық. Біздің бұл амалымыз бір жағынан Алланың мейіріміне бөлесе, екінші қырынан өз арамызда достықты нығайтып, бір-бірімізге сыйластық пен сүйіспеншілігімізді де арттырары сөзсіз.

 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ,

дінтанушы

Оқылды 604 рет
JoomShaper
Top