Кісіні кемелдікке жетелейтін құндылықтар

Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2014 04:13

Ислам құндылықтарын мазмұнына қарай интеллектуалды құндылықтар, өзектілігіне орай толеранттылық пен демократиялық ұғымдарды біріктіретін құндылықтар деп бөлсе болады..

Интеллектуалдылық құндылықтары - әрбір мұсылманның парызы білім іздеу арқылы Аллаға жақындау, оған құлшылық ету болып табылады. Білім іздеуге жұмсалған күш-жігер Алла жолындағы күреске жатады. «Оқы» сөзі – Алладан адамға түскен алғашқы жолдау. Білім іздеу арқылы адам әлемдегі нәрселердің жаратылысына ой жүгіртуге, оларды танып-білуге құштарланады. Ол арқылы ой-өрісі, білім мен ғылымға деген қызығушылығы оянып, адамзаттың көкжиегі кеңіді. Ислам ең басты кезекте ғылымды қолдады. Себебі, исламда білім-ғылым иманның серігі, сондықтан ғалымның ғылыми еңбектері нәтижесінде шариғат жанданып, ислам заңдылықтары сақталады. Мысалы Қасиетті Құран Кәрімнің "Әл-Жасия" сүресінің, 13-аяты: «Сендерге көктердегі нәрселерді де, жердегі нәрселерді де толық бағындырды, бұл нәрселерде ойланатын адамдар үшін, әлбетте, белгілер бар» ("Әл-Жасия" сүресі, 13-аят), - делінген. Сонымен қатар, «Аспанды және жер бетіндегі дүниелердің бәрін Алла өз ықтиярымен сендерге қызмет еткізді. Жаратушының тағылымын мойындайтын адам үшін мұнда айқын дәлел бар» аятынан Алланың адам игілігі үшін жаратқан барлық дүниесін зерттеп, зерделеп, тылсым қасиеттерді анықтауға талпыну қажеттігі жөнінде талап қоятындығы байқалады. Білім мен ғылымды қоғамда толыққанды бекіту үшін іс-әрекетті, еңбексүйгіштікті, жүйелілікті, уақытты үнемдеу мен табысты пайдалануды насихаттаған. Құран Кәрімде: «Қай қауым болсын өз жағдайын өзі өзгертпесе, Алла оның жағдайын өзгертпейді», Пайғамбарымыздың бұл жөнінде «Әрбір жетістік, сол жетістікке сай адамдарға ғана беріледі», «Шындығында Алла жұмысты аяғына дейін беріліп істейтін адамды жақсы көреді», «Алла еңбексүйгіш адамды жақсы көреді және олар тозақ отына күймейді», «Иман – тек Алладан тілек тілеу ғана емес, сонымен қатар, ол - адамның шынайы жүрегімен істеген амал-әрекеттері арқылы дәлелдеу», «Көптеген адамдарға екі нығмет берілген: олар денсаулық пен бос уақыт», «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер», «Ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагерлері» секілді ғибратты хадистері мысал бола алады.

Жалпы интеллектуалдылық құндылықтар ішіндегі маңыздыларының бірі - уақыт болып саналады. Уақыт – исламның басты назарында, өйткені ислам уақытты игілікті істерді атқаруға міндеттейді. Ислам аясында Ибн Халдун, Ибн Сина, Әл-Фараби, Ибн Рушт, Әл-Ғазали, Әбу Ханифа, Ибн әл-Хайсам, ар-Рази секілді ғұламалардың дүниеге келуі, олардың неше ғасыр бойы маңызы мен өзектілігін жоймаған ғылыми еңбектері ислам дініндегі интеллектуалды құндылықтардың қаншалықты мықты екендігін, оның әлеуетінің зор қуаты бар екендігінің дәлелі болмақ.

Ал демократиялылық пен толлеранттылық ұғымдарын біріктіретін құндылықтарға келер болсақ:

Ислам әлемнің барлық тарапына, яғни, бірнеше мемлекеттерді, бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын бүкіладамзаттық дін. Ол бір ұлтты басқа ұлттан немесе бір елді басқа елден жоғары қойып, не төмендетпейді. Құран Кәрімде мұсылмандардың барлығы тең екендігі айтылған. Бұл оның демократиялық негіздерді ұстанатындығын көрсетеді. Сонымен қатар ислам құндылықтарында ұлтшылдық, нәсілшілдікке жол берілмейді. Құран Кәрімнің "Сәбә" сүресінің 28-аятында Алла тағала: "Сені барша адамдарға куанту әрі ескерту үшін жібердім, бірақ адамдардың көбісі оны білмейді" (11, "Сәбә" сүресінің 28-аят), - делінген. Ал, Қасиетті Құран Кәрімнің "Әл-Әнбия" сүресінің 107-аятында: "Сені бүкіл әлемге рахым етіп жібердік", - делінгеніндей Ислам тек мұсылмандардың және арабтардың ғана меншігі емес, бүкіл адамзаттың игілігі үшін келген дін деп түсінген жөн.

Исламдағы бауырмалдық ислам мен иман негізінде қалыптасатын рухани байланыстардың бірі. Исламда жеке тұлғаның, барша қоғамның, жалпы адамзаттың көздейтін бірегей мақсаты – тек бір ғана Алланы танып, мойындау. Бүкіл ғалам ұлттарының, елдерінің, жерлерінің өзгешелігі мен алыс-жақындығына қарамастан, осы аталған ұлы мақсатқа бірігу жолында игілік, жақсылық, шыңдық, туралық, әділдік, ынтымақтастық, ерік-бостандық, теңдік, бейбітшілік, тұрақтылық қасиеттері тек Алладан ғана нәсіп етіледі деп сенуі қажет. Сон да ғана адамның, отбасының, мүліктің, халықтың, Отанның, үмметтің, басшылықтың іс-әрекеттеріне деген мәртебе өз шыңына жетеді. Бұл туралы Қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) бір ата, бір анадан жаратып (өрбіттік), өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік» (әл-Хужурат сүресі, 13-аят), «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер, күнә жасауға, жауласуға жәрдемші болмаңдар», «Маған да, ата-анаңа да рахмет айтыңдар», «Егер (бергеніме) шүкіршілік етсеңдер, оны тағы молайтамын», «Рухы таза адам сөз жоқ мұратына жетеді. Жанын жамандық жайлағандар қор болады», «Қалаған адам иманға келсін, қалағаны кәпір бола берсін», «Кімде кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді, ал кімде кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын тартады», «Жаңадан әскер қатарына алынғандарды жақындастыратын – жан дүниесінің үйлесімділігі, ал алыстатуы – жан дүниелерінің алшақтығы» делінген аяттар Алла тағаланың нұсқаған жолы - адамдардың өзара түсінісуіне әкелетін хақ жол екені ашық көрсетеді.

Исламда жүректің таза болуы үшін бойдан өалас ұстайтын, мұсылманға жат қылықтарды да атап өткен жөн. Олар:

• Қызғаныш: Алла тағаланың басқа жанға нәсіп еткен нығметінің жоқ болуын тілеуі.

• Ызақорлық: дұшпандық, кекшілідік және өшпенділік сезімдерінің жетегінде кету. Бұл қасиет, сонымен қатар қызғаныш пен өкпешілдік те тудырады.

• Тәкәппарлық: Адамның өзін басқалардан үстем көруінен туындайтын менменшілдік қасиеті.

• Өз-өзіне тәнті болу: Адам өзін ілім және амалдары бойынша кемелденген жан деп есептеуінен туындайтын менменшіл қасиет.

• Сараңдық: Мал-мүлікке болған құштарлық салдарынан басқалармен бөлісу немесе көмектесу сезімінен жұрдай болуы.

• Екіжүзділік: Жақсы қасиеттерімен адамдарға жақсы көрінуге талпынудан туындайтын теріс қасиет.

• Атақ және даңққұмарлық: Хаққа апаратын жолда аяққа тұсау болатын жаман қасиет. Әрине, Алла тағала өз дінінің кемелденуі үшін атақ пен даңққа бөлеген жандардың жөні басқа.

• Мақтанқұмарлық: ата-бабасымен, тегімен мақтану. Бұл тиым салынған жаман қасиет болып табылады.

• Өкпешілдік: тұла бойын ашу-ыза мен өкпе кернеген адамның жағымсыз қасиеті.

• Ғайбат: Басқа бір мұсылман бауырыңды естіген сәтте ренжитін бойындағы кейбір міндерін артынан айту. Мұсылман бауырыңның дене бітімі, сөздері, іс-әрекеттері, ғибадаттары, күнделікті өмірі, киім-киіс, жүріс-тұрысы туралы артынан жағымсыз сөз сөйлеу ғайбат болып табылады.

• Іріткі салушылық: Адамдар арасында іріткі салу мақсатымен сөз тасу.

• Өтірік: Бір нәрсені болған күйінен басқаша етіп жеткізу. Бұл ең жиренішті күнәлардың бірі болып табылады.

• Көп сөйлеу: Бұл да жағымсыз қасиеттердің бірі болып саналады. Себебі күнәларды паш ету, өсек айту секілді көптеген харам немесе мәкрүхтердің жасалуына себепші болатын теріс қасиет.

Бұлардан басқа теріс, жаман қасиеттер мыналар болып табылады: бұзылған наным-сенім, күнә істеу, тәубе етуді қою, парыз және сүннеттердің не екенін білмеушілік, үйренуге талпынбау, алдап-арбау, басқаға тұзақ құру, опасыздық жасау, қанағатсыздық, ашкөздік, харам нәрселерге қызығып арбалу, бос және бәтуәсіз нәрселерге құлақ түру, жамандық орын алғанда қол қусырып қарап отыру, қарғап-сілеу, зина жасады деп жала жабу, ұрысу және жанжалдасу, жалған ант ету және өтірік куә болу, сайқы-мазақ ету, адамдарды менсінбеушілік, кек сақтау, айтысып-тартысу, адамдарға зиян келтіру, кекшіл болу, зұлымдық жасау, ысырап жасау, жөн-жосықсыз қалжың айту, аса сәндену және жайбарақат жайлылыққа бой алдыру, айдай анық істелетін күнәларды құмарту, көп жасау және көп табыс табуға деген құмарлық, ұятсыздық, қорқақтық;

Жүрек осы жаман қасиеттерден арылғанда ғана тазалық шыңына ұласады. Алайда осы жаман қасиеттерден толықтай арылған жанның өзін «осылаймын» деп айтуы да дұрыс емес.

Жүректі алдап-арбаудан және қызғаныштан тазартуға қатысты өнегелі мысал келтірер болсақ, Әнәс Бин Малик (р.а.) былай деген екен: «бір күні пайғамбарымыздың құзырында отырған болатынбыз, кенеттен ол, «қазір сіздің араңызға жәннәт халқынан бір жан келеді», – деді. Осылай деп айтқаны сол-ақ екен, ансарлардан бір адам келді. Әлгі адамның сақалынан су тамшылап тұрған болатын. Аяқ киімін сол қолына ұстаған екен. Келесі күні Алла елшісі осы әңгімесін тағы да қайталады. Сол-ақ екен әлгі адам дәл кешегі жағдайда тағы да арамызға келіп енді. Үшінші күні ардақты пайғамбарымыз тағы да екі күннен бергі сөзін қайталады. Сол-ақ екен әлгі адам тағы да күнделікті жағдайда арамызға енді.

Үшінші күнде ардақты пайғамбарымыз мәжілісті бітіргесін отырған жамағат тарады. Сахаба Абдуллах бин Амр бин Ас (р.а.) әлгі адамның жанына барып, «мен әкеммен жанжалдасып едім, үш күн бойы жанына бармайтындығыма ант еттім. Осы уақыт ішінде үйіңде мені қонақ етуіңді өтінемін», – деді. Әлгі адам «жарайды», – деді.

Абдуллах бізге үздіксіз мына жайды баяндаған болатын. «Әлгі адамның қасында үш түн бірге болдым. Осы уақыт аралығында бір рет те болсын (түнгі) намаз үшін ұйқысынан оянбады. Таң намазына дейін ұйықтап жатушы еді. Тек қана төсегінде оңға солға аунағанда Алланы еске алып тәкбир жасайды екен. Мұнымен қоса аузынан ешқандай да бір жаман сөз естімедім. Үш түн біткесін әлгі жаннан: «Әкеммен арамда қандай да бір реніш жоқ болатын, Алла елшісі мәжілісте үш күн бойы қатарынан «қазір сіздің араңызға жәннәт халқынан болатын бір жан келіп қосылады», – деп баяндады. Айтуы сол екен әрдайым арамызға сен келіп қосылдың. Мен болсам саған қонақ болып жасаған амалдарыңды көргім келді және сол амалдарды жасағым келген болатын. Шынын айтсам соншалықты көп те ғибадат жасағаныңды байқамадым. Алла елшісі сүйіншілеген бұл мәртебеге қалай жеттің?», – деп сұрадым. Әлгі адам: «Көріп байқағаныңнан басқа ғибадатым жоқ», – деп жауап қатты. Сөйтіп қоштасып бұрылып кете бергенде әлгі адам арқамнан шақырды да: «Расын айтсам, көргендеріңнен басқа ешқандай ғибадатым жоқ. Дегенмен ешбір мұсылманға қарсы жүрегімде қандай да бір алдап-арбау ойы болған емес және кек сақтау мен қызғаныштан да аулақпын!», – деді. Мен: «мінекей, сені әлгі мәртебеге жеткізген осы қасиетің болар», – дедім».

Тарихи процестің бірлігін қамтамасыз ететін, рухани сабақтастық пен ынтымақтастыққа негіз болатын ислам құндылықтары еркіндік пен имандылық, қайырымдылық пен ізгілік, шығармашылық пен әділеттілік секілді руханилықтың мәңгі категорияларының арқасында қалыптасады және дамиды. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жаһандану үрдісінде өзгерістермен астасып жатқан рухани өміріндегі қатынастарға трансформациялануы жағдайындағы ислам құндылықтарының рухани ерекшеліктері, оның моральдық, идеологиялық, мәдени-гуманитарлық және өркениеттік негіздері қазақ халқының рухани мәдениетімен біте қайнасып жатты.

Ислам құндылықтары жалпы алғанда адамның жетілуіне, кемелденуіне, үйлесімді өмір сүруіне қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениетіндегі ислам құндылықтарының орнын саралағанда, дәстүрлі қоғамның құрылымының ғасырлар бойы негізін сақтап келген, халық мұраларының тарихи процесінде жоғалып кетпеуіне себепші болған күш – адамгершілік принциптеріне негізделген руханилық болғандығын басты ұстам ретінде қарастыру қажет. Осы тұрғыда, гуманистік, этикалық принциптердің қазақ жерінде ежелден келе жатқан дәстүрлі басымды рөлі ислам құндылықтарының дамып, орнығуына басты дәнекер болғандығы сөзсіз.

 

Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, теолог, Ph.D (доктор)

 

Оқылды 154 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Жеотқосан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Құран (аудио)

JoomShaper