Бас мүфти: Шынайы дін өшпенділікке, зорлық-зомбылық пен алауыздыққа шақырмайды

Сейсенбі, 11 Қараша 2014 05:01

Қазақстан – қазіргі күнде халықаралық қоғамдастықта толеранттылыққа, конфес­сия­аралық келісімге және Қазақстан халқының біртұ­тастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танымал.

Қоғамда діни толеран­т­тылыққа тұғырланған қа­рым-қатынастарды қалыптас­тыруда және ауызбір­шілікті жетістікке қол жеткізудегі құндылық ретінде түсіну мен қабылдауда дәстүрлі діндердің жетекшілері маңызды рөл атқарады. Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі, оның жасампаздық маңызы, осы мәселелерді саясаттандыру мүмкін еместігі және басқа мәселелер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЯМЕРОВ әңгімелейді.

– Құрметті хазірет, сіз рес­пуб­ликадағы ең үлкен діни ұйым­ның атынан өкілдік етесіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда қа­лып­та­сып отырған мем­­ле­кет­тік-кон­фессиялық қа­­­ты­нас­тарға қандай баға берер едіңіз?

– Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бас­таймын!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде қазақстандық жетістіктің үш кілтін атап көрсеткен бола­­тын. Біріншісі – барлық қазақ­­­­стандықтардың бірлігі, екіншісі – толеранттылық және үшіншісі – тарихи тағды­рымыздың бір екендігі. Осы сөздің өзі үлкен мәнге ие. Біз бірміз, мемлекет те, әртүрлі дін өкілдері де, қысқасы, бәріміз біргеміз.

Президентіміз Қазақстанды бейбітшілік пен достықтың тиімді моделіне айналдыру жолында ­ау­қым­ды саяси қадамдар жасауда.­ Көріп отырғанымыздай, біз­дің то­ле­­рантты, кеңпейілді халқы­­мыз­­­дың діндарлығы барлық адамдармен, түрлі діни сенім және мәдениет өкілдерімен келісім мен өзара тү­сіністікті сақтауға зор ықпал ­ету­де. Осы ұстаным бар­­лық жағы­нан, оның ішінде мем­лекеттік-кон­фес­сия­лық және конфес­­сия­ара­лық қаты­нас­тарда да көрініс табуда.

Мемлекеттік органдар біртұтас Қазақстан халқының діни өміріне, бейбіт тіршілік кешулеріне және жасампаздықпен еңбек етуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Халқымыз осыны жақсы түсініп, табысты және дамыған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау үшін қолдарынан келетіннің барлығын жасауда. Сол себепті, әрбір қазақстандық азамат ортақ тарихы, мәдениеті мен өз халқының ортақ ісіне қосқан үлесін қастерлеп жүреді деп ойлаймын.

– Кез келген дәстүрлі дін адам­гершілік идея­сы­на негізделеді. Яғни, толеран­т­ты­лық шынайы сенімнің негізі болып табыла ма?

– Өте дұрыс, шынайы дін өш­пен­ділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам барлық уақытта жақсылыққа, сабырлылыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді. Дін ешқашанда адамды жамандыққа үйретпейді, бү­лік салуға бағытталған барлық әре­кеттерді айыптайды.

Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшкен­нен кейін де ешкімді Исламды қа­былдауға мәжбүрлемеген. Кері­сінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», дейді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің құ­қығын сақтау және олармен жақ­сы қатынаста болу әрбір мұсыл­манның міндеті болып табылатыны туралы тағы да көптеген хадистері бар.

Елордамыз Астанада бір­неше рет өткізілген Әлем­дік және­ дәс­түрлі діндер көшбас­­шы­лары­ның съездері Қазақ елінің бейбіт­ші­лікті, өзара түсіністік пен дінара­лық келісімді ба­рын­ша ны­ғай­туға бағытталған тал­пы­ны­сы­­ның жарқын көрінісі бо­лып табылады. Төр­тінші рет өт­кі­зілген әлемдік және дәстүрлі діндер өкіл­дерінің жиналысы өз жеміс­терін беруде және ал­дағы уақытта да солай болады деген сенімдеміз.

– Бүгінгі таңда әлемде жаһан­дық дең­гей­­дегі дүние­та­ным­дық дағдарыс әлі де бол­­са сезі­леді. Этносаралық және кон­­фессия­ара­лық мәселелерге әдейі саяси бояу жағылуда. Бұған қалай төтеп беруге болады?

– Дүниежүзінде дін бетпер­десі­мен бүркен­ген радикализм мен экстремизм қаупі төнбеген ел жоқ шығар, сірә. Бұл бетперде, нашар бүркемеленген деструктивті идеология саналы, ойлы адам үшін айдан анық болары сөзсіз. Исламда соқыр сенім деген жоқ, құлшылық – бұл, ең алдымен, Жаратушы туралы ойлану, өмірдегі басты және екінші кезектегі дүниелерді ойлау.

Ал радикализмге қарсы төтеп беру­ге, алдымен адамның рухани мәдениеті, оның білімі көмек­теседі. Ғасырлар бойы жинақ­талған және ғалымдардың, оның ішінде ислам ға­лым­дарының ең­бектерінде көрініс тапқан мә­де­ни мұраны, адамгершілік құн­ды­лықты бас­шылыққа алу керек.

Қазіргі таңда біздің мемле­ке­ті­міз егемен ел және Қазақ­стан­да көптеген этностар мен дін­дер­дің өкілдерінің татулық пен келі­сімде өмір сүріп жатқаны – бұл Жаратушымыздың бізге берген баға жетпес сыйы. Алайда, қоғамы­мыз­дың тұрақты дамуы үшін Қазақ­стан­ның әр­бір азаматы елі мен халқы алдын­дағы өзі­нің же­ке жауапкершілігін есте сақ­тауы керек және бей­бітшіліктің ны­ғаюына өз үлесін қосуға талпынуы керек.

Аты аңызға айналған біздің ел билеушілері­міз­­д­ің өз халқының бейбітшілігі мен тыныш­ты­ғы­н сақтауға бар күш-жігерін жұмса­ға­нына бей­бітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлық та­ри­хы куә. Бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін сақ­­талып келді және Қазақстанның досқа – адал және өз көршілеріне тілеулес ел екенін дәлелдеуде.

– Соңғы кездерде «ИШИМ», «Әл Каида» және басқа да ислам атын жамыл­ған топтардың әрекеттері туралы хабар­ламалар жұрттың үрейін тудырып, исламо­фобияның туындауына алып келуде…

– Ислам дінінің өкілі және мұ­сыл­ман ретінде ондай лаңкестік ұйымдардың біздің дінімізбен ешқандай байланысы жоқ екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Олар үшін – бұл тек қана өз мақ­саттарына қол жеткізу құралы, және сеніңіздер, онда ешқандай рухани құндылық та, ислам да жоқ. Бұларды бейбіт емес мақсаттарды көздеген ұйымдар деп санауға болады. Ал олар қолданып отырған белгілер, сыртқы көріністер шынайы мақсаттарын жасыру құралы болып табылады.

Бұл – біздің жол емес. Біз діннің негіздерін бұрмалап тұжы­рымдау жолымен ізгілікке жат әрекет ететін топтардың идеологияларын қабылдай алмаймыз. Жақында біз «қарулы жихад», «тәкпіршілер» және «хижрет» туралы жалған идеяларды жоққа шығарған пәтуалар шығардық.

Біз дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйрет­пейді. Міне, сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қа­лыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне ба­ғыт­тауы­мыз қажет. Осыған байланысты ислам өзара сыйластық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.

– Бірақ әлемде діни негіздегі қақты­ғыстар да болып тұрады, әлемде осы мазмұндағы мысалдар бар. Неліктен біріктіруге тиіс дінді кейде өзге құндылық көзқарастарын тасымалдаушылармен күресте пайдалануға тырысып жатады?

– Әрине, әлемнің кейбір ай­мақ­тарында қарулы қақтығыстар жал­ғасуда, соның нәтижесінде жазық­сыз адамдардың қаны төгі­ліп, жүздеген бала жетім, әйел­дер жесір болып қалуда. Бұла­р­дың барлығы өзара түсіністіктің жетіспеушілігінен, өзгенің құқы­ғын таптаудан, оның ішінде басқа дін, басқа көзқарас өкілдерінің құқығын мойындамаудан туындауда. Ал ең бастысы – ол діннің нақты мақсаты туралы білімнің жетіспеушілігінің салдары. Тіпті, қақтығыстардың діни негіздегі факторлары көрініс тапса да, бұл, ең алдымен, және көбінесе мүдделер мен амбициялардың қақтығыстары екенін ескеру керек.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елімізде орнаған келісім мен бірлік осы жағдайда үлгі бола алады. Міне, осындай өзара қарым-қатынас туралы қасиетті Құранда да айтылады: «Өзара жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәр­дем­деспеңдер. Алладан қор­қың­дар: күдіксіз Алланың азабы қат­ты!» («Мәида» сүресі, 2-аят). Осы сөздер адамгершілікке, Алла­ның тура жолымен жүруге және бар­лық жа­мандықтан алыс болуға шақырады.

Менің білуімше, әкімдіктерде, діни қызмет саласындағы мемле­кеттік реттеуді жүзеге асыра­тын уәкілетті органдарда олар­дың әдістемелік қолдауымен жүз­деген ақпараттық топтар құрыл­ған, олар адамдармен кездес­кенде қарапайым сөзбен халық мәдениеті, діннің мәні туралы ақпарат беріп, өз елінің патриоты болуға, заңға бағынуға шақырады.

Осындай қайырлы істен біз де шет қала алмадық, мешіттерде кездесулер ұйым­дастырып, исламның шынайы құндылықтары туралы ақпарат жеткізетін өз топтарымызды құрдық. Еліміздің өңірлерінде айтарлықтай даярлықтан өткен білікті имамдар мен дінтану­шылардан құралған осындай 6 топ жұмыс істейді. Орыс тілді ортада түсіндіру жұмыстарымен айналысу үшін орыс тілін жетік білетін имамдардан топ құрдық.

Халық даналығында «Бірлік түбі – тірлік» деген сөз бар. Сол себепті, барлық адамды тек ізгі амалдар жасауға шақырамын. Ұлы Жаратушы Иеміз біздің жақсы іс-амалдарымызды қабыл етіп, барлығымызды екі дүниеде де Өз мейіріміне бөлесін!

– Айтқаныңыз келсін!

Әңгімелескен

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Оқылды 331 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Жеотқосан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Құран (аудио)

JoomShaper