Ой түзеп, бойжеттің бе...

Жексенбі, 20.03.2022

Мінекей, еркетайым! Балалық шақтан өтіп, жасөспірімдік кезеңге де жеттің. Иә, кішкене ғана сіңлім-ау, сенің де бойтүзеп бойжеткендер қатарына қосылғаныңды қалай байқамағанмын. Сенің үйдегі ұлдармен жарыса доп ойнағаның, жоғарғы сыныпқа дейін қуыршағыңа киім тігетінің, елпілдеген аңғал мінезің, мөлдір таза жаның, еркелігің әлі күнге көз алдымда.

Енді соның бәрі саябырсып, ерке шолжаң мінезіңнен салмақты қалыпқа түсіп, құрбыларыңмен сыбырласып, әңгімелеріңде жігіттердің орын алуы – расында лезде бойжеткенің бе?

Осы көзіммен көргеннің бәріне сеніп, уақыттың дегеніне амалсыз көнуім керек болса да жаным, сен маған әлі күнге кішкене ғана қызсың.

Ересектер ауылын бетке алып келесің, өміріңнің ең қиын кезеңдерін басыңнан өткересің. Айналайын, аяғыңды шалыс баспа, әрбір әрекетіңе, қадамыңа абай бол. Әзәзілдің жолына түсіп орны толмас өкініш, өміріңе дақ түсірер  бәлекетке ұшырап қалма. Өзіңді мазалаған сұрақтар мен көңілің түсіп қаймыққан сәттеріңнің жауабын Құран аяттары мен хадистерден ізде, өзіңе кеңес ал! Және осындай сәтте жақсы кеңесші, өмір бойғы ақылшың, саған жаны ашитын, сырлас досың – тек аяулы анаң ғана.

Бірақ, бүгін сенің көңілің жабырқау көзің мұңды ғой. Кел, отыршы жаныма. Сенің көңіліңе қаяу түсірген қандай жігіт? Мұңайма, қадіріңді білмеген жігітті қайтесің?

Не болмаса, өзің ғашық болып қалдың ба?

Бойжеткен сіңлім, мен сенің қазіргі бойжеткен шағыңдағы алып-ұшып тұрған мінезіңе, ғашықтық сезіміңе қарап алаңдаймын.

Әрине аққудай таранып,  күлкісі сыңғырлаған ару қызға әркімнің-ақ көз салмай өтпейтіні даусыз.

Албырт сіңлім, ақкөңілдік, сенгіштік жақсы қасиет. Дегенмен, барлық уақытта күдік пен күмән серігің болғаны да жөн. Бұл сезімдер жаман абыройсыз істерге ұрындырмай өткеретін қырағы сақшың екенін ұмытпа.

Махаббат сезіміне, жастықтың қызығына алданып көңілің тоқ, көйлегің көк есіл-дертің шығып, қу дүниенің соңына түсіп алма. Айналаңа көз сал, қуаныш пен қайғы, рахат пен бейнет қатар келетінін біл. Теңіңді тауып рахаты мен бақытына бөленгің келсе бейнетінен қорықпа. Бақыттың есігі біліммен ашылады. Әуелі бүкіл әлемнің Раббысы Алланы таны. Ислам ілімімен сусындап, білгеніңе амал қыл.

Мұсылман халқының өмір сүру заңдылықтары жазылған Құранда Алла Өзін тануға және босұнуға әмір қылады:

«Рас, Мен Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан Маған құлшылық қыл және Мені еске алу үшін намазды толық орында» (Таһа: 14).

«Көктердегі және жердегі барлық жан иесі ерікті, еріксіз Аллаға бойсынады» (Әл-Имран: 83).

Жаратқан Иеміздің пендесіне берген ең үлкен нығметі – имандылық. Осы һидаят жолына түсіп, Исламды қабылдап, Алланың Жаратушы екеніне, құдіретіне сенген екенсің бұйырғандарын орындап, қайтарғандарынан тыйылуың қажет. Ал, Ислам дінінің бастау алар қайнар көзі – Құран және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері.

Байқаймын, имандылық жолын таңдадым, құрбыларым мен достарымнан ажырап қалмаймын ба? Олар енді түсінбестен менімен қатар жүруге намыстанар. Қоғамнан өмірден шеттеп қалатындай сезініп, өзіңді түрлі ойлар мазалап жүрген тәрізді.

– Еш қамықпа, исламды қабылдап, хидаят жолына түсіп дұрыс таңдау жасадың. Имандылыққа бет бұрғанның бәрі жаулық орап, молда болып қалмайды. Дін деген – Жаратушы күштің барлығына, бір екеніне сеніп, Құран Алладан түскен кітап деп қабылдау. Осы нық сеніміңнен адаспасаң болғаны. Күнделікті өмір-тіршілігіңде харамнан халалды ажырата біліп, бойыңа сіңетін азығыңды тазала.

«Кімнің денесі харамнан нәр алса дозақ отына лайық сол» – деп Алла елшісінің айтқанын есіттім», – деп Әбу Бәкір (р.а) хазіреті Омар ибн Хаттабқа айтқан хадис келген.

Өмірде алға қойған мақсатыңа жетіп, тілегің орындалып және Алладан сұраған дұғаларың қабыл болуы үшін ең әуелі таза жүріп, бой дәретті болуың. Ешқашан аузыңа тағамның харам түрін татып алмауың және әрбір сөзіңде, әрекетіңде Алла разылығын табуың қажет.

Иә, сіңлім сенің үлкен өмірге қадам баспай тұрып өзің әуелі тура жолға түсіп, ертеңгі күні сен тәрбиелеген отбасы жаннаттан орын алса деймін. Ол үшін әрбір бойжеткен, перзентінің әкесін имандылық жолындағы ер жігіттен таңдауы керек. Сонда барып, екі дүниенің бақытына қол жеткізесің.

Айтпақшы, сен өткен жолы: Мен Инша Алла тұрмысқа  шықпақшымын, тойдан алдын құрбыларымды үйге шақырып көңіл көтеріп, бас қосуға болады ма? Исламда бұл рұқсат етілген бе? – деп сұраған едің. Әрине, жаным-ау. Біріншіден, сенің: «Алла бұйыртса» (Инша Алла), «Аллаға мақтау болсын» (Әл-хамду Лилләһ), «Алла кешірсін» (Астағфир Алла) зікір сөздерін тілге тиек ете сөйлеуің мені қуантты. Міне мұның өзі құлшылықтың бір түрі.

Олай болса, Ислам діні көрсеткен бағыттан таймаған, шеңберден шықпаған кез келген іс, мейлі ол кәсіпкерлік пен сауда, не той-томалақ болсын тиым салынбаған.

Бойжеткен сіңлім, мен де сенің қуанышыңа ортақпын, Ұзату тойынан алдын атап өтетін «Бастаңғы кеші» көңілді өтуіне тілектеспін.

Бұл кеште түрлі тағамдар мен тәттілерге толы дастархан жайылып, тек қыздар бас қосатынын білемін. Бірақ есіңде болсын, шаңырағыңа келген мейман дастарханыңнан адал дәм татуы саған аманат, яғни қандайда бір той-жиын, кештерде харамға жол беріп, адамды мас қылатын ішімдік түрлерін қонаққа ұсыну, ішу  Исламда қатты қайтарылған.

Ал, кешке киілетін киіміңе келсек, «Бастаңғы кешіне» тек қыздар жиылатындықтан бала кезіңнен армандаған ханшайымдай киініп сол кештің әсем жұлдызы бол!

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ

Оқылды 501 рет
JoomShaper
Top