Анаға құрмет

Жексенбі, 06.03.2022

Теледидардың арнайы тек мультфильмдер беретін арнасынан ұзыннан-ұзақ күні-түні шетелдің мультсериалдарынан бас алмай отырған Бекзат тіпті есік қоңырауының безек қағып шырылдағанын елейтін емес.                   Шетелдік «Мыстан қыздардың, жындарды оятуы» туралы мультсериялының мазмұны әйтеуір зұлымдық,  түсініксіз кейіпкерлердің соғысуы, қуаныш, мейірімділік пен адамгершілік дегеннен жұрдай. Солай болса да балақайларды несімен баурап алатынын білмейсің, қиылып теледидардың алдынан шықпайды.

Екі зұлым күштің қырғын шайқасын жіберіп алмайын дегендей жылдам есікті ашты да орнына қайта жайғасты.

Есікті күнделікті апасы ашып, иығындағы сөмкесін алып, қарсы алғанына үйреніп қалған Бекзаттың ағасы Бекарыста:

– Анам, үйде жоқ па, қане апам? - деп жатыр. Мұның бәрін біліп, сезіп жатқан анасы, сүйретіліп әрең тұрды да, үнсіз жүріп балалардың түскі асын даярлады. Бүгінгі мектептегі сабағы қалай өткенін, қандай баға алғанын үнемі сұрайтын анасы оғанда шамасы келмей:

– Өздерің тамақтанып алыңдар жарай ма, сендердің ақылдарың бар ғой, – деді де жатып қалды.

Ағалы-інілі екеуі тамақтанып алды да, Бекзат баяғы мультсериалын қайта жалғастырды. Бекарыс анасының баяу шақырған дауысын естіп, қасына барды.

– Балам, айналайын ініңе сабағын оқыт, өзіңде ертеңгі сабағыңа дайындал, ауырып қалғанымды қарашы, – деді, ұлының қолынан сүйіп. Бекарыс:

– Қазір апа, сабақты өзіміз оқимыз, деп бөлмесіне кіріп оқу үстеліне отырды да:

– Кішкене ойын ойнайыншы, сабақты сосын оқып аламын деген оймен Бекарыс компьютерін қосты. Түрлі спорттық көліктердің жарысы мен өздері бір ұсқынсыз әртүрлі кейіпкерлердің атыс-шабысын ойнаймын деп қызығына түсіп кетті. Інісінің де, өзінің де сабағы жайына қалды. Інісі мультфильмнің, Бекарыс ойынның қызығына беріліп кеткені сонша, кеш кіріп қалғанын байқамай қалды.

Сыртқы есіктің қоңырауы соғылғанда барып есін жиып, Бекарыс есікті ашты. Ішке кірген әкесі:

– Анаң қайда, неге жарықсыз қараңғыда отырсыңдар? – деп, сырт киімін шешті де, анасы жатқан бөлмеге кіріп кетті. Әкесі:

– Үйге бас-көз болмай, қара кешке шейін еш пайдасы жоқ ойын ойнап, теледидар көріп отырғандарың не?! Өздерің тамақтанған үстел үстін де жиыстырмапсыңдар. Ең болмаса ертеңгі сабақтарыңның бетін аштыңдар ма? Аналарың суық тиіп ауырып қалған екен, бір-екі күн үй шаруасына өздерің қарасаңдар болады ғой. Қане, сабақтарыңды оқыңдар-деді де өзі кешкі ас қамына кірісті. Таңертеңнен нәр татпаған жұбайына балмен сүт әрі дәрі-дәрмек беріп, ыстығын түсірді. Ертесіне аналарының беті бері қарап, ауруынан толық айықпаса да үй шаруасын өз қолына алды.

Бір күннен соң сегізінші наурыз аналар мейрамы келіп, күн демалыс бола тұра екі ұлы таңертең ертемен тұрып алыпты. Дайындаған сыйлықтарын аналарына беріп жатыр. Бесінші сыныптағы Бекарыс:

– Бүгін аналар мейрамы болған соң таңғы шайды даярлайын деп ерте тұрып едім, анам бізден бұрын оянып даярлап қойыпты. Бекзатта жағаласып:

– Бізге де мұғаліміміз, сегізінші наурыз күні, аналарыңа қолғабыс тигізіңдер, ренжітпей көңіл күйін көтеріңдер деген –  деді.

Ұлдарының бұл әрекетіне анасы риза боп қуанып қалды. Анасы:

– Қошақандарым менің, ақылдарыныңнан айналдым деп еркелетіп жатса, әкесі:

– Қой, қатты еркелетпесеңші, бұлар ертеңгі күні мықты азамат болуы керек. Бүгінгі ой-пікірлерің дұрыс бірақ өздерің ойланып қараңдаршы, анаңды жыл он екі айда тек осы сегізінші наурыз күні ғана құрмет тұтып, сыйлық тарту аздық етпей ме? Сендерді дүниеге келтіріп, аялап алақанына салып мәпелеп өсірді. Сонда бір-ақ күн жәрдем беріп, сыйлап қалған үш жүз алпыс төрт күн қадірлемей, дөрекі қарым-қатынаста болмақпыз ба? Осы бір күн ғана ананы риза қылып, перзентін бағып-қаққан бейнетін өтеп қарызынан құтыла аламыз дегенге сенесіңдер ме? Тіпті ақылға сыймайды. Біз бір күн түгілі, ғұмыр бойы ананың қажетін орындап, құрметтесек те ана алдындағы парызымызды өтей алмаспыз, – деді. Терең ойға беріліп кеткен Бекарыс:

– Әке ана алдындағы міндетімізді қалай өтейміз сонда?

Әкесі:

– Балаларым-ау, пайғамбарымыз алейһис сәләмның: «Жақсылықты кімге жасауымыз керек? деген сұраққа жақсылықты алдымен анаңа жаса», – деп үш мәрте айтқаны жеткілікті емес пе? Ананың ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелеуі асқан бір бейнет болғандықтан «Жәннат ананың аяғының астында» – деп бекер айтпаған пайғамбарымыз алейһис сәләм.

Ұғымтал екі ұлы әкелерінің таңертең ертемен осындай адамның рухын көтерер әңгіме айтқанына, іштей: «Иә, әкешім» дегендей бір күрсініп алды да, жалма-жан аналарын сүйіп құшақтап жатты.

 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ, дінтанушы 

Оқылды 242 рет
JoomShaper