Отағасы, отбасыңды аяла

Дүйсенбі, 29.02.2022

Әйел заты қашанда арманшыл, өзін аялағанды, еркелеткенді ұнатады. Жан жылуын бәрінен биік бағалайды, әрдайым соны аңсайды. Ер адам тарапынан оның тек өзін ғана қалап тұрғанын сезіну әйелдер үшін өте маңызды.

Жұбайыңызға  күнделікті көңіл бөл, ең бірінші болып  қошеметті ол өзіңнен күтеді. Себебі, әйел не жасаса да тек еріне арнайды. Сені қуанышқа бөлеп,  разылығыңды алу үшін боянып сыланады, киінеді, таранады, ас әзірлейді, бала табады. Тек сенің:  «қандай әдемісің, көркің көз сүріндіреді, мына киім қандай жарасымды, сен керемет анасың» деген әдемі сөздеріңді есту үшін.

 Сен жарыңды бір топ қыз ішінен сүйіп, жаның қалап таңдап алдың ғой, сезіміңді білдіріп сүйіспеншілігіңе бөлеймін деп уәде бердің емес пе? Сол сезімің ғұмыр бойы сарқылмасын, жарыңның жанын жалғызсыратпай үнемі сезіміңді жалықпай айтып жүргейсің. Сонда ғана ол сендік болады;     

Әйеліңе оның өткен қателіктерін ешқашан айтушы болма, әсіресе, бөтен адамдардың алдында немесе ұрысып қалған кезде;

Есіңе сақтағайсың әйел жүрегі-бейне бір хрусталь шыны тәрізді. Бір күні шытынап кетсе, мүлдем қайта қалыпқа келмейді. Бұрынғысынша жалтырап, сыңғырламайды;

Жұбайыңның сыртқы келбеті мен дене бітіміне қатысты қыңыр, орынсыз әзілдерден сақтан;

Егер жарыңды ренжітіп алсаң, ерегісіп кінәлі адамды іздеудің орнына, әзәзілдің ойыншығына айналмай тұрғанда, нағыз ер азаматқа тән мінез көрсетіп үйден шығып кет те,  шоқ гүлімен орал. Сөйтіп, сүйіктіңнің ренішін жазып ал. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с) осындай көркем мінезді болған. «Мен: Я, расул Алла, әйелдерімізге қатысты бізге не нәрсе міндеттелінді?-деп сұрағанымда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Өзің жегеніңнен жегізу, өзің кигеніңді кигізу. (асырап, қамтамасыз ету) Әйеліңді бетінен ұрма, және жаман сөзбен балағаттама! Әрі үйіңнен тыс орында дауыс көтеріп ұрыс па. (Муғауия ибн Хайдадан, Имам Термизи)

«Әйелдеріңе тек жақсылық етіңдер! Сендердің әйелдерің қолдарыңдағы тұтқын тәрізді. Олар жағымсыз бір іс істемеген болса, басқа жағдайда олар сендердің теңдерің.

Әйелдеріңнен төсектеріңе бөтен біреудің отырмауын, үйлеріңе сендер қаламаған адамның кірмеуін талап еткенге құқылысыңдар. Әйелдерге келер болсақ, олар сендерден өздерін жақсы киіндіріп, асырауларыңды талап еткенге құқылы» (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай айта отырып он үш әйелінің біріне де қол көтермеген, тіпті сен неге былай істемедің,- демеген.Суләйман ибн Амрдан, Имам Термизи). 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Мүминдердің ішіндегі ең иманы толық мінез-құлқы жақсысы – өз отбасына (жұбайына) мейірімді, жұмсағы» (Имам Термизи).

Әйелдерін бақытты қылуы, отбасының бақытты ғұмыры үшін ерлерге арнайы мынадай кеңестерді ұсынамыз:

1. Әйеліңізді ешқашан кемсітпеңіз, өйткені бұл нәрсе оның жүрегінде ұзаққа қалады. Сөзбен кешіріп, бірақ жүрегімен кешіре алмайтын ең қауіпті кемсітулер – ашу кезінде айтылған ауыр сөздер, оның ата-анасына қатысты айтылған қарғыстар, адалдығына күмән келтіретін айыптаулар және т.б.

2. Егер де сіз әйеліңізге жақсы қарым-қатынас қылсаңыз ол да сізге сондай қатынас жасайды. Сіз оның бақытын өз бақытыңыздан жоғары қоятыныңызды, оның денсаулығына қатты көңіл бөлетініңізді, егер ол сырқаттанып қалса, онда дертінен айығуы үшін қолыңызда барын құрбандық қылуға әзір екеніңізді сездіріңіз.

3. Әйеліңіз сізге қатысты шаруалардың барлығынан да хабардар болғысы келетінін естен шығармаңыз. Сондықтан онымен жиі сөйлесіңіз, сыр бөлісіңіз. Отбасында үнсіз, түнерген, қабағы шытулы күйде болмаңыз.

4. Өз мамандығыңызбен немесе интелектуалды ақыл деңгейімен байланысты қызығуларыңыз сіздің әйеліңізді де қызықтырады деп ойламаңыз. Бұлай ойлайтын болсаңыз қатты қателесесіз.

Мысалы, сіз астрономия профессоры болсаңыз, онда әйеліңізді ғарыштағы жұлдыздар мен планеталардың жағдайы қызықтырады деп түсінбеңіз.

5. Шыншыл және турашыл болыңыз, әйеліңіз де сондай болады. Табарани риуаят қылған хадисте айтылғандай: «Әйелдеріңе опасыздық қылмаңдар, олар да сендерге опасыздық жасамайды». Сондай-ақ көшеде немесе теледидардан болса да бөтен әйелдерге қараудан сақ болыңыз.

6. Әдейі немесе байқаусызда әйеліңіздің қызғаныш сезімін оятудан сақ болыңыз: мысалы, «маған біреулер екінші әйел алу туралы ұсыныс айтты» деген сарындағы сөздерді айту, оған басқа әйелге тәнті екеніңізді көрсету. Себебі мұндай сөздердің барлығы әйелдің жанын қатты жарақаттап, оның жүйкесін жұқартады, науқасқа шалдықтырады.

7. Әйеліңіздің физиологиялық кемшіліктері мен қателіктрін есіне түсірмеңіз, әсіресе, басқалардың көзінше бұлай жасамаңыз. Оны сөкпеңіз.

8. Өз әрекеттеріңізді бақылауда ұстаңыз, өзіңізді тәрбиелеуге тырысыңыз. Себебі, бұлай жасау тек әйеліңіздің міндеті ғана емес. Бұрынғы әдеттеріңізден арылыңыз, әйеліңіздің ашуын тудыратын барлық нәрседен аулақ жүргеніңіз жөн. Тіпті әзілдеп болса да олай жасамаңыз.

9. Әйеліңіздің жақсы қасиеттерін үйренуге тырысыңыз. Көптеген ерлер әйелдерінің рухани және моральды құндылықтары мен жоғары адамгершілік қылықтарын көру салдарынан дінге берік болған.

10. Ұстамды болыңыз, ашуға берілмеңіз. Себебі, ашу адамдар арасындағы кекшілдік тудырады. Егер сіз әйеліңізді ренжіткен болсаңыз, дереу кешірім сұраңыз. Әйеліңіз ренжіп, жылап жатқан кезде сіз оған ашулы күйде ұйықтамаңыз. Сіздер өзара келісе алмаған және ұрысқан нәрсе елеусіз, әйеліңіздің көз жасына тұрмайтын мәселе екенін түсінуге тырысыңыз. Алладан шайтан малғұнның азғыруынан сақтауын сұраңыз.

Сонымен қатар, сіздердің жүректеріңіздегі махаббаттың адал екенін біліңіз. Оған ешқашан күмән келтірмеңіз және қарсы шықпаңыз.

11. Әйеліңізге өз-өзіне сенуіне мүмкіндік беріңіз. Оны сіздің барлық қалауыңызды үн-түсіз орындайтын көлеңкеңізге айналдырмаңыз. Керісінше, өмірге деген өзінің жеке пікірінің, көзқарасының қалыптасуына ықпал етіңіз. Онымен барлық істе кеңесіңіз, пікір алысыңыз. Пікіріне құлақ салыңыз, егер оның дұрыс екенін білсеңіз, хабардар етіңіз. Ал егер әйел пікірімен келіспесеңіз, онда өз ойыңызды сыпайы және әдепті түрде дәлелдеңіз.

12. Әрдайым әйеліңіз алғыс пен мақтауға лайық сәттерде жақсы сөздерге сараңдық қылмаңыз. Термизидің риуаятымен жеткен мына хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с): «Кім адамдарға алғыс айтпаса, Аллаға алғыс айтпайды» делінген.

13. Әйеліңізді сөгіп, айыптауды қойыңыз. Өзіңіз тәнті ағайын-туыс әйелдерін мысалыға келтіруді доғарыңыз. Әйеліңіздің барлық жағдайда соларға еліктеуін қаламаңыз.

14. Әйеліңізге білім алуына жағдай жасаңыз. Егер ол белгілі сала бойынша диплом алуды қаласа, онда оған сүйеніш болыңыз, бірақ, ол білім оның отбасылық, ерлі-зайыптылық міндеттерін атқаруына және дін ережелеріне қайшы келмеуі лазым. Ол жетістікке жеткен сайын, шамаңыз келгенше мақтаңыз, марапаттаңыз.

15. Әңгімелескен кезде оның сөзін зейін қойып тыңдаңыз. Себебі әйел сырын айту арқылы жан дертінен айығады. Әңгіме барысында оған жала жауып, оны ашуландырмаңыз. Алайда ерінің туыстарын (қайын жұртын) жамандап, көп сөйлеуді қалайтын әйелдер де бар. Мұндай кезде олармен байыпты және ұстамды болып, мұның дұрыс емес екенін түсіндіру керек.

16. Әйеліңіз әрқашан кез-келген қасіреттен аман екенін сезінсін яғни, сіз оны ренжітпей және қиын қыстауда жалғыз тастап кетпейтініңізге сенімді болсын.

17. Әйеліңіз қаншалықты дәулетті болса да, оған үнемі материалдық көмек көрсетіп тұратыныңызды сезсін. Оның әкесінен қалған мұрасына қол салмаңыз. Бұлай жасауға исламда тиым салынған.

18. Әйеліңізге адал болыңыз. Себебі ажырасудың көбі ерлі-зайыптылардың бір-біріне дәл осындай адал болмауының салдарынан шығады.

19. Сіздің әйеліңізге деген махаббатыңыз ата-анаңызды, туған-туыстырыңызды жақсы көруіңізге бөгет болмасын. Бұлардың әр бірі өзіне тиісті махаббат мөлшерін алуы керек. Бірін екіншісінен жармай барлығын жақсы көріңіз. Бұл отбасылық қатынасты үйлесімдікке алып келеді.

20. Әйеліңіз өмірде өзіңізге қандай қатынас жасағанын қаласаңыз, оған да дәл сондай қатынас қылыңыз. Ибн Аббас (Алла ол екеуіне разы болсын): «Менің алдымда әйелімнің әдемі болғанын қалағаным сияқты, мен де әйелімнің алдында әдемі болғанды жақсы көремін» деп айтқан.

21. Оның рухани серіктесі болыңыз және оның да сіздің рухани серіктес болуына жағдай жасаңыз. Оның отбасы және туыстарымен махаббат пен құрмет сезіміне толы қатынас құрыңыз.

22. Жұмыста қажеттен тыс ұзақ қалып, әйеліңізді қызғандырмаңыз. Жұмыс сіздің көп уақытыңызды алмасын, әсіресе, аптаның аяғында әйеліңізді отбасылық бақыттан айырмаңыз, сізді күтіп, сағынып сарғаймасын.

23. Үйден шыққанда әйеліңіздің жүзінде күлкі болсын, оның сіз үшін мінәжат қылуын сұраңыз. Үйге тосыннан кіріп келмеңіз. Оның сіздің алдыңызда көрінгісі келген қалпына келуі үшін дайындалуына уақыт беріңіз.

24. Екеуіңізде өмірге деген көзқарастың бір болғаны жақсы. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ер кісілерге мынадай өсиеттер қалдырған:

«Әйелдерге жақсы қатынас қылыңдар» (Ахмад). «Әйел ─ ердің жартысы» (Ахмад). «Өзара әйелдер туралы тек жақсы сөйлеңдер» (Әл-Бухари).

Абдуллаһ ибн Аббас р.ғ: «Еркектің дәрежесі-әйелдеріне көркем түрде құрмет көрсетумен оларға малын аянбай жұмсауға міндеттілігін білдіреді»

25. Кейбір үй-шаруасында әйеліңізге жәрдем беріңіз. Алланың елшісі (с.ғ.с.) адамдарды жақсы көрген. Ол әйелдеріне жәрдем беруді намыс санамаған.

26. Әйеліңіздің елеусіз кемшіліктеріне назар салмауға тырысыңыз. Оның өзіне тән ерекшеліктері мен жақсы қасиеттері бойындағы шағын кемшіліктерін жауып жіберетінін естен шығармаңыз.

27. Әйеліңіздің сізге қатысты айтқан ескертулеріне шыдамдылық пен түсінушілікпен құлақ салыңыз. Тіпіті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері де оның пікірімен кейбір кезде келіспеген. Бірақ, пайғамбар (с.ғ.с.) бұған ашуланбаған.

Иә, күйеу бала, отбасыңыздың жарқын болашағын, бақытты болғанын қаласаңыз ерлі-зайыптылар ең алдымен өзара тату, махаббаты берік болуы керек. Отбасы – қос жүректің мекені. 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ

Оқылды 426 рет
JoomShaper
Top