Отан – отбасынан басталады

Жұма, 22.01.2022

Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, жағдайы жақсы, отбасын асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса, сыйлайтын, ал ұнатпаса, қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық.

Әбу Хатим әл-Музани жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с): «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе, оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер, жер бетінде бүлік және үлкен арсыздық болады» дейді. Сахабалар: «Егер онда кейбір кемшіліктер болса ше?» дегенде, пайғамбар (с.ғ.с) үш қайтара: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе, оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер)» деп айтқан.

Әбу Бәкір қызы Асма: «Неке – құлдықтың бір түрі. Сол үшін әркім өзінің кімге құл болайын деп жатқанына қарасын» дейді. Ал Ибн Омар (р.а.) мен Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Егер бір қауымның құрметті әйелі саған тұрмысқа шықса, оны құрметтей біл» деп айтқанын риуаят етеді. Құранда ерлі-зайыптылар жайлы екі нәрсе айтылады. Бірі – «имраәт», екіншісі – «зәужә». Жалпы, ерлі-зайыптылар екі жарты, бір бүтін болып қосылады. Бірақ қандай жарты, қандай бүтін?

Құранда «имраәт» деп перғауынның әйеліне және Нұхтың әйеліне айтылған және хазіреті Мариямның анасына осы сөз айтылған. Лұттың әйелі де осылай айтылған. Мұндағы мақсат – олардың «зәужа»,  яғни, бір-біріне лайықты жар бола алмауында. Нұх пен Лұт пайғамбардың әйелдері мұсылман болмай, мұнапық болу арқылы кәпірлерге жұмыс жасаған еді. Сырттай әйелі болып, әдемі көрінгенімен, іштей басқа болатын. Құранда ол екеуі жайлы «салихалы күйеулеріне қиянат жасады, опасыздық етті» дейді. Ал хәзіреті Мәриямның анасына бұлай айтылуының себебі – оның сол кезде күйеуі қайтыс болып, жалғыз басты әйел атанған. Ал перғауынның әйелі жасырын мұсылман еді. Яғни, дүниелері басқа еді.

«Зәужа» деп көбіне бір-біріне адал жар болғандарды айтады. Мысалы, жұмақ туралы айтылғанда, «зәужа» сөзі қолданылады. Айталық, бір аятта «Сендердің өз араларыңнан «зәужа» жарлар жаратып, сол арқылы көңілдерің жай табулары, тыныштыққа орануларың Алланың белгілерінен» делінген. Һәм ол аятта «махаббат, рақым» сөзі айтылады.  Ал, қазіргі заманда ажырасулардың көп болуы «имраәттардың» көп болуынан, «зәужа» емес.

Бір-бірімен сүйіп қосылмай, жай ғана бірге өмір сүру үшін қосылатын болса, онда оның әйелі «имраәт» болғаны. Жай ғана қызық көретін әйел. Үй шаруасына қарайтын, киімін, тамағын даярлайтын «робот» әйел. Екеуі бірге ғұмыр кешеді, бір үйде тұрады. Кешке күйеуі жұмыстан келіп, бірге ас ішеді, бар болғаны осы. Ал жан дүниелері басқа. Сырласу, мұңдасу, түсінісу, ұғынысу,қысқа айтқанда, бір-біріне мән беру болмайды. Сөйтіп жүргенде балалары болады, солар арқылы жарасып кетсе кетті, немесе төрт баласы болса да ажырасып тынады. Олардың ажырасулары белгілі еді, өйткені,олар әу баста солай болу шартымен  үйленген. Ажырасу үшін үйленгендер. Бір-бірін сүйіп, ғашық болу арқылы емес,киім таңдаған тәрізді таңдаған. Алайда, Алла олай емес, «зәужа» бір-біріне жар болуға шақырады. Қазақтың «келеді әне екі жас,топты жарып, жар-жар» дейтіні сол. «Жар» – бір-біріне арқа сүйеу, түсінісу, ұғынысу, сүю, аялау, қастерлеу, рақымету, кешіре білу.

Бұған мысал ретінде хәзіреті Әли мен Фатиманы айтуге болады. Олардың қосылғандарына көп болмаған еді. Бірде бір мәмілеге келе алмай, өзара тартысады. Осы кезде Алла елшісі (с.ғ.с) келіп қалады. Бірақ екеуі сездірмеуге тырысады. Пайғамбар (с.ғ.с) тынықпақ болып, жерге төсеніш төсеп, жатқан кезде, хәзіреті Фатима әкесінің жанына жақындай кетті. Осыны көрген хазіреті Әли де пайғамбардың (с.ғ.с) келесі жағына жақындап отыра қалды. Мән-жайды байқап тұрған Алла елшісі (с.ғ.с) хәзіреті Әлидің қолынан ұстап, көкірегіне апарды. Бір қолымен хәзіреті Фатиманың да қолына ұстап, оны да көкірегіне апарды. Осылайша екеуі табысқанға дейін жібермеді.

Екеуі қайта татуласқан соң, Расулулла (с.ғ.с) үйден күлімдеп шықты. Оның осы қуанышын көрген сахабалар қуаныштың сырын сұрады. Хақ пайғамбар (с.ғ.с): «Неге қуанбайын! Жаңа ғана ең жақсы көретін екі адамымды жарастырып келдім» дейді. Міне, сол себепті ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жарасқандығы, бір-бірін сүйгендігі Алланың белгілерінен екендігі айтылады. «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» деген «Рұм» сүресінің 21-аятында Алла тағала. Бұл аяттың екі түрлі тәпсірі бар: Біріншісі, некелесу сүйіспеншілікке, махаббатқа, мейірімділікке бастайды. Екіншісі, жұбайына – сүйіспеншілік, ал баласына мейірімділік болады. Осы жайында Хасан әл-Басри: «некелесу арқылы ерлі-зайыптылар бір-бірінен рахат, ләззат алады. Осылайша адам шаттанып, адал жарымен өзін бақытты сезінеді» деген.

Ер азамат отбасын тәрбиелеуге, қорғауға, қамқорлығына алуға және жауапкершілігін көтеруге машықтанады. Оның жолында қиындыққа шыдайды. Балаларының дұрыс өсуіне күш-жігерін жұмсайды, тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайды. Отбасы үшін адал кәсіп етіп,тамақтандырады. Өзін ғана түзетумен емес, енді балаларын да түзетумен шұғылданады. Сөйтіп үйлену арқылы адам қоғаммен араласады.Сондай-ақ отбасының және балаларының тәлім-тәрбиесіне сабырлық пен ыждахаттық танытса, оларға жақсы тәрбие берсе, онда ол адам Алла жолында соғысқан адамның мәртебесімен бірдей сауап алады.

Бәшар: «Ахмад ибн Ханбал үш қасиетімен менен артықтау. Соның бірі, ол отбасылы болғандықтан, адал еңбек етіп, өзіне және өзгеге пайдасын тигізеді» деп, отбасылы адамның жоғарырақ сауап алатынын айтады. Әбу Масғудтан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер бір кісі отбасының нәпақасын берсе, онда ол оның берген садақасы болып саналады» деген.

Ибн Мүбәрак бауырларымен бірге соғыста жүреді. Бірде ол қасындағылардан: «Сендер біздің осы ісімізден артық істің не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Бауырлары: «Жоқ, білмейміз» деп жауап береді. Сонда ол: «Мен білемін. Отағасы өз отбасына жақсы қарап, жұмсақ болса, түнде тұрып, балаларының ашық жерін жапса, киімімен жауып қымтаса, онда оның осы ісі, біздің осы амалымыздан әлдеқайда артығырақ» дейді.

Әйел үй шаруаларымен  айналысып, күйеуінің әкелгенін ұқсатып, ерінің сыртта алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыру керек. Ал күйеуі болса, адал жолмен кәсіп етіп, отбасына қажетті напақалары мен қажетті заттарды жеткізіп отырады. Осылайша үйлену өзінің берекелі жемісін береді. Екеуі бір-біріне жәрдем беріп, өмір сүрулері жеңілдейді. Айрандай ұйыған отбасына адамдар қызыға қарап, оларға мақтау айтады.  Алла тағала да оларға разы болады. Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Пендеге иман келтіруден кейінгі берілген ең қайырлы нәрсе – салихалы, иманжүзді, ибалы әйел» деп айтқан.

Құран Кәрімде:  «Ол сондай Алла, (мәни) судан адам жаратып, оны ұрпақ және жегжат қылды. Раббың күшті» деп баян етілген.Әбу Умәмә (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мұсылманнның Алла тағалаға деген тақуалығынан кейін ең қайырлы нәрсесі – оның салихалы әйелі. Егер оған бір нәрсені орындауды бұйырса, ол оған мойынсұнады (орындайды). Егер оның жүзіне қараса, көңіліне қуаныш ұялайды, егер одан ұзақ кетсе, онда ол өз нәпсісі мен күйеуінің мал-мүлкін сақтап, оған ие болып отырады» деп айтқанын риуаят еткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі бойдақ өмір сүрмеген, отбасын құрған. Көптеген жұбайларға үйленген. Сондықтан отбасын құру – нәпілден жоғары. Сол үшін некелесу – шариғатымызда жалпыға бірдей бекітілген сүннет. Егер бұл тек пайғамбарымызға (с.ғ.с) ғана қатысты келсе, дәлелі болар еді.

Отбасын құрудың дін және дүние үшін де пайдасы зор. Некелесу – ерлі-зайыптылардың сүйіспеншілігі, ауызбіршілігі, зинадан аулақ болуы, ұрпақ жалғастыруы. Сондай-ақ, әйелдің асыраушысы болады.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,

исламтанушы

Оқылды 595 рет
JoomShaper
Top