Медресе - рухани қазына ордасы

Сәрсенбі, 18.09.2021

Мешіттердегі сауат ашу курстары, аты айтып тұрғандай, діни білім алам деушілерге исламның бастапқы негіздерін оқытады.

 

Елордамызда «Астана» медресесінің мұсылман жастарына есігін ашқалы да екі жылдың жүзі болыпқалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиӘбсаттарқажы Дербісәлінің бастамасымен өмірге келіп, шәкірттерге діни білім беріп жатқан бұл медресеніңқоғам алдындағы міндеті аса зор. Кешегі кеңестік заманда халықтың діннен алыстай түскені өз алдына, тіпті, дін мамандарыныңқатары да тым селдіреп қалғаны рас. Міне, бүгінгі медреселер сондай олқылықтардың орнын толтыру үшін мұсылман жастарын қатарына тартып, болашақ дін қызметкерлерін даярлау үстінде.

 

Жалпы, медресе деген қандай оқу орны? Онда оқу жүйесі қалай ұйымдастырылған және нендей пәндер оқытылады? Міне, осындай сауалдарға жауап алу мақсатында, біз, «Астана» медресесі директорының орынбасары Бейбіт қажы Мырзагелдиевке жолыққан едік.

- Медреседе, негізінен, қандай пәндер оқытылады?

- Медреседе оқытылатын пәндер: арнаулы және дүниеауи пәндер болып екіге бөлінеді. Арнаулы пәндер дегеніміз - аты айтып тұрғандай, діни тұрғыдағы сабақтар болса, дүниеауи пәндерге өзге де оқу орындарында оқытылатын пәндер жатады. Кейбіреулер ойлайтындай, медреседегі білім беру тек діни шеңбермен шектеліп қалмайды. Таратып айтар болсақ, дүниеауи пәндердің ішінде - «мемлекеттік тілде іс-қағаздар жүргізу», «кәсіби қазақ тілі», «Қазақстан тарихы», «дене шынықтыру», «экология», «техникалық қауіпсіздік» деген секілді ізгілендіру пәндері, «мәдениеттану», «саясаттану», «философия», «экономика», «әлеуметтану», «құқық негіздері» сынды әлеуметтік-экономикалық пәндер, «педагогика», «психология», «дінтану», «діни философия», «діндер тарихы», «ислам тарихы», «араб тілі», «фонетика», «морфология», «практикалық араб тілі», «синтаксис» деп аталатын жалпы кәсіптік пәндер және «Құран», «тәжуид», «тәфсір», «хадистер», «мәзһабтар тарихы», «Ахуал шахсия», «Шариғат мақсаты», «ғылым және дін», «ғибадат» т.б. арнаулы пәндер оқытылады.

- Медреседегі оқу жүйесі қайда бекітілген?

- Медресе ашылар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оның Оқу-ағарту бөлімі медресенің жалпы құжаттарын, соның ішінде оқу орнының Жарғысы, стандарттары және жоспарын дайындап, ҚР Әділет министрлігінің Дін істері комитетіне жіберілді. Осы құзырлы мекеме мақұлдаған соң, бұл құжаттарды ҚР Білім және ғылым министрлігіне тапсырып, ол біздің медресенің жарғысы мен стандарттарына және оқу жоспарына келісімін бере отырып, бірауыздан мақұлдап, лицензия берген болатын. Міне, осы келісім арқылы жоғарыда айтып өткен пәндерді оқыту үстіндеміз. Қазіргі күні, Құдайға шүкір, «Астана» медресесінде екінші жыл шәкірттер білім алуда.

- Бүгінде көптеген мешіттердің жанында сауат ашу курстары бар. Медреседегі білім алудың сондай курстардан айырмашылығы қандай?

- Мешіттердегі сауат ашу курстары, аты айтып тұрғандай, діни білім алам деушілерге исламның бастапқы негіздерін оқытады. Мәселен, намаз оқу, Құран оқу, Шариғат, хадис үйрену деген секілді мәселелер төңірегінде жүргізіледі. Мұнда кез келген адам қалағанынша келіп, дәріс ала береді. Бұл да сауапты істердің бірі. Онда сен өзің үшін діннен негізгі мағлұматтар аласың, бірақ курстың діни маман дәрежесін беретін оқу емес екені белгілі.

Сондықтан, медресе діни пәндерді тереңдетіп, талдап, бүге-шүгесіне дейін оқытуымен ерекшеленеді. Яғни, оны бітірген адам діни маман иесі болып шығады деген сөз. Өйткені, өзге де салалардағы жоғарғы оқу орындары сияқты, медреселерде сабақ жүйелі, жоспарлы түрде жүретінін білесіздер. Бұл жас шәкірттердің діни білімінің,  танымы мен түйсігінің артуына зор ықпал етеді.

Медресенің басқа білім алу жолдарынан тағы бір артықшылығы - мұндағы шәкірттердің 24 сағат бойына біздің көз алдымызда болуы. Өздеріңізге мәлім, «Астана» медресесінің оқу ғимараты мен жатақханасы бір жерде, әрі «Нұр Астана» орталық мешітінің жанында орналасқан. Шәкірттер таң-ертеңнен түсқатқанға дейін жоспар бойынша сабақтарын оқыса, түстен кейін қосымша сабақтармен шұғылданады. Кешкісін сол күні алған білімдерін қайталап, ертеңгі сабақтарына дайындығын пысықтайды. Міне, осылайша барлық уақыт бойы біздің қарауымызда болып, діни білімдерін жетілдіруі де олардың қабілеттерін тереңірек шыңдауларына септігін тигізері хақ.

Кешегі атеистік қоғамның әсері ме, медресе дегенде, оны басқа оқу ордаларымен салыстырғанда, төмен дәрежедегі оқу орны деп түсінетін адамдар баршылық. Өйткені, өткен ғасырдың басында қазақ жеріндегі медресе атаулының бәрі «ескіліктің нышаны» деп тегістей қиратылды емес пе. Ал, ақиқатын айтқанда, медресе барлық оқу орындарынан да жоғары тұрады. Өйткені, медресе - бұл мұсылмандардың рухани азық алар ордасы.

Тарихқа көз жүгіртсек, ықылым замандардан-ақ қазақтың небір ғұламалары әуелі сауатын медреселерде ашқан. Ұлы Абайдың да медреседен тәлім алғаны белгілі. Міне, осындай діни оқу ордасының берген білімінің тиянақтылығы, құнарлылығы арқасында ол адамдар қазақтың ірі-ірі тұлғаларына айналды.

Дүниеауи білім беретін мектептерде, орта және жоғарғы оқу орындарында оқушылар мен студенттер түске дейін сабақ оқыса, одан басқа уақыттарда бос. Ал медреселерде әрбір сәт білім алуға жұмсалады десек, қателеспейміз.

- Болашақ дін мамандарын даярлаудағы медреселердің рөліне қандай баға берер едіңіз?

- Мұны алдыңғы сұрақтың жалғасы деп қарасақ та болар. Діни кадрларымыздың саны мен сапасының артуына, дініміздің өркендеуіне, келешегіміздің айқын болуына елімізде ашылып жатқан медреселердің көмегі өте зор. Қазір медреседе оқу мерзімі - 2 жыл 10 ай. Жоғарыда айтқанымдай, уақытты дұрыс пайдаланудың арқасында, осы үш жылға жуық уақыт ішінде шәкірттеріміз толыққанды дін маманы атанбақ. Халыққа ізгілік нұрын шашатын, дінімізді көркейтуге өз үлестерін қосатын үлкен дін қызметкерлерінің осындай медреселерден өсіп шығатынына біздің сеніміміз кәміл. Сондықтан, әсіресе, қазіргі таңда медреселер біздің қоғамға өте қажет.

- Бүгінде «Астана» медресесінің табалдыры-ғын тұңғыш аттаған шәкірт-тер ІІ курсты тәмамдады. Нәтиже қалай? Олар ертең дін қызметкері атануға дайын ба?

- Осыдан екі жыл бұрын медресеге тұңғыш рет талапкерлерді қабылдағанда кейбір қиыншылықтарға тап болғанымыз рас. Алғаш болған соң, мұндай жайттар болмай қалмайтыны анық. «Астана» медресесіне оқуға түсу үшін әр облыста мешіт жанындағы сауат ашу курсынан өтіп, іріктелген балалар жолдамамен келеді. Сөйтіп, солар емтихан тапсырып, одан өткендері медресеге қабылданады. Алғашқы жылы дайындығы нашарлау балалар көбірек еді. Алайда, біз облыстармен сөйлесіп, медресеге жібе-рілетін шәкірттердің білімін пысықтауды тапсырдық. Соның нәтижесінде, екінші жылы қабылданған шәкірттер жақсы даярлықпен келгендерін бай-қатты. Былтырдан бастап оқуға түсу емтиханының талаптарын да біршама күшейттік.

Нәтижесінде, бүгінде бірінші курсты тәмамдап, екінші курсқа аттап отырған шәкірттеріміздің бәрінің де білімдері жақсы деп айтуға болады. Жалпы, медресе шәкірттерінің барлығы дерлік діни сауатты. Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерекше берген тапсырмасы бар: медресені бітірген әрбір бала кемінде Құранның он парасын жатқа білуі тиіс. Біз, шама-шарқымызша балалардың Құран жаттауына көбірек көңіл бөліп, соған машықтандырып жатырмыз.

Қорыта айтқанда, «Астана» медресесінде білім алып жат-қан шәкірттеріміз ертеңгі дін қызметкері болуға дайын. Тіпті, қазіргі күннің өзінде мешіт қызметіне араласып, келген адамдарға құран оқып, неке қиып жүрген шәкірттеріміз бар. Алла қаласа, енді бір жылдан кейін алғашқы түлектерімізді ұшырмақпыз. Олар алған білімдерін өз өмірлерінде тәжірибе жүзінде жүзеге асыра алатындарына сеніміміз мол.

- «Астана» медресесі ҚР Білім және ғылым министрлігіне тіркеліп, өзге оқу орындарымен тең дәрежелі білім ордасына айналды дедіңіз. Қазір келесі оқу жылына шәкірт қабылдауға дайындық жүр-гізілу үстінде. Медресеге түсу үшін балаларға қандай талап қойылады?

- Бас мүфти хазреттің тапсырмасы бойынша, «Астана» медресесіне Астана қаласы мен солтүстік және батыс облыстарынан мектеп бітірген балалар қабылданады. Ұсыныс бойынша әр облыстан 5-6 баладан келіп, біз оларды тіркеп, емтиханға дайындаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында құрылған комиссия әр балаға үш сұрақ қою негізінде емтихан қабылдайды. Бұл қандай сұрақтар дегенге келсек: біріншісі - Қазақстан тарихына байланысты сұрақ; екіншісі - баланың діни білімін тексеруге қатысты болмақ; үшінші сұрақ - медресеге түсуші үміткердің газет, кітап оқуы деген сияқты жеке қабілеттерін тексеруге арналған сұрақ болады. Аталған сындардан сүрінбей өткен жастарға «Астана» медресесінің есігі айқара ашық. Ал, құжат жағын айтқанда, бізге келетін талапкерлер өзге де жоғарғы оқу орындарындағыдай түсерде талап етілетін құжаттарын өткізулері тиіс.

«Оқу - инемен құдық қазғандай» демекші, қандай оқудың да оңайы болмайтыны белгілі. Сондықтан да, біз, дипломы бар деген атақ үшін емес, келешекте ислам дінінің өркен жаюына атсалыссам, халқымды имандылық жолына бастасам деген үкілі үміттерін арқалаған саналы да, алғыр жастарымыздың ғана медресе табалдырығын аттауларын қалаймыз. Оқимын деген зерделі жасқа «Астана» медресесінде толық жағдай бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ескендір ТАСБОЛАТОВ,

«Ислам және өркениет».

http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=1116

 

Оқылды 1403 рет
JoomShaper
Top