Жалғас АСХАТҰЛЫ: Мәзһаб ұстансақ қана бірлігіміз мызғымайды

Дүйсенбі, 21.03.2022

Ислам дінінде құқықтық мәселелер Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде пайда бола бастады. Ол уақытта Алла тарапынан уахидің келуімен түрлі мәселеде шариғи үкім аяттары түсіп жатты. Пайғамбар (с.ғ.с.) өз кезегінде осы үкімдерді сахабаларына аражігін өзінің амалымен, сөзімен және шешімімен ажыратып, түсіндіріп беріп отырды. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін дінді дұрыс түсіндіретін сахабалар болса, кейін ақ пен қараның ара-жігін айырып беретін ғалымдар шықты.  Бүгінгі таңда сол ғалымдардың пікіріне бағынбай, ел арасында бүлік тудырып жүрген түрлі ағымдар аз емес. Осы тақырып төңірегінде дінтанушы Жалғас Асхатұлына бірнеше сұрақтар қойған болатынбыз.

– Жалғас Асхатұлы, әңгімемізді жалпы мәзһабтардың шығу тарихынан бастасақ...

– Адамзаттың ұстазы болған Алланың елшісі (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін ислам діні кең қанатын жайып, түрлі ұлттар мен жерлерге тарап, онда көптеген фиқһ оқытатын медреселер ашылды. Сол жерлердің бірі Куфа мен Басқа қалаларын ерекше атап өтуге болады. Бұл өңірлерде дінге деген көзқарас ерекше болатын. Онда арнайы діни консерваториялар жұмыс жасайтын. Ол жерлерде беделді ғалымдар мен талас-тартысқа түскіш керітартпа ағымдар да көп болатын. Осылайша, сол уақытта фиқһ, ақида мәселесінде мұсылмандар көп тартысатын. Керек десеңіз, арнайы діни мәселеде талас-тартысқа түсетін күндер белгіленіп, оларға арнайы шаралар ұйымдастырылып тұратын.

Мұсылмандар арасына осындай оқиғалардан кейін жік түсе бастады. Әр топ өзінің пікірін алға тартып, дінді айтыс құралына айналдырды. Осы орайда, Алланың қалауымен мұсылмандар арасында фиқһ мәселелерінің дұрыс-бұрысын ажыратып беруші фиқһ ғалымдары шықты. Бұл ғалымдар өздерінің ұстанымдарын тек Құран мен сүннетке негіздеп, арнайы мәзһаб құрыла бастады. 

«Мәзһаб» сөзінің мағынасы «зәхәба» түбірінен шығады. Тілдік мағынада жол, бағыт дегенге саяды. Сондай-ақ, «әртүрлі көзқарастан құрылған бір топ астында жиналған және бағыты мен ұстанымы бір» деген ұғымды да білдіреді. Ал, терминдік мағынада «шариғи үкімдерді жинақтаушы, біріктіріп, бір көзқарасты ұстанушы» дегенге келеді.   

– Бұл фиқһ мәзһабтары да бірнеше топқа бөлінеді ғой...

– Иә, исламда фиқһ мәзһабтары 5 топқа бөлінген. Ахли сүннә мәзһабтары: Әбу Ханифа негіздеген ханафи мәзһабы, Мәлик ибн Әнәс негіздеген мәлики мазһабы, Мұхамед ибн Идрис Шафиъ негіздеген Шафиъ мәзһабы, Ахмед ибн Ханбал негіздеген ханбали мәзхһабы. Ал, шиитік негізгі мәзһаб, ол – Исна Ашрия имамдарынан құрылған жаъфария мәзһабы.

Қазіргі таңда әлемдегі көптеген мұсылмандардың негізгі ұстанымдары осы аты аталған мәзһабтар болып отыр. Бұдан бөлек, бүгінде кең тарамаған, ұстанушылары өте аз Имам Ләйс ибн Саад, Ата ибн Әби Рибах, Суфиян ас-Саури сияқты т.б. мәзһабтар да бар.

- Енді осы мәсһабтардың таралуына тоқтала кетсеңіз...

Мәзһабтардың таралуы былай өрбиді:

- Ханафи мәзһабы – Азия елдерінде, солтүстік Мысырда, Түркия, Ауғанстан және Пәкістан елдерінде көп тараған.

- Мәлики мәзһабы – Африканың батысындағы мемлекеттер, Морокко, Судан, Мысырдың оңтүстігі, БАӘ және Кувейт.

- Шафиъ мәзһабы – Африканың орталығындағы мемлекеттер, Ирак, Йемен және Азияның солтүстігіндегі мемлекеттер.

- Ханбали мәзһабы – Сауд Арабия Королдігінде

- Жаъфария мәзһабы – Иран, Әзірбайжан, Ирак, Бахрейн және Кувейттің кей елдімекендерінде тараған.

Мәзһаб ұстану – әр мұсылманға қашан да қажет дүние. Мәзһабсыз бағыт бұлыңғыр жолға түскенмен тең. Алла тарапынан берілген шариғи үкімдерді қазіргі халық мәзһабсыз түсіну мүмкін емес. Себебі, мәзһаб салушы ғұламалар шариғи үкімдерді Құран, сүннетпен байланыстырып, жік-жікке ажыратып қалдырып кеткен. Біздің негізгі мақсатымыз – осындай ақ-қарасы ажыратылған ұстаныммен жүріп, ешбір теріс көзқарастар тудырмау.

– Өзін әлімсақтан мұсылманбыз деп санайтын қазақ, әу бастан-ақ Әбу Ханифа негіздеген ханафи мәзһабын ұстанады. Алайда, соңғы жылдары мүлдем мәзһабты мойындамайтын жастар көбейіп барады...

– Иә, қазіргі таңда елімізде кейбір жастардың санасы уланып, «Мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ» деген ойларды алға тартып келеді. Бұл – өз кезегінде халықты біріктіру емес, бәлки, халық арасында іріткі салумен тең. Себебі, мәзһаб ұстанушы халық қашан да бір тудың астында бірігіп, ауызбіршілігі артады. Бұл сөзімді қуаттау үшін біршама сенімді деректерге тоқталып кеткен жөн.

Саудияда бүкіл әлемге танымал «Дүниежүзілік ислами лигасы» бар. 1977 жылы қарашаның 12-күні бұл лиганың жанынан «Ислам фиқһ академиясы» ашылған. Академияның негізгі мақсаты әлемдегі мұсылмандардың әртүрлі жағдайға байланысты діни мәселелерде нақты шешімдерін тауып беретін пәтуалар шығару болып табылады. 1987 жылы осы академияның тарапынан кеңейтілген отырыс өтіп, онда мәзһаб ұстануға байланысты және мәзһаб арасындағы қарама-қайшылықтарға орай бірқатар пәтуалар шыққан еді. Ескере кетсек, қазіргі мәзһабты мойындамайтын елдегі кейбір жастардың ұстанымының негізі саудиялық шейхтарға барып тіреледі. Ал, бұл пәтуа өз кезегінде сол шейхтар тарапынан ортақ шешіммен қабылданған болып табылады. Бұл шешімде:

Отырыс 1987 жылы қазанның 17-жұлдызында болып өткен оныншы жылдық жиналысында мазһабтар арасындағы фиқһи қарама-қайшылықтар және кейбір мазһабтардың ерушілері жағынан туындаған шектен шығушылық, тіпті, басқа мәзһабтарға әрі олардың ғұламаларына тіл тигізуге дейін барған сұрықсыз, қатып қалу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ, жиналыста мұсылмандар арасында фитна (бүлік) салып жүрген қатерлі жаңа өрістер жайында қаралып, төмендегідей шешім шығарды:

«Бірінші мазһабтар қарама-қайшылығы жайында: мұсылман елдеріндегі фикһи мазһабтар арасында кездесетін қарама-қайшылықтар екі түрлі: 1. Ақида жайындағы талас-тартыстар. 2. Фиқһтағы кейбір мәселелерге қатысты талас-тартыстар. Алғашқы, сенімге қатысты қарама-қайшылықтар бұрындары ислам жұртына бәле-апаттар алып келген, мұсылмандардың қатарын бұзған және бөлінуге әкеп соқтырған ең үлкен қайғы. Бұл – өте қатты өкінішке ұрындыратын және мұндай болмауы уәжіп болған іс. Ислам үмметі Алла елшісінің (с.ғ.с) дәуіріндегі және әділетті халифалар кезеңіндегі тура және таза ислам діні болған «Ахли сүннә уәл жамаға» мәзһабында бекем болуы шарт. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендерге менің сүннетімді және әділетті халифалардың сүннетін ұстану керек. Ендеше, оны мықтап ұстаңдар» деп бұйырған.

Келесісі, фиқһи мазһабтардың кейбір мәселелеріне қатысты қарама-қайшылықтар. Жағдайдың бұлай қалыптасуының өзіндік ғылыми себептері бар. Бұл нәрседе Алла тағаланың үлкен хикметі, пенделеріне деген мейірімі және шарғи дәлелдерден үкім шығаруға кең мүмкіншілік бар екенін түсінуге болады. Бұл шариғат бір жақты ғана болып, басқа мазһабқа өтуге болмайтындай бекітіліп, құрсауланып қалмайды. Қайта, керісінше, үмметке кей уақыттарда және кей істерде фақиһ имамдардың мәзһабында таршылық болып жатса, басқа мазһабта кеңшілік, ыңғайлылық және жеңілдік табылады. Мәзһабтардың осы екінші түрлі қарама-қайшылықтары фиқһи таласып-тартысу болып саналады. Бұл – дініміздің кемшілігі де, қарама-қайшылығы да емес. Мұндай қарама-қайшылықтың болмауы мүмкін емес. Өзінің толық фиқһи, ижтихадты және заңды жүйеге ие болған әрбір мазһабтың фиқһи ижтихадында қарама-қайшылықтың болмауы мүмкін емес.

Қазіргі таңда біз таласып тартысуға мұқтаж емеспіз, керісінше, ислам дұшпандарының қатерлі істерін ескеріп, сақтанып жүруге және оларға қарсы бірігуге мұқтажбыз»  деп көрсетілген.

Осы мәселеде бірнеше фиқһ ғалымдарының көзқарастарын да атап кетсек:  

Ән-Нафрау «Фауаких дауани» (2/365) кітабында: «Бүгінде ислам ғалымдарының бір ауыздан келісуі бойынша танымал Ханафи, Мәлики, Шафиъ және Ханбали мәзһабтарынан бөлектенуге болмайды. Бұл аталған мәзһабтардан бөлек топқа еруге қатаң тыйым салынған. Себебі, бұл 4 мәзһаб тұлғалары көзі тірісінде ешбірі мәзһаб құрамын деген ниетпен ілім ізденген емес, бәлки, адамдардың арасында түрлі көзқарас пайда болғаннан кейін олардың көзін ашып, нақты Құран мен сүннетке негізделген дәлелдерді жинаумен айналысқан. Бұл олардың шынайы ниетін көрсетеді және олардан қалған шәкірттер осы бағыттың мәзһаб болып қалыптасуына ықпал еткен» дейді.

Сондай-ақ, «Ислам ғалымдары бүгінге дейін шариғи үкімдерге пәтуа беруді осы 4 мәзһабпен тоқтатып қойған. Себебі, бұл мәзһабтар ең сенімді әрі Құран мен сүннетке ең жақын көзқарастарды қамтыған. Олай болмағанда мұсылмандар әртүрлі пәтуа шығарып, өз беттерімен кеткен болар еді» дейді  Али Хайдар «Мужаллад ахкам» (1/34) кітабында.

Мысырлық Мұхаммад Ғазали «Шәйх Мухаммад әл-Ғазали» (19) кітабындағы мақалаларының бірінде: «Менен адамдардың бірі «Пайғамбарымызға ересің бе, әлде, Әбу Ханифаға ересің бе?» деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп, былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Әбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін. Әбу Ханифаның қадірлі болуы өзінің жеке басынан туындаған нәрсе емес. Тек оның айналысқан діни ғылымына және пайғамбар (с.ғ.с.) қалдырған жолмен жүруіне ғана байланысты. Бүгінге дейінгі барлық мужтаһид имамдар да дәл осылай». Деген.

Қалай дегенде де, исламның қамын ойлаған адамның басты мақсаты бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік пен өзара татулықты орнату болуы керек. Бөлінушілік пен кикілжіңге, жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, сыртқы дұшпандық пен ішкі араздыққа алып баратын істердің алдын алуы қажет.

Осы орайда ескеретін жайт, бұл төрт мәзһабтың арасындағы діни көзқарастар халықтың арасында іріткі салу еместігін ажыратқан жөн. Қандай да бір ел бір мәзһаб ұстанса, халықтың ауызбіршілігін бұзбас үшін сол мәзһабқа бойсұнған жөн. Себебі, исламның да негізгі ұстанымының бірі – халықтың бірлігі. Ал, бірлікті бұзған азғын қашан да Алланың назарынан тыс қалады.

Сұхбаттасқан

Олжас СӘНДІБЕК

Оқылды 333 рет
JoomShaper
Top