Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: Дін қабылдау ұлтты тәрк ету деген сөз емес

Бейсенбі, 25.02.2022

Ислам діні қазақтың дәстүр-салты, болмыс-бітімімен үйлесіп жатыр. Қазіргі кезде дінге бет бұрып, мұсылмандық жолға түскен азаматтар көп. Сенім тұрғысында кейбір түйінді мәселелер, әлі де жетіспей жатқан тұстарымыз да жоқ емес. Жаңа заман, дамыған қоғамдағы дін ұстану, дәстүрлі мұсылмандықтан жаңылмау бағыты да көңіл бөлуді, ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз аталған сұрақтар төңірегінде ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлымен сұхбаттасқан едік.

Ислам өркениетке, ғылымға қайшы көзқарас ұстанбайтын дін деп түсінеміз. Сіздің ойыңызша, дін ұстау заманға қарай бейімделуі керек пе?

–Ислам діні аты айтып тұрғандай, бейбіт, тыныш, сыпайы сыйластықтың діні. Адамзат өркениетіне, ғылымға ешқашан қайшы келген емес. Қайшы келу тұр ғой, ғылым-білімді дамытқан, әлемге жайған, өрісін ашып, өркенін өсірген. Әдебиет, математика, физика, астрономия т.б салалар бойынша дін исламның илһамымен сансыз жаңалықтар ашқан. Бір мысал, кезіндегі Османлының астанасы болған Түркияның Бурса қаласындағы «ұлы мешіттің» имам мінбесіндегі ағашқа ойып салған өрнектердің арасында, күннің серігі 11 планетаның бар екені осыдан неше жүздеген жыл бұрын меңзеледі. Оны батыстың ғалымдары көп кейін зерттеп, тоғыз планета деді, кейін қайтадан сегізге түсті. Әлі де үшеуі анықталуға тиіс.  Осы кереметті ислам ғалымдары елден бұрын айтты емес пе?!

Құран он төрт ғасыр бойы өзінің күш-қуатымен адамдарды жөнге салып, өмірді реттеп келеді. Мінсіздігі, бақилығы сан мәрте дәлелденген. Ол Алланың қасындағы ежелгі және жаңа дін. Осы жас қалпымен қияметке дейін жетеді.

Біздер дін ұстауда уақытқа, заманға қарай «үйлесімділік» таныту дегенді өте кең мағынада түсінуге тиіспіз. Бұл жерде Құранды, хадисті, шәриғат үкімдерін қайырып қойып, заманға ыңғайланып күн кешір деген сөз жоқ. Қайта осы аталған, біз басшылыққа алған ұстанымдарымыздың тәпсірін тереңінен түсініп, Алла берген ақылмен, санаға салған илһаммен, әділетпен қарағанда ғана адаспайтын боламыз. Қатаң бағынатын ережені, дін қағидаларын бұрмалау арқылы емес, өзімізді өзгерту, қатып қалған қасаң, кертартпа көзқарастардан алыстап, жүрек пен ақылдың таразысына сала білу мәселесі алға шығу керек. Құранның хикметіне үңілген адамға кез-келген тығырықтан шығуға жол бар. Ұстазымыз Имам Ағзам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша алдымен Құранға жүгіну, онан Хадиске бағыну, онан сахабалардың айтқанына, сонсоң ғұлама-ғалымдардың шешімдеріне, онан кейін ұлттық құндылықтарға  сүйенгенде мәселелерге дұрыс үкім етуге болатыны анық. Уақыттың өтуіне байланысты тұтыну, технология, киіну, қоғамдық форматция өзгергенімен, адам сол баяғы адам. Жаны, жүрегі сол баяғы күйінде. Түпкі қасиетінде, адамдық мәнінде өзгеріс жоқ. Әлсіз боп өмірге келеді, бағу мен тәрбиенің арқасында зорға қатарға қосылып қалыптасады. Сондықтан да бұрынғылар «дін деген қып-қызыл шоқ, ұстасаң қолың күйеді, ұстамасаң имансыз кетесің» деген. Бұған қарап, әсте аулақ жүр деген сөз келіп шықпайды. Қайта, дінді сөзсіз ұстау керек, ұстағанда қол күймейтіндей (өзгеніде күйдірмейтіндей) ұстау керек. Сондықтан, мен заманға қарай бейімделу дегенді осылай түсінемін.

Өзіңіз бала кезден сезініп өскен мұсылманшылық туралы айтып берсеңіз. Сол кездегі адамдардың дін туралы ойы, қазіргіге қарағанда парықты ма?

– Мен өскен ортада дін өмір сүрді, дегенмен қытайдағы «мәдениет зор төңкерісі» дәуірінде (1966-1976ж) жасағандығымнан, аталардың басындағы сәлдесін отқа жаққан, аналарымыздың шашын кесіп күзеген кездің куәсі болдық. Шет жағасын сезгеніміздей жаназасыз мәйіт шығаратын, тойсыз қыз ұзататын сорақы кездің сұлбасы жадымызда қалыпты. Бірақ, бас еркіндігін жауға бермеген, намысын аяққа таптаттпаған сұңғыла қарттар атымен жойылған жоқ еді. Біз әне солардың сөзін естіп, тәлімін алдық. Дінді қисса-дастан, өлең-жырлармен өзегімізге сіңіріп отырды. Тілімізді кәлимаға келтіріп, сүре жаттатты. Ораза айт, құрбан айт дегенді ес білгеннен жақсы түсіндік, бес уақ намазды көріп өстік. Біздің миымыздағы дін – намаз оқу, айт өткізу, ораза ұстау, жаназа шығару, өтірік айтпау, кісі өлтірмеу деп білдік.

Дін туралы ол кездегі ой-пікірмен қазіргі түсінікте пәлендей үлкен айырмашылық жоқ. Бірақ маған мынандай әсер етеді. Ол кезде оқығандар аз, теориялық жақтан білімі бай емес. Алайда, аз білгенінің өзінде бойсұнуы, атқаруы, амал етуі күшті болатын. Қарапайым түрде тақуалық көрсететін. Өмірлеріне сіңіп кеткендігін сезетінбіз. Қазақ өмірі мен ислам дінімізде ешбір айырмашылық, кереғарлық жоқ болатын. Мақал-мәтелдеріміз құран мен хадистен бастау алатын.

Қазір, Аллаға шүкір, әр түрлі бағытта оқығандар көбейді. Оларға ілесіп сөйлейтіндер, патуа беретіндер «бүйректен сирақ шығаратындар» молайып кеткендей сезінемін. Жол, ағым, топ, секталар жамырап қарапайым қазақтың басын қатырып тастады. Соның салдарынан дін мен салт-дәстүр арасында алауыздық туындатып, дінді құбыжыққа айналдыратындар пайда болды. Анау 1990 жылдарда мешітке келгендердің көбейгеніне қуансам (мен 1994-жылы атажұртқа оралғамын), 2000 жылдардан соң сақтанатын болдым. Өйткені, ажырая қарап, ақырып ақыл айтатын, ширк, харам, фитна, бидғат т.б деп қорқытып, діннен үркітетін бір қауымның қарасы көбейіп келеді. Кейбіреулер ұлттық тұтастықты бұзуға, береке-бірлікті ыдыратуға осы дін мәселесін қатты пайдаланып жатқанға ұқсайды. Менің қорқатыным осы. Былай қарасаң, дінді білетіндер көп. Ал, амал етуге келгенде сөз көп іс аз. Әр кім өзінікін бірінші деген менмендік асқынған жағдай мазалайды. Біздің балалық өміріміз дін мен дәстүрдің біте қайнасып кеткен кезіне дәл келді. Санамыз сау қалпында қалды. Мүлде құдайсыздықтан дінге келу әрі жақсы, әрі қауіпті болатынын байқадым. Жақсылығы, ақ қағазға жазылғандай «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» болатыны. Қауіпті болатыны, кертартпа ағымдарға кездескендер өзімен қоса заманға да зардап алып келетіндігі. Араға қырық жыл салғандағы айырма осылай көрініп тұр.

Қазір кейбір өз идеясын уағыздаушылар өнерді дінге қарсы қояды. Шын мәнінде өнер де рухани өмірдің бір тармағы емес пе?

–  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында Сәбит деген ақын сахабаға өлең оқуға, бәйіт айтуға рұқсат берілген. Кейбір риуаяттарда мешіттің ішінде өлең оқитын мінбе болғаны туралы айтылады. Меккедегі кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дін үшін мүшірікпен күрескені жөнінде дерек бар. Сол замандарда көркем сөздің, ән-жырдың жоғары деңгейде дамығандығын жақсы  білеміз. Тіпті, үлкен екі мереке ораза айт пен құрбан айтқа өзгергені анық. Демек, озығын алып, тозығын тастағаны көрініп тұр. Дініміз мәдениетке, өнерге қырын қараған емес. Біздің мазғап Әбу Ханифа (р.а) жолы ширк болмайтын зиянсыз дәстүрлерге тиым салмаған. Бұл асыл дініміздің абзалдығы. Бағзы замандарда өлең-жырды жаны сүйетін қазақ үшін, домбыра, сырнай секілді ұлттық сазаспаптарымыз  ислам дінін насихаттаудың, таратудың құралы бола білді. Көптеген діни ақындарымыз осы өлең, ән әуені (мәуліт айтқан) арқылы Алланың ақиқатын жүректерге сіңіре білгенін жыраулар өмірінен, сал-серілер өмірінен анық байқаймыз. Кейінгі үздік өкілдерін айтар болсақ, кешегі өткен Құл-Қожа Ахмет, Юнус Әмре, Мәулана Жалаладдин Руми, Ибраһим Құнанбайұлы, Мәшқұр Жүсіп Көпей, Жүсіпбек Қожа Шайхысылам, Ақыт Үлімжіұлы, Көдек Маралбай, Таңжарық Жолдыұлы секілді өнердің адамдары дін исламға қызмет етті, солардың сөзімен асыл дініміз санадан орын алды.

Озық өнер, ислам дінімізді таныту, жастадың жан-әлеміне жеткізудің баспалдағы деп түсінемін. Дінді қабылдау, тура жолға түсу деген ұлтты тәрк ету деген сөз емес.

Бір ұлт үшін ежелгі дәстүрі мен діни нанымының арасында қандай байланыс болуы керек?

– Үлкен жақтан, жалпы ұлт тұрғысынан айтар болсақ әңгіме басқа. Мысалы, ескі арабтар ислам дінін қабылдағанда аса ауыр болды. Олар көптеген дәстүрлерінен (пұтқа табыну, пұттарға арнап құрбан шалу, қыздарын тірі көму, арақ ішу, зина жасау, құмар ойнау, кағбаны жалаңаш айналып жүгіру) бас тартуларына тиіс еді. Сол секілді қазірде кейбір халықтарға жеңіл емес. Ал, біздің қазақ үшін( түркілерде) басқашалау. Әуел баста бір құдайлық ханифтік бағытта, бір тәңірлік нанымда болғандығымыздан, бір Алланы мойындау ата-бабаларымызға қиын болған жоқ. Шынында ширк болатын, ұлтты бұзатын ұятсыздықтар болса үзілді-кесілді бас тартуға мақұл болуға тиіспіз. Қуанарлығы сол, біздің тұтас өміріміз дінімізге қайшы келген жоқ.

Мешітке жиі барасыз ба? Дін өкілдерінің ислами құндылықтарды түсіндіруі, жастарға жеткізу жолы сізге ұнай ма? Әлде басқа да ұтымды тетіктер қолданған жөн бе?

– Мешітке жиі барамын. Біздің исламдық өміріміз мешітке тікелей байланысты. Президентіміз айтқандай, «бір дін, бір мәзһаб» саясаты – жалпыға ортақ. Ендеше дініміз ислам, мазғабымыз Әбу Ханифа бізді адастырмайтын қыбыланама болуға тиіс. Мешіт арқылы дінімізді бағамдап-байыптап отыруға болады.

Қоғамдағы кез-келген адамның діни уағыз жүргізуіне, албаты айналысуына құқығы жоқ. Ал, мешіттегі имамдарға ондай құқық берілген. Ендеше олар осы жауапкершілікпен міндетін орынды, ұтымды пайдалануға тиіс. Кейде «осы дін қызметкерлері шенеуніктерге ұқсап бара жатқан жоқпа?!» деп ойлаймын. Себебі, оларда Алланың аманатын сезінуден гөрі, тағайындалған «бастық» сипаты қылаң беріп қалады. Олар тек алдына келген намазхандармен ғана айналысып уағыз айтуды әдетке айналдырған секілді. Айналасына қарап, аяғымен жүріп, қолымен ұстап, тілімен үйіріп адамдарды тарту, көше-көшеден басқалар әкетіп бара жатқан ұрпақтарды ақиқатқа шақырып, бөтендерден арашалап, құтқарып қалу деген мақсатқа жан салып кіріспейтін секілді сезіледі. Бір байқағаным, қолданатын тәсілдері, метотдары ескі. Жүрекке қызмет істегеннен гөрі құлаққа қызмет ететін секілді елестейтінін жасырмаймын (исламға сүйіспеншілікті айтамын).

Мұсылман болу мен арабқа еліктеудің ара жігін жастар қалай ажыратқаны жөн?

– Біз ең әуелі, Алланың, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «мұсылман болыңдар» дегенін, араб болыңдар демегенін жақсы түсініуіміз керек. Қайта біздің халық болып, ұлт болып бөлек-бөлек өмір сүретініміз Алланың қалауы (құжрат сүресінде солай айтылған). Біз бір-бірімізден осылайша парықталамыз. Дінді қабылдау арабтықты қабылдау емес. Ұлы Елшіміз (с.ғ.с) осы қауымнан шыққаны үшін құрмет етеміз, сыйлаймыз. Сондықтан, Хақ дінімізді түсіну, тереңіне үңілу бәрімізге ортақ міндет. Бізге форма жақтағы өзгешеліктерден гөрі, жүректегі өзгеше жаңалық абзал. Қазақтың өз киімі, қалпағы, тақиясы, шекпені, кимешегі, шылауышы, сәукелесі, көйлегі, ерлердің ежелгі сақал-мұрт үлгісі өзіне жарасады. Ұялатындай кемістігіміз жоқ. Кей кезде сүннет ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) киген деп, тұтынатындардың жөні басқа. Бірақ «бояушы, бояушы десе сақалын бояпты» кейпіне түспеген жөн. Дәл қазір бояушылықтың әйелдерге дендеп кіріп бара жатқан кезі. Бастағы шаш байқұс біресе қызыл, біресе сарыға өзгеріп әбден мазасы кетті. Жалаңбас жүру арқылы бір күна жасасақ, бояп, көрсетіп  нәпсіге жем етіп екі күна жасаймыз.

Сондықтан, өлі түрде арабқа еліктеу әсіре оңшылдыққа, фанаттыққа апарса, жалаңаштанып «мәдениетке» еліктеу, әсіре солшылдыққа кіріптар етеді. Алла біздің формамыздың арабқа ұқсауына сауап бермейді, жүрегіміздің нұрлануына сауап нәсіп етеді. Яғни, мұсылман болу жан әлеміміздегі қайырлы жаңалық. Еліктеу пайдасынан зияны басым бос әурешілік.

Мемлекетіміз зайырлы жолда. Бірақ, жас ұрпақтың санасына имандылық ұрығын себу үшін қандай тиімді шаралар атқарған дұрыс деп ойлайсыз?

– Мемлекетіміз зайырлы делінуі – белгілі бір дінді ұстану ел Конститутцияда айтылмағанына қаратылған сөз. Ол дінге тиым салғанды, шектеу қойғанды білдірмейді. Қайта ақ дініміз, бірден-бір тура жол ислам екені айтылып, көрсетіліп келеді. Сөзімен де, ісімен де үлгі көрсетіп келе жатқан Елбасының ресми және бейресми түрде қажыға баруы, мұсылман әлемімен тығыз қарым-қатынасы соны білдірсе керек. Онан ары не айту керек еді?! Мәселе өзімізде, ақ-қараны ажыратпай, адал мен арамды айырмай талғамсыздық танытып жатқан халықтың өзі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «үлкен жиһат өз ішіңдегі нәпсіңді жеңу, көкем мінезбен өмір сүру»  деп айтса, біздер сонау Сириядағы соғысты аңсап, баланы жетім, әйелді жесір қалдырып, әке-шешені  зар-жылатамыз... Дінді түсінген, исламды шын мәнінде қабылдаған адам ешқашан мұндай қадамдарға бармас еді. Отанды қорғау керек пе? Қазақстан бар. Шекараны күзету керек пе? Қазақстанның  он мыңдаған шақырымға созылған шекарасы бар. Ерікті армияға қосылып контрактке қол қой, жеткілікті. Қантөгіс іздеудің не керегі бар еді?!.

Аллаға шүкір, асыл дінімізге мойын бұрушылар бар, мешіттерді толтырып, жамағатты молайтуда. Мәселе ислам дініндегі бауырларымыздың сапасы санмен емес, көркем мінез, ізгі амалдарымен өлшенеді. Осыған орай, үгіт-насихат жұмысын жан-жақты, жүйелі жүргізген дұрыс. «Өз әскерін асырағысы келмеген ел, өзгенің әскерін асырайды» деген екен. Осы сөзді дініміз Исламның тұтынушылары Мүсілімдерге де қаратып айтуға болады. 

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ

Оқылды 1099 рет
JoomShaper
Top