Жаратушының дініне үкім шығарғаны – жаратылғанның азғаны

Сәрсенбі, 05.08.2021

Кейінгі кезде әлде біреулер халықтың асыл дініміз Исламға оралуын пайдаланып, қоғамда мұсылмандардың таласын тударытан, олардың иманына күмән келтіретін түрлі ойларды салуда. Мұндайлардың бір ғана мақсаты бар, ол – мұсылман қоғамын жік-жікке бөлу. Қоғамда және ғаламтор желісінде жие талқыланып жатқан осындай мәселелердің бірі «Иман және амал» тақырыбы.

«Адам иман келтірген соң мүмин болады. Енді ол өзінің мұсылман екенін амалмен дәлдеуі керек. Әйтпесе, мұсылман емес», – деген сөздерді естіп жүрміз. Бұған қатысты дін саласындағы отандық дінтанушы ғалымдарымыз да өз ойларын айтып, мұндай пікірдің «әһлу сүнна уәл жамаға» ұстанымына сәйкес келмейтінін баяндап жатыр. Бұл дұрыс қадам. Елдегі татулық пен мұсылмандардың бірлігін сақтап қалу үшін отандық ғалымдарымыз бен білікті мамандар өз үлесін қосуы қажет.

Ия, расында да иманның амалмен байланысы бар. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, адамды мұсылман ететін оның амалы емес, керісінше оның жүрегіндегі иманы. Иман амалдан бұрын тұрады. Иманы бар адам Құдайдан үміт етіп, амал қылады. Сондықтан да адамның иманы болмаса, оны қазақ «имансыз», –  деп атаған. Ал егер оның иманы бар, бірақ, амалы жоқ болса, онда «әһлу сунна уәл жамаға» ұстанымы бойынша біз оны «имансыз» деп айтуға құқығымыз жоқ. Ол иманы бар, бірақ амалы жоқ күнәһар мұсылман. Ал, күнәһар мұсылманды Алланың атынан үкім шығарып, «кәпір» дей алмайсыз. Бұл – ойыншық емес.

Имам Бұһари және Мүслимнің жинақтарындағыӘбу Һурайрадан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Иман – алпыстан астам немесе жетпіс бөліктен тұрады. Оның ең төменгісі, адамның жолына бөгет болып жатқан нәрсені жолдан алып тастау (жолды тазарту). Ал оның ең жоғарғысы, Алладан басқа құдай жоқ деген кәлима сөзі», –деп айтқан.

Хадисте айтылғандай иман алпыстан астам тіпті, жетпіс бөліктен тұрады. Олардың ең жоғарғысы – «Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Оның елшісі», – деген куәлік сөзі. Кім осы кәлиманы ықыласпен айтса, Аллаға иман келтірген болмақ. Ал енді оның амалы мәртебесі жағынан оның иманынан кейін тұрады. Орайы келгенде айта кетейік. Жалпы амал исламда екі түрге бөлінеді, «ізгі амал» (амалю салих) және «жаман амал» (амалю сайиа).  

Енді ізгі амалдың өзі (амалю салих) екі түрлі амалдан құралады. Біріншісі, адамның өзіне пайда тигізетін, оның рухани дамуы мен иманына күш беретін құлшылық амалдары. Екіншісі, садақа беру, қайырымдылық жасау сияқты қасындағыларға пайда беретін амалдар.Ал, жаман амалға (амалю саййа) сөздің мағынасы айтып тұрғандай Ислам тыйым салған, оны орындау күнә болып табылатын амалдар жатады.

Иман келтірген адамға «иманынды амалмен дәлелде, әйтпесе мұсылман емессің», – деп жүргендер мына жәйтті естен шығарған сияқты. Жалпы исламда жоғарыда айтқанымыздай иман амалдан жоғары тұрады. Ал енді мәртебесі жағынан иманнан кейін тұратын амалды одан жоғары қойып, «кәпірсің» деп айтуға жол болсын.

Сөзімізге дәлел ретінде Омар ибн Хаттабтан жеткен әйгілі хадисті кетірейк. Бұл хадис Исламның негізін баяндап, иманның не екенін анық түсіндіреді: «Бір күні біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, алыс жолдан келгендігі байқалмайтын және оны бізден ешкім танымайтын бір адам келді. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) тізесіне тізелерін тиістіріп отырды да, қолдарын сандарының үстіне қойып:

– О, Мұхаммед! Маған Ислам хақында хабар бер, – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Ислам – сенің Алла тағаладан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі деп куәлік беруің, намаз оқуың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың және жолына шамаң келсе, Қағбаға қажылық жасауың, – деп жауап берді. Әлгі адам:

– Сен, рас айттың – деді. Біз оның Алланың елшісіне (с.ғ.с.) сұрақ беріп және оның жауабын мақұлдап растағанына қайран қалдық. Кейін ол:

– Енді маған иман туралы хабар бер, – деп сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Ол – сенің Аллаға және Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, Қиямет күніне, сондай-ақ, тағдырға: оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің, – деп жауап берді. Ол тағы да:

– Сен рас айттың, – деді...

Хадис осылай жалғасып кете береді. Хадистың соңында хазіреті Омар былай дейді:

– Кейін әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз отырдым. Сонан соң Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– О, Омар! Сұрақ берушінің кім екенін білесің бе? – деп сұрады.  Мен:

– Алла және Оның елшісі жақсы біледі – дедім. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Расында, бұл – Жәбрейіл, сендерге діндеріңді үйрету үшін келген еді», – деді».

Дін исламды үйрету үшін көктен арнайы түскен Жәбірейілдің хадистінде де иманның не екенін анық түсіндірген. Мұнда да иманның жеке өзі айтылады. Иманның қасында «джинс ал-амаль» иманды амалмен дәлелдеу қажет деген ешбір сөз айтылмайды. Бар болғаны «Аллаға және Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, Қиямет күніне, сондай-ақ, тағдырға: оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру...» деп айтылып отыр.

Сонымен иман және амал екеуі екі бөлек келеді. Амал иманның бір бөлігі ғана. Құранда да иман мен амалдың бөлек айтылғанын көреміз:

«Ақиқатында иман келтіргендерді және ізгі амал жасағандарды олардың имандары үшін Раббылары тура жолға салады...».  (Жүніс: 9) Бұл аятта Алла тағала иман келтіргендерді бірінші атап, кейін ізгі амал жасаушыларды келтірген. Осы сияқты Құранда аяттар жетіп жатыр:

«Ақиқатында Алла иман келтіргендерді және ізгі амал жасағандарды астынан өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді...» (Хаж: 23).

Иман келтірген, бірақ амал қылмай жүрген адамның мұсылман екеніне мынадай да бір мысал келтірсек болады:

Екі жас бас қосып, шаңырақ көтерді делік. Жастардың әлі балалары жоқ болса да бұлар некелескен күннен бастап отбасы. Біз: «Бұлардың әлі балалары жоқ. Сондықтан олар отбасы емес», – деп айтуға құқығымыз да, ақымыз да жоқ. Өйткені екі жас адалдыққа серттесіп, шаңырақ көтеді. Кейін жас шаңыраққа балалар қосылып, бала-шағалы отбасына айналды. Бұлар әуеліде де отбасы еді, бала-шағалы болған кезде де отбасы болып қала бермек.Айырмашылығы, жас шаңыраққа жаңа мүшелер қосылып, отбасы кеңейді.

Отбасы болу үшін басты шарт – екі жақтың некелесіп, бір-бірімен бас қосуы. Бұл шарт орындалса, онда бұл екі жас отбасы аталады. Дәл сол сияқты егер адам ықыласпен Аллаға иман келтірсе, ол «мүмин» болады. Өйткені, мүмин болудың басты шарты, Аллаға иман келтіру. Ал оның оқитын намазы, тұтатын оразасы, беретін садақасы секілді т.б. ізгі амалдары жоғарыдағы мысалда айтылғандай отбасына кейіннен қосылған балалар сияқты. Адам иман келтірген соң мұсылман саналады. Біз: «Ол иман келтіріп, алғашқыда мұсылман еді, кейін амал қылған жоқ, намаз оқымады, ораза ұстамады. Сондықтан ол мұсылмандықтан шықты», – деп оны «имансыз» санауға құқығымыз жоқ. Алла бізге ондай билікті бермеді.

Бұлай деп айту дұрыс емес. Мұндай адасушылықты теріске шығару үшін Убайдулла ибн Абдулладан жеткен төмендегі хадистің өзі жеткілікті деп ойлаймын: «Бір күні ансарлардың бірі қасына қара нәсілді күңді ертіп, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келді. Сөйтіп:

– Уа, Алланың елшісі! Мен иман келтірген құлды азат етпекшімін. Егер сіз оны мұсылман деп тапсаңыз, мен оны азат етемін, – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Құлшылыққа Алладан өзге лайық құдайдың жоқ екеніне куәлік бересің бе?

– Ия.

– Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік бересің бе?

– Ия.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) әрі қарай:

– Өлгеннен кейін қайта тірілуге сенесің бе?

– Ия.

Сосын Алланың елшісі (с.ғ.с.) әлгі ансарға қарап:

– Мынаны азат ет, – деді. (Мәлик. Әл-Муатта. 1603)»

Имам Муслимде де осыған ұқсас хадис келген. Бірақ, мұнда Муғауия ибн әл-Хакамға қатысты еді. Алланың елшісіне (с.ғ.с.) тағы да күңді алып келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған «Алла қайда?» және «Мен кіммін?» деген сұрақтарды қояды. Ол жауап береді. Сонда пайғамбар: «Мұны азат ет. Ақиқатында, ол – мүмин», – деп айтады.

Бұл хадистерде пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) Аллаға, пайғамбарға, Ақырет күніне сенген адамның мұсылман екенін растап отыр. Ол мұсылмандығын растау үшін алдына келген әлгі күңдерге әуелі барып намаз оқуға, ораза ұстауға немесе сол сияқты т.б. белгілі бір амалдарды орындауға әмір еткен жоқ. Оларға иманға қатысты сұрақтар қойып, сонымен шектелді.

Осы хадистке қатысты талдау жасаған мұсылман ғалымдарының басым бөлігі: «Кім шын жүрегімен Аллаға және Оның елшісіне иман келтірсе бұл оның иманын және мұсылман (аһлу әл-қиблә) екенін растайды. Оған басқа айғақ келтірудің қажеті жоқ», – деген пікірді ұстанады. Өйткені бұл хадситерде Алланың елшісі (с.ғ.с.) негізінен осы екі сұрақ төңірегінде (Алланың бар екендігі және Мұхаммед Оның елшісі екені туралы) жауап алды.

Адам иман келтіргеннен кейін өзі ашық түрде: «Мен, діннен шықтым» немесе «Мен, басқа дінді қабылдаймын», – деп айтпаса, яки «Діннен шығаратын бір амалды істеп, күпірлік қылмаса» діннен шықпайды. Алла қаласа ол адам мұсылман қалпында қала береді. Оған ешкім «Сен кәпірсің», – деп айта алмайды. Бірақ, ол мұсылман болып қалуы үшін орындалуы тиіс бір шарт бар. Бұл шарт – иман келтірген адамның жүрегінде, көңілінде: «Мен Құдай қаласа Алланың әмірлерін қолымнан келгенше орындаймын», – деген ниеттің болуы. Егер адамның жүрегінде осындай ниеті болса, ол мұсылман болып қалады. Мен, әсіресе, қазақ халқына «мұсылман емессің» деген айыпты ешкім таға алмайды деп айтар едім.

Өйткені, ауызында «бисмилләсі» болмаған қазақ жоқ. Ал, «бисмилләні» тек мұсылман баласы айтады. Басқа дін өкілдеріне «бісмілләні» мылтықпен зорлап та айтқыза алмайсын. Қазақ ықылым заманнан «бисмилләсіз» сойылған малды «арам мал» деп жемей келген. Тіпті, Кеңес өкіметінің кезінде де ата-әжелеріміз, әкелеріміз: «Балам, мұнда доңыздың еті бар» немесе «Арам өлтірілген мал», – деп шұжық етін жемегенін талай көзбен көрдік. Сол сияқты Зере анамыздың дана Абайды дәретсіз емезбегенін жақсы білеміз. Біздің жаңа туылған нәрестеге азан шақырылып аттың қойылуы да тікелей дінмен байланысты епес пе? Аталарымыздың ауыздарында Алла, қолдарында Құраны болды. Біз қалайша осындай адамдарды мұсылман емес деп айта аламыз?

Тағы бір мысал, қазақ баласын шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, «ұят болады» сөзімен өсіріп келді. Аналарымыз: «Тиме, ұят болады», «Барып сәлем бер, ұят болады», «Қолына су қүй, ұят болады», «Апарып бер, ұят болады», «Дауыс көтеріп сөйлеме, ұят болады» деген сөздермен өстік. Сөйтіп, «ұят» сөзі құлағымызға құйылып қалған десек те артық болмас. Ал, Ибн Омардан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында ұят – иманнан», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим).

Түйін

Қоғамда осындай бүлікті шығарып жүргендер қазақи тәрбиеден мақұрым, ой-өрісі тар, бала кезінде мұсылманшылық ортаны көрмей өскендер немесе Қазақ жеріндегі мұсылман қауымын бірнеше жікке бөліп тастауды қалайтындар. Бұдан қала берсе, мұндайлар имам Ағзам мәзһабын ұстанбайды. Өйткені, олар өздерін дін ғұламаларын мойындатқан, әлемдік деңгейде құқық мектебін құрған Әбу Ханифадан жоғары санайды.

Бір қызығы жоғарыда айтқанымдай осындай жаңашылдықты  халықтың тарихын, мәдениетін, дәстүрі мен руханиятын шала білетін немесе одан мүлдем хабары жоқ, діннен сауаты аз немесе толық емес, ауызынан әлі ана сүті кете қоймаған жастардың «даналық айтып» ақыл үйретуі. Олар ақыл айтып қана қоймай, адамға қарап, оның сыртынан Алланың атымен үкім шығара салады. Бұлай жасай салу оларға жеңіл.

Дін ислам бізге қоғам ортасында «Сен мұсылман емессің», «Сен ораза ұстама, өйткені намаз оқымайсың», «Сенің садақаң қабыл болмайды», «Намаз оқымайтын адамның дүниесін тартып алуға болады» деген сияқты бүлікке себеп болатын сөздерден сақ болуға бұйырады: «Бүліктің күнәсі– адам өлтіруден де ауыр» (Бақара: 217).

Өйткені, бүлік салдарының қандай болатыны біздің барлығымызға мәлім. Сондықтан Алла тағаланың орнына үкім шығармайық.Дінімізде жауапсыз мәселе жоқ. Ғалымдар олардың әрбіріне тиянықты, ақылға қонымды етіп, рационалды түрде жауап берген. Жерден жеті қоян тапқандай айқайлап, дінде «жаңалық» ашудың қажеті жоқ. Ойымды Аббас ибн Абду Мутталибтен жеткен мына хадиспен түйіндегім келіп отыр: «Кім Алланы – Раббым, Исламды – дінім және Мұхаммедті – пайғамбарым деп разы болса, сол адам иманның дәмін татады». Алла иманымызды күшейтіп, елімізге бірлік пен береке берсін.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

Дінтанушы, философия ғылымының кандидаты.

 

 

 

 

Оқылды 1343 рет
JoomShaper
Top