Ершат Оңғаров

Исламтанушы, доктор Ph.D

Өмірбаяны Арнау сөз Еңбектері Мақалалары Сұрақ қою

Өмірбаяны

1975 жылы 22 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ералиев ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Жайрем кентіндегі №10 орта мектепті бітірген.

1994 жылы 13 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) өткен байқау арқылы Египет Араб Республикасы, Каир қаласындағы әл-Азхар университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы аталмыш университет жанындағы Ислам ғылыми зерттеулер институтын тәмәмдап, 2004 жылы әл-Әзхар университеті «уағыз-насихат» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесіне қол жеткізген. 2006 жылы Египет Араб Республикасы Жоғарғы білім министірлігі Ислам ғылыми зерттеулер жоғарғы институтында исламтану мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болған. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында бірінші болып философия, мәдени антропология мамандықтары бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.

Қазақ, орыс, араб және түрік тілдерін біледі.

2007-2009 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында маман, бөлім бастығы, 2009-2011 Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы болып жұмыс iстедi. 2011-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі (ДІА) Дін мәселелері бойынша ғылыми зерттеу және сараптама орталығына исламды зерттеу бөлімінің бастығы, ҚР ДІА Діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасының Бас сарапшысы болып қызмет атқарған.

2013 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің хатшысы және Қазақстан Республикасының Халықаралық Ислам фиқһы (заңы) академиясындағы [International Islamic Fiqh Academy] тұрақты мүшесі.

Мұсылман әлеміне танымал ұстаздары:

  • Махмуд Хамди Зақзуқ – ЕАР Уақф министірі
  • Мұхаммад Саид әт-Тантауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің шейхы
  • Ахмад Омар Хашим – ЕАР Әл-Азхар университетінің ректоры
  • Абдурахман әл-Адауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің профессоры, Парламент мәжілісінің депутаты

Арнау сөзі

Ассаламу алейкум құрметті оқырмандар!

Мен – Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, исламтанушы, теолог, Ph.D-мын, орыс, қазақ тілдеріндегі жарық көрген «Мұхтасар тәжуид» еңбегінің авторымын, дін, мәдениет, руханилық мәселелері бойынша бірқатар ғылыми-танымдық мақалалар жаздым. Қазіргі таңда «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты монографиялық еңбегім баспаға әзірленуде. Сарапшы ретінде келесі тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге дайынмын: Құран тәпсірі, ислам мәдениеті, ислам құндылықтары, ақида мәселелері.

Еңбектері

  • Оңғаров Е.А. Мұхтасар тәжуид, «Дәуір», – Алматы. 2006 – 88 б.
  • Онгаров Е.А. Мухтасар тажуид, «Көкжиек» – Алматы. 2012 – 100 с.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары, «Көкжиек» – Алматы. 2013 
  • «Мұхтасар тәжуид» қазақ және орыс тілінде (Құран оқу ережелері), Алматы – 2006
  • «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» (монография). ҚР БҒМ, Алматы баспа үйлері, 2014 
  • Құран – мағынасы мен түсініктемелері. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы, Алматы – 2015 (аудармашылардың бірі)
  • «Дін – насихат» Ақпараттық-насихат тобына арналған әдістемелік құралы. ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
  • Жұма уағызы-ІІ, ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
  • Дін, мәдениет, руханиат салаларына арналған 33 ғылыми-танымдық мақалалардың авторы

Мақалалары

  • Оңғаров Е.А. Мәдениетіміздің негізгі тірегі – дініміз // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2007. – № 4. – 298-301 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам жаһандануға қарсы ма? // «Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер мен инновациялар» Халықаралық ғылыми конференция материалдары, әл-Фараби атындағы КазҰУ. – Алматы, 2007. – 217-227 бб.
  • Оңғаров Е.А. Қазақстан Республикасындағы мұсылманшылық және ұлттық қауіпсіздік // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2008. – № V. – 44-50 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының модерндеуге қатысты кейбір аспектілері // «Ұлттық идея философиясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – 243-251 бб.
  • Оңғаров Е.А. «Матуруди» мектебінің қазақ мәдениетіндегі орны // «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Атамұра. – 2009. – 158-165 бб.
  • Оңғаров Е.А. Kazak kulturunde Imam Maturidi ve maturidilik // Dini arastirmalar dergisi, Түркия, Анкара: Анкара Университеті. – 2010. – №34. - ss.48-53
  • Оңғаров Е.А. Әл-Фараби еңбектеріндегі ақыл-парасат ұғымы мәдениет құндылығы ретінде // ҚазҰУ хабаршысы, философия, мәдениеттану және саясаттану сериясы – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – № 2 (33). – 104-107 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтары – мәдени антропологиялық феномен ретінде // Әл-Фараби. – Алматы. – 2010. – №1(29). – 74-80 бб.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті – шешендік өнер туындыларындағы ислам құндылықтары // Ізденіс. – Алматы. – 2010. – №2. – 114-118 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарын мәдени – антропологиялық талдау // Адам әлемі. – Алматы. – 2010. – №1(43). – 10-17 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының тарихи ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы. – Алматы. – 2010. – №1. – 123-128 бб.
  • Оңғаров Е.А. The morality in the history of eastern thought // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №2 (3). – Р. 2-5.
  • Оңғаров Е.А. The phenomenon of moral-thinking as Islamic value // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №3 (4). – Р. 9-14.
  • Оңғаров Е.А. Kazak medeniyeti'nin felsefe tarihindeki manevi degerleri // Bilgelik, Aylik bilim ve arastirma dergisi. – Ankara. – Ekim, 2009. – ss.32-36.
  • Оңғаров Е.А. Абай дүниетанымындағы ислам құндылықтарынан ғибрат алған этика мәселелері // Ғылыми педагогикалық журнал / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2009. – № 6. – 181-185 бб. 16 Оңғаров Е.А. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары, e-islam.kz.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениетімен сабақтасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – ел бірлігінің кепілі, e-islam.kz.
  • Оңғаров Е.А. Жихадизм мен экстремизмнің алдын алудың кейбір жолдары. 19 Оңғаров Е.А. Ұстазыңыз интернет емес, имам болсын, e-islam.kz
  • Оңғаров Е.А. Діни экстремизмнің жастар арасында таралуының алдын алудың бірегей жолы. 21 Оңғаров Е.А. Мәулітті шектен тыс тойлап жүрген жоқпыз ба?
  • Оңғаров Е.А. Абай және сүнниттік ислам.
  • Оңғаров Е.А. Дін және дәстүр.
  • Оңғаров Е.А. Жиһад және бүгінгі әлем.
  • Оңғаров Е.А. Екпе жасату керек пе жоқ па?
  • Онгаров Е.А. Маулид Пророка.
  • Оңғаров Е.А. Экстремизм және оның алдын алу шаралары.
  • Оңғаров Е.А. Насихат жетпеген жер қалмайды.
  • Онгаров Е.А. «ПРИВИВКИ: ДА или НЕТ?».
  • Оңғаров Е.А. Сәләфилер неге бөлінді?

Діндарлық және зайырлылық

Дүйсенбі, 29.12.2021

Руханиятымыз жаңғырып, имандылыққа бет бұрған тәуелсіздіктен кейінгі еліміздегі діни-рухани деңгей көтеріліп те қалды. Тек ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам діні арқылы мұсылман ұлттардың ғана емес, басқа конфессия өкілдерінің де сенімінде жаңғыру пайда болды. Осы арқылы басқа діндер мен діни ағымдар да бар қарқынымен тарала бастаған еді. Осы діни сенім бостандығы мен рухани жаңғырудың қарқынына байланысты қазірде елімізде әртүрлі діни сауаттылық деңгейіндегі өкілдер қалыптасып үлгерді. Осы діни сенім мен дүниетанымдық көзқарастардың әралуандығы, соның ішінде халықтың басым көпшігі сенім ретінде ұстанатын ислам дінін ұстанушылардың арасындағы көзқарас қайшылықтары ортаға шыға бастады. Діни ағымдар мен көзқарастарды өз бетінше үйреніп, діни сауатын ашқан азаматтардың өз сенімдері мен ұстанған бағытын ғана дұрыс сенім деп қабылдауы, басқа көзқарастағы адамдарды жоққа шығаруы адамдар арасындағы діншілдік түсінігінде қайшылықтар тудырып отыр.

Кез келген діннің негізін жаратылыстан тыс түрлі  күштердің бар екендігіне сену олардың әлем жаратылысы мен адамдардың өміріндегі рөлі құрайды. Сондықтан дінге не діни нанымдарға сенетін адамдар арасында сену дәрежесіне қарай әртүрлі деңгейлерге бөлінеді. Бұл ислам дінінде имандылық, тақуалық ұғымдарымен белгіленеді. Осыдан бастау алып, бір ислам дінін ұстанушылардың өзі бір-біріне имансыз, құдайға серік қосушы, бидғатшыл, екі жүзді деген сияқты діни ұғымда барынша ауыр саналатын айыптар тағуда.

Адамдардың дінге деген ара қатынасы, жаратылыстан тыс әлемге сену деңгейі діндарлық немесе діншілдікұғымымен сипатталады. Дін обьективті сипатқа ие болса, діншілдік субьектінің ерекшелігі болып табылады. Ол индивид, тұлға, топ, ұжым, ұлт, адамзат  ретінде қарастырылатын субьектіге тән. Сондықтан қоғамдағы діндарлық түсінігінің әртүрлі қалыптасуы да бір қарағанда заңдылық болып саналады.

Осы әртүрлі көзқарастар мен нанымдарды біріктіретін, олардың сенім еркіндігін қалыптастыратын жүйе бұл – зайырлылық. Зайырлылық түсінігі де қазіргі қоғамымызда әркелкі түсініліп, әрбір көзқарастағы адамдар өз қырынан өзіне бұра тартып жүр десек болады. Бұл түсінік негізгі батыстағы секуляризация түсінігінен шыққандай. Олай болатыны қазіргі қоғамның құқықтық базасын Батыс көзқарасындағы құқықтық жүйелер құрайды. Секуляризация дегеніміз (лат.тілінде азаматтық, зайырлы) деген мағынаны білдіреді. Секуляризацияны нақтырақ  қарастырсақ, ондай процесс: қоғам мен діннің ара қатынасының өзгеруі, қоғамның, жеке адамдардың дін ықпалынан арылуы, дін меншігінің мемлекет меншігіне ауысуы, дін және кейбір қоғамдар, мүліктерінің олардан бөлінуі сияқты мағыналарды береді. Ал бұл қайшылықтарды былай жүйелеуге болады. Мәселен қатаң (радикалды) діншіл үшін зайырлылық ол-дінсіздік. Олай болатыны, сол діншілдердің пікірінше барлық нәрсе тек діни қағидаларға негізделуі тиіс. Дінге негізделмеген жүйе де дінсіз жүйе болып саналады. Сондықтан олар үшін зайырлылықты түсінуге талпыныс жасау ол орынсыз талпыныс. Екінші жақта дінге немқұрайлы, өзбетінше өмір сүрігісі келетін топ үшін де зайырлылық дегеніміз дінсіздік. Олай болатын олар өздерінің дінсіз әрекеттерін зайырлылыққа сілтейді. Олай болса үшінші топ үшін ғана зайырлылық маңыздылыққа ие. Бұлар дінге де немқұрайлы қарай алмайды, қоғамдық қатынастарды да келісіммен шешкенді жөн санайтындар. Олар үшін діндарлық пен зайырлылық онша қайшылық емес. Елімізде де зайырлылықық осы деңгейі қалыптасып келеді деуге негіз бар.

Діндарлық және діншілдік – ең алдымен адамдардың тобы немесе жеке адамның әлемге деген діни көзқарасысының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының белгісі. Ол құбылыстарды, оқиғаларды, қарым-қатынастарды сенім тұрғысынан қабылдау және бағалауда көрінеді. Қазіргі кездегі адамдарды діншілдігіне байланысты екі типке бөліп қарастыруға болады: діншіл немесе діншіл емес адамдар. 

Алайда, дін мен діншілдің аражігін ажырата білу керек. Кейде діншілде яғни, діндар адамда көрінген кемшілікті діннен санап жататынымыз бар. Шын мәнісінде дін, кез-келген халықтың мәдениеті мен салтына айналған құндылық. Мәселен, исламның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі аз емес. Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қанша болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдардың қосқан үлесі де өте зор. К.В. Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренесансқа, ренесанс өз кезегінде исламға қарыздар. [1] Сондықтан исламда да зайырлы сипат басым, егер ондай сипат болмағанда осынша таралу қарқынына ие бла алмас еді. Мұны Құран мен хадистер де жоққа шығармайды.

Әрі жалпы діндар адам саяси мәселелер мен араздық негізінді емес, ішкі жетілу бағытында жұмыс жасайтыны хах. Осыған дәлел, қазақ халқының арасынан да қаншама ғалымдар ислам құндылықтарымен сусындай отырып, өздерінің шығармаларына арқау етті. Ғалымдарымыз Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін өлең түрінде жеткізу арқылы, біріншіден, мәселенің есте тезірек сақталуына, екіншіден айтылған сөздің өзектілігін арттыруға ерекше мән берген.

Бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл, отандық ғалымдарымыздың діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Олардың туындыларының негізгі өзегінде байсалды діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр. Бұл дегеніміз, біздің халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында діндарлық жоғарыда аталған құндылықтармен анықталады деген сөз. Бұл қазіргі қазақта бұрын шынайы ислам болмаған, олар исламды дұрыс түсінбеген деген сияқты жаңсақ пікірлерді түбейгейлі жоққа шығарады.

Мәселен, Сәдуақас Ғылманидың да өлеңдерінің ерекшелігі тікелей осы сүрелер мен хадистермен астасуында. Өлеңдерінің өзі «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі», «Әйуһәл-уәләдтың біраз аудармасы», «Пайғамбардан көшірілген мына бір хадис» деп аталуында жоғарыда айтылған ойлардың жатқандығы шындық. Мысалы:

«Ғанкабут» сүресінің бір аяты,

Сөйлеген көп мысалмен хикаяты.

Аңдаушы ғалым ғана деп білдірген,

Ұсынған болған жанға дираяты.

«Ғасыр» сүре есіңде өте сақта,

Қашанда адамшылық жолын ақта.

Бұл өсиет, ақылым, інім саған,

Күйдірме мүһмен жанды құр нахаққа. [2, 114-138 бб.]

Сондай-ақ, тікелей діни мәтіндер болмаса да діннің мазмұнына сай тәрбиелік бағытта жазылған өлеңдеріне діндарлықтың сыртта емес жан дүниенің кемелдігінде болатындығы баса айтылады.

Мәселен, Шәкәрім шығармаларында:

Сыртыңды сыланасын сән беріп,

Ішіңнің түзетпейсің хатасын.

Айла мен алдағанды жөн көріп,

Адамды аң орына атасың.

Жалғанның бір пайдасың көргенде,

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде,

Амалсыз қара тастай қатасың.[3]

Немесе Қожа Ахмет Ясауидің:

Қожа Ахмед , нәпсі мешкей түк тоймайды,

Жер көкті түгел жұтсын жұқ болмайды.

Топырақ құшса ғана бітті ол қайғы,

Бейнәпсі қор қызымен жасар, достар [4] ,- деген өлеңдерінде адамның ішкі кемелдігінің маңыздылығы баса көрсетіледі деуге болады.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы Құрандағы аяттар мен пайғамбар хадистерінің мазмұнымен астасып жатыр. Мысалы; жоғарыдағы «нәпсі» жайында айтылған ойлар Жүсіп сүресінің 53-аятының мағынасы деуге болады. Бұл аят мәтініңде: «Мен нәпсімді ақтамаймын; өйткені нәпсі әрдайым жаманшылықты бұйырады...» - делінеді немесе Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Сенің ең зарарлы дұшпаның – нәпсің»- дейді. Егер осы мәселені жаңғыртып, дәстүрлі діндарлық ұстанымып дәріптеп, төл діни түсінігімізге оралсақ, қазіргі дін саласында болып жатқан көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктер өз шешімін табары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, діндарлықтың негізгі ұстыны дәстүрлі діни көзқарастарға негізделуі тиіс. Сонда ғана зайырлылық ұстынымен қайшылыққа түспейді.  Діни ұстанымдар мен діндарлық мәселесінде сабақтастық сақталған жағдайда діни көзқарастарға негізделген қайшылықтар мен діншілдік турасында түсінбеушіліктер болмасы хақ. Әрі еліміздегі зайырлылық түсінігін және еліміздің дін ұстанымын діндарлық ұстанымдарға қайшы келмейтіндей етіп қалыптастыруға болады деп сенеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1 М. Уотт, Влияние Ислама на средневековую Европу, иное положение в мусулманском мире, Шапағат-нұр, 11/ 2001. – 36-37 бб.

2 Ғылмани С. Шығармалары /Құрастырған Д. Қамзабекұлы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2011. – 392 б.

3 Шәкәрім. Шығармалары. –Алматы, «Жазушы». 1988. -113 б.

4 Қожа Ахмед Йасауи. Хикмет жинақ. – Алматы, «Жалын». 1998. – 107 б.

 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Дінтану кафедрасының доценті қ.а.,

философия ғылымдарының кандидаты

Кеңшілік Тышхан 

Оқылды 8065 рет
JoomShaper
Top