Астанада өтетін Сирия бойынша келіссөзден не күтеміз?

Сәрсенбі, 18.01.2022

Өткен жылы Сириядағы қақтығыстарды біріңғай мәмілені іздейтін пікірлесу  алаңын еліміз Астанада өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Содан бері Ресей, Түркия, Сирия билігі және сириялық оппозиция өкілдерімен ағымдағы жылдың 23 қаңтарында Астанада кездесуге ниет танытқан болатын. Бұл бастамаға негізгі ұйытқы болып отырған әрине Қазақстан. Бүгінде Астанада өтеді делінген келіссөзге байланысты түрлі ақпараттар тарауда. Біз осыған байланысты еліміздегі теолог мамандар мен саясаттанушылардың пікірін білгенді жөн көрдік.

Балғабек Мырзаев,

Теология ғылымының докторы

Қазіргі уақытта әлемдік аренада Сирия бойынша  Ресей, Түркия және Иранның қатысуымен Астанада өтуі жоспарланған келіссөз мәселесі кеңінен талқылануда. Алғашқыда кездесу Астанада 23 қаңтарда өтуі мүмкін деп жоспарланған болатын. Алайда,  Сириядағы қақтығысқа қатысты топтардың өз ішіндегі келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер оның мерзімін сәл кейінге шегерілуіне апаруы ықтимал.

«Араб көктемінен» әсерленіп, 2011 жылы басталған ішкі жанжалдың ақыры Сирияның 5 миллионға жуық азаматының туған топырағынан бездіріп, баспанасынан айырды. Сириямен көрші елдерге қашқан босқындардың тұрмыс жағдайы адам төзгісіз шарттарда тұруға мәжбүрлеуде. Бұл соғыс Сирияда жесір қалған әйелдер мен жетім қалған сәбилердің санын көбейтіп, әлем халқының қабырғасын қайыстырды. Баратын жер, басатын топырақ таппаған бейкүнә адамдар Жерорта теңізінің толқындарына көміліп қаза болды. Осыншама жантүршігерлік қақтығыс билікті де оппозицияны да әбден титықтатқаны сөзсіз. Сондықтан, бейбіт саяси келіссөз – Сирия  мәселесін шешудің жалғыз жолы болып отыр.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Түркияның президенті Режеп Тайиб  Ердоғанға Сириядағы қақтығысушы тараптарға Астанада жаңа алаңда бейбіт келіссөздер өткізу үдерісін жалғастыруды ұсынғаны белгілі. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев бұл бастаманы қолдап, келіссөз үшін алаң ұсынуға әзір екенін хабарлаған болатын. 2016 жылдың соңғы күндері ҚР Сыртқы істер министрлігінің жаңа басшысына жоғары деңгейде дайындық жасауды тапсырғаны белгілі.

Осы жерде аталған келіссөздердің Астанада өтуіне халықаралық аренада кең қолдау көрсетілгені елімізге деген үлкен сенім екенін атап өткен жөн. Оның ішінде, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин Астанада Сирияға қатысты кездесу өткізуді қолдайтынын мәлімдеді. Иран елінің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Бехрам Касими де 2017 жылғы 2 қаңтарда берген брифингінде Сирия билігі мен оппозициясына жақыннан қатысы бар келіссөзді қолдайтынын және оған қатысты өздерінің алдын ала қойылатын ешқандай талаптарының жоқ екенін мәлімдеді. Жалғыз тілектері ортақ диалогтың табылуына қолдау көрсету екенін жеткізді.

Осындай ауыр жағдай қалыптасқан алмағайып заманда Астананың Сириядағы ахуалға қатысы бар барлық тараптарды соғысты тоқтатуға жұмыс жасауға шақыруы батыл қадам екені ақиқат.

Қазақстанның бұған дейін Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін 5 мәрте өткізіп, барлық діндер мен дін өкілдерінің басын біріктірген тәжірибесі Сирия мәселесін шешуде үлкен тәжірибе болады деп сенем.

Әлемнің алпауыт мемлекеттері де осы үшін Қазақстанның Сирия мәселесін ауызбіршілікпен бейбітшілікке бастай алатынына сенім артып қолдау білдіріп отыр.

Ресей, Түркия және Иранның бұл проблеманы саяси тұрғыда шешудің кепілі бола алады деп  Астананы таңдауы да осыдан болса керек.

Астана келіссөзі Сирияның бейбітшілікке апаратын жол картасын айқындайтын аренаға айналып жатса, бұл Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосқан кезекті үлкен жеңісі болады.

 

Мақсат Жақау,

Саясаттанушы

Халықаралық деңгейде өзіндік саяси ұстанымын қалыптастырған еліміз биылдан бастап БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Сол бағытта әлемдік бейбітшілік сақтау, қарулы қақтығыстарды болдырмау мәселелерін күнтәртібінде жаһандық деңгейде қарастыруға, өз көзқарастарымызды білдіруге мүмкіндік алды. Тынық мұхиты мен Азия елдерінің атынан сайлану кез-келген елдің қолынан келе бермейтін шаруа. 138 елдің қолдауымен Орталық Азия өңірінен тұңғыш рет осындай жетістікке жетіп отырмыз. Оның үстіне өткен жылдың қыркүйегінде әлемнің «Үздік жиырмалығының» саммитіне шақырылып, астарлы әрі салмақты ойларымызды айтуға мүмкіндік алуымыз, өз кезегінде Елбасы саясатының әлемдік саяси сахнадағы тұғырлы орнын, геосаяси аймақтағы белсенді шешуші ойыншы екендігін көрсетті. Әрине, қысқа мерзімдегі осы оқиғалардың өзі әлемде өршіп тұрған Сирия мәселесіне немқұрайлы қарамай, қайта аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуды жеделдетуге атсалысуымыз заңдылық. Біріншіден, бұл қақтығыста Ресей мен Түркия не Еуропалық топ сияқты нақты ешқайсысының жағында емеспіз. Қарапайым мысалмен айтсам, алдыңғы жылы Түркияның Анкарасында ірі саяси форумда болғанымызда, сол жақтағы жастар бірден «сіздер кімге жақтасасыздар?» деп сұрап жатты. Әлбетте, бізге аймақтық тыныштық, көршілеріміз бен бауырлас елдердің ынтымақтастығы керек деп жауап бердік. Дәл осы ұстанымды ресми Астанада ұстанып отыр. Екіншіден, естеріңізде болса, Астанада әлемдік діни конфессияларының басшыларын жинап, әлемдік діни ахуалдардың ушығу тетіктері, салдары, болдырмау шаралары жөнінде талқылаған келелі жиындарды ұйымдастырды. Сол жиында  бүгінгі ДАИШ-тің пайда болатынын, саяси қақтығыстарың діни сипат алып кететіндігін біліп па еді? Меніңше, сол кездегі түрлі діни сипат алған ахуал, дінді радикалды топтармен жалаулатуы, діндер арасында алауыздықты туғызу, шешім тек лаңкестік әрекетпен өршуі бүгінгі ушыққан діни мәселелердің себептері болды. Осындай бейтараптық жағдайда отыра бере алмайтынымыз елімізде де діни жағдайлардың күрт өсіп кетуіне байланысты. Сириядағы дерт қазір Таяу Шығыс аймағын ғана қамтып отыр, ертеңгі күндері тұтас көрші аймақтарға жалғасып кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан, уақыт бар кезде, еліміз тарапынан ашық алаңды ұйымдастырып, ортақ мәселені дер кезінде шешуді ұсыну өте дұрыс қадам. Ал ақиқаттың – тек талқылауда пайда болатынын ұмытпайық. Екі тараптың кездесіп, мысқалда болса мәселенің шешіле беруіне бәріміз де мүдделіміз.

Өркен КЕНЖЕБЕК, журналист-блоггер

Қандай сарапшы болмасын, Қазақстанның сыртқы саясатындағы сауатты қадамдарын қашанда мойындап келген. Биыл соның тағы бір біз көтерілер белесі күтіп тұр. Астанада өтуі мүмкін Сирия мәселесі бойынша бітімшарт қандай нәтижеге алып келеді? Ауыз тұщытатындай қорытындыны өз басым күтпеймін. Себебі, 2011 жылдың көктемінен бері бір бықсып, бір жанып келе жатқан Сирия ошағындағы тараптар тым көп. Мысалы, Бірінші дүниежүзілік соғысқа 36 ел қатысса, Екінші дүниежүзілік соғысқа 61 ел қатысты. Ал Сирия жеріндегі жан-жақты соғыста кемі 86 елдің азаматы соғысып жүр деген санға екі жылдан бері сенеміз. Бұны бір деңіз, екіншіден, Башар Асадтың жақтастары, оппозиция күштері (Сирияның Еркін армиясы), күрд аймақшылдары, Ансар әл Ислам, ДАИШ, Жәбха ән-Нусра, енді осылардың үстінен жіппен тартып отырған сыртқы державалар болып кете тараптана береді. Ал Астанаға келетін делегацияның құрамында осы күштердің барлығы қаншалықты қамтылады – міне, басты сұрақ. Бірақ, ресми билік пен қарулы оппозицияның өкілдері болатыны қазірден анық.

Әйтпесе, бітімдер бұған дейін де болған. Былтыр 27 ақпанда жасалған бітім 5 сәуірде бұзылды, 12 қыркүйекте басталған бітім бір аптадан соң бұзылды, желтоқсанның аяғында тағы бір бітім жасалған. Сондықтан, мәселенің шешім табуы Сирия тарапынан келетін делегацияның құрамы мен халықаралық қауымдастықтың тарапынан берілетін уәденің салмағында болып тұр. «Восток – дело тонькое» демекші, бұл жолы бітімді бекітер орын деп Астананы таңдап, оған бас мүдделілер Сирия, Ресей, Иран, Түркия болып отыр. Қарасаңыз, Батыстың қатысуынсыз. Бірақ, бұл келісім осыған дейін жасалған Женева келісімдерін толықтырады, бұйырса. Астана келісіміндегі басты көзір Ресей мен Түркияның осы мәселеде бір тоқтамға келіп отырғаны. Демек, Түркияның қатысы бар-ау деген топтар қаруын тастауы мүмкін десек, басқа шығыс елдері қаржыландырып отырған топтар да бітімге келмесе, Ресейдің бомбысы басына түсетінін біліп, ниетін түзесе керек.

Путиннің Ердоғанмен толықтай тіл табысуы үшін Назарбаев дем беріп отыру керек, Башар Асадтың өзі келсе, Иран мен Түркия бір үстел басында ым-жымы бір болады деген секілді болжамдарды үйіп-төге беруге болады. Десек те, Астанада өтуі мүмкін келіссөздер табысты аяқталса, бұдан бәрі ұтқалы тұр. Азиялық, мұсылман әрі Ресейге одақтас елдің астанасында азиялық, мұсылман әрі Ресейге одақтас елдегі соғыстың тоқтауына алдымен Ресей мүдделі. Сол арқылы биыл БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болған Қазақстан да халықаралық аренада беделіне бедел қосар мүмкіндік алады. Ал халықаралық аренадағы беделдің елге ағылар тікелей инвестиция, саяси аванс, тыныштық кепілімен синоним екенін біле беріңіз. Сондықтан, 23 қаңтар Сирия мәселесінің шешімін табар күн болуы ғажап емес. Егер Астана отырысы келісімін таппаса, 8 ақпанға жоспарланған Женева келісімінің тағдыры да неғайбыл болады. Ал Астанада бәрі жақсы аяқталса, Сирия мәселесін шешудің қос орталығы қосарланып жұмыс істейтін болады.  

Жалғас Садуахасұлы,

Дінтанушы

Кездесу мақсаты – оқ атуды тоқтату туралы құжат қабылдау. Соғыстан тек Сирия жұрты ғана емес, әлем халқы шаршады. Бүгінде дінаралық, ұлтаралық шиеленістерді күшпен емес, келісім үстелінің басында отырып, бейбіт жолмен шешімдер қарастыратын уақыт. Бас қаламыз Астанада дәстүрлі түрде өтіп тұратын Әлемдік діндер лидерлерінің саммиті де осыны дәлелдейді.  Жаһандық деңгейдегі дін авторитеттерін пайдаланып, өзекті мәселелерге назар аударту. Сирияға қатысты келіссөздің Қазақ даласында өтуі бір қырынан егеменді еліміздің әлем жұрты алдындағы елеулі ел екенін білдірсе, екінші қырынан Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы екенін және әлемдегі бейбіт өмірді қолдайтынын іс жүзінде көрсетеді. Дін исламда бұл амалды «қырқысушылықты жарастыру» деп атайды. Жарастыру ізгі әрі сауапты амалдардан саналады. Әбу Дарда есімді сахаба мынадай хадисті риуаят қылады: Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап:

– Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе туралы хабар берейін бе?

Сахабалар:

– Әрине.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Қырқысушылықты жарастыру ... (Әбу Дәут, Термези және Ибн Мәжаһ).

Бір ғана хадистен көргеніміздей Қазақстан мемлекеті Сириядағы жылдар бойы созылып келе жатқан соғысты тоқтату мақсатында қырқысушылықты жарастырушы. Жақсылық жолында әлемдегі конфессияаралық және ұлтаралық бейбітшілік үшін ізгілік қадамын жасауда. Олай болса біз де бұл кездесудің жемісті өтіп, соның ықпалының арқасында соғыстың тоқтағанын қалаймыз. Сирия халқы да әлемнің басқа халықтары сияқты бейбіт өмірге құқылы.

Оқылды 988 рет
JoomShaper
Top