Имам Ағзамның ұстаздары-2

Бейсенбі, 16.02.2022

Әбу Абдуллаһ Нафи.

Нафи (қ. 117 һ.ж.) Абдуллаһ ибн Омардың ілімін өз бойына жинаған оның мәуласы, табиғин ғалымы. Көптеген сахабаның көзін көріп, олардан Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбарак хадистерін жеткізген, дінді терең меңгерген имам еді. Хадис ілімінде оның сенімділігі мен дәрежесінің жоғарылығын ғұламалар бірауыздан мойындаған. Тіпті, имам Бұхари мен имам Мәлік Ибн Омардан Нафи арқылы жеткен тізбекті ең сенімді деп қабылдаған. Халифа Омар ибн Абдулазиз осы терең білімділігін ескеріп, оны Мысыр еліне хадис үйрету үшін арнайы ұстаз ретінде жіберген. Ол 117 жылы Мәдинада дүние салған[1]. Көптеген ғұламалар Нафиды бір көрсем деп армандайтын. Әрине, Әбу Ханифа бұдан тыс қалмақ емес[2]. Әбу Ханифаның «Муснадындағы» (хадис жинағы) хадистердің көпшілігі имам Нафи арқылы келіп жеткен.

Ата ибн Әбу Рабах. Әбу Ханифа тек қана Куфаның ғалымдары емес, сонымен қатар, Хижаздың ғалымдарынан да ілім алған. Солардың бірі – Меккенің фиқһ маманы болған Ата ибн Әбу Рабах[3]. Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ардақты сахабаларының бірі, Құран білгірі Абдуллаһ ибн Аббастың ілімінен сусындап өскен белгілі табиғин ғұламаларынан. Тарихи дереккөздерде имам Ағзамның елу бес рет Меккеге қажылыққа барғандығы айтылған[4]. Әрине, мұнда әсірелеу болғанымен, бұл оның өмірінде қажылыққа жиі барғандығын көрсетеді. Әбу Ханифа Меккеге әр сапарында Ата ибн Әбу Рабахпен жолығып тұратын.

Ілімінің тереңдігі мен тақуалығына тәнті болған Әбу Ханифа «Атадан артық адам көрген емеспін»[5] деген.

Мәлік ибн Әнас. Әбу Ханифа хадистер әлі толықтай жинастырылып, жазылып, жүйеленбеген уақытта өсіп-жетілді. Ол өз аймағында ғана ілім алумен шектеліп қалмай, Ислам әлемінің әр түрлі орталықтарындағы білгір ғалымдармен кездесіп, солардан ілім алуға тырысқан. Оның хижаз мектебінің көрнекті өкілі Мәлік ибн Әнаспен (қ. 179 һ.ж,.) ұзақ уақыт бірге жасаған ғылыми тәжірибе алмасуына қатысты мәліметтер тарих кітаптарында егжей-тегжейлі берілген. Имам Мәлік ибн Әнас – мәліки мәзһабының құрушысы, ең алғаш жинақталып, хадисшілердің сенімінен шығып, жоғары бағаланған «Муатта» атты хадис кітабын жинастырған ғалым. Оның хадис ілімінде, Құран мен хадистерден үкім шығарудағы білгірлігін замандас ғұламалары түгел мойындаған[6].

Ол қажылық уақытында Имам Мәлікпен фиқһ мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасатын. Осы алып имам Әбу Ханифаның білгірлігіне таң қалып: «Мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахих хадистерін толық білуде және оны түсіндіруде имам Ағзам Әбу Ханифадан артық жанды кездестірмедім» деген екен[7].

Өз заманында Шам мектебінің ең ірі имамы, көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен, тақуалығы және сүннетке деген беріктігімен аты шыққан, фиқһ маманы әрі мухаддис Имам Аузағимен (қ. 157 ж.)[8] фиқһ үкімдерін талқылайтын.

Әбу Ханифа осындай сапарларында өзінің берген пәтуаларын басқаларға айтып, олардың да пікіріне ден қойып, қажет жерінде сынға салып, өз ойымен бөлісетін. Түрлі елдердің салт-дәстүр, қоғамдық қарым-қатынасымен танысып, фиқһ мәселелерін әр елдің мекенінің ерекшеліктерін ескере отырып, шешім  қабылдайтын[9].

Әбу Ханифа Иракта тұрғанымен Меккеге жиі барып, сол жердегі ғалымдардан сабақ алатын. Ол Меккеде, Аллаһтың сүйікті құлы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір басқан ізін, іс-әрекеттерін зерделеп, өзімен қатар жүргендей күй кешетін. Бәзбіреулердің айтып жүргеніндей, оны «Хадистің қайнар көзінен қашық аймақта өмір сүргендіктен, көбіне өз ақылына сүйеніп үкім шығарған» деу қисынға келе бермейді. Оның Пайғамбарымыздан келіп жеткен әрбір дұрыс хабарды көзінің қарашығындай сақтап, тіпті әлсіз хадистердің өзін қисынға салған дәлелдерден жоғары қойғандығына келесі бөлімдерде келтірілген мәліметтерден толықтай көз жеткіземіз.

Ал енді Әбу Ханифаға ең алғаш ұстаздық қылып, оның ғылыми тұлғасының қалыптасуына тікелей себепкер болған Хаммад ибн Әбу Сүлейменге аз-кем тоқтала кетейік.

Куфалық Хаммад ибн Әбу Сүлеймен әл-Әшғари фиқһ ілімін хазірет Али (р.а) мен Абдуллаһ ибн Мәсғудтан (р.а.) үйренген табиғин ғалымы. Әбу Ханифаның фиқһ ілімін жақсы көріп, сол ілімге терең бойлауына ықпал жасаған ең негізгі тұлға. Оның әкесі әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридың мәуласы (азат етілген құлы) еді. Куфада туып-өсіп, Ибраһим ән-Нәхәиден фиқһ ілімін үйренді. Оның көзқарастарын терең меңгергендердің әрі Куфа фиқһына райды кіргізгендердің алғашқыларының бірі еді[10]. Тек Нәхәиден ғана емес, сонымен қатар, заманының хадис ғалымы Шағбидан да фиқһ ілімін үйренді. 

Сахаба Әнәс ибн Мәліктен хадис тыңдап, одан хадис риуаят еткен. Омар ибн Хаттабтың мәуләсы Абдуррахман ибн Сағыд, Ибн Аббастың мәуласы Икримадан және т.б. табиғиндардан хадис риуаят еткен[11]

Хаммад – дәулеті шалқыған, парасатты кісі болған. Мал-мүлкінің бір бөлігін өзінің маңдай терімен саудадан тапса, біразы әкесі мен туғандарынан мұраға қалған. Тарихшылар оның ілімі терең, жақсылық жолында дүниесін аямаған, қолы ашық, көңілі кең дархан кісі болғанын жазады[12]. Осы жағынан да Әбу Ханифа ұстазы Хаммадқа ұқсаған.

Хаммад Ибраһим ән-Нәхәидан дәріс оқып, оның фиқһын ең жақсы меңгергендердің бірі еді. Ұстазы Ибраһим ол жайлы өзіне келген Мұғираға «Оның етегіне мықтап жармасыңдар. Былайғы жұрттың ішінен маған ең көп сауал қойған сол» десе, өзінен кейін кімнен пәтуа сұрау керек дегендерге «Хаммадтан» деп жауап берген[13]

Хаммад ибн Әбу Сүлеймен ұстазы жарық дүниемен қош айтысқан кезден бастап, (96/714) Куфа мешітіндегі фиқһ дәріс алқасына ұстаздыққа өтеді. Ол осы мешітте табаны күректей жиырма төрт жыл ұстаздық етсе, оның сабақтарына ең ұзақ қатысқан талантты да, алғыр шәкірті Әбу Ханифа еді. Хаммад ибн Әбу Сүлейменнен фиқһ ілімін жиырма екі жасынан қырыққа келгенге дейін оқып, он сегіз жыл сабақ алған. Ұстазы Хаммад қайтыс болғанға дейін (120 һ.ж.) одан сабақ алуды тоқтатпаған. Ол ұстазы Хаммад қайтыс болғаннан кейін ғана өз біліміме сүйеніп сабақ беруді бастаған. 

Тумысынан зерек Әбу Ханифа Хаммадқа келгенге дейін сол кездегі түрлі ағым өкілдерімен талқыға түсе  алатындай деңгейде болатын. Оның ұстазына терең құрметпен қарағаны бір бөлек, ғылыми мәселелерді әбден жан-жақты талқылап, санасына құйып алғанға дейін тыным таппайтын. Ұстазы оның бұл қасиетіне түрлі мәселелерді талқылау барысында-ақ көз жеткізген-ді. Ақиқатқа жету үшін ұстазымен қаншама рет қызу пікір алмасса да, екеуі бір-бірінен айырылғысы келмейтін.

Әбу Ханифа Хаммадтың ең жақсы көретін шәкірттерінің алдыңғы сапында тұратын. Ол ұстазынан естігендерін бірден қағып алатын асқан зеректігімен ерекшеленетін. Басқа достары қателесіп, жаңылысып жатса, ол естігендерін санасына құйып алатын. Сондықтан, ұстазы оны дәріс алқасының ең алдында өзімен бір қатарға отырғызатын, басқаларына мұндай сый-құрмет көрсетпейтін[14].

Хаммад шәкіртін жан-жақты тәрбиелеп әрі оның біліміне көңілі толып: «Мендегі барлық нәрсені бойыңа толықтай сіңіріп, бұлақтың көзін суалттың»[15] деген-ді. Тағы бірде шәкіртінің ілімге деген терең ықыласына сүйсініп: «Мен жарықтың күндізге дос болып, қараңғыны нұрға бөлегеніндей ілімнің Нұғманға жан жолдас екеніне толық көз жеткіздім»[16] деген-ді.

Хаммад дүние салғаннан кейін Омеядтар  (Әмәуи) халифатының әділетсіздігі мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпақтарына жасаған зұлымдықтарына қарсы шыққандықтан Омеяд әкімдері оған қысым көрсетіп, жазалаған болатын. Әбу Ханифа Куфадағы әділетсіздіктерге шыдамай, Меккеге қоныс аударып, онда алты жыл тұрады. Әрине, жастайынан ілімге құштар Әбу Ханифа ол жерде қарап жүрмей Хижаздың ғалымдарымен кездесіп, ілімін шыңдай түскен. Ол өзі сабақ бере жүріп, Ибн Аббастың білімінен сусындаған табиғин ғалымдарынан білім алып, Құран, фиқһ бойынша ілімін тереңдеткен.

Ұстаздарының арасында шиға имамдарынан Зәйд ибн Али (қ. 122 һ.ж.), Мухаммед әл-Бакир (Зәйнүл-абидин) (қ. 114 һ.ж.), Жағфар Садық (қ. 148 һ.ж.) пен Әбу Мұхаммед Абдуллаһ ибн Хасанның (қ. 145) аттары да аталуда. Бірақ, Ибн Тәймия Әбу Ханифа Жағфар Садықпен құрдас болғандықтан, одан дәріс алмағандығын, Жағфардың әкесінің көзі тірісінің өзінде Әбу Ханифаның пәтуа беріп жүргенін, керісінше өзінен жасы үлкен Ата Ибн Әбу Рабах пен өзінің ұстазы Хаммадтардан дәріс алғандығын, бұл айтылғандардың шындыққа жанаспайтынын айтуда[17].

Әбу Ханифа әһлі-бәйтті (Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпақтарын) жақсы көретін. Сондықтан, аты аталған кісілермен жолыққанына ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Олармен кездесуін шиитердің көзқарасымен кетті деп жоруға болмайды. Оның еңбектеріндегі көзқарастары шииттердің сенімінен қаншалықты алшақ екені белгілі. Оның бұлайша түрлі ғалымдармен сұхбаттасуы сарапшыл, ізденімпаздығынан туындап жатты. Түрлі ұстанымдағы ғалымдармен жолығуы оның сараптау мен «тазасын» таңдау қабілетін арттырып, ижтихадта[18] дұрыс пәтуа беруде танымал сахабалардың пәтуаларын үйренуге жол ашты.

Ғылымға құлай берілген Имам Ағзам тек Ирак аймағының ғалымдарынан ғана емес, Мекке-Мәдина аймағындағы білгір табиғин ғалымдары мен Пайғамбармыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әулетінен шыққан ғұламалардың көпшілігімен жолығып, олардан өзіне керекті білім алған. Яғни, Әбу Ханифа өз заманындағы білім-білгірлігімен аты шыққан ғұламалармен кездесіп, өзіне қажетті мәліметтерді алудан тартынбаған. Пайғамбармыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұраға байлық емес, ілім қалдырған. Әбу Ханифа бұл ілімді, яғни, Құран мен хадисті толық менгеруге тырысып, өмірін хақ дінге қызмет етуге арнаған-ды.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы, 

исламтанушы



[1]    М. М. Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, Бейрут, 1984, 194-195-б.

[2]    М.әш-Шака, 47-48б.;  Р. Батыр, 46-б.

[3]    Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа фи фәдәилис-сәләсәти әл-әиммәтил-фуқаһа, Бейрут, ж.к., 158-б.

[4]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 91-б.

[5]    Бұл да сонда,  67-б.

[6]    Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, 245-253-б.; Т. Кочигит, Хадис ыстылахлары, Анкара, 1980, 214-218-б.

[7]    Ә. Б. Жүнісов. Ханафи мәзһабының маңыздылығы мен рөлі және қазіргі заман // Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және қазіргі заман атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Алматы,  «Атамұра»  2009,  29-бет.

[8]    Ибн Сағыд, Табақат, 7-т., 2, 185-б; Зәхәби, Тәзкирә, 1-т., 178-183; Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, 295-297-б.

[9]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 75-б.

[10] Ф. Сезгин, Gescihte Der Arabichen Schiriftumms, Leiden, 1967 (Араб тіліне аудархан Мхмуд Фәхми Хижәзи, Фәхм Әбул-Фадыл,), Тарихут-турасил-арабия, Мысыр, 1-т., 2-б.; М. Ө. Арас, Ебу Ханифенин ходжасы Хаммад ве фықхи гөрүшлери, Баян баспасы, Стамбул, 1996, 70-71-б.

[11] М. Ө. Арас, 71-б.

[12] Бұл да сонда, 75-80-б.

[13] Ибн Сағыд, Табақат, 6-т., 633-б.; М. Арас, 81-82-б.

[14] Бағдади, Тарих, 13-т., 333-б.; Мекки, Манақиб, 51-б.

[15] А. Әмин, Духаул-ислам, Каир, 1964, 2-т., 182-б.

[16]  Сәймиәри, 9-б.

[17]  Минхажус-суннадан, 5/531-532 И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, Анкара, 1994, 19-б.; Жағфар Садықтан Суфиян Сәури, Суфиян ибн Уяйнә, Имам Мәлік секілді ғалымдар сабақ алған, ілімі терең, Пайғамбарымыздың ұрпақтарынан тараған кісі. Сондықтан қатарлас болса да Имам Ағзамның одан сабақ алуын жатсынудың қажеті жоқ. Ж. Садық жайлы кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз. Әбу Захра, Тарихул-мәзәһибил-исламияти, Дарул-фикрил-арабии, Каир, 1996, 669-706-б. 

[18]  Ижтихад – шариғи дәлелдерден діни үкім шығара білу үшін барлық күш-жігерін жұмсау

Оқылды 149 рет
JoomShaper
Top