Ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталған

Бейсенбі, 02.02.2022

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Елбасының «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабі­лет­тілік» атты халыққа Жол­дауында ел экономикасын өркендетіп қана қоймай, білімді дамыту, руханиятымызды жаңғырту, қауіпсіздік шараларын күшейту, діни экстремизмнің алдын алу, қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мәселелері айтылды.

Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты өз бетімен ізденуге үндеп, осы бағытта оқыту бағдарламаларын жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар, заманауи техникалық білімді, қаржылық сауат­тылықты, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу қажеттігін сөз етті.

Елбасы халыққа Жол­дауында: «Діни экстремизм­ді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеу­меттік желіде оның жолын кесу жұмысын жүр­гі­зу керек», деп атап өтті. Расында, кейбір аза­мат­­тардың діни теріс мағлұ­мат­тарды шетелдік сайттардан алып, шетелдік ғалым­дар­дың пәтуасымен жүруді аңсайтыны жасырын емес. «Жиһад» ұғымын дұрыс түсінбей, қару ұстап, шет ел асып жатқан кейбір жастардың шетел­дік сайттар мен әлеуметтік желі­лерден діни білім алатыны белгілі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Елба­сының ғаламтор арқылы діни мазмұнда теріс мәліметтер тарататын ақпарат көздерінің жолын кесу туралы сөзі дер кезінде көтерілген мәселе дер едім.

Жолдауда Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу қажеттігін баса айтты. Бұл – аса маңызды іс. Өйткені, ұлтжанды азамат өз ұлты мен отанына, дініне қиянат жасамайды.

Біз, түрлі саланың жетекшілері халықтың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін кез келген қоғамдық бүлікке жол бермеуіміз қажет. Терроризм мен экстремизмге біртұтас халық болып қарсы тұруымыз керек.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау және бұл іске діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажеттігіне ерекше тоқталды.

Расында, бүгінгі аға буын мен олардың ізін басып келе жатқан орта буын өкілдерінің негізгі миссиясы – жастардың көкірек көзін ашу, рухани дүниетанымын байыту және оларда мемлекетшіл әрі ұлтжанды ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру.

Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар, оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көр­кем уағыздарымен имандылыққа ұйыт­са, қарияларымыз бен зиялы қауым өкіл­дері тәлімін айтса, өскелең жастар көр­гені мен естігеніне амал ететін болады.

Өресі биік, пайымы кең, салмақты, байыпты, иманды ұрпақ ұлттың ұлы мақсаты мен мұратын орындауға үлкен үлес қоспақ.

Халыққа жолданған құжатта көр­сетілген тапсырмалар мен міндеттерді жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруы­мыз қажет.

Алла тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, халқымызға бірлік пен береке нәсіп еткей! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

төрағасы, бас мүфти

Оқылды 416 рет
JoomShaper
Top