Астана процесі: Сирия бойынша ІІІ халықаралық кездесу өтеді

Жұма, 10.03.2022

Астана. 10 наурыз. E-ISLAM – Сирия мәселесін реттеуге арналған Астана процесі аясында кезекті халықаралық кездесуді өткізу жоспарланған,  деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14 наурызда алдын ала консультациялар, ал 15 наурызда жалпы отырыс өтетіні жоспарлануда. Келіссөздерге Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды делегациялары қатысады. Сондай-ақ БҰҰ, АҚШ пен Иордания өкілдеріне шақырулар жолданды. Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясы делегациялары әлі өз келісімдерін берген жоқ.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған Астана процесінің аясында 2017 жылғы 23-24 қаңтарда және15-16 ақпанда Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесудің екі раунды, сондай-ақ 6 ақпанда сарапшылардың техникалық кездесуі өткен болатын. Бұл кездесулердің негізгі нәтижесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-қарарына (2015) сәйкес тараптарға Женева процесінің аясында күн тәртібінің саяси мәселелерін талқылауға көшу мүмкіндігін берген-  Сириядағы соғыс амалдарын тоқтату режімін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ережені келісу болып табылды.

Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық күш-жігерлерге өзінің барлық үлесін қосуды және Сирияның ішкі қақтығысын саяси түрде шешу жолдарын іздеуді әрі қарай жалғастыруға дайын», - делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, жақында РФ Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы дағдарысты реттеу мәселелеріне арналған кезекті кездесуді наурыздың ортасында өткізуге ниетті екенін жеткізді.

Оқылды 227 рет
JoomShaper
Top