Тәкаппарлықтан қалай арылуға болады?

Сейсенбі, 28.02.2022

Тәкаппарлықтың екі түрлі болады: 1.Аллаға иман келтірмей, ақиқатқа көз жұму. Бұл өз кезегінде күпірлік саналады. 2. Адамдармен қатынаста тәкаппарлық таныту. Бұл – жағымсыз мінез-құлыққа жатады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» деген.

Бұл жердегі тәкаппарлық Алла мен пайғамбары жеткізген ақиқатты мойындамауға қатысты. Бұл өз кезегінде күпірлік болғандықтан әрине, мұндай адамның жәннатқа кірмесі белгілі. Ал екінші, адамның мінез-құлқына байланысты тәкаппарлық. Ол өзгелерді менсінбей, мұрнын шүйіре қарау. Мұндай паңсыну адамды діннен шығармағанымен күнә болып есептеледі. Мұндай адам күнәсінің жазасын өтеу мерзімі біткеннен кейін Алланың мейірімімен жәннатқа кіреді.

Тәкаппарлықтан құтылу үшін бірінші кезекте оның себептерін дұрыс анықтау қажет және соған қарай амалын қарастырған жөн. Адам баласы өз бойындағы кейбір қасиеттерімен тәкаппарлыққа бой алдырып жатады. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:   

Біріншісі: Тектілігімен паңсыну. Тектілігімен паңсынған адам мына екі мәселені білу арқылы одан құтыла алады: 1. Өзінің бойында жоқ ата-басының тектілігімен мақтану – бұл негізінен надандық. 2. Шынайы тектілікті білу. Негізінен адам өзінің алғашқы жаратылысын, яғни бір тамшы лас судан (сперма) жаратылғанын және соңында қара жердің бауырына барып шіритінін білуі қажет.

Екіншісі: Әдемілігімен паңсыну. Адам баласы жас келіп, қарттық шалғанда жас кездегі әдеміліктің кетерін айналасындағы адамдарға қараса бірден ұғады. Негізі шынай әсемдік жан әсемдігі мен көркемдігі екенін ұғынып, ішкі әлеміне үңілгенде қаншалықты рухани кеселдерінің бар екенін парықтаған кезде, онысымен мақтануға тұрарлық емес екендігіне көзі жетеді.

Үшіншісі: Бойындағы күш-қуатына сеніп паңсынып тәкаппарлану. Алайда қанша алып болса да кішкентай бір вирусқа төтеп бере алмай шарасыз қалатын әлжуаз екенін ұғынғанда мұның жөнсіз екенін ұғынады.

Төртіншісі: Дәулет, байлық және айналасындағы адамдардың көптігімен тәкаппарлану. Негізінен бұл нәрселерде адамның өз мүлкі емес, оған берілген аманат. Аманатты егесі қалаған кезде қайта алады. Бұлардың қабірге дейін ғана жолдас болатынын, арғы дүниеде ешқандай көмегінің тимейтінін білу арқылы осы жағымсыз қасиеттен құтыла алады.

Бесіншісі: Білімімен паңсыну. Бұл тәкаппарлықтың ең ауыр түрі. Білім арқылы келген тәкаппарлықтың емі өте қиын. Сондықтан білім берілген адам білімсіз адамға қарағанда ақыретте жауапкершілігінің ауыр болатындығын ұғынған кезде әрі шынайы тәкаппарлықтың (Ұлықтықтың) Аллаға ғана тән екенін білгенде бұл қасіреттен аман қалмақ. Сондықтан Жаратқаннан пайдалы білім сұрау қажет.

Алтыншысы: Құлшылығымен тәкаппарлану. Бұл да мұсылман баласы үшін өте қатерлі дерттердің бірі. Бұдан құтылу үшін мұсылман баласы өзгелерге кішіпейілділік танытып, бәлкім осынша құлшылықтарым ықылассыз жасалғандықтан Алла тағала қабыл етпей қоярма екен деп ойласа осы қасіреттен құтылуы мүмкін. Мұндай себептерді ары қарай санамалап кете беруге болады.

Негізінен кісінің өз айыбын көре алуы жақсы іс. Кемшілігін байқап, ұғынған адам Құдай тағаланың кешіріміне бөленеді. Тәкаппарлықтан тыйған аяттар мен хадистерді жиі-жиі оқып, тәкаппарлықтан тіксініп, Жаратқаннан жәрдем тілеу қажет. Жақсылық атаулының барлығын Жаратқаннан, жамандықты өз нәпсімнен деп біліп, әрдайым Алла тағалаға шүкіршілік жасау қажет. 

Шайтанның Хақ тағаланың рақымынан қуылуына себеп болған осы тәкаппарлық екенін де еске алып, шошыну қажет. «Ұлық болсаң кішік бол!» деген даналықтан тәкаппарлық танытудың ұлықтық емес, қайта ақымақтық екенін ұғынамыз. Адамды тәкаппарлықтан құтқаратын бір қасиет – кішіпейілдік. Кішіпейілдік кісіні Аллаға жақындатып, Оған дос қылады әрі адамдарға да жақсы көргізеді. Кішіпейілдікті ту еткен жан рухани тұрғыдан өсіп, кемелдене түспек. 

Пайғамбарымыздың «Адам баласы өзін (өзгелерден жоғары санап) алшақ ұстаған сайын залымдардың қатарына жазылып, солардың басына келген бәлеге душар болады» деген хадисін де әрдайым естен шығармау керек.

Алау Әділбаев

Дінтанушы, доктор Ph.D

Оқылды 167 рет
JoomShaper
Top