Дөңгелек үстел жұмысына Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, ЮНЕСКО өкілі, Мәскеу архитектуралық институтының профессоры, тарихи-мәденеи ескерткіштер бойынша сарапшы Наталья Душкина, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, «Әзірет Сұлтан» мұражайының директоры Жандос Әубәкір, «Қазқайтажаңарту» директоры Арнур Карымсақов, Түркістан қаласының бас сәулетшісі, қоғамдық бірлестік өкілдері, тарих, археология, жаңғырту, экология салаларының мамандары қатысты.
Басқосуда «Жібек жолы» бойындағы Түркістан қаласының келешекте туризм орталығына айналуына жол аша отырып, бүкіләлемдік деңгейдегі мәдени мұраны қорғау және сақтау, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің жолдары талқыланды.
Айтып кету керек, Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен өткізіліп жатқан мұндай шаралар бұған дейін де өткізілген. Мәселен, 2015 жылы 31 қазан-12 қараша күндері аралығында министрліктің арнайы шақыртуымен ЮНЕСКО-ның сарапшылары – Она Вилейкис (Бельгия), Джонатан Белл (АҚШ) және Рэнд Эпич (Испания) Қ.А. Яссауи кесенесінің техникалық жай-куйін зерттеп, ескерткішті сақтау бойынша ұсыныстарын жасаған болатын.