Наурыз – ұлттарды бірлікке ұйыстыратын төл мереке

Сенбі, 19.03.2022

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша Қазақстандықтарды ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.

 

Құрметті бауырлар, отандастар!

Баршаларыңызды күн мен түннің теңескен, шығыс халықтарының мерекесі болған, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!

Бұл күні халқымыз дастархан жайып, қонақ күтіп, қарияларымыз бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.

Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.

Ұлыстың ұлы күні біздің еліміз үшін әрқашан киелі саналған. Халқымыз Наурыз мейрамын ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. 

Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала ризық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын! 

Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, халқымыздың тілегін қабыл еткей! Әмин!

Оқылды 172 рет
JoomShaper
Top