Әл-Фараби дүниетанымындағы философия және дін арақатынасы мәселесі

Сейсенбі, 17.09.2021

Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасында философия және дін арасындағы қатынас мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Философтың бұл тақырыпқа арналған 1975 жылы Алматыда басылған «Дін туралы трактат» (әл-Миллә) атты еңбегі сол кездегі саяси билік тарапынан негізсіз тыйым салынып, қолдану аясынан алынып тасталған еді. Аталмыш трактат сол жылы жарық көрген «Возвращение учителя. О жизни и творчестве Фараби» атты кітаптың құрамында жарияланған еді.

Фарабидің философия және дін арақатынасы, діннің пайда болуы тарихы, ақыл мен иман ұғымдарының арасалмағы, ғылыми ойлау мен діни сезім, діннің қоғамда алатын орны мен оның атқаратын қызметі сынды іргелі мәселелерді шешуге бағытталған, ешқашан өз құнын жоймайтын философиялық ойлары қазіргі адамдар үшін де қажетті әрі пайдалы болып табылады. Философтың дінге қатысты ойларын «Әріптер кітабы», «Дін туралы кітап және өзге де мәтіндер», «Бақытқа қол жеткізу», «Саяси билік», «Қайырымды қала тұрғындарының ойлары» атты еңбектерінен табамыз.

I. Мәселенің мәнін ашу үшін Фарабидің көзқарастарына сүйене отырып, адамзаттың өткеніне көз жүгірту шарт. Философия және дін гуманитарлық білімдер тарихы тұрғысынан салыстырмалы түрде кейініректе пайда болды. Бұл екі саланың пайда болуын тәжірибелік білімдердің және жалпы өнер түрлерінің толық дамуынсыз елестету мүмкін емес еді.

 Осыдан кейін ғана, адам баласы жердегі және аспандағы заттардың себептерін түсінуге талпынды. Адамның табиғат пен болмыстың сырларын білуге деген бұл ұмтылысы адамзаттың білімінің дамуының жаңа сатысы еді. Бірінші кезеңде, зерттеудің риторикалық әдістері пайда болып, кейінірек, олар диалектикалық  әдістерге орын берді. Екінші кезеңде, риторика, диалектика және софистика аралас күйде бірге дамиды. 

Бұл әдістер шындықты дәлелдеу ісінде бір-бірімен  талас-тартыста  болды. Үшінші кезеңде, соңғы екі әдіс ғана бәсекелес күйде қалады. Фарабидің айтуынша, кейбір адамдар пікірді дәлелдеуде, шындықты айғақтауда диалектиканың орнына қателікпен софистиканы қолданды. Төртінші кезеңде, теориялық мәселелерді зерделеудің бір ғана тәсілі – диалектика қалады. Бұдан соң, диалектиканың нақтылыққа жетудегі қауқарсыздығы анықталып, соңында философияның тәмамдалуымен аяқталады. 

Бұл жағдай оқыту мен нақты ғылымдар әдістерін зерттеуге алып келді. Бұл кезде математикалық әдістер дамып, адам «саяси істер туралы ғылымды» игеруге бейімделеді. Алайда, нақты әдістермен қатар диалектикалық әдістер де әлі қолданыста еді.

Бұл әдістердің аражігі енді анықтала бастайды. Нақты әдістердің үстем болуы ғылыми әдістердің дамуына түрткі болды. Аристотель табиғатқа қызығушылық пен жоғарғы парасатқа ұмтылысты бөлек қарастырса, Фараби соңғысын нақты ғылым әдістерін зерттеудің алғышарты деп ұққан.

Келесі кезеңде адамдар нақты білімге ие болып, барлық мәселені теориялық, нақты тұрғыдан қарастырғандықтан, саяси мәселелерді де ғылыми және нақты түрде түсінуге бейім болды. Адамдар әртүрлі, жеке заттардың айырмашылықтарын ажыратуға және барлық нәрсені қамтитын ғылымға ұмтылды. Бұдан кейінгі, аристотельдік  кезеңде ғылыми зерттеу ісі өз шырқау шегіне жетіп, барлық әдістер бір-бірінен бөлінген еді.

 Философия универсалды, толық ғылым немесе өнер түріне айналды. Көпшілікке философия диалектикалық, риторикалық және поэтикалық тәсілдермен үйретілсе, таңдаулылар үшін айғақтау әдістерімен оқытылды. Поэтикалық әдістер таза халықтық өнер түрі ретінде кейініректе халықты тәрбиелеудің үш (қалғаны диалектика және риторика) әдісінің біріне айналды және көпшілікті теориялық және тәжірибелік ақиқаттарға үйретудегі екі әдістің (қалғаны риторика) біріне айналды.

Келесі кезеңде, заң шығару мәселесі қаралады. Оны шығаратын адам Фарабидің ойынша, жоғарыда аталмыш әдістердің барлығын меңгерген көрнекті адам, яғни, философ болуы тиіс. Заң шығару өнерімен айналысудың мақсаты - бұқара халықты философияда дұрыстығы анықталған теориялық және тәжірибелік істерге немесе мәселелерге үйрету.

 Теориялық істер дәлелді, айғақты қажет етсе, тәжірибелік істер ақылдылықты білдіреді. Заң шығару үшін үш қабілет қажет: а). көпшілікке ұғынықсыз теориялық жайттарды тамаша бейнелеу қабілеті; ә). бақытқа жеткізетін барлық саяси істерді толық білуі; б). жоғарыдағы екі әдісті меңгеруінің арқасында халықты сендірудің барлық тәсілдерін тамаша қолданабілуі.

 «Дін» заң шығаруда, халықты тәрбиелеуде, көндіруде және мінезін  қалыптастыруда, адамдарды бақытты етуде қолданылатын әдістерді  қамтиды. Заң ешнәрсеге тәуелді болмайды. Заңның өзі жеткілікті емес. Басшының өзі халықты тәрбиелеудің жолдарын қамтамасыз етіп, бұқараның мінез-құлқын қалыптастырады.

Бұл кезеңде қажетті саналатын дін, құқық, теология белгілі шарттарға тәуелді болады.  Құқық өнері діннің негізін салушы кісінің жариялап, ашық түрде айтқан кейбір тәжірибелік істерін  қабылдайды және сол кісінің мақсатына сай ашық айтылмаған жайттардың мәнін ашады. Теология діни заңдардың негізін салған кісі тарапынан ашық айтылмаған универсалды, теориялық және практикалық істерді сол кісінің мақсатына сәйкес түсіндіреді. 

Теология дінді қорғайды. Фарабидің айтуынша, «бұл екі қабілет (құқық және теология) тек жалпы әдістер, яғни, риторика арқылы ғана мүмкін». Яғни, философ тарапынан құрылған дінде құқық пен теология диалектикалық және поэтикалық әдістерге мұқтаж емес. Осылайша, қандай да бір халықта немесе ұлтта, сол топтың табиғи мінезіне және өзіндік болмысына сай дамитын силлогистикалық өнерлердің тәртібін немесе тарихын қарастырып болдық. Келесі бөлімде, біріншіден, жоғарыдағы тәртіптің бір ұлттың ауқымында өзгеруін, екіншіден, аталмыш өнер немесе білім түрлерінің ұлтаралық (бір ұлттан келесі бір ұлтқа өтуі) көшуінің мәселесін талқылаймыз.

II. «Шынайы дін» – силлогистикалық өнерлер бір-бірінен ажырағаннан соң, нәтижеде, толық және кемелденген философияға негізделген дін.

1). Философия нақты дәлелдерге негізделмей тұрып, шындықты риторика, диалектика және софистика арқылы орнатуға бағытталса, оның қате ойларды да қамтуы да мүмкін. Мұндай философияның ғылыми айғақтарды қолданбауы ондағы ойлардың міндетті түрде қателігін білдірмейді. Философияға негізделген дінге ойдың дұрыстығы тән. Ал, мына жағдайда, философия жай көзқарастарға және бұрмаланған ойларға сүйенеді. Егер, дін осындай философияға сүйенсе, оның көптеген қате ойларды қамтығаны.

2). Егер, дін мұндай қате ойлардың өзін емес, олардың үлгілерін яки бейнелерін негізге алса, бұл дін ақиқаттан тым алшақ деген сөз: бұл – «бұзылған дін». Дін әдетте заттардың өзін емес, олардың мысалдарын (подобие) қабылдайды. Бұл дін – нашар дін: бұл жайғдайда, тұтас философия толықтай қате пікірлерден тұруы мүмкін. 

Діннің негізге алатын ойлары шындықтың өзі емес, олардың мысалдары. Бұл діннің «бұзылған дін» аталуының себебі оның дұрыс ойларға негізделмеуінде, түсінуге қиын деп табылатын дұрыс ойлардың дұрыс мысалдарын негізге алмауында және өз құрамында қате ойларды қамтуында жатыр. Мұндай жағдайда,  философияның «пісіп жетілмеуіне» байланысты  діннің «бұзылғанын» халық байқамайды.

3). «Шынайы» (дәлелге негізделген) философияның  келуімен заң шығарушы басшы сол заманның философиясынан дін үшін керекті ойларды алуы тиіс. Егер, бұл философия әлі толық жетілмеген болса, бұл дін де дұрыс дін емес деген сөз. Бұдан да нашар, бұзылған дін, тіпті, жоғарыда айтылған екінші жағдайдағыдан да нашар дін заң шығарушының өз заманының философиясына немқұрайды қарауы, оның орнына бұрыңғы діннің көзқарастарын дұрыс деп қабылдауы және сол қате көзқарастармен халықты тәрбиелеуді жалғастыруы жағдайында көрініс табады. 

1-ші және 2-ші жағдайларда шынайы немесе «дәлелдеу философиясы» әлі қалыптаспаған еді. Осылайша, діннің бұзылғандық деңгейі оның негізге алатын мысалдарының ақиқаттан алшақтығымен өлшенеді. 3-ші жағдайда басшы дұрыс ойларды өз дінінің негізі ретінде қабылдауға мүмкіндігі бола тұрып, теріс ойлардың бұрмаланған мысалдарын ұсынды.

4). Егер, билік иесі 3-ші жағдайдағы жолды таңдап, жетілген нағыз философияны қолданбаса, оның діні жоғарыда айтылған діндердің ең нашары деген сөз. Философияның дамуының дәлелдеуге, нақтылыққа және кемелдікке қарай сатылы түрде дамитынын түсінген Фараби заң мен діннің ең жетілген және сол заманға сай философияға негізделуін талап етті. Философияның немесе ғылымның дамып, бұрыңғы дінді немесе заңды «реформалау» қажеттілігі туған кезде жаңа заң шығарушыға немесе дінге мұқтаждық байқалады. 

Теориялық және практикалық философия толық жетіліп болғандықтан, оған негізделген дін соңғы және түпкілікті дін болады. Бұл дін құқық пен теологияға тек практикалық мәселелерде ғана зәру болады. Міне, осы дін шын дін болады да, өзгелері «жалған» діндер болады. Діннің философиядан «кейін келуін» меңзеген Фараби нағыз философиядан кейінгі әрбір дінді дұрыс деп тұрған жоқ. Керісінше, нағыз философиямен замандас немесе одан кейінгі дін өте шынайы болуы мүмкін. Шынайы дін тек шынайы философиядан кейін ғана болуы мүмкін. 

Шынайы философияның келуінен соң, оған оған негізделетін дінге деген қажеттілік туындайды. Бұл жағдай заң шығару қабілетіне ие философ-басқарушыға тәуелді. Біз бір халықтың ішіндегі философия мен діннің дамуын ғана қарастырдық.

III. Фараби алдымен жалпы принцип туралы айтады. Егер, бір ұлтқа тән дін екінші бір ұлтқа өтіп, сол екінші ұлттың мінез-құлқын қалыптастыруда, оны тәрбиелеуде және оны басқаруда қолданылса, сол соңғы ұлтта таралушы, философияға негізделген дін а). сол халықта философия да, тіпті, б). диалектика  мен софистика болмаған болса да, олардан бұрын да дами береді. Сол сияқты, егер, философия бір ұлтта табиғи түрде қалыптаспай, басқа бір ұлттан көшірілсе, философияның сол ұлтқа бұрынырақта келген философияға негізделген діннен кейін дамуы мүмкін.

Сырттан енген діннің дұрыс болуы және оған еңгізілген жаңалықтар да дұрыс болуы мүмкін. Діннің құрушысы шетелдік, тіпті, нағыз философ - заң шығарушы болуы да мүмкін. Басшының жаңа дінді қабылдайтын ұлттан болуы міндетті. Бұл ұлтта жергілікті философия да, тіпті, «ұлттық» диалектика мен софистика да болмауы мүмкін. 

Бірақ, бұл ұлтта «сырттан әкелінген» дін арқылы бұқара халықты тәрбиелеуге қажетті жергілікті риторика мен поэтиканың болуы әбден мүмкін. Философия бір ұлтқа өзге топтан келіп, аталмыш ұлтқа бұрынырақта сырттан енген діннен кейін дамуы да мүмкін. Сондай-ақ, философия діннің сол халыққа келуінен бұрын да таралуы мүмкін.

Осы тұста орынды сауал туады: шынайы философиядан бұрын келуі тиісті кезеңдердің дамуынсыз «жергілікті дәстүр» (философия) қалыптаса ала ма? Әл-Фарабидің осыған қатысты бір көзқарасы анық: дінді риторикалық кезеңнен бастап-ақ сырттан көшіруге болады. Міндетті түрде нақты, нағыз философияның келуін күтпей-ақ, жергілікті діннің де қалыптасуы мүмкін. Сырттан енген дін философияның ең ақырғы даму кезеңіне негізделгендіктен, жергілікті, бұрыңғы діннен жоғары болуы мүмкін.

Фараби мұнымен нені меңзеп тұр? Ол жоғарыдағы мүмкіндіктер орын алған ұлттың ішінде өмір сүрді ме? Әрине, оның діні философиядан бұрын келеді және оның философиясы діннен кейін келеді. Бірақ, Фараби діннің тарихы тегін анықтаумен айналыспады. Фарабидің ойынша, сол заманда «арабтардың арасында таралған философияның оларға гректерден өтті». Неге Фараби арабтарда кең таралған діннің тегі туралы тіс жармады?

Фарабидің бұл мәселедегі ниетін анықтау үшін оның мақсатын білу қажет. Оның замандас философтарға және діндестеріне айтқысы, үйреткісі келгені – олардың дінінің философияның мысалдарынан тұрытындығы еді. Оның жоспары – дінді осы бағытта «реформалау» еді. Фараби платондық «діни» идеялардың христиандық пен исламға, мутакаллимдердің диалектикасы мен риторикасына әсер етуі тарихын қарастыру арқылы сол «діннің» шынайы тегін – ең жетілген философияны жаңғыртуды меңзеуі ықтимал ма? Осы орайда, философияның беделі, философияың дінді қорғауы және философияға төнуі мүмкін қауіптер мәселелерін қарастырамыз.

1. Шынайы философияны арқау еткен дін сол діннің нағыз философияға негізделетінінен бейхабар ұлтқа енген жағдайда, сол ұлт аталмыш діннің мазмұнының философияда нақты дәлелдермен тексерілген теориялық заттардың мысалдары екенін білмейді. Нәтижеде, сол ұлт мысалдарды шындықтың өзі, теориялық заттардың өзі деп түсініп қалады. 

Кейінірек, сол ұлтқа нағыз философияның өзі келген жағдайда, сол дін және оны ұстанушылар философияға қарсы шығады. Дін мен философия қақтығыста болады. Дін өкілдері сол діннің философияның  мазмұнының үлгілеріненен тұратынын білмейді. Бұл қақтығыс философияның тыйым салынуына, философияның дінді қорғаудан бстартуына, философияның қауіпке душар болуына алып келеді. Бұл жағдайда, философтар «діннің өзіне» емес, «дін философияға кереғар» деген «сенімді» жоюға тырысады. 

Діннің құрушысы діннің философияға тәуелділігін білсе де, мұны ешкімге айтпауы мүмкін. Осылайша, дін мен философия арасындағы текетірес олардың пайда болуының тарихи сабақтастығын, тәртібін теріс түсінуден туады.

Шынайы философия пайда болғаннан кейін ғана, философтар риторика мен поэтиканы халық алдында қолдануды үйрене бастайды. Заң шығару мен дінге қажеттілік туды. Дін мен теология философия тарапынан шығарылған риториканың, диалектиканың және  софистиканың бір бөлігі ретінде пайда болды. Діннің өкілдері мен философтар екі жақ үшін де тиімді қатынаста болуы мүмкін еді. 

Дін мен философия «тіл табысса», дін философия тарапынан қорғалар еді. Философия болса, діннің тигізетін «зыянынан» (тыйым салынуы) құтылар еді. Сонда, философияның қауіпсіздігі мен дамуы діннің жағдайының күшеюіне әсер етіп, анағұрлым «нұрланған» дін философияны қорғап, оған қолдау көрсетер еді.

Фараби діншілдер мен философтар өз араларында болуы тиісті шынайы қатынас туралы білген жағдайда олардың арасында дұрыс және бейбіт қатынастың туатынына сенімді еді. Бұған сәйкес, дін философияға қарсы шықпауға тиіс. Нәтижеде, философия мен философтар сол дінді және оның өкілдерін басқарар еді.  Философтар енді «дін фәлсафаға қарсы» деген ойды жойып, діншілдерге олардың діндерінің ақиқаттың жай үлгілері екенін түсіндірер еді.

 Мәселенің шешімі міне осында жатыр. Фараби дінді және діншілдерді олардың философияға және оның өкілдеріне деген ұстанымдары себепті айыптамайды. Мәселенің шешімі, Фарабидің ойынша, философтардың қолында тұр.

2. Егер, бастапқыдан «қате антикалық» философияға негізделген діннің келуінен соң, «дұрыс және нағыз» философия келсе бұл жағдай бәселекестікке, қудалауға алып келеді. 

3. Бір ұлтта шын діннің орнығып болғанынан кейін, диалектика мен софистика келетін болса, бұл соңғылары дінге қауіп төндіреді. Бұл жағдайда да, діннің риторика мен поэтика арқылы орнығуы мүмкін. Диалектика мен софистика халықтың иманын бұзатындықтан тыйым салынады. Дін мен философия түсініскенде диалектика мен софистикаға біріге тойтарыс бере алады. Өйткені, философия риторика мен поэтиканы қолдана отырып, діндегі мысалдар немесе үлгілер арқылы  бейнеленетін заттардың мазмұнын жақсы түсінеді. Енді, бір елдегі философияның тыйым салынуына келсек, Фарабидің пікірінше, бұл сол ұлттың, немесе дін мен заң шығарушының ерекшеліктеріне байланысты.

а. Халықтың табиғи мінез-құлқына байланысты, оның шындықтың өзін білуге, теориялық жайттарды түсінуге міндетті болмауы мүмкін. Философияның тыйым салынуын халықтың ерекшеліктерінің онымен қабыспайтындығымен түсіндіруге болады. Бірақ, тыйымға қарамастан философия сол қоғамда жайыла бастаса, жағдай қалай болады? Жаңа жағдайлар туып, заман өзгеріп, жаңа ойларға мұқтаждық байқалса ше? Заң шығарушы бұл орайда, философияның таралуына рұқсат беруі мүмкін. Философияның «қайта тууының» себебінің кездейсоқ немесе уақытша болуы мүмкін. Керісінше, философияның таралуы ұлттың мінез-құлқындағы іргелі бетбұрыстарды білдіруі де мүмкін. Бұлардың соңғысы орын алса, дінді жаңаша түсінудің және түсіндірудің қажеттілігі мойындалып, философияның толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалады.

б. Фарабидің ойынша, жалған немесе нашар діннің негізін салушы кісі философияға тыйым салып, мұнысымен, өзінің жеке тар мақсатын көздеуі де мүмкін еді. Ол жаңа дінді өз пайдасы үшін, өзін бақытты етуі үшін де пайдалануы мүмкін. Дінмен бірге теология да философияға қарсы шығады. Өйткені, теология діннің «қызметшісі».

 

Н.Ж. Байтенова, Ж.Б.Момынкулов

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.  al-Farabi. Risala fi Ara` ahli madinat al-Fadila. – Cairo, 1978.– pp.51-52

2.  El-Farabi. Erdemli şehir. – Ankara: İrfan, 1987. –  S. 84-86

3.  Muhsin Mahdi. Al-Farabi on philosophy and religion // The philosophical forum, A quarterly. Harvard University Press, 1972.- No.I, volume IV. – 5-25 p.

4.  Бурабаев М.С. Фараби Аристотельден кейінгі екінші ұстаз. Алматы: Мария, 2006. -37-41 бб.

5.  Ali Bulaç. Islam düşüncesinde Din-Felsefe Vahiy-Akıl ilişkisi. Istanbul: Yeni Akademi yayınları, 2006. – 155-159 s.

6.  Dr. Peter Adamson. Al-Farabi`s Political thought: religion. // www. Islamic philosophy.com. US, 2002. – 9-th  lecture.

7.  Таджикова К.Х. Трактат Абу Насра Аль-Фараби «Книга букв». Алматы: Қазақ университеті, 2005. С. 36-39.

Источник:

// Аль-Фараби: Философия, Культура, Религия. Алматы: Қазақ университеті, 2009. С. 333-339

 

Оқылды 2388 рет
JoomShaper
Top