Ақтөбелік жеткіншек «ВКонтакте» желісіндегі аудиожазбалары үшін сотталып жатыр

Жұма, 11.11.2021

Астана. 11 қараша. E-ISLAM – Ақтөбелік 18 жастағы тұрғын «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аудиожазбалары үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Ақтөбе Таймс».

Тергеушілер сотталушыдан діни мазмұндағы 8 аудиожазба тапқан. Олардың айтуынша, парақшадағы аудиожазбалар терроризм жасауға үгіттейді. Осылайша ақтөбелік тұрғын 9 қарашада сот алдына келді. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі бойынша («Терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны») айыптап жатыр.

Тергеу мәліметінше, биыл тамыз айында 18 жастағы жігіт әлеуметтік желіде өз парақшасын ашқан. Ол үшін анасының смартфонын алған. Содан «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде ашқан парақшасына аудиожазбаларды қосқан. Олардың ішінде – «Жиһадқа шақыру» және тағы да басқа мазмұндағы аудиолар бар екендігі анықталып отыр. Аудиожазбалардың жартысы араб тілінде екен. Енді сот жігіттің достарының не таныстарының оның осындай мазмұндағы аудиожазбаларды тыңдап жүргенінен хабары болғанын не болмағанын анықтап жатыр. Егер мәліметтер расталса, сот оны 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыра алады. Айта кетейік, бұл іске қатысты процесс әлі жалғасып жатыр.

Оқылды 1596 рет
JoomShaper
Top