Құранның алғашқы әмірі

Сәрсенбі, 02.11.2021

Ислам әлемдік діндердің ішіндегі Алланың бекіткен хақ діні болғандықтан барша асыл құндылықтарды қамтыған.  Ислам дінінің алғашқы әмірі «Оқы» деп басталғандықтан, діннің негізгі әмірлерінің қатарында білімділікке үндеу, білімсіздіктен қайтару болып табылады. Сол арқылы адамзат қоғамына зиянды, пайдасыз істердің барлығынан қайтару ақиқат дінінің мұраты болып саналады.

Ислам дінін тереңдеп білген сайын, Алла Тағала мұсылмандарға оқып, ең алдымен білім алуды міндеттегенін көреміз. Сондай-ақ Құран Кәрімнің алғашқы түсірілген «Алақ» сүресінің бес аятында; «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», деп әмір еткен. Яғни, Құрандағы алғашқы әмір  «Оқы» деп басталады.

Алла Тағала ақыл иелеріне ерекше мейіріммен оқудың маңыздылығын, көркем мінезді кемел адам болуды ескерткен. Жалпы, ата дініміз ілім мен ғалымдарға көркем қарым-қатынаста болуды, әдеппен құрмет көрсетуді тыс қалдырмаған.  Себебі, Құран аяты мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегеге толы асыл хадистерінде де білімнің ең маңызды мәселе екендігін және ғалымдардың мәртебелеріне көбірек тоқталып, адамзаттың назарын аудартады.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде отандастарымыз арасында дініміздің асыл қайнарларын басшылыққа алудың орнына, көшедегі көлденең көк аттының айтқанымен жүретін, болмаса, өз көңіл-қалауы мен эмоцияларды басшылыққа алатын мұсылмандардың саны аз емес. Бұл өте қате түсінік. Мұсылман адам діни мәселелер турасында  сөз айтудан бұрын немесе дінде бір нәрсені істеуден алдын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп болмайынша, сөз айтпауы, іс бастамауы керек. Себебі, білімсіздікпен жүрдім-бардым жасалған негізсіз амалдар өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян әкеледі.

Мұсылман білімді болумен қатар, мінезі жұмсақ болуы шарт. Бұл Құран Кәрімнің асыл өнегесі болумен қатар, соңғы пайғамбардың бүкіл мұсылманға қойған шарты. Қазақ мұсылманды «момын» деп атайды. Бұл сөздің артында қандай көркем мағына жатыр десеңші!

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны бұзғанмен бірдей. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның өзі»,  деп осы шындықты айқындап берген. Яғни, өзінің өнегесін алып, тура жолда болуды қалаған адамға көркем мінезді болуға үндейді. Иә, пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған кемел мінез – Оның пайғамбарлығының белгісі мен нышаны екені хақ.

Сәбит ЕРЕЖЕПОВ

Оқылды 279 рет
JoomShaper
Top