Имам Әшғари өмір сүрген дәуір

Бейсенбі, 19.09.2021
Имам Әшғари өмір сүрген дәуір

Имам Әшғари ақыл-ой бір нәрсенің жаман-жақсысын шариғатсыз ажырата алмайды десе, имам Матуриди шынайы ақыл жақсы-жаманды өздігінен ажырата алатынын айтады.

Имам Матуриди мен имам Әшғари бір дәуірде өмір сүріп, бір бағытта еңбек еткен. Бірақ имам Әшғари Исламды іштен ірітпек болған дұшпандармен бірге күн кешті. Ол өмір сүрген Басра қаласы Мұғтазила мәзһабының отаны еді. Мұғтазила мәзһабының өкілдері мен фиқһ-хадис ғұламалары арасындағы қақтығыстың майданы осы Ирак өңірі болатын. Ал Матуриди өмір сүрген Мауараннаһр өлкесі сүнниттік ғалымдар мен Мұғтазила мәзһабының өкілдері арасындағы пікірталастан біршама алыс еді. 

Дегенмен, МәймунМуғтасым, Уасиқ секілді халифтердің дәуірінде Мұғтазилиттік сенімнің мемлекеттік идеологияға айналуына байланысты, олардың пікірлері халифаттың барлық өңірлеріне тарап жатты. Мауараннаһр өлкесінде Мұғтазила мәзһабы басым күшке ие болмағанмен, олардың пікірлерін уағыздаушылар бірлі-жарым болса да бар еді. Имам Матуриди Мұғтазила мәзһабының ондай өкілдерімен пікірталас жүргізгендігі белгілі. Имам Әшғари мен имам Матуридидің пікірталас майдандары бір болғандықтан, олардың ортақ ұстанымдары ғана емес, шариғатты түсіндіру тәсілдері де бір-біріне ұқсайтын. Десек те, екі имамның пікірталастағы кейбір әдістемелік ерекшеліктері мен ұстанымдағы айырмашылықтары болды. 

Бірақ зерттеушілердің көпшілігі имам Матуриди мен имам Әшғари пікірлерінде айта қаларлық өзгешелік болмағандығын білдіреді. Мысалы, Шейх Мұхаммед Абдуһ имам Әшғари мен имам Матуридидің арасындағы ерекшеліктер үлкен қарама-қайшылық туғызбайтынын айтқан. Бірақ екі имамның кәләм іліміне қатысты көзқарастарына келер болсақ, олардың пікірлерінде азды-көпті айырмашылық барын байқаймыз. 

Екі имам да Құран Кәрімді зерттеу барысында ақыл мен қисынға мейлінше сүйенген. Олардың бірі екіншісіне қарағанда ақылға көп арқа сүйеді. Имам Әшғари Алла тағаланы Құран-хадис арқылы тануға көбірек мән берсе, имам Матуриди имам Ағзамның жолын ұстанып, Алланы ақылмен тануға бейімділік танытты. Имам Әшғари ақыл-ой бір нәрсенің жаман-жақсысын шариғатсыз ажырата алмайды десе, имам Матуриди шынайы ақыл жақсы-жаманды өздігінен ажырата алатынын айтады. Имам Матуриди ақиқатқа жету үшін ақылды қолданғанда, әсіре сілтеп жібермей, ақыл мен қисынға орнымен жүгінеді. 

Ал имам Әшғари мен оның ізбасарлары нақылға (Құран мен Сүннетке) көп мән беруімен өзгеше. Осыған орай, Матуридилікті Мұғтазила мен Әшғарилік арасындағы ақида мәзһабы деп түюге негіз бар. Ал Әшғарилік – Мұғтазила мен фиқһ-хадис ғалымдарының арасындағы мәзһаб. Имам Матуриди ақылға шариғаттың шеңберінде жүгінді. Нақылмен бірге, ақылды да ақиқатты танудың қайнар көзі деп білді. Имам Әшғари да ақиқатқа дәлел келтіруде нақылға ақылды сүйеніш еткен. Бірақ ол ақылды ақиқатты танудағы нақылға көмекші құрал ғана деп түсінді. Ал имам Матуриди ақылды да сенім мәселелеріне қатысты дәлел келтірудің дербес қайнар көзі деп білді, бірақ мұғтазилиттер секілді нақылсыз жалаң ақылмен ақиқатты табуға бас қойып қателікке ұрынбады.

 Ақыл бойлай алмайтын жайттарды мойындады. Аят, хадис негізінде ақылмен әрекет етуді үндеген имам Матуриди Құран Кәрімге түсіндірме жасағанда, мағынасы айқын білдірілмеген аяттарға мағынасы анық аяттар негізінде жорамал жасау тәсілін қолданды. Оның пікірінше, егер адамның ақылы діни мәтіндерді тәуил жасауға күші жетпесе, оларға иман келтіріп қана тоқтаған жөн. Сахабалар мен табиғиндердің мағынасы анық емес діни мәтіндерге қатысты ұстанымдары да осындай еді. Имам Матуриди Құран Кәрімді мүмкіндігінше аяттармен тәпсірлеуге тырысты. Себебі Құран Кәрім аяттарында қарама-қайшылық кездеспейді: «Егер Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық табатын еді» [1]

Имам Матуридидің мағынасы анық емес аяттарға түсіндірме жасауы, фиқһшылар мен хадисшілердің ұстанымына қайшы келсе де, сол дәуірдің заманауи қажеттілігі еді. Ислам қанатын кеңге жайған сайын, ескі діндер мен мәдениеттердің ықпалына ұшырай бастады. Ислам ғұламалары мутәшәббиһ аяттарға түсіндірме жасамағанмен, дүбәра сенімдегі кейбір ғалымсымақтар Исламдағы мағынасы анық емес мәтіндерді өз білгендерінше белгілі бір ғылыми тәсілсіз жорамалдай бастады. Олардың азғын пікірлерінен дінді құтқару мақсатында имам Матуриди мутәшаббиһ аяттарды Ислами негіздерге қайшы келмейтіндей тұрпатта жорамалдап, халық сенімінің бұзылуына тосқауыл қойды. Сүнниттік ақида мен кәләм мектебін құрушы екі мектеп те алдымен нақылға (аят пен хадис) сүйеніп, одан кейін ақылға мән береді. Олар ақида саласында ақылға мүлдем мән бермеген фиқһ-хадис ғалымдары мен ақылды шектен тыс қанаттандырып жіберген Мұғтазила ағымының ортасынан орын тепті.

http://kk.wikipedia.

 

 

 

Оқылды 936 рет
JoomShaper
Top