Ысырапшылдық – ғасырымыздың асқынған дерті

Жексенбі, 25.01.2022

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, адам баласы осы күндегідей материалдық мүмкіндіктерге еш қол жеткізбеген. Соған қарамаcтан, қазіргі күні ысырапшылдық дерті асқынып тұр.

Зая кеткен әрбір сәт, бостан босқа жанып тұрған жарықтар, бет алды төгілген тамақтар, тасталған нандар ысырап пен тұтынудың шегі мен дәрежесінің көрінісі болса керек.

«Ысырап» сөзі араб тілінен енген, «текке шашу», «ысырап ету», «мөлшерсіз жұмсау», «шегінен шығу» деген секілді мағыналарды білдіреді. Яғни, ысырап – «астамшылыққа жол бермеу мен орта жолды ұстану» деген үнемдеу сөзінің антонимы.

Алла тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, түбінде адамға өкініш алып келетін күнә. Құран Кәрімде: «Жақындарыңа, кедейлерге, жолда қалғандарға қарайласыңдар. Бірақ оңды-солды шашушы болма. Себебі ысырап етушілер шайтандарға бауыр болмақ. Ал шайтан Раббысына тым күпір етуші» («Исра» сүресі 26-27 аяттар) деп, ысырап етуші мен дүниені оңды-солды шашушыларды шайтанға теңеген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа берілген әрбір нығметтің сұрауы бар деп, Алланың берген нығметін оңды-солды шашпауға, әсте тәкаппарлық пен ысырапқа жол бермеуге бұйырған. Тіпті, құлшылық мақсатында дәрет не ғұсыл құйыну кезінде де қолданылатын суды ысырап етпеуге шақырған. Астамшылық жасағандарға ескерту жасаған. Бірде сахаба Сағд ибн Әби Уаққасқа «Ей, Сағд! Дәретті өзен суынан алсаң да, ысырапқа жол берме» деп, пайғамбарымыз ескерткен.

Әрине, ысырап етуді тек ішіп-жеумен, мал-мүлік немесе материалдық мүмкіндіктермен ғана шекеуге болмайды. Себебі оның қолдану аясы өте кең.

Алла тағаланың адам баласына тарту еткен материалдық һәм рухани нығметіне лайық бола білу өте маңызды. Десе де, пенде ғапылдыққа салынып бұл нығметтердің қадірін сезінбей орынсыз ысырапқа жол беруде.

Артық сөз, артық тамақ, артық ұйқы – ысырапқа жатады. Тіпті, уақыт пен денсаулықтың қадірін білмеу де ысырап.

Жеке тұлғаның немесе көпшіліктің қандай жағдай болмасын пайдасынан зияны көп әрі орынсыз шығындалар болса – ол ысырапқа жатады. Имам Ағзам Әбу Ханифа бір сөзінде «Өз орнымен жұмсалған шығын ысырапқа жатпайды, ал ысыраптың өзі еш уақытта жақсы нәтиже бермейді» деген болатын.

Ардақты Елші (с.ғ.с.) «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!» деп, адамдарды ішіп-жеумен қатар садақа беруге де шақырған. Әрі осы сәтте материалдық һәм рухани қауіпке, яғни ысырап пен тәкаппарлыққа бой алдыруға тыйым салған.

Ибн Аббас та (р.а.) «Екі нәрсе, яғни ысыраппен тәкаппарлық күнәлары араласпағанша адал болған астан қалағаныңды же, қалағаныңды ки!» деп, осы сынды насихат айтқан еді. Сондықтан, қандай затты пайдалансақ та тәкаппарлануға жол жоқ.

«Судың да сұрауы бар» дейді атам қазақ. Осы сөзден-ақ судың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Себебі, су – бүкіл тіршіліктің көзі, өмірдің нәрі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қараңыздар! Ішетін судың өзі дүние мен ақыретте (адам баласына берілген) ең үлкен нығмет» деген.

Пайғамбарымыздың мұндай сүйіншісін ескермей күнделікті өмірде қаншама ысырапқа жол беріліп жатады.

Мысалы, үйіміздегі су шүмегінен су тамшылап тұратын кездер болады. Егер де осы тамшыны математикалық есепке салар болсақ, минутына бір тамшы су тамшылайтын болса, айына 170 литр су босқа ақты деген сөз. БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше, 2011 жылдың қараша айында Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жеткен. Әрбір адам қол-басын жуғанда, тісін тазалағанда, дәрет алғанда т.б., артығымен 1 литр суды босқа ағызатын болса, әлемде 7 миллиард литр су немесе 7 миллион тонна су ысырап болды деген сөз. Ал дүниенің басқа аймақтарында 1,4 миллиард адамның ауыз суға зар болып, салдарынан холера (тырысқақ), диарея (іш өту), тифопаратифоздық сынды ауруларға шалдығуда. Күніне 24 000-нан астам адам аштықтан, жылына 8 миллион адам лас судан қайтыс болуда. Бұлардың басым көпшілігі жас нәрестелер мен қарттар. Ал ендігі жерде әлемдегі тіршілік иесінің бір бөлігі ішерге ас таппай жатса, екінші бір бөлігі «тоқтықтан секіріп» қаншама жарамды азық-түлікті қоқысқа лақтыруда.

Аталмыш сандық көрсеткіштердің өзі адамға қажетті өнімдердің барлығын барынша үнемдеп, ысырапқа жол бермеу керектігін түсіндірсе керек. Сондықтан да тұтынушы тіршілік иесі азық-түлік, су, жылу, энергия т.б. өнімдерін үнемдеп ұқыпты пайдалануды, өмір салтының ажырамас белгі деп қарастыруы қажет.

Әрине, жан мен тәннен жаралған адам баласы өмір сүруіне қажет ішіп-жеуді де ысырап етпей, үнемдеуі өте маңызды. Құранда Алла тағала «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысрап етпеңдер. Себебі ысырап етушілерді Алла сүймейді» дейді. Яғни, аз жеп әлсіз болуымызды қаламағаны сияқты, артығымен жеп ысырапқа жол бермеуіміз керектігін айтқан.

Сондықтан адамзат өзіне жететін мөлшерде ғана қоректенуі қажет. Себебі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Адам баласы еш уақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын» деген. Тіпті, қазіргі дамыған медицина ғылымы да, қажеттіліктен тыс тағам жеудің адам денсаулығына зиян екендігін айтқан.

Ысырапкершілікке барудың түрлі себептері бар. Білімсіздіктің салдарынан қолындағы бар нығметтің қадірін білмеу, арқаны кеңге салып, шалқыма өмірге үйрену, дүниесінің көптігіне мастанып, тәкаппарланып әртүрлі жолдармен жарнамалай мақтану сияқты себептер алғашқы кезекте орын алады.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ысырап – бейне бір вирустай шартарапқа жайылып, адам нәпсісін ырқына жықтырып, ысырап етушілердің санын көбейтпесе азайтып жатқан жоқ. Егер, біле білсек, ысырап – тек жеке адамға ғана емес, айналасындағы қоғамға да кері әсерін тигізуде.

Дүниедегі мыңдаған адамдардың аш-сусыз, қасіретпен өмір сүруіне әрбіріміз жауаптымыз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам бізден емес» деген өсиетін жадымыздан шығармайық.

Әрбір адамға әртүрлі жағдаймен дүние-мүліктің нәсіп етілуі, сол пенде үшін өзгеше қайыры бар деп білген жөн. Рызықты беруші де алушы да – Алла. Сондықтан да ысырапқа жол беру – өркениетке де, мәдениетке де, қасиетті Құран талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге де қайшы екенін ұмытпайық ағайын.

Қалмахан ЕРЖАН,

Теология ғылымының докторы

Оқылды 949 рет
JoomShaper
Top