Тың тәсіл

Дүйсенбі, 04.07.2021

Қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік тіпті мәдени проблемаларды шешу жолы ретінде көбіне-көп шетелдің әдіс-тәсілін қолдануды жөн көріп жатамыз. Себеп, батыс мемлекеттері ол мәселені шешудің дұрыс тетігін тапқан және қолданыста ойдағыдай нәтиже көрсеткен дейміз. Жат ағыммен күрес, оның алдын алу жолдары бойынша да осы бағытты ұстансақ қайтеді? Алайда, ол әдіс біздің елге жерсінеді ме?

Осыдан төрт-бес жыл бұрын ҚМДБ қатарынан «Дін мен дәстүр» жылдарын жариялады. Осы бағытта еңбектер жазылып, зерттеулер жүргізілді. Көп күттірмей нәтиже көрсете бастады. Зиялы қауым және мұсылман жамағаты тарапынан бұл бастама қолдау тауып, өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Жұрт дәстүр мен дінді ажыратуға болмайтындығын түсінді. Қазақ дәстүрі Ислам құндылықтарының халық санасына даналықпен сіңіру жолы екенін ұғынды. ҚМДБ-ның бұл бағыты өз жемісін бере бастады. Алайда, бұл тек ҚМДБ-ның ғана атқаруы міндет шаруа емес. Дін ғұламаларымен қатар энограф, тарихшы, қазақ және халық ауыз әдебиеті мамандары да атсалысуы қажет.

Айтпағым, қазақ топырағын жат ағым топтарынан тазалаудың тың әдісін іздеудің қажеті шамалы. Бастысы, жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тапсақ болғаны. Өйткені, қазақтың діні оның тілі мен дәстүрінде.

 Руслан Қамбар

исламтанушы

Оқылды 919 рет
JoomShaper
Top