Тәрбие – тал бесіктен

Жұма, 14.10.2021

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

бас мүфти

Қадірлі жамағат! Бүгінгі уағызымыз ислам дініндегі бала тәбиесі туралы. Асыл дініміздің ұстындарында ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар. Мұның өзі ұрпақ тәрбиесіне ерте кезден ден қоюды білдіреді. Дегенмен, қасиетті аяттар мен хадис шәрифтерде ұрпақ тәрбиесінің тым әріден – үйленбестен бұрын болашақ балаларына жақсы ана, өзіне жақсы жар болатын әйел затын таңдаудан басталатындығы айтылады.

Омардың (р.а.) халифалығы кезінде бір адам оған ұлын ерте келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі. Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», – деп шағымданады. Сонда Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың ата-анасына қарсы шыққанын қайдан көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің бе?» – деп зекиді. Бала еш қаймықпай: «Әміршім, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал баланың ақысы жоқ па?» – деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Ал баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы – Құранды үйретуі керек» деп санап береді.

Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді» деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап» деп шығарып салады. Сондықтан да ізгі ұрпақ болуын қалаған жан ең әуелі балаға жақсы ана таңдауы, сосын жақсы есім қоюы, жақсы тәрбие беруі керек.

Ең басты тәрбие – имани тәрбие

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақ отынан)құтқарыңдар» (Тахрим, 6). Осы аяттың тәпсірінде мынадай риуаяттар келтіріледі. Бір кісі Әли ибн Әбу Талибтен (р.а.) мұндағы «өздерін және отбасыларын оттан құтқару» туралы сұрағанда ол: «Оларды жақсы тәрбиелеу әрі білім үйрету» деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер» деген.

Сәби ештеңе жазылмаған таза ақ парақ сияқты. Оны ата-анасы тәрбиелеп, не салихалы мұсылман етеді, не тәрбиесі кемшіндеу адам етіп шығарады. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі». Әбу Һурайрадан (р.а.) пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни, ешнәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди, не насара, не отқа табынушы мәжуси етіп шығарады». (Бұһари риуаяты).

Құран Кәрімде пайғамбарлардың басты тілектерінің бірі – тура жолдан таймау, құлшылықтан ажырамау болатын. Сонымен қатар, ұрпақтарының да иманды да, салихалы болып жетілуін, бұл өмірден иманды болып өтуін тілеп Жаратқанға жалбарынған. Мысалы, Ибраһим пайғамбар былай дұға еткен:

«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымнан намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ала көр!» (Ибраһим, 40).

«Олар (Рахманның тақуа құлдары): «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдарын бер! Әрі бізді тақуалардың алды қыла гөр!»  деп айтады» (Фұрқан, 74).

«Ибраһим мен Жақып та осыны балаларына өсиет етіп: «Уа, балаларым! Алла сендер үшін дінді таңдады. Сондықтан да дүниеден мұсылман болмай өтпеңдер» деді» (Бақара, 132).

Мұсылмандық тәрбие кәлима шәһәдаттан басталып, Хақ Тағаламен қарым-қатынас, басқа адамдармен қарым-қатынастарды, дүниелік һәм ахиреттік мүдделерді қамтиды. Ең алдымен иман шарттарын, сосын мұсылмандық әдептерді, дұрыс амандасуды, ата-ананы сыйлауды, ағайынмен, достармен, басқа жандармен жақсы мәміледе болуды үйретеді. Обал-сауапты, адал мен арамның ара-жігін көрсетіп, оңы мен солын танытады. Ал балиғат жасына жеткенде намаз оқуға бұйырады.

Бәйһақидың Әбу Сағид пен Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсылап қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне» деген.

Имам Ахметтің Мүснәд және Әбу Дәуіттің Сүнән кітаптарында Амр ибн Шұғайыптың әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Балаларыңа жеті жаста намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да төсектерін бөлектеңдер» деген.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды және ат өнерін үйретіңдер» деген».

Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабасы Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.): «Біз балаларымызға құдды Құран Кәрімнің бір сүресін үйреткеніміздей Алланың елшісінің (с.ғ.с.) ғазауаттарын да (яғни, Сираны) үйрететінбіз» деген.

Ислам шейхы Имам әл-Ғазали Ихия Улумуд-Дин атты кітабында балаларға Құран Кәрім мен хадистерді, ізгі пенделердің әңгімелерін, діни хикаяларды үйретуді өсиет еткен.

Балаға деген мейірім

Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді, әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады» (Табарани риуаяты).

Қазақ мақалында былай делінген: «Алтыға дейін бала деп қара, алтыдан кейін құлыңдай көр, он алтыда досыңдай көр».

Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оны тыныш, мамыражай жағдайда ұстау қажет. Оған қатты дауыс көрсетіп ұрсуға, зекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, кикілжің, ұрыс-керіс сияқты жағымсыз қылықтар көрсетуге болмайды. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне кері әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал.

Сахих хадистер жинақтарында Әбу Қатада жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) қызы Зейнептің қызы Умәмәны көтеріп тұрып намаз оқыған. Сәждеге барғанда жерге қойып, тұрғанда қайтадан иығына салған.

Сахих хадистер жинақтарында Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) немересі Хасан ибн Әлиді (р.а.) сүйеді. Сол жерде әл-Ақра ибн Хабис әт-Тәмими (р.а.) деген кісі отырады. Ол: «Менің он балам бар. Мен олардың ешқайсысын сүйген емеспін» дейді. Сонда Алланың елшісі (c.ғ.с.) оған қарап: «Рахымды болмағанға рахым етілмейді» деген.

 Ата-ананың жауапкершілігі

Имам Бұхаридың Сахихында Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісінің (с.ғ.с.) былай дегені баяндалған: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарынан жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өзінің отарына жауапкерсіңдер». 

Шариғат бойынша отбасының, балалардың нәпақасы өзінің заңды әкесіне міндет. Адал кәсіппен мал тауып, отбасын асырау қажет. 

пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кісінің күнәсіне өзінің қамқорлығындағы жандарды жоғалтуының өзі жеткілікті» деген (Әбу Дәуіт, Ахмет риуаяты). Яғни отбасын асырамауы, оларға нәпақаларын тауып бермеуінің өзі зор күнәға жатады екен.

Ізгі ұрпақ пенденің артында қалдыратын ең жақсы нәрселерінің бірі. Ұрпағы ол дүниеден өткенде игілікті істерін жалғастырады, атын өшірмейді әрі артынан үздіксіз дұға тілеп тұрады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген. (Мүслім риуаят еткен).

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен» дейді». (Имам Ахмет риуаяты).

Алла Тағала бізді және ұрпақтарымызды салихалы мүмін-мұсылман етсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Әмин!

 

Оқылды 151 рет
JoomShaper
Top