Сүннеттiң жазылуы мен сақталуы

Жұма, 07.10.2021

Ислам дінінің Құран Кәрімнен кейінгі ең негізгі діни қайнар көзі – пайғамбар хадистері. Бұны бүкіл мұсылман жұртшылығы ерекше құрметтейтін «әһлу-суннә уәл-жамағат» ғалымдары бірауыздан растаған. Алайда соңғы ғасырларда хадис пен сүннеттің діни мәселелерде дәлел ретінде қолданылуы, оған мойынсұнудың міндеттілігі мен сенімділік деңгейіне қатысты түрлі пікірлер айтылып, күдік-күмәндар тарала бастады. Ислам тарихына көз салсақ, хадистерді сынауға бағытталған бұл қозғалыстың, әсіресе, ХІХ ғасырда Мысыр мен Үндістанда кең етек алғанын білеміз. Ал Үндістан жерінде бұл бағыт жүйелі түрде әрекет жасаған.

Өйткені, бұл аймақтарда модернизм мен батыс мәдениетінің ықпалы қарқынды түрде жүргізілгенін есепке алған жөн. Мұндай күмәнді ой-пікірлердің ғылыми негізде жүзеге асуында батыстық шығыстанушылардың әсері аз болмаған. Батыстық шығыстанушыларға тән бұл сыншылдық ағымы (критицизм) әу баста Інжілді сынау мақсатында пайда болып, кейін жүйелі түрде дамыған. Әрине, батыстықтар үшін бұрмаланған әрі ішінде қайшылықтар жиі кездесетін Інжілді сынға алу орынды шығар, бірақ дәл сол өлшемдермен Құран Кәрім мен хадистерді сынау өрескел қателік еді. Дегенмен, хадистерді сынаған батыстық зерттеушілердің негізсіз теориялары кейбір мұсылман ғалымдарына да әсер етіп, бірте-бірте хадистерді сынаушылар шыға бастады. Бұл түсініктегілер, тіпті, хадистің дінімізде дәлел бола алатынын жоққа шығаруға дейін барды. Алайда,  мұндай жаңсақ пікірлерге мұсылман ғалымдарының дәлелді әрі жүйелі түрде тойтарыс беруі нәтижесінде аталмыш ағым мұсылмандар арасында кең жайыла алмады.  

Мұсылман ғалымдары ерте ғасырлардан  хадистердің жиналуы, жазылуы және сақталуына қатысты көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіп, көлемді еңбектер жазған. Осы тұрғыда мынаны баса көрсеткен абзал: жалпы адамзат тарихында хадис ілімдері мен хадистерді алу-жеткізу мәселесінде орын алған ерекше жауапкершілік басқа ешқандай мұраларда кездеспейді. 

Хадистер ІІІ ғасырда ғана жазыла бастады деген пікірлер бар, алайда ол қате пікір. Хадистердің пайғамбарымыздың  тұсында-ақ  жазыла бастағанын төмендегі деректерден аңғаруға болады. Әуелі хадистерді сақтаудың жазудан басқа да жолдары болған айта кету керек. Тақырыпқа кіріспестен бұрын осыларға қысқаша тоқтала кетейік.

Жаттау

Сахабалар Құран Кәріммен қатар пайғамбарымыздың сөздерін де ерекше ыждағатпен жаттаған. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менің сөздерімді жаттап, басқаларға сол күйі жеткізген адамның Алла Тағала жүзін жарқын етсін»  деп, сахабаларды хадистерді жаттап алып, басқаларға жеткізуге ынталандырған.

Сахабалардың хадистерді ойына тоқуға деген ынта-ықыластары мен құлшыныстары айрықша жоғары еді. Тіпті, кейбір сахабалар соңғы елшінің аманатын басқаларға жеткізу үшін бәрін тастап, арнайы пайғамбарымыздың Мәдинадағы мешітінде тұрған. Тарихта олар «асхабус-суффа» деген атпен кеңінен мәлім.

Бұған қоса, арабтардың есте-сақтау және жаттау қабілеті ерекше мықты болған. Басым көпшілігі өздерінің аталары шежіресі түгіл түйелерінің де тегін жатқа білген. Араб елінің өлеңдерін жеткізуші, ең әйгілі тұлғалардың бірі – Хаммад (қ. 155/772 ж.) әліпбидегі әрбір әріп жайлы ұзын қайырымды жүз өлең жатқа білетінін айтқан. Демек, ұзын саны 3038 шумақ өлеңді жадында ұстаған деген сөз .

Араб жұртшылығы жаттауды жазудан да жоғары санаған. Естіген нәрселерін қағазға түсіруге намыстанған. Өлеңдерін қағазға түсірген шайыр оның жария болуын қаламаған. Өйткені, бұл – шайырдың есте сақтау қабілетінің кемістігін аңғартқан . 

Міне, ата-бабаларының тарихына, шежіресіне қатысты жыр-дастандарды жаттап әбден төселген арабтар Алла елшісінің мүбарак аузынан төгілген әрбір асыл сөзді де оп-оңай жаттап алатын болған. Әрине, жай өлеңдерден гөрі екі дүниенің бақытына бастар хадистерді жаттауға одан да үлкен жауапкершілікпен қарағандығы айтпаса да түсінікті. 

Мысалы, ең көп (5374) хадис жеткізген атақты сахаба Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздың мешітінің жанында тұрған. Бүкіл уақытын Алла елшісінен ілім үйрену жолында жұмсаған. Ол бір сөзінде: «Түнімді үшке бөлетінмін. Бірінші бөлігін намаз оқумен, екінші бөлігін ұйықтаумен, ал үшінші бөлігін пайғамбарымыздың хадистерін қайталап, жаттаумен өткізетінмін» деген. 

Бір жолы Мәдина қаласының әкімі Мәруан Әбу Һурайраны үйіне шақырып, кейбір хадистерді риуаят етуін өтінген. Мақсаты оның есте сақтау қабілетінің қаншалықты екенін байқап көру-ді. Өзінің жазу істеріне арнайы тағайындалған катибі Әбу Зуайзаға көрінбейтін жерге отырып, Әбу Һурайраның айтқан хадистерін түгел жазуды бұйырады. Арадан бір жыл өткен соң Мәруан оны үйіне қайта қонақ етіп, былтырғы айтқан хадистерін қайталап айтуын өтінеді. Әбу Зуайза тасада отырып, Әбу Һурайраның айтқан хадистерін бұрынғы жазғандарымен салыстырып отырады. Нәтижеде Әбу Һурайраның бір жыл бұрынғы айтқан хадистерін айна қатесіз дәл қайталап бергеніне көз жеткізеді .

Осы сынды оқиғалар хадис ілімі тарихында көптеп кездеседі. Есте сақтау қабілеті дегенді жай бір дағды деп қабылдамау қажет. Бұған ерекше мән берген хадис ғалымдары оны анықтаудың түрлі тәсілдерін дамытқан. Ғалымдар хадис жеткізушілердің жаттау әрі есте сақтау қабілетінің күштілігіне, әділдігіне көз жеткізбестен, олардың айтқан хадистерін дұрысқа санамаған. Осы мақсатта «Әсмаур-рижал», «Жәрх уа тағдил»  атты кең көлемді еңбектер жазылып, хадис жеткізушілердің өмірбаяндары егжей-тегжейлі зерттелген. Кейбір адамдар басқалардың кемшілігін іздеу шариғатқа сай келмейді деп қарсы шыққан. Алайда, ақиқатқа жету үшін бұның қажеттілігін жақсы түсінген ғалымдар «ақыретте Алла елшісінің «менің хадистерімді өтіріктен неге қорғамадың?» дегенін естігеннен гөрі олармен есептесу оңайырақ» деп, хадистерді жалғаннан қорғауды дінді қорғау деп есептеген. Тарихи шындықты кейінгілерге жеткізу тұрғысынан алғанда, әлемде осыншалықты қатаң да әділ сыннан өтіп барып жеткен ешқандай да тарихи мұра жоқ десек, артық айтқандық емес. Ал осы нағыз ғылыми тәсілді мұсылман ғалымдары сонау ерте ғасырларда-ақ қолға алып, дамытты. Басқалардың айтқанындай кез келген нәрсені хадис деп қабылдай салмай, әбден електен өткізіп барып қабылдаған.

Сахабалар Алладан уахи алған ардақты пайғамбардың әр бір сөзін, тіпті іс-әрекеттерінің өзін жаттауға аянбай кіріскен. Өйткені ол, жай бір қатардағы кісі, не болмаса саяси көсем емес, Алла Тағала жіберген соңғы хақ пайғамбар-тын. Сондықтан, ақиқат десе ішкен асын жерге қоятын, қара қылды қақ жаратын әділдіктерімен тарихта аты қалған сахабалар бұл іске немқұрайлы қарамаған. Соңғы елшінің аманатын көздің қарашығындай сақтағандығына олардың өмірлерімен танысқан кезде, Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) деген кіршіксіз сүйіспеншіліктері анық аңғарылады. Олар үшін пайғамбар дүниедегі бар асылдан қымбат тұғын . 

Пайғамбарымыздың сахабаларды хадис жаттап, басқаларға жеткізуге ынталандыруы келешек ұрпақтың ислам дінін кемшіліксіз үйренулері үшін жасалған аса маңызды ісі болатын. Хадис болмаса, Құран Кәрімді  дұрыс түсіну қиындық туғызар еді. Пайғамбар өсиеттері Құран Кәрімнің ең үлкен тәпсірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, хадистерді жаттау арқылы  кейінгі ұрпаққа жеткізу, жазу арқылы сақтаудан ешқандай да кем емес.

Мүзәкара 

(өзара талқылау)

Хадистерді сақтаудың екінші бір жолы өзара талқылау болған. Сахабалар жаңа сүннет үйренсе, оны басқаларға жеткізгенше асыққан. Естіген хадистерін өзара талқылап, қателері болса, бір-бірін түзеген. Пайғамбарымыздың төмендегі хадистері сахабалардың осы ісіне үнемі қамшы болып отырған. Мысалы: «Бұл жердегілер естімегендерге жеткізсін! (Бәлкім, олар бұл жердегілерден жақсы түсінер)»; «Менен бір аят болса да  басқаларға жеткізіңдер!»; «Менің сөздерімді жаттап, басқаларға сол күйі жеткізген адамның Алла Тағала жүзін жарқын етсін»  т.б. хадистер мәселенің тереңдігін аңғартса керек. Пайғамбарымыздың мұндай хадистері болмаған күннің өзінде де сахабалар оның аузынан шыққан сөздерді басқаларға жеткізер еді. Өйткені, ол (с.ғ.с) ілімнің қайнар бұлағы, діннің жеткізушісі, адамзатты тура жолға бастаушы пайғамбар емес пе!?

Сахабалар бастары қосыла қалса, бірден бос сөзге емес, пайғамбарымыздың сөздері мен істері жайлы өзара әңгімелесуге кіріскен. Олар шариғатты толық үйренуді бәрінен жоғары қойған. Бұл кейбір адамдар ғана білетін хадистерді басқалардың да естіп, жаттап алуына мүмкіндік туғызған. Пайғамбарымыз ол кезде көзі тірі болғандықтан мүбада, қателесе қалған жағдайда да түзеуге жол ашық еді.

Іске асыру

Сүннеттің сақталуының тағы бір аса маңызды жолы пайғамбарымыздың айтқандарын өмірде іске асыру болатын. Пайғамбарымыз Құран Кәрімді жеткізіп әрі иләһи бұйрықтардың мәнін халыққа түсіндіріп қана қоймай, оны өз өмірінде толықтай орындап көрсеткен. Айтқан сөздері мен істері бір жерден шыққандықтан, сахабалар оған күмәнсіз бағынып, айтқан кеңестерін бұлжытпай орындауға тырысқан. Кез келген істерінде пайғамбарымызға барынша еліктеген. Сүннет ауыздан-ауызға таралған құрғақ сөз немесе үгіт насихат қана емес, ол өмірдің бүкіл саласына жан бітірген өміршең үлгі болатын. Олардың өмірі тұтастай сүннетке негізделген-ді.  

Демек, пайғамбарымыздың нұсқаулары бойынша қалыптасқан өмірлік үлгі де сүн­нетің сақталуында маңызды рөл атқарған.

Жазу

Кейбір сахабалар хадистерді жаттаумен қатар  жазып та отырған. Алғашқы кезеңдерде Құран Кәрім толық түсіп аяқталмай тұрғанда, пайғамбарымыздың хадистерді жазуға қатаң тыйым салғандығы белгілі. Бір хадисінде: «Менен естіген нәрсенің бәрін жазбаңдар. Кім менен Құранның тысында басқа сөздер жазған болса, оны жойсын. Менен естігендеріңді басқаларға ауызша жеткізуде тұрған еш нәрсе жоқ. Кімде-кім әдейі менің атымнан жалған сөйлесе, жаһанамдағы орнына  дайындалсын» деп ескерткен. 

Бұл үкім пайғамбарлықтың алғашқы кезеңіне ғана тән болды. Өйткені, ол кезде адамдардың хадистерді Құран Кәріммен шатастырып алу қаупі әрі қағаз тапшылығы да бар еді. Бұған қоса, кейбір сахабалар Құран Кәрім жазылған парақтардағы аяттардың тұсына пайғамбарымыздың түсіндірмелерін де жаза бастаған болатын. Бұл да Құран Кәрім мен хадистердің бір-біріне араласып кету қаупін күшейте түскен еді. Пайғамбарымыздың хадистерді жазуға қатаң тыйым салуының мәнісін осы тұрғыдан қараған дұрыс. 

Уақыт өте келе Құран Кәрімді жатқа біле­тін­дірдің қатары көбейіп, Құран Кәрім мен хадисті шатастырып алмайтындай жағ­дайға жеткенде, пайғамбарымыз хадис­терді жазуға рұқсат берген, тіпті, кейде хадистердің жазылуын тікелей бұйырған. Осыған қатысты бірнеше мысал келтірейік:

* * *

Ансарлық сахабалардың бірі кейбір хадистерді естігенін, бірақ көбіне ұмытып қала беретіндігін айтқанда, пайғамбарымыз: «Оң қолыңның көмегіне жүгін» деп жазуға ишарат еткен еді.

* * *

Әйгілі сахабалардың бірі Рафи ибн Хадиж (ө.74/693): «Мен пайғамбарымыздан: «Сізден көп нәрсе естиміз. Бұларды жазсақ бола ма?» деп сұрадым. Сонда ол: «Жазсаңдар, болады» деп жауап берді» деген. 

* * *

Абдуллаһ ибн Әмр ибн Асқа (қ. 63/682) пайғамбарымыз: «Ілімді сақтаңдар» деді. Ол: «Ілімді қалай сақтау керек?» деп сұра­ғанда: «Жазу арқылы»  деп жауап қайырған.

* * *

Абдуллаһ ибн Әмр: «Мен пайғам­барымыздан естіген нәрселерді тегіс жазып, жаттап алуға тырысатынмын. Кейбір құрай­ыштықтар менің бұл ісіме бөгет жасағысы келіп: «Пайғамбар не айтса, соның  бәрін тегіс жаза бересің бе? Ол да өзгелер секілді адам баласы ғой. Кейде ашуланып айтып жіберуі мүмкін емес пе?»  деді  деп айтқан. Кейін Абдуллаһ ибн Әмр бұл жағдайды Алла елшісіне жеткізгенде, ол аузын нұсқап: «Жаным құдірет уысында болған Алла Тағалаға ант етейін, бұл ауыздан хақ сөзден басқа нәрсе шықпайды»  деген.

* * *

Меккенің азат етілуі кезеңінде Алла елшісі бірқатар шариғи әмірлермен қоса адам құқықтарын да қамтитын кең көлемді сөз сөйлейді. Тыңдағандардың бірі иемендік Әбу Шах атты кісі пайғамбарымыздан осы айтқандарын жазғызып беруін өтінгенде, ол сахабаларына: «Осы айтқандарымды Әбу Шахқа жазып беріңдер!» дейді. 

* * *

Әбу Һурайра: «Сахабалар арасында Абдуллаһ ибн Әмрдың тысында менен көп хадис білетін адам жоқ еді. Өйткені Абдуллаһ хадистерді жазатын, мен жазбайтынмын» деген.

* * *

Ибн Аббас пайғамбарымыздың (қайтыс болар алдында) сырқаты күшейген кезде, «Бір парақ әкеліңдер, ұстансаңдар адаспайтын өсиет жаздырайын» дегенін жеткізеді. Бұл да пайғамбарымыздың өзі көзі тірісінде хадистердің жазылғанын қалағанын көрсетеді.

Аталмыш мәліметтер алғашқы кезеңде хадистердің жазылуына тыйым салынғанымен, кейінгі кезеңдерде рұқсат берілгендігін, тіпті пайғамбарымыздың өзі хадистерді жазғызғандығына нақты дәлел саналады. 

 Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының

докторы, исламтанушы

(Жалғасы бар)

Оқылды 307 рет
JoomShaper
Top