«Мұсылман бауырлар» ұйымының пайда болу және қалыптасу тарихы

Дүйсенбі, 10.10.2021

Мұсылман елдері XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бастарында саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық қиындықтарға душар болды. Осман империясы құлап, бірнеше ғасыр бойы жалғасқан сән-салтанат тоқтап, батыс елдерінің отарына айналды. Бұл жағдай ислам елдерінің маңызды ошағы болған Мысырды да айналып өтпеді. Өйткені, Мысыр да жылдар бойы империялистік күштердің басқыншылығына ұшырап, мәдени тұрғыдан да өз болмыстарынан ажырап қала жаздады. Бір жағынан отарлаушы күштер ел байлығын тонаса, екінші жағынан саяси билік пен оқу-білім жүйесін де өз қалауларына ұстап отырды.

Билік басындағылар отарлаушы елдердің шешімімен тағайындалып, орындарынан алынатын. Бұл жағдайлардың барлығы әлбетте жергілікті халықтың наразылығын тудырды. Алғашында зиялы және саяси элитада ғана сезілген қарсылықтар, уақыт өте келе қарапайым халықтың арасында да көрініс беріп, бұл қиын жағдайдан құтылудың жолдарын іздестіре бастады. Міне, осы кездері елді оятуға бағытталған қозғалыстар қалыптасумен қатар, өз мүдделерін көксеген топтар да құрыла бастады. Хасан әл-Бәнна тарапынан негізі қаланған «Мұсылман бауырлар ұйымы» сол кездері құрылған топтардың бірі.

Аталған ұйым Мысырдың саяси өмірінде ықпалды болуымен бірге, ислам әлемінде басқа да ағымдардың өмірге келуіне себеп болды. Алғашында жай ғана жастар ұйымы болғанымен, уақыт өте келе билік басындағыларды өздерімен санасуға мәжбүр етті.

Бұл ұйымды құрған Хасан әл-Бәнна 1906 жылы 14 Қазан айында Мысырдың Бухайра уәләятына қарасты Махмудия ауылында дүниеге келеді. Әкесі күнкөрісін сағат жөндеумен тапқандықтан Саати лақабатымен танылған Ахмад бин Абдуррахман әл-Бәнна. Сонымен қатар, ұшан теңіз діни білімі де болған. Алғашқы білімін әкесінен алған Хасан сегіз жасында Махмудиядағы классикалық білім беретін Мәдрасатул Рашидид Динияға түседі. Бұл жерде Құран Кәрімнің бір бөлімін жаттап, араб тілі грамматикасын және әдебиеттерін оқиды. Медресенің директоры Шейх Мухаммед Зәхран оған ерекше әсер еткендігі айтылады. Кейін Бухайраның бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына түседі. Бұл жерде Хассафия тариқатының шейхы Абудулуаһһаб әл-Хассафиге қосылады. Осылайша сопылармен байланысын күшейтіп, кейін Махмудияда әл-Жамиғатул Хассафия  әл-Хария мен әш-Шуббанул Мулимин ұйымдарының құрылуына мұрындық болады.

Деменхурдағы бастауыш мұғалімдерін даярлайтын оқуды бітіргеннен кейін Каирге барған Хасан 1927 жылы Мамыр айында «Кіші Азхар» деп аталған Дарул Улумға түседі. Студент кезінде бір жағынан дәрістері мен білімін жетілдірсе, екінші жағынан отбасымен бірге Каирге қоныс аударған әкесінің сағат шеберханасына қолғабыс тигізеді. Осы кездері ағылшын империялизмінің Мысырға материалдық және рухани жағынан тізе батырғанын көріп, бұған қарсы бір әрекет жасау үшін заманының атақты ғалымдарымен араласып, табандылығының нәтижесінде Азхар шейхтерінен Мухаммад бин Сағд, Юсуф әд-Дәжуи, Абдулазиз Шауиш пен Мухаммад Рашид Рида да болған бірқатар ғалымдарды бір жерге жинауға қол жеткізеді. Дарул Улумде оқып жүріп мешіттерде, кофеханаларда жиындар жасап, кейбір ғалымдардың уағыздарын ұйымдастырып, өзі де уағыз айтып жүрді. Оқуын аяқтағаннан кейін ары қарай жалғастыру үшін шет елге кетуді жоспарласа да, ол ойы кейінге қалып оқытушылық қызметке кіріседі. Алайда өзі күткендей Каирге емес, Исмайлияға тағайындалады. Махумудия мен Дәмәнхурдан кейін Каирде өткізген жылдары Хасан әл-Бәннаның Мысыр қоғамы мен ислам әлеміне қатысты белгілі бір шешімге келуіне әсер етті.

Хасан әл-Бәнна Исмайлияда да уағыз насихат айтуын тоқтатқан жоқ. Кофеханалар мен мешіттерде сөз сөйлеп, көптеген адамды айналасына жинайды. Ақырында 1928 жылы өз үйінде бас қосқан бір топ адаммен Ислам дінінің жолында өмірлерін арнауға, қажет болса жан беруге ант етіп, «Мұсылман бауырлар» ұйымын құрады. 1933 жылға дейін Исмаилияда жалғасқан ислам дағуаты жолындағы әрекеттері ғалымдар, тариқат шейхтары мен кейбір ұйымдарға жеткізілді. Бұл алты жылдық кезең «мұсылман бауырлар» қозғалысының болашақтағы қадамдарына әсер ететіндей болды. Осы кездері Каирдегі «Жамағатул-тахсибил ислами» атты жастар ұйымы да  Мұсылман бауырларға қосылып кетеді.

1932 жылы Хасан әл-Банна Каирге келгенде ұйымның астанадағы жетістіктеріне куә болып, нәтижеде ұйымның орталығын Каирге ауыстырады. Осылайша Хасан Исмайлиядан отбасымен қоныс аударып, бұл жерде оқытушылықпен бірге, ұйымның қызметіне көп уақытын арнайды. Осы жылдардан бастап Мысырдың шартарабына өздерінің ұстанымдарын насихаттауға көшеді. Нәтижеде бір жылдың ішінде-ақ бөлімшелерінің саны елудің үстіне шығады. Сонымен қатар, Сирия, Ливан және Палестинаға да өкілдерін жіберіп, үгіт-насихат жұмыстарын ол елдерде де жүргізеді. Ұйымның құрушылары мен үгітшілері өз ғимараттарында, мешіттерде және басқа да халық көп жиналатын жерлерде адамдарды өздеріне тарта бастайды. 1933 жылдан бастап жылына бір рет жиналыс жасап тұруды дәстүрге айналдырып, бұл жиындарында болашаққа жоспар құруға назар аударды. Құрылғанына он жыл өткенде, нақтырақ 1939 жылы қаңтар айында жасалған бесінші жиында Хасан әл-Бәнна ұйымның мақсатын, ұранын және басшылыққа алған әрекеттерін баяндайды. Тек жалаң сөзбен үгіт жасаумен шектелмей, осы кезеңде өздерінің апталық «әл-Ихуанул Муслимун» газеті (1933-1938) мен ән-Нәзир атты журналдарын (1938-1939) да басып шығарады. Яғни ұйым әрекеттерінің жемісті болуы үшін, жүйелі түрде жұмыс жүргізуді мақсат етеді.

ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшындардың сапында соғысқа қатысуға қарсы шыққан ұйым мүшелері үкімет тарапынан қуғынға ұшырайды. Олар ағылшындардың сионистік топтармен бірге екендігін және қарумен қамтамасыз етіп отырғандығын, кейін яһудилердің Палестина аймағын қолдарына алып, ол жерде мемлекет құратындығын айтады. Сол себептен 1940 жылы ағылшындарды Мысырдан шығару және Палестинаны құтқару мақсатында жасырын жиһадшылар әскерін құруға шешім қабылдап, осы жылы бұл әскердің заңнамасы іспеттес «Әт-Тағалим» атты рисаласын басып шығарады. 1948 жылы құрылған бұл қарулы топ «Ән-Низамул-хас» деп аталды.   

«Конституциямыз Құран, жолбасшымыз Пайғамбар, ең басты мақсатымыз Алла жолында өлім» деген ұран мұсылман бауырлардың идеологиясын айқын түрде көрсетеді.

Мұсылман бауырлар ұйымы 1941 жылдардан бастап Мысырдың билік саласына араласуды жөн деп тауып, ел парламентіне өз адамдарын отырғызуға шешім қабылдайды. Алайда, әрекеттері сәтсіздікпен аяталады. Кейін қайтадан айына екі рет шығатын «әл-Ихуанул-Муслимун» (1942-1948) газетін басып шығаруға рұқсат алады. 1944 жылғы парламент сайлауында да 6 адамдары үміткерлікке ұсынылғанымен, өтпей қалады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұйым әлеуметтік және экономикалық салаларға да назар аударады. Көптеген сауда, өндіріс және егістік ошақтарын құрып, жүздеген оқу және денсаулық мекемелерін ашады. 1948 жылы Қыркүйек айында жасалған жиырма жылдық мерейтойларында Хасан әл-Бәнна ұйымға қатысты көптеген мәліметтер беріп, жиырма жылдың ішінде Мысырдағы бірлестіктерінің саны 2000-ға, Ал, Суданда елуге жеткендігін және Палестина, Шығыс Йордания, Сирия, Пакістан мен Иранда да орталықтарын ашқандығын білдірді.

Мұсылман бауырлар ұйымы сол кездері Палестина мәселесімен де шұғылданып, әсіресе, сионизмнен келер қауіпке назар аудартып, Палестинаны құтқару үшін мұсылмандарды жиһадқа шақырды. 1948 жылы 15 Мамыр айындағы Араб-Израйл соғысында да белсенділік көрсетеді.

Ал бұлардың әрекеті Франция, Англия және Америка сынды батыс елдеріне ұнамай олардың Каирдегі елшілері үкіметтен ұйым мүшелеріне тыйым салу керектігін талап етеді. Мысыр үкіметі осыған байланысты «Мемлекетке қарсы көтеріл жасауды көздеген» деген айыппен ұйымға тыйым салынуына және барлық мал-мүліктерін тәркілеуге бұйрық шығарады. (1948, 8-қаңтар). Биліктің бұл шешімі қатаң қарсылыққа тап болып, жиырма күнен кейін пермьер-министр Нукраши Паша ұйымның жас мүшесінің қолынан қаза табады. Ал 1949 жылы 12 Ақпан күні Хасан әл-Бәнна мемлекет қолынан қаза табады. Нукраши Пашадан кейін үкімет басына келген Ибраһим Абдулһади мұсылман бауырлар ұйымын қатты қуғындап, алты айдың ішінде 4000 мүшесін темір тордың ар жағына тоғытады. 

1960 жылдың қаңтар айында Нәххас Паша үкіметі құрылғаннан кейін мұсылман бауырлар ұйымына деген қатаңдық біршама жеңілдейді. Олар да осы сәтті пайдаланып «әд-Дағуа» атты журналдарын шығара бастайды. (1951 жылы қаңтар 30) Осы кезде Мысырдағы ең маңызды мәселе ағылшын әскерлерінің елден шығарылуы еді. Мұсылман бауырлар бұл кезде де белсенділік көрсетіп, Нәххас Пашаның саясатына қолдау білдіреді. Алайда Хасан әл-Бәннаның орнына кім келетіндігіне қатысты ұйым ішінде талас-тартыс туындайды. Нәтижеде 1951 жылы қазан айында Хасан әл-Баннаның жақын досы Хасан әл-Худайбидің басшылыққа келуімен ішкі талас-тартыстар саябырсиды. Алайда ол Хасан әл-Банна секілді харизматикалық тұлға емес еді  және лидерлік қабілеті де аса жоғары болмай шығады.

Бірақ оңтайлы шешімі табылады. Әл-Худайбидің жетекшілігіндегі ұйым «пирамидалық» бір иерархияға айналады. Ең басында жоғарғы басшы болады. Одан кейін ұйымның саяси шешімдерін шығаратын 11 кісіден тұратын «иршад бюросы» және одан кейін «иршад бюросын бір жылға тағайындайтын «құрушылыр комитеті» құрылды. Иршад бюросы жоғарғы басшыны екі жылға тағайындайтын. Құрушылыр комитетінің қарамағында 10 аймақтық комитет, олардан кейін аудандық комитеттер келетін.

Жаңа басшы ағылшындарға қарсы жиһадқа шақырады. «Еркін офицерлер» (әддаббатул-ахрар) қозғалысының 23 тамыз 1952 жылы билікті қолдарына алысымен ихуан муслимин көтерілісшілерге қолдау білдіріп, төрт күннен кейін жариялаған баяндамаларында  «мубарак әрекет» ретінде сипаттайды.

Мұсылман бауырлар мен еркін офицерлер арасындағы байланыс ІІ дүниежүзілік соғыстың бастарында құрылып, соғыс жылдарында жанданып, І Араб-Израйл соғысы жылдарында бірге соғысуларына мүмкіндік берді. Жаңа үкімет барлық партияларды жапқанымен ихуандардың саяси құрылым еместігін айтып, олардың жұмысына рұқсат береді.  Алайда көп уақыт өтпей ислам мелекетін құруды және үкіметтің ислами негіздерге  сай әрекет етуін қалаған ұйым мүшелері мен зайырлы биліктің арасында араздық оты тұтанды. Ақыры 1954 жылы 15 қаңтар айында билік тарапынан саяси партия ретінде танылып, қызметіне тыйым салынады. Сондай-ақ «билікті жығуды көздеген және ағылшындармен құпия кездесулер жасаған» деген айыппен басшысы мен алдыңғы қатарлы тұлғалары тұтқындалып, ұйымға қарсы шаралар қолданылды. Алайда ұйым мүшелері көтеріліске шығып, тұтқында отырғандарын босатып алып, қайтадан әрекеттерін жүргізуге еркіндік алады.

1954 жылы 26 Қазан айындағы Жәмәл Абдуннасырға жасаған сәтсіз қастандықтары ұйымның тарихында маңызды орын алады. Осы әрекеттен кейін ұйым қызметіне заңды түрде тыйым салынып, мыңдаған мүшелері тұтқындалады. 1954 жылы 4 қаңтарда жеті көшбасшы тұлғалары өлім жазасына кесіледі. Алайда кейбір ислам мемлекеттерінің сұрауымен басшы Хасан әл-Худайбиден өлім жазасы алынып, өмір бойы жазаға кесіледі. Алайда қалған мүшелеріне жаза орындалады. Ал түрмедегі ұйым мүшелеріне ауыр азаптар жасалды. 1954 жылы қазан мен 1955 жылдың бастарына дейін 27 кісі ауыр азаптан қайтыс болса, 1957 жылы екі кісі қызметкерлердің қолынан қаза табады.

1965 жылдың алғашқы айларында тұтқындалғандардың көпшілігі шартты түрде және денсаулықтарының жарамауына байланысты босатылады. Алайда тура осы жылдың тамыз айында қайтадан жаппай тұтқындау шаралары басталады. Жүздеген әйелдер мен жас қыздармен бірге 20000-нан астам адам тұтқындалады. Сот осылардың ішінен жеті кісіні өлім жазасына, 100-ден астамын әртүрлі мерзімдерде түрмеге қамайды. Өлім жазасына кесілгендердің бірнешеуі өмірлік түрме жазасына ауыстырылса, «Физайлул-Қуран» атты тәпсір кітабының авторы Сайд Кутуб пен Юсуф Хавваш пен Абдулфаттах Исмайлдың жазалары 1966 жылы 29 тамыз айында орындалады. Сайд Кутб өлім жазасына кесілместен бұрын көптеген азаптарға душар болып, ұзақ уақыт түрмеде де отырады. Осы түрмеде отырғандағы азаптар оның көзқарасын тіптен радикалдандырып жібереді. Сайд Кутуб ұйымның белсенді идеологы еді. Оның азапталуы, соның нәтижесінде қалыптасқан көзқарасы мұсылман бауырлардың ұстанымын алғашқы жылдарына қарағанда радикалды сипат алуна себеп болады.

Жәмәл Абдуннасрдың өлімінен кейін ел тізгінін ұстаған Әнуар Садат түрмедегі «Мұсылман бауырлардың» мүшелерін босатады. Нәтижеде 1970-1978 жылдар арасында тыныш кезең болды. Олардың алдыңғы қатарлы алты кісісін парламентке отырғызып, айлық «әд-Дағуа» атты журнал шығаруларына да рұқсат береді.  Таралымы 78000 болатын аталмыш журнал өздеріне төрт қарсыласты нысана етіп жұмыс жасады. Олар: батыс христиандығы, коммунизм, зайырлылық және сионизм. Барлық мақалалары мен жаңалықтары осы төрт бағытта жүрді. Ануар Садаттың барынша бітімге келуге тырысып, бірқатар жеңілдіктер жасап, ұйымның зиялылар тобын өзіне жақын тартуының ақыры радикалдық көзқарастағы адамдардың ұйымнан бөлініп, басқаша бағыттағы топтар құруына алып келді.

Ануар Садаттың бұл бітімгершілік саясаты ұйымның Израйльмен келісімге келуінен кейін бұзылды. 1977 жылы Израйльге ең алғаш болып іссапар жасаған араб мемлекетінің президенті Ануар Садат болды. Бұл сапардан бір жыл өткен соң 1978 жылы Садат Изральді ресми түрде мойындайды. Ал Әл-Азхар университетінің ғұламалары Садаттың мәжбүрлеуімен 1979 жылы оның саясатын бітімгершілік жолындағы әрекет ретінде пәтуә шығарды. Бұлардың барлығы мұсылман бауырларды Садатқа қарсы қойды. Нәтижеде қайтадан ұйым мүшелерін қудалау басталып, 2000-нан астам адам тұтқындалып, журналдары жабылып, 200 офицер ұйымның адамдары ретінде әскерден қуылды. Ұйымның қарсылық көрсететін уақыты да жақын еді. Ақыры 1981 жылы алаңдағы салтанатты жиында Әнуар Садатқа қастандық ұйымдастырылып, нәтижеде президент ажал құшты.

Садаттың орнына 1973 жылы Араб-Израйл соғысында жұлдызы жанған Хосни Мүбарак президент болады. Мұсылман бауырлар бұл кезеңде билікпен диалогқа түсе бастады. Саясат сахнасында ресми түрде тыйым салынғанымен әлеуметтік салада белсенді әрекет етіп, университеттер мен қорлардағы жағдайы нашар адамдарға көмектесті.

Мұсылман бауырлар 1990 жылдың орталарында әсіресе мектеп және университеттердегі ықпалдарының себебінен режимге қауіп төндіретіндей дәрежеде күшейеді. 1995 жылы қаңтар айында террористермен байланысы бар екендігі айтылып, алдыңғы қатарлы адамдары тұтқынға алынады. 1995 жылы қараша айында Каирдегі бюролары жабылып, бірнеше мүшесіне қатысты сот тарапынан ауыр жазалар беріледі. Сондай-ақ 1995 жылғы 29 қарашадағы сайлауға қатысуларына да тыйым салынады.

Десек те мектептер, ауруханалар салу арқылы халықтың көңілінен орын алып, 2005 жылғы сайлауда үлкен сәттілікке қол жеткізіп, парламенттен 88 орын алды.

Мұсылман бауырлар алғашқы жылдарынан бастап ел аумағынан асып, көрші мемлекеттерге жайылып, орын тепкен. Бүгінгі уақытта араб елдерінің барлығында дерлік аталмыш ұйымның мүшелері бар.

Жалпы ұйымның тарихында сегіз басшы жетекшілік жасаған. Ретімен айтар болсақ: Хасан әл-Бәнна (1928-1949), Хасан әл-Худайби (1949-1973), Омар бин Тилмисани (1973-1986), Мұхаммед Хамид әл-Наср (1986-1996), Мұстафа Махсур (1996-2002) Мәмун әл-Худайби (2002-2004), Мухаммед Мәһди Акиф (2004-2010), Мұхаммед Бәдиғ (2010-2013). Қазір Мухаммед  Иззет басшылық жасауда.  

Мұсылман бауырлар ұйымы Хасан әл-Баннаның уақытындағы бейнесінен айтарлықтай өзгеріп кеткен. Олар өздерінің ұстанымына қарсы шыққандарды күш қолдану арқылы ысырып тастауды еш әбестік санамайды. Қарсыластарды жою тарихтан бері қолданылған әрекет болғанымен, бейбіт елдің берекетін алатындай қантөгіс жасап, бүлдіру арқылы «бақытты қоғам» құрғысы келетін топтардың еліміздің тыныштығына қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені құрту оңай, бірақ құру қиын екені анық.   

Мұсылман бауырлар ұйымы бірнеше елде террористік ұйым ретінде тыйым салынған. Мәселен Ресей 2003 12-ақпан, Сирия 2013 21-қазан, Мысыр 2013 25-желтоқсан, Сауд Арабиясы 2014 7-наурыз, Біріккен Араб әмірліктері 2014 9-наурыз айында террористік ұйым деп тапқан. Біздің елімізде де аталмыш ағымның әрекеттері террористік деп танылып, заңмен тыйым салған.

          

          Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті

Дінтану кафедрасының оқытушысы,

магистр Ернар Есімқұлов  

Оқылды 287 рет
JoomShaper
Top