Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ: Орыс тiлдi дiни қызметкерге сұраныс жоғары

Жұма, 14.10.2021

Бүгінгі таңда дін тақырыбы еліміздегі ең өзекті мəселеге айналды. Бұлай болуының да түрлі себептері бар. Бірі – еліміздегі білікті дін мамандарының аздығы болса, екіншісі – қарапайым халықтың діни білімінің жоқтығы. Дегенмен, атқарылып жатқан ағымдармен күрес, ақпараттық- ағартушылық жұмыстары оң нəтиже көрсетіп келеді. Сондай-ақ, мешіттерде уағыздың орыс тілінде айтылуына қатысты да қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Білім жəне ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаевпен еліміздегі дін мамандарын даярлау мəселесі төңірегінде сұхбаттасқан едік...

– Бақтыбай Қыдырбайұлы, жыл сайын еліміздегі діни білім беретін оқу орындарын қанша маман тəмəмдап шығады?

– Үстіміздегі жылы «Исламтану» мамандығы бойынша «Нұр-Мүбарак» университетінде 116 түлек дипломдық жұмыстарын сəтті қорғап, «Имам Хатиб» біліктілігіне ие болды, жоғарғы білімді маман атанды. Ал, орта білімді 221 түлек медреселерді тамамдады. Бұл бұрынғымен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бұл – мемлекетіміздің діни оқу орындарына ерекше көңіл бөліп, білім гранттарын беріп, қолдау көрсетіп отырғанының арқасында дер едім. Себебі, он бес жылдық тарихы бар университеттің соңғы үш жылын қоспағанда жылына 40-50 адам ғана бітіретін. Жылда оқуға 100-ге жуық адам құжат тапсырып, оның елуге жуығы ғана қабылданатын. Ал, қазіргі таңда мемлекет қамқорлығын көріп отырған университетке биыл алты жүзге жуық адам құжат тапсырды. Оның ішінде бір оқушы мектепті алтын белгіге бітіріп келген, өте жақсы оқығандар жəне мешіт жанындағы сауат ашу курстарында діни сауатын ашып, 20-30 шақты сүрені жаттап келгендер, дайындық курсын бітіріп, араб тілін меңгеріп алғандар жəне колледж дипломымен оқуға талпынғандардың қатары көп болды. Бұл – қуантарлық жағдай. Мамандарымыздың саны мен сапасы жылдан жылға өсе түсетінін болжап отырмыз.

– Еліміздегі діни ахуалды жақсарту үшін бұл мамандар жеткілікті ме?

– Діни ахуалды жақсарту үшін тек маман дайындап қана қою жеткіліксіз. Күрделі діни жағдай діни мамандары көп ислам мемлекеттерінің өзінде де бар. Сондықтан, діни мəселелерге сақтықпен қарау керек. «Исламтану» мамандары тек мешітке ғана емес, көп салаға жұмысқа тартылу қажет. Мысалы, елшіліктерде, кеден, ішкі істер қызметтерінде аталмыш мамандықты меңгерген азаматтар болғаны дұрыс. Негізгі тақырыптан ауытқымау үшін, мешіттердегі мамандардың білімі жағын айта кетейін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күн тəртібіндегі негізгі мəселесі, мешіттерді білімді, білікті мамандармен қамтамасыз ету. Соңғы жылдары білімді мамандардың қатары көбейді. Жоғары білімді мамандардың саны 15%, орта білімділер 22%-ға өсті. Алайда, 63% діни қызметшілер курстарда алған білімдерімен шектелген. Сондықтан, дəл қазіргі жағдай бұрынғымен салыстырғанда жақсы болғанымен, қазіргі талапқа жауап бере алмайды. Жыл сайын бітіретін мамандар арамызға қосылғанымен, оларға тəжрибе жинау үшін міндетті түрде уақыт керек. Бүгінгі жағдайды əлі де жақсарту үшін діни басқарма мамандардың білімімен қоса, біліктілігін көтеретін шараларды ұйымдастыруда. Діни қызметкерлер үшін екі институт жұмыс жасайды. Бірі діни жұмысты тиімді атқаруды меңгертсе, екіншісі жат ағымдармен жұмыс жасау əдістерін үйретеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Түркиялық əріптесі профессор, доктор Мехмет Гормез мырзамен бірігіп, діни қызметшілерге арналған ғылыми орталық ашуды да жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жыл сайын Ресей, Түркия, Египет елдеріне имам-молдалар білімін арттыруға жіберілуде. Мұның бəрі де дін ахуалды түзетуге, жақсартуға бағытталған шаралар. – Түлектердің жұмысқа орналасу мəселесі бар ма? Жалпы елімізде дін мамандарына деген сұраныс қандай? – Əрине, жұмысқа тартылады. Мысалы, осы жылы «Нұр-Мүбарак» университеті түлектерінің 95% қызметпен қамтылды. Ал, медресе бітірушілерінің 55% жұмысқа тартылса, 30% жоғары оқу орындарына түсті, 15% басқа мамандықтарға бет бұрды. Түлектердің оқу орындарын аяқтамас бұрын, қайда жұмыс істейтіні анықталады. Бұл мəселеде əр облыстағы өкіл имамдарымыз бен оқу орындары тығыз байланыста. Ал, оқу орны грантпен оқыған шəкірттермен келісім шарт жасасады, студенттерді имамдар мешіттерде практикадан өткізеді, жазғы демалыстарда студенттер туған жерлеріндегі мешіттердің имамдарына көмектеседі. Жақсы оқитын азаматтарға оқуды бітірместен бұрын сұраныс түседі. Өкіл имамдарымыз оқу орындарын аралап, өздерінің басқарып отырған облыстарына мамандарды шақырады. Тіпті ҚМДБ басшылары да оқу орындарына арнайы барып, студенттерге дін жұмысына келуге насихаттайды. Облыстарға білімді мамандарды жұмысқа тартуға жергілікті əкімшіліктерде атсалыса бастады. Тіпті, кейбір əкімшіліктер өз облыстарының азаматтарына оқу ақысын тауып беріп жатыр. Əкімшіліктер мен «Нұр-Мүбарак» арасында келісім шарттар жасалынуда. Кейбір əкімшіліктер діни қызметшілерді жалақымен қамтамасыз етудің тетіктерін тауып, жақсы мамандарды тартады. Мұның бəрі мамандарға деген сұраныстан туып отыр ғой.

– Қазір қоғамда орысша уағыз айту мəселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?

– Маман ретінде айтарым, орыс тілді діни қызметшілерге ел ішінде сұраныс жоғары. Қазақстандағы мұсылмандардың барлығы тек қазақ тілінде сөйледі деп айта алмаймын. Қазақстандық мұсылмандар бірнеше ұлттардан тұрады. Соның ішінде, орыс тіліне бейімделіп қалған ағайындар баршылық. Олармен Қазақстандағы діни жаңалықтармен бөлісіп отыру, ұстанымдарымызды жеткізу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының міндеті. Осы жағынан жəне 130-дан астам ұлт пен ұлыстар мекен еткен отанымыздағы күнделікті алыс-беріс, қарым қатынас тұрғысынан, ҚМДБ-ның сауатты жұмысы үшін орыс тілді мамандар қажет. Бұл да ҚМДБ үшін шешімін таппаған бір мəселе. Дегенмен, əрекет жоқ емес. ҚМДБ орыс тілді мамандардың жетіспеушілігін жою, орыс тілінде білім алуға сұранысты қанағаттандыру мақсатында 2014 жылы Астана медресесінен, 2015 жылдан «Нұр Мүбарак» университетінен орыс тілі бөлім ашылды. Бұл бөлімдерге Ресей азаматтарынан да оқуға ниет танытып жатқандар бар. Барлық облыстық орталық мешіттерде екі тілді мамандар жұмысқа орналастырылуда. Кейбір мешіттерде ғана жамағаттың сұранысы бойынша орыс тілді уағыз насихаттар айтылуда. Қазақстандағы барлық мешіттерде қазақ тілінде уағыз жүргізіледі. Бас мүфти тапсырмасымен, имамдарымызға уағыздарда қазақ ағартушыларының, зиялыларының, қайраткерлерінің нақыл сөздері қосып айтылуы міндеттелген. облыстық семинарларда уағыз айтатын діни қызметшілерге шешендік өнер сабақтары жүргізіліп отырады. ҚМДБ оқу орындарында қазақша əдеби, көркем сөйлеу арнайы оқытылады. Өйткені, діни қызметшілер мешіттерде тек дінді ғана емес, қазақ тілінің дамуына үлес қосып келеді.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Əлімхан СЫРБАЙ

Оқылды 1108 рет
JoomShaper
Top