Бағдат АХМЕТƏЛІҰЛЫ: Әдепсiздiк сауатсыздықтан шығады

Жұма, 07.10.2021

Бүгінде ислам атын жамылып əлемді шулатып жүргендер туралы аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамда да дінге бет бұрған жастардың теріс мінезін жиі байқап жүреміз. Соларға қарап, «ислам діні мəдениеттілікке, көркем мінезге, сабырға үндемеуші ме еді» деген ой келеді. Біз бүгінгі сұхбатымызда адамгершілік, көркем мінезді болу, шынайы мұсылмандық тақырыбында Астана қалалық «Əл-Ғани» мешітінің бас имамы Бағдат АХМЕТƏЛІҰЛЫМЕН аз-кем əңгімелескен едік.

– Бүгінгі таңда «шынайы мұсылманның бейнесі қандай?» деген сұрақ күн тəртібінде тұр. Себебі, дүниені дүрліктірген терроризм де, экстремизм де исламмен байланыстырылып көрсетілуде. Сондықтан, бүгінгі сұхбатымызды да осы сұрақтан бастасақ...

– Негізі, шынайы мұсылманның бейнесі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге қалай үйретті, солай болуы керек. Ал енді экстремизм де, терроризм де исламға қарсы жасалып жатқан дүниелер. Себебі, ислам діні – бейбітшіліктің, татулықтың діні. Байқасаңыздар мешіттердің күмбезінде айдың бейнесі тұрады. Бұған көпшілік аса мəн бере бермеуі мүмкін. Бірақ, ол айдың үлкен мəні бар. Ай қараңғыда түскен жарықтың белгісі. Ислам діні де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген кезде сол кездегі қоғам қараңғылықта болатын. Ислам – адамдарды сол қараңғылықтан шығару үшін келген дін. Сол себептен де мешіттердің төбесінде айдың белгісі тұрады.

Қазіргі таңда бір жарылыс болса оны исламмен байланыстыратыны жасырын емес. Бəлкім мұның барлығы арнайы бір топтардың қолдан жасап отырған жобалары да шығар. Бірақ, ислам жазықсыз кісінің қанын төгуге емес адамзат баласын «қой ауызынан шөп алмауға» тəрбиелейді.

– Яғни, көркем мінезділікке тəрбиелейді ғой...

– Əлбетте, кезінде екі дүниенің сардары пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеден озғаннан кейін, соңында қалған сахабалар дінді тарату үшін ел-елді аралап уағыз айтып, үгіт-насихат жүргізді ғой. Сонда олардың бір-біріне деген бауырмалдығын, халыққа көрсеткен ілтипатын, бойындағы көркем мінезін көрген кейбір кісілер ешқандай уағызсыз, үгіт-насихатсыз-ақ, өз еріктерімен ислам дінін қабылдаған. Демек, ол кісілер сырт келбетімен-ақ, исламның қандай дін екендігін көрсете білген. Ислам дінінің бүгінгідей əлемнің түкпір-түкпіріне кең таралуының бір себебі де осы көркем мінезділікте.

– Қазір де бес уақыт намазын оқып, дінге бет бұрдық деген жастардың мінезі өзгеріп жатады. Бірақ, көркем мінездікке емес. Неге?

– Дінге бет бұрып, намазға жығылғанымен мейірімсіздік, мəдениетсіздік, əдепсіздік танытатын жастарымыз жоқ емес. Оны мешітте болсын, өзге орындарда болсын өзіміз де байқап жүрміз. Олардың көпшілігі өздерін «сəлəфпіз» деп жүргендер. Негізі əдепсіздік сауатсыздықтан шығады. Сауатсыз адам надан келетіні анық.

Кейбір бауырларымыз «менің ата-анам намаз оқымайды, олар мұсылман емес. Олармен бірге тұру харам» деп өздерінше пəтуа шығарып, ата-анасымен, ағайын туысымен араларын үзіп жатқан жағдайлар жиі орын алуда. Бұл – исламға жат қылықтар. Ислам діні əрбір перзентке ата-ананы құрметтеуді, ағайымен араны үзбеуді бұйырады. Əлгі жастар мешітке келгенде сөйлессеңіз барлық мəселеге аят пен хадистен дəлел іздегісі келеді. Ал аят-хадиске, пайғамбарымыз бен сахабалардың жүріп өткен жолдарына көз жүгіртіп қарайтын болсаңыз, барлығында үлгі аларлықтай дəлелдер жеткілікті. Исламдағы əдептілік туралы өз ойымыздан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ.

Ғалымдардың өмірі мен сөздерінен мысал келтіріп, «тура жол мынау» деп түсіндіруге тырысқаныңмен «жоқ, біз мəзһабпен емес, сүннетпен жүреміз» деп бой бермейді. Бұл – нағыз білімсіздің сөзі. Сол білімсіздігінің кесірінен біраз жастарымыз адасқан ағымдардың шырмауынан шыға алмай жүр.

Осындай бауырларымыз дінді дұрыс ұстанбағандықтан елімізде ислам дінінің сүйкімін кетірді деп айтуға болады. Себебі, осыдан сəл ертеректе баласы мешітке барса, намаз оқыса, ораза ұстаса ата-анасы қуанатын. «Балам тура жолды таңдады» деп. Ал қазір осы жағдай керісінше сипат алды. Қазір баласы намазға жығылса, намаз оқитын ортамен араласса қауіптеніп отыратын күйге түсті.

Тəуелсіздік алған жылдары халық сақалы бар, басында сəлдесі, үстінде шапаны бардың барлығын керемет ғұлама көріп, соларға балаларын діни оқытуға берді. Бірақ сол кезде келген арам пиғылды жат ағымдар біраз жастарымызды өз қатарларына тартып үлгерді. Қазір соның зардабын тартып жүрміз.

– Мəзһаб дегеніміз жол, жүйе деген сөз емес пе?

– Иə. Егер мəзһаб болмаса, онда жүйесіздік орын алады. Қазір əлемде болып жатқан берекесіздіктің барлығын əкеліп исламға жабады. Неге? Себебі, «біз мəзһаб ұстанбаймыз, біз таза хадиспен жүреміз, пайғамбарымыздың кезінде ешқандай да мəзһаб болған жоқ» деп жүрген сəлəфилер осындай жағдайға жеткізді. Белгілі бір мəзһаб ұстанбағандықтан олар дін ғұламаларын да, имамдарды да, қоғамды да тіпті бірін-бірі мойындамайтын болды. Анау өз айтқанын дұрыс деп есептесе, мынау менің айтқаным дұрыс деп санайды. Бұның барлығы сол мəзһабсыздықтан, жүйесіздіктен туындайтын мəселелер.

Тарихқа көз жіберіп қарайтын болсаңыз, төрт мəзһабтың арасында ешқашан түсініспеушіліктер орын алмаған. Дау болмаған. Себебі, үлкен ғалымдар шариғи мəселелерде жан-жақты талқылап, бір-бірімен келіскен.

– Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қолымен де, тілімен де басқаға зиян тигізбеген мұсылман нағыз мұсылман» деген. Алла елшісі (с.ғ.с.) тілімен зиян келтіру деп ғайбатты меңзеп отыр ғой?..

– Пайғамбарымыз бұл жерде шынайы мұсылманның бейнесін айтып отыр. Ғайбат дегеніміз – кісінің сыртынан сөз айту. Құран Кəрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнə болатыны туралы ардақты пайғамбарымыздың хадистерінде де айтылады. Ғайбаттың харам екендігінде, оның үлкен күнə екендігіне ешқандай талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде қиямет қайым жақындағанда пенделер бір жақта, дін бір жақта қалады деген. Мұны Базар жырау «мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп келтіреді. Шынында да, кейбір кісілердің ісімен сөзі қабыспайтын сəті болады. Яғни, бұлай жасау күнə, харам деп айта жүріп, соған амал етпейтіндер жайында айтып отыр. Ғайбат айтуда сондай. Кейбір адамдар «ғайбаттағаным емес» деп тұрып біреудің сыртынан сөз айтып отырады. Оның ойында бұл үлкен күнəемес қой деген ой болу мүмкін. Бірақ, күнəнің үлкен-кішілігі емес, кімнің алдында жасалып жатқандығына аса мəн берілуі керек. Алла Тағала біздің əрбір басқан қадамымыз, сөйлеген сөзіміз, істеген амалдарымыздың барлығын бақылауда, тіпті, ниетіміз де Оған жасырын емес. Қасиетті Құранда «Пенде қандай болса соны көруші» дейді.

– Сіз имамдық қылатын «Əл-Ғани» мешітінде жат ағымдардың жетегінде кеткендерге тура жолды түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Алла адамның санасына бермесе адамның жөнделуі қиын дүние. Біз қанша насихат айтып, түзетуге тырысқанымызбен құлақ асқысы келмейтіндер бар. Кезінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты екен деп мүшіріктердің барлығы бірдей исламды қабылдаған жоқ қой. Сол секілді Алла бір адамға тура жолды көрсетемін десе көкірек көзін ашып қояды.

Кейде «қазір бұрынғы заман емес, Алла шүкір, дамыған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ізденемін деген кісіге діни кітаптар жеткілікті. Сауатты имам ұстаздарымыз бар. Мешіттердің есігі əрбір жамағат үшін əрқашан ашық. Одан бөлек, ғаламтордан іздеген дүниесін табуға болады емес пе? Бұлар неге соншалықты сауатсыз болады? Неге адасады?» деп ойлаймыз. Ертерек кезде бір мəселеде пəтуа керек болса, ауыл адамдары пəтуа айтатын молданы айлап, тіпті жылдап күтетін болған. «Пəленше деген молда ертең ораза айында келеді. Сол кезде осы мəселеге пəтуа сұрайық» деп күтіп отыратын болған.

Бірақ, Алла Тағала адастырамын деген кісіні исламның ішінде жүргізіп те адастырады екен. Ол оразасын ұстайтын, намазын қаза қылмайтын, иман келтірген болуы мүмкін. Аллаға, пайғамбарға, Құранға жүрегімен сенген, бірақ сеніп тұрып адасуда жүр. Бұл – өте қиын жағдай.

– «Əл-Ғани» мешітін көпшілік орналасқан ауданына қарай «Шұбар мешіті» деп атап кеткен. Сонымен қатар «Сəлəфилер мешіті» деген де сөз бар...

– Иə, «сəлəфилер мешіті» деп бұрыннан айтылып келеді. Себебі, мешітімізге көлігі барлар мен жақын маңайда тұратын жамағатқа келу оңай. Олардың көпшілігі сол сəлəфизм ағымында жүрген адамдар еді. Ал мешіттің есігі кез келген келушілер үшін қашанда ашық. Біздің бір байқағанымыз, мешіт маңайынан ешқандай қоғамдық көліктер жүрмейді. Жақын жерде аялдама жоқ болғандықтан келуші жамағат үшін де сəл қиындық тудырады. Қазіргі таңда жергілікті əкімдікпен мешіт жанынан аялдама салып, бірнеше қоғамдық көлік жүргізу мəселесі жөнінде келісcөз жүргізіліп жатыр.

Менің «Əл-Ғани» мешітіне бас имам болып бекітілгеніме алты айдай уақыт болды. Бүгінде, Аллаға шүкір, жамағат арасында дəстүрлі исламды ұстанатын шəкірттеріміз де, келушілер де аз емес. Сондықтан бұл мешітті жат ағымның меншігіндегі мешіт деп айтуға еш негіз жоқ. Мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты, ұлтымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Əбу Ханифа мəзһабына сай жұмыс жасайды.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Əлімхан СЫРБАЙ

Оқылды 483 рет
JoomShaper
Top