Министр: «Мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді»

Жұма, 14.10.2021

Астана. 14 қазан. E-ISLAM – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жуырда ғана құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз конференциясы өтті.

БАҚ өкілдерімен өткен мәслихатқа Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин, Азаматтық қоғам комитетінің төрағасы Қуаныш Жұмабекұлы Асылов, Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Абдоллаұлы Оспанқұлов қатысты.

Министр Нұрлан Байұзақұлы жаңадан құрылған министрліктің алдында тұрған міндеттер мен басымдықтар жайында баяндап берді.

«Құрметті БАҚ өкілдері. Сіздермен тығыз қарым-қатынас, әріптестік жасау мемлекеттің дін, азаматтық қоғам және жастар істері салаларындағы саясатын халыққа жеткізіп отыруда және осы саладағы мәселелер мен проблемаларды тиімді шешуде аса маңызды. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, министрлік өз жұмысын мынадай үш  бағытта жүргізеді. Бірінші, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, оның ішіндегі діни бірлестіктермен әрекеттесу, азаматтардың діни сенім бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуінің пәрменді моделін орнату және үшінші басты бағыт пәрменді мемлекеттік жастар саясаты» деді министр.

Ведомстваның аталғын үш бағыты бойынша жұмыстарына тоқталған министр Н.Ермекбаев дін саласындағы маңызды міндеттерге де тоқталды. «Ең басты міндет  – мемлекетіміздің дамуының зайырлылық қағидатын нығайту және қамтамасыз ету. Азаматтардың ар-ождан бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, дінді таңдау немесе бас тарта алу құқығын қамтамасыз ету біздің зайырлылық моделіміздің айнымас негіздері ретінде қала береді. Осы тұрғыдан алғанда қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, діни бірлестіктермен бірлескен жұмысымыздың аса маңызды бағыты болып қала беретінін тағы айта кеткім келеді. Еліміздегі дін саласының дамуы туралы тұтас түсінік қалыптастыру үшін біз дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы концепцияны әзірлеуді көздейміз. Бұл құжатта мемлекеттің дін саласындағы ұстанымын, стратегиялық мақсаттарын және жұмыс бағыттарын айқындайтын боламыз. Бұл құжатты әзірлеуге сарапшыларды, дінтанушыларды, азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, оны жалпы қоғамның қатысуымен ашық талқылаймыз. Концепция негізінде Діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді дайындаймыз» деді министр.

Аталмыш концепция негізінде Н.Ермекбаев діни білім беру тәртібін реттеу, жастарды діни қызметке заңсыз тартудың алдын алу, діни әдебиеттерді шығаруды жүйеге келтіру істеріне баса назар аударылатынын атап өтті. Министр сондай-ақ қоғам арасында мемлекет пен дін бөлек деген пікірге қатысты өз ойын айтып өтті. «Мемлекет пен діннің арасында ешқандай қайшылық жоқ. Діни бірлестіктен азаматтық қоғамның бір бөлігі болып табылады. Ал мемлекет олардың діни қызмет атқаруы үшін құқықтық жағдайлар мен орта қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда конпцепция мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы  қатынастарға көзқарастар жүйесі, зайырлылық қағидатының тұғыры дер едім» деді Нұрлан Байұзақұлы.

 

Оқылды 734 рет
JoomShaper
Top